Интерлингвистика тіл білімінің саласы ретінде зерттелу тарихы
Қазіргі лингвистикалық парадигма тілдерді оқытудың жиынтығына негізделген нақты лингвистикалық пәндердің негізінде қарастырылады. Бұл жерде қазіргі лингвистиканың негізін құрайтын салыстырмалы-тарихи, жүйелі-құрылымдық, типологиялық, әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, этнолингвистика туралы сөз болмақ. Бұлардың қатарына ХХ ғасырдағы тілдік пәндердің қатарында саналатын интерлингвистиканы да қосуға болады. Интерлингвистиканың болашағын көптеген маңызды проблемаларды дайындау қажеттілігінен көруге болады, яғни қоғам әрқашан әлемдік тілдік картинаның болжамын және оның мағынасын түсінуді қажет етеді. Біздің өміріміздегі интерлингвистиканың салаларын қарастыру енді қолға алынуда.
Бүгінгі таңда тіл білімінің бір саласы интерлингвистикаға деген қызығушылық артуда. Интерлингвистика термині «interlingua» халықаралық тіл деген мағынаны білдіреді. Ол 1911 жылы белгиялық зерттеуші Ж.Мейсманс интерлингвистиканы жалпы көмекші тілдердің табиғи заңдылығын қалыптастыру ғылымы ретінде анықтаған. Ж.Мейсманс «жалпы көмекші тілдер» ретінде түрлі ана тілін меңгерген адамдардың қатынас құралы ретінде қолданатын кез келген тілдің шығуын (табиғи, сонымен бірге жасанды тілдер) жатқызады. Ж.Мейсманс көмекші тілдердің қалыптасуын «жаңа ғылымның» саласы – интерлингвистиканың аясында қарастыруды ұсынады.
1931 жылы Женевада өткен тілшілердің ІІ Халықаралық конгресінде интерлингвистиканы тіл білімінің саласы ретінде ресми түрде қарастыруға рұқсат берілген. Осы уақыттан бастап «интерлингвистика» термині тіл білімінде қолданылып келеді.
1950 жылдардың аяғында интерлингвистика саласына жаңа бағытта қызығушылықтар пайда болып, оны басқа қырынан қарастыра бастады. Жасанды тілдерге деген қызығушылық әмбебап тілдің теориясын құрумен байланысты емес, керісінше тіларалық қатынастағы өзекті мәселелерді шешетін, қазіргі ғылымдағы ақпараттық дағдарысты жеңе алатын нақты нәтижелерге байланысты пайда болды.
Интерлингвистика халықаралық жасанды тілдер арасында тіларалық қатынастың басқа құралдары ретінде зерттеуші рөл атқара отырып, тілдік қиындықтарды жеңуге бағытталған теория ретінде қарыстырылады. Қазіргі кезеңде интерлингвистиканың даму ерекшеліктері жайлы В.П.Григорьева: «Интерлингвистика халықаралық қатынастағы әлеуметтік, тарихи-филологиялық және басқа салалар бойынша қажеттілігін қанағаттандыратын құрал ретінде қарастырылады».
Бұл айтылғандарды ескере отырып, интерлингвистикаға қатысты теориялық тұжырымдарды талдаған дұрыс. Интерлингвистиканы тілтанымның саласы ретінде негіздеуде тіл арқылы қатынас жасаудың екі түріне мән берген дұрыс: ішкі тілдік қатынас және тіларалық қатынас. Қазіргі кезеңде тіларалық қатынас күннен-күнге өсуде. Бұл көптеген қоғамдық байланыстармен тығыз байланысты. Халықаралық сауда қатынастарының қарыштап дамуы (серіктестер арасындағы сауда айналымдары, келісімшарттар, коммерциялық қызметтің номенклатурасы, тауарларды қолдану жөніндегі нұсқаулықтар) тілдік байланыстардың жүзеге асуына ықпалын тигізуде. Сондай-ақ дипломатия, техника, мәдени салада тура және жанама байланыстар күн санап өсіп келеді.
Бұл айтылғандардың барлығы қазіргі халықаралық қатынастың өзекті сұрақтарына жауап ретінде интерлингвистиканың сыртқы негізде қайта бағдарлануына ықпал етеді. Дегенмен, адамзат көптілділік жағдайында тіл білімінің кейбір бөлімдерін, атап айтқанда, әлеуметтік лингвистиканы, салыстырмалы-тарихи тіл білімін, лингвистикалық типологияны, т.б. қолданғанымен, жоғарыда айтылған проблемаларды жүзеге асыру интерлингвистика арқылы жүзеге асады. Демек, интерлингвистика дегеніміз – тіларалық қатынастың проблемаларын зерттейтін тіл білімінің саласы. Интерлингвистика құзіреттілігіне көптілділікке (оның туындау себептері, болашағы және оны жеңу жолдары), тілдердің өзара әрекеттесуіне, интернационализм мен (грамматикалық, лексикалық және семантикалық) халықаралық тілдерге (табиғи және жасанды) қатысты сұрақтар енеді.
Жоғарыда көрсетілген интерлингвистика құзіреттілігіне енетін сұрақтардың барлығы өз арасында тең дәреже деп ойлауға болмайды. Интерлингвистикалық теорияда негізгі орынды тіларалық қатынастың маңызды құралы болып есептелетін халықаралық тілдердің сараптамасы алады.
Бүгінгі таңда ақпараттардың күн санап өзгеруі мен әдеби және халықаралық тілдердің өсуі қазіргі тілдік жағдаятқа тікелей ықпалын тигізуде. Көптілділік пен халықаралық тілдердің даму жағдайы интерлингвистикалық болжамды құрайды. Бұл мәселені әлемдік лингвистикалық жағдаяттардың дамуын және жалпыадамзаттық тілдің күрделенуімен араластыруға болмайды. Лингвистердің интерлингвистиканы тіларалық қатысымның теориясы ретінде қарастыруы өткен ғасырдың аяғында қарастырыла бастады: интерлингвистиканың құзіреттілігіне тіларалық қатысымның деңгейлері, халықаралық тілдер – табиғи және жасанды; аумақтық және аймақтық; әлемдік лингвистикалық жағдаяттағы халықаралық тілдердің түрлілігі; әлемдік лингвистикалық жағдаяттағы даму қозғалысы және оның болжамы.
Бұл айтылған кешенді мәселелердің барлығы жоспарлы тілдердің контексінде қарастыруды қажет етеді. Жоспарлы тілдердің теориясы интерлингвистиканың туындауына себепкер ретінде жоспарлы лингвистика деген атауға ие. Жоспарлы лингвистикада теория мен оның нысаны арасындағы байланыс тіл білімінің салаларынан ерекшеленеді. Тілші табиғи тілдерді зерттеу барысында теорияны нысанның көрінісі ретінде қарастырылады, яғни теория бұл жерде екінші мәселе болса, тілдің өзі бірінші мәселе ретінде зерттеледі. Жоспарлы лингвистикада теория бірінші де екінші де болуы мүмкін.
Кез келген жоспарлы тіл теориялық база негізінде жүзеге асады. Жоспарлы тіл қатысым процесінде жаңаша бағытта жүзеге асып қолданылуы мүмкін. Мұндай жағдайда тілді үйрету қалыптасқан теориялық базада жүзеге асуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |