Тіл білімімен байланысы



бет4/16
Дата11.01.2022
өлшемі64,79 Kb.
#129211
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Нәтижелер. Тілді үйретуге қатысты А. Байтұрсыновтың ұсынған тиімді тәсілдері мен қағидалары мыналар:

1. Тілдік материалды жеңілден ауырға, оңайдан қиынға, жайдан күрделіге қарай оқыту керек деген дидактикалық принципті өте тиянақты ұстаған, оны уағыздаған.

2. Кез келген тілді үйретуді «қарыптан», яғни әріптен, әліпбиден бастау қажет.

3. Тілді үйрету ана тілінің сөз, сөйлем жүйесін білгізумен қатар жүруі тиіс.

4. Тілді оқытуда мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, мысалдар, өлең-жыр, қызық әңгімелер маңызды орын алу қажет.

5. Тіл арқылы сауат ашуда суреттерге көп мән берілуі керек.

6. Оқушыларға арналған материалдар аса түсінікті болуы шарт.

7. Мәтіндер, көрнекілік, иллюстративтік материалдар, қазақ баласының, халықтың ұғымына таныс, жақын болуы тиімді.

8. Тілді оқытуда тілді ұстартуға, көркем сөзге де ден қойған дұрыс.

9. Тілді үйрету үшін мұғалім бірнеше әдісті меңгеріп қана қоймай, табанда өзі қажет әдісті тауып, пайдалана білу керек.

10. Мұғалім балаға білімді өз тәжірибесі арқылы жинақтауға жағдай жасап, тілді тез үйренуге қарай үнемі бағыт-бағдар сілтеп отыруы қажет.

А. Байтұрсыновтың құнды пікірлері тілдегі әдістеме мәселесіне ғана қатысты айтылып қойған жоқ. Сонымен қатар тілдің теориясына, оқу, жазу, сөйлеу жүйесіне байланысты ойлары да, сөйлемнің құрылысы мен ерекшеліктерін тұжырымдайтын көзқарастары да қазіргі тіл білімінде ерекше орын алады.

Қазақ тілінің сөйлем жүйесін, оның сөйлесім әрекетінің түрлеріне қатысын тілші-ғалымның бірнеше еңбектерінен кездестіруге болады. Әсіресе, сөйлесім әрекетінің түрлері оқу, жазу туралы нақтылы берілген қысқа тұжырымдар басқа оқу құралдарында айтылмаған. Тіптен ол анықтамаларды ертеректе шыққан еңбектерден емес, соңғы жылдарда жарық көрген оқулықтардан да ұшырастыру қиын. Мұның себебі, біріншіден, осы мәселелер төңірегінде (оқылым, жазылым, тыңдалым т.б.) бұрын-соңды қазақ тілінде арнайы зерттеулердің аздығынан болса, екіншіден, тілдік қатынас құбылысына қатысты қазақша терминдерге әлі де болса, толық мән бере қоймауымыздың салдарынан деп есептеу керек.

Тілдік қатынас мәселесін зерттеуші ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, тілдік қарым-қатынасты қамтамасыз ететін сөйлесім әрекеті төрт түрге бөлінеді: айтылым, оқылым, жазылым, тыңдалым. Бұл ұғымдарға қазақ тілінде берілген нақтылы анықтама жоқтың қасы. Тіптен орыс тілі мен шет тілін оқыту мәселелеріне байланысты зерттеу еңбектерінің өзінде де сөйлеу, оқу, жазу, тындауға қатысты жазылған мағлұмат аз. А. Байтұрсыновтың «Тіл-құрал» еңбегінің III-ші тіл танытқыш кітабында сөз болатын сөйлем жүйесі мен түрлерін оқып отырғанда, мұнда айтылған пікірлердің сөйлесім әрекеті мен оның түрлеріне де қатысты екенін байқауға болады.

Мысалы, тілші-ғалым жалпы сөйлем жүйесі туралы мәселені сөз ете отырып, тілдік қарым-қатынасқа сай сөйлеу үдерісін де анықтайды. Мысалы: «Сөйлем дегеніміз – сөздердің басын құрастырып, біреу айтқан ой. Сөйлегенде, жазғанда кім де болса, ойын айтады» (1925) дегенде жалпы адамзаттың сөйлеу әрекеті сөйлемді айта білуге, ойды басқаға жеткізе білуге қатысты екенін ескертеді. Бұл – әрі қысқа, әрі нұсқа пікір. Ал кім болсын өзінің айтар ойын «сөздердің басын құрастырып», сөздерді тіркестіре білу арқылы ғана жеткізе алады. Сөйлей білудің ең қажетті шарты – сол сөздерді дұрыс құрастыру. Мұны да ғалым нақты айтып кеткен: «...ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді, айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық дәрежеде түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады. Сондықтан сөйлемнің жаны – сөздердің басы мағыналы болып құралуы. Олай болмаса, құр сөздердің басын айтқанмен, сөйлем болмайды» (Байтұрсынұлы, 1992: 264).

Демек, сөйлей білу үшін сөйлемді айта білу керек; сөйлемді айту үшін, оның құрамындағы сөздерді дұрыс құрастыра, қиюластыра білу керек; сөздерді дұрыс құрастыру үшін, оның заңдылығын білу керек. Бұл туралы тілші былай дейді: «Сөйлем ішіндегі сөздердің басын түсінікті етіп құрастыру, сөйлемдерді түсінікті етіп жасау туралы сөз табиғатынан шыққан түрлі заңдар, тәртіптер бар – қысқасын айтқанда, өз алдына білерлік толып жатқан білімдер бар» (Байтұрсынұлы, 1992: 265).

Тілді білу үшін, тілдің теориясын меңгеру үшін, тілші-ғалым айтқан осы ережелердің бәрін орындау керек. Олардың бірі болмаса, екіншісі жүзеге аспайды. Сондықтан оқытуға қатысты «толып жатқан білімдердің» барлығын ескеріп, білуге тура келеді. Сонда ғана түпкілікті мақсатқа жетуге болады.

Осы тұста назар аударатын бір ой – автордың тілдің жүйелік табиғатын ертеден-ақ танығандығы. Бұл көзқарастың, әсіресе сөйлемге қатысты айтылуы А. Байтұрсыновтың тіл ерекшелігін аса зейін қойып зерттегенін аңғартады.

Ол сөйлеу үдерісі мен сөйлемнің жеке-дара бөлшектердің бөлек-бөлек тізбегі емес, белгілі заңдар мен білімге сүйенген жиынтық ұғымдар екенін танып, еңбегін «Сөйлем жүйесі» деп атайды. Ғалымның пікірінше, сөйлем –көптеген білімдер жиынтығынан тұратын, бүтіндік қасиетке ие болатын жүйе. Сол себепті ұстаз-ғалым: ...қысқасын айтқанда, өз алдына білерлік толып жатқан білімдер бар. Ол білімдер сөйлем жүйесі деп аталады»,- деп тұжырымдайды (Байтұрсынұлы, 1992: 264).

А. Байтұрсынов тілдің қатысымдық табиғатын өте қарапайым сөзбен түсіндіреді. Тілшінің айтуынша, «дүниеде өзгермейтін нәрсе жоқ. Ғылым да, тіл де, табиғат та дамиды. Дүниенің өзгеруін «эволюция» дей келіп, ғалым оны «табиғат тағдыры» деп айтады.

Осындай дамуды, өзгерісті басынан өткеретін күрделі құбылыс – тіл. А.Байтұрсынов тілді «Тіл – адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі»,- дей келіп, сол тілдік қарумен қарым-қатынас екі түрлі болады деп көрсетеді: жазумен сөйлесу, ауызбен сөйлесу (Байтұрсынұлы, 1992: 119).

Ғалым сөйлесім әрекетінің әрқайсысының мәнін ескере келіп, олардың өмірдегі алатын орнын атап өтеді. Тілдік қарым-қатынасты, сөйлесуді меңгерудің нақты жолын айтады.

Мысалы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды, жазумен дүниенің бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да артық. Сөйлегенде, сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да, сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында қалай өзгеріп, қалайша біріне-бірі қиындасып, жалғасатын дағдысын білу керек»,- дей отырып, сөйлеудің күрделі екенін айтады (Байтұрсынұлы, 1992: 141).

Тілші сонымен қатар тіл үйренудің қандай дағдыларға байланысты екенін атай келіп, ауызша сөйлеу мен ереженің қатысын анықтайды: «...әр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады.

...Мұғалім балалардың үйренген қағидасы, ережесі келетін сөздерді ауыздан жаздыру тиіс. Яки кітапшадағы жорта қате жазып қойған сөздерді дұрыс жаздыру тиіс. Бір қағида, я ережені балалар әбден үйреніп, тиісті орнында жұмсай білгеннен кейін ғана келесі қағида я ережені үйрету керек» (Байтұрсынұлы, 1992: 142).

А. Байтұрсынов тілді үйретудегі сауаттылық оқумен ғана шектеліп қалмай, жазумен қатар жүргенде ғана, іске асатындығын ашып айтады. Ол сауаттылықтың негізі оқу емес, жазу деп атап өте келіп, жазуға үйрету әдісіне ерекше мән беру қажеттігін ескертеді (Байтұрсынұлы, 1992: 142).

Тілші сауаттылықтың қажеттігін өтеуші әрекет жазу дей келіп, жаза білетін адам оқи да білетіні сөзсіз дейді.

Ғалым сөйлеу мүмкіншілігіне байланысты, сауаттылыққа қатысты оқу мен жазудың ара салмағын ажырата келіп, олардың өзіндік ерекшеліктерін де атап көрсетеді:

«Жаза білу үшін тілдегі дыбыстарды тани білу керек. Ол дыбыстарға арналған әріптерін тани білу керек. Таныған әріптерін жаза білу керек. Жазған әріптерін дыбысымен атай білу керек» (Байтұрсынұлы, 1992: 143).

Осылай дей келіп, автор оқу мен жазу үдерістеріне қарапайым тілмен қысқаша анықтама береді: «жазу – әріптердің сүгіретін сала тізу»: «Оқу – әріптердің дыбысын айта тізу» немесе «жазған әріптерін дыбысымен атай білу» (Байтұрсынұлы, 1992: 144).

Оқу мен жазуды талдап айту арқылы тілші-ғалым сауат ашу әдісін және тілді меңгеру дағдысын маңызды орынға қояды: «Сауаттау әдісі дегеніміз – соны білдіруге жұмсалатын түрлі әдістердің шумағы болады» (Байтұрсынұлы, 1992: 143).

Ғалым-ұстаз оқу мен жазуды сөз ете отырып, дыбыстар мен әріптердің де тепе-тең еместігін, олардың әрқайсысының оқу мен жазу үдерісінде қандай рөл атқарса, әр ұлт тілінде де өзіндік қасиеттері болатынын ескертеді. Тіл үйретуде, әсіресе, дыбыс пен әріптің сәйкес не сәйкес еместігіне ерекше ден қою қажеттігін айтады:

«Дыбыстар мен әріптер арасында сәйкестік күшті болғандықтан, сөздің жазылуы мен айтылуының арасында да сәйкестігі күшті. Орыста бір сөз дыбысына қарай жазылып, он сөз дыбысына қарамай жазылатын болса, қазақта он сөз дыбысына қарай жазылып, бір сөз ғана дыбысына қарамай жазылады. Солай болған соң бізде сөздің ішіндегі дыбыстарын айыра білу керек. Сөздің дыбыстарын дұрыс айыра біліп, оларға арналған әріптерді қоя білудің өзімен де үйренуші емлеміздің аз болса, 60-70 процентін біліп қалады» (Байтұрсынов, 1928: 21).

Осыдан-ақ білгір ұстаздың қазақ тілін сапалы үйрету үшін қандай мәселелерге көңіл бөлу керектігін анықтап айтып, нақтылап көрсеткенін аңғаруға болады. Тілшінің ертеректе айтқан пікірлерінің қай-қайсысы да әлі күнге дейін толық шешімін таппағандықтан, өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Қазақ тілі мәселелері мен әдістемесіне байланысты зерттеу еңбектер жазып, құнды пікір айтқан педагог-ғалымның бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Ж.Аймауытов 1922 жылдан 1924 жылға дейін Қарқаралыда мұғалім болып істейді. 1926-1929 жыл аралығында Шымкенттегі педагогикалық техникумның директоры қызметін атқарады. Осы кезеңдегі жұмыс тәжірибелерін ол бірнеше ғылыми мақалалары мен оқу құралдарына арқау еткен.

Қазақ тілін оқыту мәселелеріне қатысты шыққан Ж. Аймауытовтың еңбектерін төмендегідей топтарға бөліп қарастыруға болады: 1. Қазақ тілін сапалы әрі тиімді оқытуға байланысты жазылған еңбектер. 2. Қазақ тілін әліптен бастап үйрету әдісіне арналған еңбектер. 3. Қазақ тілін жүйелі түрде оқытуға бағытталған еңбектер.

