3.2. Тілдің қоғамдық қызметі
Тілдің ең басты қасиеті не?
Оның ең басты қасиеті — қатынас құралы болу қызметі. Тіл - адам баласы қоғамында қатынас құралы, сөйлесіп, пікір алысудың құралы ретінде қызмет атқаратын қоғамдық құбылыс.
Тіл мен қоғамның арасындағы байланыс екі жақты болады. Біріншісі: тілсіз ешбір қоғам өмір сүре алмайды. Тіл жоқ жерде қоғамда бірлесіп еңбек етуі мүмкін емес. Өйткені тіл — қоғамның өмір сүруінің басты шарты. Екіншісі: тіл қоғам бар жерде ғана өмір сүреді. Қоғамнан тыс тіл жок, тілдің екінші басты қызметі — ол ойлаудың, ойды жарыққа шығарудың кұралы. Адамның ойы тіл (сөйлемдер) арқылы белгілі болады. Демек, ойлау мен тіл бір-бірімен тығыз байланысты.
Тілдің бұл екі қызметінен басқа, яғни қатынас құралы болу қызметі мен ойлаудың құралы болу қызметінен басқа, тағы бір қызметі бар. Ол - оның атауыштық (номинативтік) қызметі. Яғни тіліміздегі әрбір сөз, сөз тіркесі - белгілі бір заттың,ұғымның,қимылдың, сынның аты, атауы болып табылады.
Тілдің төртінші қызметі — экспрессивті-эмоционалдық қызмет. Тілдің экспрессивті-эмоционалдық қызметі деп - адамның сол затқа, ұғымға деген өзіндік (субъективті) қатынасын, эмоциясын, яғни не жақсы көру, не жек көру сезімін айтамыз. Мысалы: алақай, масқара, қап, айналайын т.б.
Тіл — халықтың тарихы, оның күллі өмірінің ізі. Тілден сол тілді жасаушы халықтың арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы сезіліп тұрады.
Тіл - талай заманның жемісі. Ол бірнеше қоғамға қызмет ете береді. Мысалы, қазақ тілі феодалдық қоғамға да, социалистік қоғамға да қызмет етті. Енді, міне, нарықтық қатынас қоғамына да қызмет етіп отыр.
Тіл белгілі бір топтың, айталық, не байдың, не кедейдің мұқтажын өтеу үшін емес, қоғамдағы барлық таптар үшін қызмет атқарады. Олай болса, тіл таптық сипатқа емес, жалпы халықтық сипатқа ие болады. Бұл - оның ең басты ерекшелігі.
Сонымен, тіл таптық құбылыс емес. Ол — қоғамдық құбылыс.
Достарыңызбен бөлісу: |