Мағжан Жұмабаев– балаларды оқыту проблемаларын жиі көтерген, осы мәселелерге арнап оқулықтар, зерттеу еңбектер, мақалалар жазған көрнекті қазақ қайраткерлерінің бірі. Оның «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз»(Жұмабаев, 1921) атты мақаласы мектептер мен оқу құралдары қандай болу керек деген сауалға жауап іздейді. Автор оқыту ісіне байланысты кедергілердің түрлерін атап айта келіп, болашақ ұрпақтың оқыту мәселесіне ерекше ден қою керек екендігін баса айтады. Оның нақты жолдарын көрсетеді.
М. Жұмабаев: «Мектебімізді таза, сау, берік һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады»,- дейді (Жұмабаев, 1923).
М. Жұмабаев «Бастауыш мектепте ана тілі»(Жұмабаев, 1923) кітабында бастауыш кластардағы ана тілін оқыту мәселелерін, осыған байланысты әдістемелерді сөз етеді. Автордың басты пікірі мына ойды білдіреді: бастауыш мектеп хат таныту мектебі ғана емес, ол бүкіл болашақта адам меңгеруге тиісті білімнің негізі және ұлттық ана тілінің базасы болу керек дегенге саяды.
М. Жұмабаев еңбектерінде қарастырылатын тілдік және әдістемелік мәселелер мынадай:
1. Мектеп пен тұрмыстағы құбылыстардың бір-бірімен тығыз байланыста бола келіп, баланың сөйлеу тіліне әсер етуі.
2. Бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту проблемалары.
3. Тіл дамыту мәселелері.
4. Комплекстік оқыту әдісі мен оның ерекшеліктері.
5. Көрнекті материалдармен жұмыс істей білу.
6. Бақылау және емле бойынша жұмыстар жүргізу.
7. Ана тілін оқытуда негіз болатын қағидалар.
8. Жазба тілді жан-жақты меңгеру.
Жалпы, М. Жұмабаевтың тіл дамыту, сөйлеу, ауызекі тіл, жазба тіл т.б. жөнінде ұсынған жұмыс түрлері, жаттығу ерекшеліктері, бағыт-бағдарлары мен әдіс-тәсілдері – жеке-жеке талдауды қажет ететін жан-жақты мәселелер.
Қазақ тілінің материалдарын қарастыратын М. Жұмабаевтың оқулықтары мен мақалалары мыналар: «Ана тілі: Бастауыш мектепте». – Ташкент, 1923; «Қызыл әскер әліппесі», 1924., «Сауатты бол». – М., 1928, 1929, 1930 ж. (бірнеше басылым); «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз» («Бостандық туы» газеті, 1921, ноябрь); «Қазақстандағы оқу жұмысының құрылысы» («Еңбекші қазақ», 1929, 12-дек.).
М. Жұмабаевтың педагогика саласына қатысты еңбектері, онда қолданылған ұлттық атаулар мен термин сөздер – өз алдына сөз етуді қажет ететін маңызы зор мәселелер (Жұмабаев 1923).
Достарыңызбен бөлісу: |