Қазақ тілін сапалы оқытуды көздейтін ғалымның зерттеулеріне мыналарды жатқызған дұрыс: «Тәрбиеге жетекші», Орынбор, Қазмембас, 1924; «Ана тілін қалай оқыту керек?» («Жаңа мектеп», 1925 №2); «Тіл туралы» («Еңбекші қазақ», 1928, 23 ноябрь).

Қазақ тілінің дыбыстарын үйрету мәселесіне арналған тілшінің еңбектері: «Қазақша хат таныту әдісі» («Жаңа мектеп», 1927, №2), «Жаңа әліпті тез үйрету жолы» («Жаңа мектеп», 1929, №4).

Сабақты жүйелі оқытуға қатысты ұстаздың жарияланған кітабы: «Комплекспен оқыту жолдары», Қызылорда, Қаз. Баспасы, 1929; мақаласы: «Комплекс жүйемен сабақ беру тәжірибеміз» («Жаңа мектеп», 1928, №1).

Ж. Аймауытов қандай мәселені сөз етсе де, қай пәнді (педагогика, дидактика, психология т.б.) зерттесе де, ең маңызды орынға тіл, оның тазалығы мен дұрыс қолданылуы туралы мәселені қояды. Өйткені, автордың айтуынша, тіл – адам (бала) өмірінің ең алғашқы баспалдағы. Дүниедегі барлық тірлік ең алдымен тілден көрініс табады да, басқалары содан кейін іске асады.

Бұл мәселелер жөнінде ғалым: «...әр сабақәр пән бір жағынан өзіне тән мақсатын көздесе, екінші жағынан тіл түзетуге, тіл сабағының міндетін атқаруға тырысуы жөн» (Аймауытов, 1924:8),- деп атап өте келіп, Ж.Аймауытов балаға тілді дұрыс үйрету үшін басты-басты мына қағидаларды есте сақтаған жөн деп есептейді:



1. Бала әуелі заттынәрсені көру керекОны көрген бала сол зат туралы айтадыяғни сөйлейдіСондықтан тыңдау, сөйлеу процесі алғашқы болады да, оқу, жазу кейінгі болуы қажет.

2. Баланың өз бетімен сөйлеуіне мүмкіндік беру керек. Сондықтан материал бала ұғымына сәйкес болып: өмір кітапқа қарай емес, кітаптар өмірге бейімделіп жазылсын.

3. Сөйлеу өмірдегі құбылыстарға жақын, жеңілден басталғаны жөн.

4. Баланың ой қабілеті мен өмірді ұштастыра отырып, пәнаралық байланысты күшейте келіп, көбінесе ынталандыру қасиетіне ерекше мән берген дұрыс.

Ұстаздың пікірінше, тілді сапалы меңгеру үшін, баланың ынтасын жетілдіру – ең маңызды шарт. Ол ынталандыруға байланысты өз пікірін білдіреді:

1. Алдын ала дайындалған сұрақтар арқылы баланың ынтасын бұру:

2. Баланың ынтасын арттыратын, қызықты мағлұматтарды ғана алу;

3. Баланың ілтипатын қадағалап қоймай, мұғалімнің өзі де материалды бар ынтасымен үйрету;

4. Жаңа материалды баланың бұрыннан білетін материалдарымен ұштастыра білу;

5. Қажетсіз мағлұматтардан сақтану;

6. Оқыту барысында қолданылатын көрнекілікті күшейту;

7. Сабақ оқыту әдіс-тәсілдерін үнемі өзгертіп отыру.

Ж. Аймауытовтың қай көзқарасы болсын осы күнгі тіл үйрету жүйесімен толық сәйкес келеді. Ғалым тілді оқыту жалаң білімге үйрету емес, ол тірі адамның жан дүниесін тану, оны түсіну деп біледі:

«Ана тілін үйрену – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой пәлсафасын да меңгереді» (Аймауытов, 1924:5-6).

Ж. Аймауытовтың оқыту мәселесіне қатысты пайдалы пікірлері әр түрлі салаларды қамтиды. Біз қазақ тілінің методологиялық, үйрету әдістемелеріне байланысты кейбір тұжырымдарына ғана қысқаша тоқталдық.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет