Тұғыры биік тұлға Қ.Қ. Алпысбаев



Дата15.09.2017
өлшемі81,74 Kb.
#33172
Тұғыры биік тұлға

Қ.Қ.Алпысбаев,

ф.ғ.д., професоср

Қазақстан, Астана

Қазақ әдебиеттану ғылымындағы айтулы тұлғалардың бірі, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, Халықаралық қоғамдық Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, ғылым саласы бойынша берілетін Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты ғұлама ғалым, өнегелі ұстаз Зәки Ахметұлының өмір жолына көз салғанда өз тұстастарына қарағанда ғылым баспалдақтарына ерте көтерілгені, оның қия жол, қиын асуларын ерекше қабылет-қарыммен меңгеріп жүріп өткені байқалады. «Ат болатын құлынның мүшесінен белгілі» деп халық даналығында айтылғандай Зәки талантының ерте танылғанын көреміз. 1943 жылы он бес жасында Қазақ мемлекеттікуниверситетінің филология факультетіне түсіп, 1947 жылы үздік бітіріп шығады.

Ғылымға деген зор қабілетін ескерген сол кездегі қазақ әдебеиеті кафедрасының меңгерушісі Б.Кенжебаев бастаған ұстаздар қауымының қолдауымен КСРО Ғылым академиясының Ленинградтағы шығыстану институтының аспирантурасына арнайы жолдамамен жіберіледі.Ғылым әлеміне құлаш ұрған бұл кезең Зәки Ахметов үшін қажымас жігермен іске кіріскен, ізденіске толы жылдар еді. Аспирантурада оқыған жылдары дүние жүзіне мәшкүр түркітанушы ғалымдар С.Е.Малов пен И.М.Жирмунскийдің дәрістерін тыңдаудың нәтижесінде З.Ахметов әлемдік деңгейде ой тастай алатын академиялық сипаттағы оқымысты болып қалыптасады.

Студент кезінде-ақ алғырлығымен көзге түскенжас талант жиырма үш жасында кандидаттық, отыз жеті жасындадокторлық диссертация қорғап ғылыми ортаныерте мойындатып, көпшілік назарын өзіне аударта білді. Қырық жеті жасында Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондет мүшесі, елу бес жасында Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі болып сайланып ғылым шыңына көтерілген, 1951-1975 жылдарда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында доцент, кафедра меңгерушісі, декан; 1975-1984 жылдарда Қазақ ССР ғылым академиясы М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер иниституты директорының орынбасары,директоры, Қазақ ССР Ғылым академиясы қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы, 1984-1986 жылдарда вице-президенті болған, 1985 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, биік дәрежелі қызметтер атқарған З.Ахметовтың атақ дәрежесінен шын мәнінде ат үркетіндей еді.

Студент кезімізден ғылыми еңбектері арқылы сыртынан жақсы танитын, әдеби кештерде, әдебиеттану ғылымына қатысты түрлі жиналыстарда, диссертациялық кеңес мәжілістерінде бірге болып сөйлеген сөздерін, жасаған баяндамаларын тыңдап жүргеніммен әлемге танымал ардақты ғалыммен жақын араласуым оның әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мен басқарған әдеби шығармашылық және көркем аударма теориясы кафедарасында қосалқы қызмет атқарған жылдары еді. Кафедрамыз бұрынғы лингводидактика және аударма кафедрасының орнында қайта құрылған жаңа, жас кафедра болатын. Жаңадан ашылған әдеби шығармашылық, аударма мамандықтарына дәріс беретін теориялық білімі, кәсіби біліктілігі жоғары оқытушы-профессор құрамын жасақтау кафедра алдындағы басты міндет болып тұрды. Соған орай кафедра әлеуетін көтеру мақсатында 1997 жылғы қыркүйек айынан бастап жаңа ашылған «Әдеби шығармашылық»және «Көркем аударма» мамандықтары бойынша оқуға түскен студенттерге сапалы білім беріп, кәсіби тұрғыдан дұрыс бағыт-бағдар беретін оқытушы, ғалымдарды шақыруды қолға алып, З.Ахметов, Ж.Ысмағұлов, Ә.Тарази т.б. белгілі ғалымдар мен қаламгерлергеқосалқы қызмет арқылы дәріс бергізе бастадық. Академик З.Ахметов «Аударма теориясы», «Әдеби жұмыс» пәндерінен қазақ, орыс бөлімдеріне бірдей дәріс оқыды. Бұл пәндерді өмірінің соңына, 2002 жылғы желтоқсанның ортасына дейінжүргізген білікті ұстаз кафедраның әлеуетін арттыруға, студенттердің терең біліммен сусындауына, ғылым тұңғиығына бойлауға ұмтылуына шын мәнінде айтарлықтай үлес қосты, ықыласпен еңбек етті. Қазақша, орысша бірдей шешен сөйлейтін тұңғиық білімді ұстаз сабағынан белгілі бір себеп болмаса, бірде-бір студент қалмайтын.

Бірге қызмет істеген осы бір аз жылда ғалым ұстадың біз білмейтін көп қырларына қанықтық, қарапайым болмысынан тамыр тартатын ұлылығын сезіндік. Мен үшін ұлылықтың қарапайымдылықтан басталатынына бір мысал осы Зәки ағаның болмыс-бітімі болып көрінеді. Сырттай қарағанда қатал сияқты көрінетін ғалымның араласа келе жайлы мінезі, соншалықты кішіпейілдігі, қашан да қамқор көңілін ұсынатын адамгершілігі, жақсылық нұрын себетін асыл қасиетіжан-жүрегіңді еріксіз баурап алатын. Шәкіртке қатты талап қою қаталдық емес, терең білім қалыптастыруға жетелеу, дұрыс бағыт беру екендігін танытатын. Жиналыс мінберлерінде, әдеби талқылауларда, студенттер алдында ағыл-тегіл сөйлейтін, білмегеніңді білдіріп, олқы ойыңды толтырып, ұқпай жүргенніңді ұқтырып жіберуші еді.

Есімі өз еліміз бен шетелдерде әдебиет теориясының, өлең құрылысы саласының өте білікті маманы, ғылыми мектептің негізін салушы ретінде танымал болған ғалымның зерттеулерінің аясы барынша кең болды. Ғылым, оқу орындары саласында басшылық қызметтератқара жүріп, қарбалас жұмыс арасынан уақыт тауыпмаңызды зерттеулер жазды. Зерттеулері қазақ және орыс тілдерінде жазылған ғалымның еңбектері қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы мәселелеріне арналған. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, көркемдік пен шеберлік, поэтика, әдеби байланыс мәселелерін қамтыған ғылыми-зерттеулерді өмірге әкелді.

Аса көрнекті теоретик ретінде академик З.Ахметов абайтану және әуезовтану саласында ұзақ жылдар үздіксіз жемісті еңбек етіп, оны текстологиялық тарихилық тұрғыдан зерттеді.Абайдың әр жылдары (1954,1957,1970, 1995) басылған толық шығармалар жинақтарын дайындап, құрастырушыларының бірі болды. Ғылымдағы алғашқы қадамын Абай шығармашылығына қатысты бастаған оләдебиеттанудағы теориялық мәселелермен, әдеби байланыс, салыстырмалы әдебиеттанумен, М.Әуезов шығармашылығымен түбегейлі айналыса келіп өмірінің соңғы кезеңінде Абай мұрасын тереңдеп зерттеуді одан әрі жалғастырған еді. Бұған мысал ретінде басылып шыққан кітаптарының атауларын тізіп шығудың өзі жеткілікті. Олар: «Лермонтов және Абай»(1954, орыс тілінде), «Қазақ өлеңінің құрылысы»(1964,орыс тілінде), «Қазақ поэзиясының тілі туралы» (1970), «Өлең сөздің теориясы»(1973), «Қазақ әдебиетінің қазіргі дамуы мен дәстүрі»(1978, орыс тілінде), «Абай жолы» эпопеясының поэтикасы»(1984, орыс тілінде), «Абайдың ақындық әлемі»(1995), «Мұхтар Әуезовтың роман – эпопеясы(1997, орыс тілінде), «Позия шыңы – даналық» (2002)т.б.

Жас оқымысты «Лермонтов және Абай» атты алғашқы зерттеу еңбегінің өзінде Абай мен Лермонтов арасындағы байланыс сипатын, оның Абайға әсерін біліктікпен зерттеп көрсете білсе, «Қазақ өлең құрылысы» монографиясында қазақ әдебиеттану ғылымында кең ауқымда арнайы зерттелмеген ұлттық өлең құрылысынжүйелі теориялық ұғымдар арқылы тұжырымдап берді деуге болады.Бұл ретте ойымызды профессор Б.Майтанов айтқан мына бір пікірмен түйіндеуді жөн көреміз. «Әр кезде әр түрлі қазақ ғалымдары шола тоқталып, біраз түйінді тұстарын А.Байтұрсынов, М.ӘуезовҚ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев және өзімен қатарлас әріптестері жекелеген ақындар шығармашылығына қатысты арнайы саралап айта бастаған ұлттық өлең құрылысы жүйелі теориялық ұғымдар мен айқын тұжырымдарға зәру болатын. Ол парыз З.Ахметовтың әлем поэзиясындағы қалыптасқан үрдістермен, дүние жүзіне белгілі еңбектермен, тіл білімі, оның ішінде фонология, синтаксис, стилистика заңдылықтарын жетік меңгеруі нәтижесінде табысты орындала бастады» [1, 294-295]. Кезінде С.Е.Малов, В.М.Жирмунский, Г.И.Ломидзе, В.В.Кожинов, В.П.Гончаров т.б. сияқты әйгілі ғалымдар тарапынан жоғары бағаланған бұл еңбек ұлттық әдебиеттану ғылымындағы аса зор жетістік қана емес, кешегі кеңес Одағы, тіпті бүкілі түркілік әдебиеттануда айтарлықтай маңызы бар ірі табыс екені, түркітану ғылымына қосылған айырықша үлес екені даусыз.Қазақ өлеңінің сөз кестесін, өлең сөздің суреттілігін, бейнелілік сипат-қасиеттерінсөзету барысында ауыспалы, астарлы мағына туғызатын бейнелі сөздерге басым назар аударылатын, сол арқылы ұлттық поэзиямыздың, әдебиетіміздіңсөзді түрлендіріп, мағынасын өзгертіп, кеңейтіп пайдалану жағынан шексіз мол мүмкіндігін ашып көрсетуді мақсат еткен «Позия шыңы – даналық» атты ғалымның соңғы еңбегі бірнеше ондаған жылдар бойғы ғылыми ізденісінің қорытындысы деуге болады.

Ал Абайдың жүз елу, М.Әуезовтың жүз жылдық мерейтойларына орай жазған ұшан теңіз зерттеулері әлемдік ой таласына түсе алатын мәнді еңбектер дей аламыз. Бұл орайда ғалымның «Абайдың ақындық әлемі» (1995), «Мұхтар Әуезовтың роман – эпопеясы (1997, орыс тілінде) тәрізді еңбектерін ерекше атауға болады.«Абайдың ақындық әлемі» монографиясында таптаурын болған әдіс-тәсілден іргесін аулақ салған ғалым зерттеу бағытын өзіндік бағдарға құрып, мәселені жаңаша қойып, тың пайымдаулар жасайды. Ол «Абайды жай ғана шола салмайды, ұлы ақынды тану эволюциясын айқындайды» [2, 341]. Бұл орайда кітап мазмұнының «Абайтану белестері», «Ақындық тұлғасы, адамгершілік мақсат-мұраты», «Ғылым-білім, ақыл-парасат жайлы ойлар», «Сыршыл көңіл мұңаймас», «Махаббат сарындары, сұлулық сымбаты», «Суреткерлік шеберлігі (табиғат көріністері)», «Ойшылдық сарын, шеберлік қырлары», «Ақындық өнер мен ән-күй туралы толғаныстар», «Жолға жол жалғасады(орыс клкассиктерімен үндестік сарындары)», «Тіл бейнелілігі», «Өлең өрнектері», «Поэмалардың сыр-сипаты», «Қарасөздер – тақырыптық, жанрлық ерекшеліктері», «Дәстүр жалғастығы», «Текстология жайында бірер сөз» деген тақырыптарға бөлініп қарастырылуының өзінен монографиядағы ой ауқымының кеңдігі мен тереңдігін аңғару қиын емес.

«Абайдың ұлылығы өз тағдырын халық тағдырымен байланыстырып жырлай білуінде. Ал халық тағдыры – азаматтық мәселе. Абай поэзиясында жеке басының ғана емес, халқының жай-күйін, арма-аңсарын, күңірене жырлауы, оны бүкіл адамзат тағдырын ойлап, толғанған әдебиет алыптарының қатарына қосты. З.Ахметовтың монографиясының өн бойында осындай ойлар желі тартқан» [2, 243]. «Мұхтар Әуезовтың роман-эпопеясы» атты 1997 жылы орыс тілінде шыққан монографиясында да академик З.Ахметовке тән қарыммен, мол эрудиция деңгейінде талдау аясында әйгілі шығармаға қатыстыуақыт талабына жауап беретін, жаңа көзқарас жүйесіне сәйкес білікті де өміршең ой-толғамдары көрініс табады. Төрт бөлімнен тұратын монографияда ғалымның өмір шындығы мен көркем шындықтың,тарихи-құжаттық шығарма мен тарихи көркем шығарманың арақатынасы, өзіндік ерекшелігі, тарихи өмірдің бейнелену сипаттары қарастырылады. Қаламгердің алға қойған мақсаттарына орай кейбір өмірдегі болған оқиғалардың өңделуі сараланады. Сондай-ақ шығарманың композициясын,образдар жүйесін талдау барысында эпопеяның көркемдік сипаты ашылады.

Осылайша әдебиеттің қандай мәселесіне қалам тартса да З.Ахметовтың ғылыми ой-толғамдары теориялық терең пайымдармен әдіптеліп, кәсіби биік деңгейдегі талдау талабын орындап жатты.Оның қай зерттеуін алсаң да соны пікірге, жаңаша байыптауға, тың көзқарасқа толы еді. Амал қанша!Абай, Мұхтар секілді ұлылар туралы ұлағатты сөз айта білген аяулы азамат өзі де үлы тұлғаға айналған шағындақапияда қайтыс болды.

Жаны жайсаң ардақты ағамен соңғы рет кездескен сәт әлі көз алдымда, ақырғы рет ақтарыла айтқан әңгімесі, жағымды жұмсақ үні құлағымда жаңғырып, жадымда жатталып қалды.2002 жылғы желтоқсан айы, тәуелсіздік күнінің қарсаңы болатын. Сабақ жүріп жатқан кез. Тиісті шаруаммен айналысып кафедрада отырғанмын. Бір кезде кезекті дәрісін өткізіп болған Зәки аға келді. Алдағы күндері Семейде Шәкәрімге арналған шара болатыны, соған арнайы шақырылғанын айтып, сол күндерге сәйкес келетін сабақтарынан босатуға рұқсат сұрады. Мен қолма-қол З.Ахметұлының өтінген күндеріне сәйкес сабақтарды өткізуді жас оқытушылардың біріне тапсырдым да, ағаға алаңдамайбарып, шараны жақсы өткізіп қайтуға тілектестігімді білдірдім. Ықыласыма риза болып рахмет айтты да,киініп кетуге ыңғайланғанағамаған бірдеңе айтқысы келгенін аңғартып далаға шығарып салуымды өтінді. Қазұу-діңбас ғимаратынан шығып, Тимирязов көшесіндегі аялдамаға қарай келеміз. Далаға шығысымен әңгімесін бастаған аға аялдамаға жеткенше ғылымның болашағы, қазіргі студенттер, кафедрада тындырылып жатқан жақсы істер, келешекте жүзеге асырылуға тиіс кезекте тұрған мәселелер жөнінде, жалпы ел өміріндегі қуанатын жағдайларды да, кейбір келеңсіз әрекеттер жайлы біраз әңгіменің басын қайырып тастады. Аялдамада автобус күтіп тұрмыз. Бір кезде:

– Сен менің туған өлкем Шығысты көрдің бе? – деді. Мен:

– Өскеменді көргемін, аудандарын аралағам жоқ, – деп едім.

– Онда, амандық болса көресің Алтайдың сұлу табиғатын. Келесі жылы мен жетпіс беске келемін ғой. Елге бару жоспарым бар. Қасыма ертетіндердің бірі сен боласың, ән салуға дайын бол, – деген әзіл араластырған тілегін білдірді.Сол арада автобус та келе жатты. Ағаға риза көңілмен, жолыңыз болсын! – деп қош айтысып қала бердім. Алайда болған жағдай ағай айтқан тілекке жеткізбеді... Содан екі күн өткен соң таңертең «ағай машина қағып қайтыс болыпты» деген жүрек шымырлатқан суық хабар жетті. Ажалға кім араша бола алған?!..



Бір шүкіршілігі ғалымның артында өте құнды ғылыми мұрасы қалды. Оның артында қалған оннан астам монографиясы, 400-ден астам мақаласы келер күндерде де ұлт рухын көтеруге қызмет жасай беретіні сөзсіз. Ғалымдық пен ұстаздықты сабақтастыра жүргізген ғалымның жетекшілігімен 20-дан артық кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалғаны оның ғылыми ой-тұжырымдарының жалғастық табуы деп білеміз.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет