Мақсаты: Қазақ халқының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы,туып-өскен,оқып білім алған ,қызмет еткен жерлері туралы мағлұмат беру.
Әнұран:
І-жүргізуші: Армысыздар, бармысыздар құрметті ұстаздар, оқушылар және қонақтар!
ІІ-жүргізуші: Қайырлы күн тәуелсіз елдің қадірменді азаматтары, ұлдары мен қыздары бүгінгі Тұңғыш Президент күніне арналған «Тәуелсіздік және тұңғыш президент» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер.
І -жүргізуші: Елбасымыздың өмірбаянына тоқталсақ.
Н.Назарбаев-бәрінен бұрын өз міндетін,өз тағайындалуын терең сезінетін, үлесіне тиген міндетті жауапты әрі қажырлықпен атқаратын адам.Ол әр қадамын шын мәнісінде өте мұқият есептейді: ол үшін саясатшы болу-бойға біткен дарынмен қатар күн сайынғы аса ауыр жұмыс және өмір дағдысы.
ІІ- жүргізуші: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 6-шілде 1940 жылы Алматы облысы Қаскелең ауданындағы Шамалған ауылында туған.Балалық шағы кейде айта беретініміздей таршылық жағдайда өтті.Үлкендердің мал бағуына,бау-бақша өсіруне көмек көрсету керек болды,шөпшек теріп,отын жарды.Өзі еске алғандай,өсірген аз-маз өнімдерін сатып,үй-ішіне қажетті заттар алу үшін есек жеккен арбамен жақын маңдағы теміржол стансасына бару дегенің керемет мереке саналған.Мектепті жақсы оқып,жақсы білім алды.Ата-анасын қатты құрмет тұтты.
І - жүргізуші: Ол ерте есейді,орта мектепті бітіре салысымен Кеңес Одағындағы аса ірі Қарағанды металлургия комбинатының көлемді құрылысына аттаннды.Құрылыста біраз еңбек еткеннен кейін бір топ қазақстандықтармен Украинаның Днепродзержинск қаласына барып металлург –жұмысшы мамандығын меңгерді.Бұл шойын құюшы,домна пешінің көмекшісі жұмыстарын атқарды,ал кейінірек инженер дәрежесіне көтерілді.
ІІ- жүргізуші: Сол жылдары оның басшылық қасиеттері жарқырап көрінді.Қалалық,облыстық және республикалық көлемде басшы органдарда жауапты қызметтер атқарды.Металлургиялық комбинатында партком хатшысы,Теміртау қалалық,Қарағанды облыстық және республикалықпартия ұйымдарында экономикалық салаға жауап беретін хатшы болды.
І- жүргізуші:Ол Қазақстан Үкіметін басқарғанда 44 жаста болды.Осылайша оның саяси өмірбаяны басталады.
ІІ - жүргізуші: 1991 жылы 1-желтоқсанда республика жұртшылығы тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Республикамыздың Президенті етіп сайланды.
І-жүргізуші: Алмас сен қалай ойлайсын, осы Қазақстан Республикасы осындай дәрежеге жетіп , көк туымыздың астында бейбіт, молшылық, татулықта өмір сүріп жатқанымыз кімнің арқасында?
ІІ-жүргізуші: Әрине Қазақстанның атын сонау шет мемлекеттер танып, астанамыз көркейіп жатқаны Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың арқасы. Дильназ сен қалай ойлайсың Қазақстан тәуелсіздігіне міне 25 жыл болады, біздің мемлекетіміз қаншалықты дамыды?
І- жүргізуші: Иә мемлекетіміз тәуелсіз ел боп жарияланғалы бері әрине дамыды, экономикасы да, білім беру саласы да, медицина саласы да, өндірісі де, шет елдермен байланысы да. Барлығы, елбасымыздың саясатының негізінде емес пе?
ІІ- жүргізуші: Иа дұрыс айтасың, бірақ сол тәуелсіздікке де оңай жете қоймадық қой. Қаншама бабаларымыз, аталарымыз, Қайрат пен Ерболдай ағаларамыз, Ләззаттай әпкелеріміз тәуелсіздік жолында құрбан болды. Ендеше 1986 жылы 16 желтоқсан күніне арналған Мұхтар Шахановтың «Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы» өлеңін тыңдайық.
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы! Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның,
Айналайын алтын әнім, жас өркені халқымның.
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, айналайын, жас өркені халқымның!
Ерте айтылды, сондықтан да келте айтылды бұл әнің,
Уақытыңның талабына дөп келсе де ұраның,
Уақытыңның әділетсіз соққысынан құладың.
«Нашақор» деп, «маскүнем» деп айыпталдың, ұланым.
Саған жапқан сол жаланы естіп үнсіз тұрғанша,
Керең болып қалмады екен неге менің құлағым.
Айналайын, айналайын, жас қайратым, қыраным!
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған,
Намысыңды жықпай өттің нәубет, дүлей маусымнан.
Жасып қалған шақтарымды жігер алдым бойыма,
Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.
Жә, не деген нүктесі көп, бүкпесі көп өмір ең...
Төрт жыл өтті шындық күліп шыққанынша көгінен.
Оқ бойы озып тұрыпсың-ау сол аумалы кезеңде-ақ,
Пышаққа сап бола алмайтын әкімдердің көбінен.
Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Өздеріңдей ер намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
Би: «Қазақ биі» І-жүргізуші: Тәуелсіздіктің қайта оралғаны — біздің ата-бабаларымыздың санғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі. Жаратқан Иенің жасаған әділдігі. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы.деп Н.Ә.Назарбаев айтқандай тәуелсіздік қазақ елінің аңсаған арманы қол жеткен мұраты.
ІІ- жүргізуші: Қазақстан
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған.
Бұл далаға жылап келіп, уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
І -жүргізуші: Кең байтақ қой Қазақстан картасы,
Астанамен айшықталған ортасы.
Бүгін бізге таңдай қағар күллі әлем,
Бұның бәрі Елбасының арқасы.
ІІ жүргізуші: Шықты тарап ой-данадан,
Бері қарап жұлдыз беті.
Өзі қалап сайлап алған,
Елімнің бар Президенті
ІІ -жүргізуші: Оянады көңілден қайдағы арман,
Бақыт желі ескендей жайлап алған.
Президентім бар менің елі түгел,
Ақ киізге көтеріп сайлап алған.
Тұманбай Молдағалиев «Есіл ер»
1-оқушы: Батырбек Сөйлесіп бір жүрген қай сөзінде де халықты биік қоясың,
Халықпен бір ашығасың да,халықпен бірге тоясың.
Жастықтың жалын шақтарыменен бірге айтып арман әндері,
Қазақстанның бақтарыменен бірге жапырақ жаясың.
2-оқушы: Аружан Халықтың мұңы мұңдайтынын да,халықтың жыры жырлар жыр,
Көкірегіңде көнермей әлі өткен де кеткен жылдаржыр,
Соңына ердік сол ғана бізді жеткізеді деп бақытқа,
Бақытқа баста байтақ еліңді,бақытсыздықтан құр қалдыр.
3-оқушы: Ұлықбек Нұрсұлтан бар деп нұрыңа сенің шомылғандай боп жүрем мен,
Бейнеңді көрсем беймезгіл кезде қабағымды ашам түнерген.
Сүйеміз сені,санамыз,сөніп қалмай тұрғанда сүйеміз,
Алланың бізге бір өзі сеніп өкілісің сен жіберген.
4-оқушы: Ақмарал Жесірге пана,қашанда қамқор боп жүрсің жетімге,
Ананың тілі,баланың тілі сөйлей білесің не тілде.
Қалам тербесек жүрек берді есеп басынан өткен жылдарға,
Саған сенбесек ,кімге сенеміз осынау жердің бетінде...
І- жүргізуші: Оқушы Монологы. «Менің Президентім». Гулнұр Біз отбасымызбен күнделікті теледидар көруді әдетке айналдырғанбыз. Телеэкраннан Н.Ә.Назарбаевтың бейнесі көрінгеннен – ақ әжемнің жаңылмай қайталайтын бір тілегі бар: «Алла тағала, осындай ұл берген саған рахмет. Тек ел шеті бұзылмасын», - деуден жаңылмайды. Бұрынырақ әжемнің бұл сөзіне мән бермейтінмін, енді тарих пәнінен тереңдей оқыған сайын, әжемнің сөзінде көп мағына жатқанын түсініп келемін. Расында да көп ұлтты республиканың тынышын кетірмей ұстау, ондағы әр ұлттың өкілдерінің тілін табу, көрші мемлекеттермен тату-тәтті қатынас орнату үлкен жүректі, асқан ақылды, парасатты адамның ғана қолынан келетіні сөзсіз. Олай болса, Нұрсұлтан Әбішұлы әрбір қазақстандық үшін ұлы тұлға. Қазір мен де әжеммен бірге Алладан Нұрсұлтан Әбіш ұлына денсаулық тілеймін.
ІІ- жүргізуші: Оқушы Монологы «Менің Президентім». Аймұрат Қазақ халқы ерекше қонақжай халық екені белгілі. Меніңше, біздің Президентіміздің бойында да осы қасиет бар. Соңғы он жылда Қазақстанға кімдер ат басын тіремеді десеңші? Белгілі саясаткер, мемлекет қайраткерлері мен басшылары, ғалымдар мен өнер қайраткерлері.Әр елден келген қонақтарға ұялмай көрсететін жаңа қала Астанамызды Президенттің ақыл-ойының жемісі дер едім. Астана күннен күнге бой түзеп жасарып, жаңарып келе жатқан жас қала. Сарыарқаның төсіндегі шағын ғана қаладан, әлем таныған әсем Астана жасаған Елбасының ақыл-ойына кім басын имес?
5- оқушы. Ержан Қасиетті Қазақстаным, мекенім,
Ақиқаттың алтын бесігі екенсің.
Елім, Жерім, Отаным, бақ-дәулетім,
Болашағым, өнер- білім, өркенім.
6- оқушы. Айдос Қазақстаным, қастерлі мәңгі дастаным,
Парақтап сені киеңді түсіне бастадым.
Сен менің арым, бағым, барымсың,
Халқыма әр күн бейбіт болсын аспаның!
7- оқушы. Әсел Желтоқсаннан бастау алған теңдігі,
Қазағымның өркендеді елдігі.
Құрбан болған Тәуелсіздік жолында,
Ағалардың ұмытылмас ерлігі.
8- оқушы. Әсем Бірде шырқап, бірде төмен құлаған,
Өмір жолы болған қиын бұралаң.
Қазағымды жарқын жолға бастады
Елбасы боп сайланды да Нұр ағам.
9- оқушы. Рысбек Естімейік енді елдің жылағанын,
Қайта құлап, бостандық сұрағанын.
Абылайдың жолымен алға басқан,
Құт болсын «нұрлы жолы » Нұр ағаның. 10- оқушы. Батырбек Биіктей бер, Нұр аға,
Қыран қанат талмасын.
Қадірлемей тұра ма,
Халық сіздей тұлғасын.
11- оқушы. Гүлнұр Гүлдене бер, Отаным,
Көтерген туын Нұр ағам!
Көбейткен достың қатарын,
Нұр аға – біздің ұлы адам.
Ел басқарған Нұрсұлтандай ағам бар,
Көк алқапты жасыл жайлау далам бар.
Ел бірлігін, ел тірлігін тілеген,
Ақ ниетті халық деген данам бар.
Би «Өзбек биі» . І жүргізуші: Осымен тәрбиелік шарамыз аяқталды. Келгендеріңізге рахмет.
Мұғалімнің сөзі:
Тәуелсіз ел болу, тұңғыш президенттің сайлануы, осы тұлғаның арқасында Қазақстанның бүкіл әлемге танылуы,шашылып кеткен қандас бауырларымыздың тарихи Отанына шоғырлана бастауы, Астана қаласының сәулеттене түсуі – бәрі, бәрі тәуелсіздігіміздің әр күні емес, әр сағаты жаңалыққа, игі істерге ұласып жатқанының айқын дәлелі.
Қазақ елінің жарқын болашағы, халықтарының бірлігі және бейбіт өмірі президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолында.