Байланысты: 2-дәріс. Бейнелеу өнерінің даму тарихы
Бейнелеу өнерінің даму тарихы Бейнелеу өнерін эстетикалық мәдениеттің рухани және материалдық саласына жатқызамыз. Бейнелеу өнері рухани және материалдық құндылықтар саласының қайсысына қатыстылығын: материалдық құндылықтарға адамға қажетті барлық материалдық заттарды (олар шаблонды болуы мүмкін) қарастыратын болсақ. Ал, өнердің руханилығының нағыз шығармашылықты білдіретініне көңіл бөлу керек. Материалдық құндылықтардың өлшейтін бағасы болады. Ал, рухани құндылықтар материалдық құндылықтарға қарағанда өзгешелеу, олар адам өмірінде көптеген жылдар бойы қалыптасқан, тұрақты салтдәстүрлермен немесе сакральды қасиеттілігімен ерекшеленеді және сол өлшеммен бағаланады. Мысалы, «мерседес» маркалы машина бұл неміс машинасы. Ол сол халықтың материалдық және рухани құндылығы бола алады дейтін болсақ, ал, Рембрандтың картинасы голландықтардың рухани құндылығы. Демек, рухани құндылықтың да бағасы бар, бірақ бұл критерии ұлттық құндылық критериіне сәйкес келіп, осының негізінде бағаланады. Ал ең жоғарғы адамзаттық құндылықтарда орындалған өнер туындысы бүкіл адамзаттық рухани құндылыққа айналады. Немесе керісінше кейбір бұйымдар мен өнер туындылары басқа ұлтта ешқандай сезімді оятпауы да мүмкін. Мысалы, қазақ халқы үшін домбыра – ұлттық құндылығымыз, домбыра қазақ үшін музыкалық аспап қана емес, ол ұлттық болмысты ашып көрсетуде қазақтың архетипті белгісі бола алады. «Нағыз қазақ, қазақ емес – нағыз қазақ домбыра» деген сөз осыдан қалған. «Домбыра – қазақтың жаны, түп тамыры, ұлттық психология көзі, ұлттық ағартушылықтың бастауы, ұлттық тәрбиенің діңгегі. Домбыра қазақ халқының өнердегі ұйытқысы ретінде, дамытушысы қызметінен еш төмендетпей, керісінше үдеп дамып келеді. Домбыраның одан әрі мәртебесін арттыру бүгінгі ұрпақтың міндеті болмақ» (Гүлфарида Зейнуллина). Сол сияқты орыс халқы үшін – икона, ал француздар үшін – Эйфель мұнарасы, Египет үшін – пирамида және т.б. ұлттың құнды дүниелерінен көптеп мысалдар келтіре беруге болады. Халықтың мыңдаған жылдар бойы қалыптастырған көркемөнер шығармашылығы сол ұлттың ұлттық рухани құндылықтары мен байлығына айналады. Демек, көркем шығармашылықтың негізінде жеке адам мен ұлттық ұжымдық тәжірибелер жинақталған. Ол жеке суретші қолтаңбасы мен әр халықтың ұлттық стилінде көрініс табады. Бұл жағдайда ұлттық өнер ғана дәстүрлі деген түсінік қалыптастыру керек. Бізге белгілі кез келген өнер дәстүрлі, өйткені өнердің бағыты бірнеше жылдар мен ғасырларда жинақталған тәжірибе негізінде қалыптасып, дамып, жалғасын тауып келеді. Олай болса кезкелген өнердің өзіне тән ерекшелігі, бағыты, оның өзінің даму тарихы мен тәжірибесі, жалғастырушы дәстүрі бар. Жалпы көркемөнердің барлық түрлерін бүкіл халықтың шығармашылығынан кездестіргенімізбен әрбір халықтың өнерінде өздеріне тән сонылық ерекшелігі ұлттық нақышпен ерекшелене түседі. Бұл өнердің әртүрлігі мен әмбебаптылық мәселесінен шығады. Яғни, бұл өнердегі әмбебаптылық; бірбіріне ұқсамайтын, әр халыққа тән бейнелеу өнерінде кездесетін тақырыптық, сюжеттік және көркем жазу тілінің, композициялық құрылымының және т.б ұқсастығы. Бұл ұқсастықтар жалпы өнерге ортақ болғанымен, өнерді бірдей етпейді, олардың тарихи даму барысында түрлі әсер етуші факторларға (жері, өмір сүру салты, дүниетанымдық, діни, философиялық, саясиәлеуметтік, психологиялық және т.б.) байланысты. Бұндай өзгешелік ұзақ тарихи жылдарда қалыптасып, сол халықтың өнерінің жеке ерекшелігіне айналған және ол өзіндік бейнелеуші және айқындаушы көркем тілді қалыптастырады. Бейнелеу өнерінің көркем тілін құрушы құралдар – сызық, рең, шырай, түс, жарықкөлеңке, жылт, архитектоника, композиция, т.б. барлық халықтар өнеріне ортақ. Олай болса, бейнелеу өнерін зерттеуші ғалымдардың тәжірибелеріне сүйене отырып бейнелеу өнерінің тіліне тоқталатын болсақ, Б.Р.Виппер: «Әрбір өнерге спицификалық ерекшелік тән, олар алдына мақсаттар қояды және оларды шешудің спецификалы әдіс–тәсілдері бар. Солай дегенмен оларды белгілі бір топтарға біріктіретін, барлығына ортақ кейбір белгілері де бар. Осындай ортақ белгілеріне қарап ажыратуды өнердің классификациясы деп атаймыз. Бұндай классификациялау өнердің мәнін түсінуге жақындата түседі» 1 , деп бейнелеу өнерінің мынадай классификациялануын ұсынады: «кеңістіктік және уақыттық». Кеңістіктік өнерге сәулет, мүсін, кескіндеме, дизайн, қол өнері жатады. Өйткені олардың кеңістікте алатын белгілі бір орны бар. Мимика, музыка, би, поэзия, кино өнерлерін уақыттық өнерге жатқызамыз, өйткені олар уақыт аралығында пайда болып өмір сүреді. Б.Р.Виппер өнердің өмір сүру кеңістігін үш (биіктігі, ені, тереңдігі) өлшеммен бірге, төртінші өлшемін уақыт деп алып, оларды келесі түрлерге бөліп қарастырады: кескіндеме өнері – екі өлшемде өмір сүреді; мүсін және сәулет өнері – үш өлшемде, ал музыканы, мимиканы, поэзияны – төрт өлшемді өнерге жатқызады. Дегенмен бұл өнерлер түрлерінің әрбірі өз өлшемінен келесі өлшемге өтуге ұмтылады. Кескіндеме мен графика екі өлшемде өмір сүргенімен, оларды кеңістікте орналастыруға ұмтылады. Ал, мүсін мен сәулет өнері үш өлшемді болғанымен, біз оны тек айналып жүріп қозғалыста уақыт аралығында қабылдаймыз, осылай ол төртінші өлшемге өтуге ұмтылады. Сондықтан сәулет өнері геометриялық жағынан кеңістіктік өнер, ал эстетикалық жағынан – уақыттық өнер де бола алады. Бейнелеу өнеріне түсініктеме беруде біз алдымен графика өнерінен бастаймыз. Графика өнеріне алғашқы кезде «грифель өнері» (М.Клингер) немесе «қағаз бетінде орындалатын өнер» (Сидоров А.) деген атауларды ұсынған. Бейнелеу өнерінің ең кең тараған түрі графиканы көп жағдайда басқа өнер түрлерінің дайындық кезеңіне жатқызғанымызбен, ол өзінің мақсатміндеттерімен және өзіне тән ерекше әдістерімен өз бетінше жеке дербес өнер туындысы бола алады. «Графика» термині грек тілінен; «graphein», тырнау, жазу деген мағынаны білдіреді. Графика – графикалық деп аталатын, өнер құрамының ерекше бір түріне негізделетін, бейнелеу өнері, бейнеленуші беті (көбінесе ақ қағаз), сызықтар, штрихтар, дақтар, нүктелер 2 . Өнердің графика түрі тырнайтын, жазатын, грифель құралының көмегінен сызылып пайда болатындықтан, графика өнері каллиграфиямен, жазбамен тығыз байланысты. ХІХ ғасырға дейін графика мен сурет түсініктері қатаң екіге ажыратылып қаралды. Графика деп тек баспа техникасымен салынатын жұмыстарды атаса, суретке – қолмен салынатын жұмыстарды: нобайды, этюдты, наброскаларды жатқызды. Осылай графиканың орындалу техникасына қарай сурет және баспа графикасы болып бөлінеді. Бұл екі түрдің айырмашылығы суретші мен көрерменнің арақатынасынан шығады. Суретші, суретті көп жағдайда, өзінің бақылауларын, естеліктерін немесе болашақ жұмысының алдында көркем қиялынан туған ойын өзінің жеке жұмысы барысында орындайды. Сурет, суретші шеберханасының ішіне арналған. Сурет монологққа ұқсас, ол суретшінің қайталанбас өзіне тән қолтаңбасы бола алады. Сурет аяқталмаған болуы мүмкін, дегенмен осы аяқталмаған қалпында да ол таңқалдырарлықтай әсер бере алады. Суреттің тек бір дана ғана болатынын да ескерте кету керек. Баспа графикасы (эстамп, кітап иллюстрациясы ж.т.б) көбіне тапсырысты сұраныс бойынша бір ғана дана емес, бірнеше рет көбейтіліп, қайталанып шығарылатын графика және бұл көбіне көпшілікке (бұқараға) арналады. Негізінде графиканы, көбейту үшін ағашта, металда орындалған сурет деп қана қарастыруға болмайды – бұны өзге әдіс пен материалда немесе басқа материал мен техникада орындау мүмкін емес, әдейі ойластырылған ерекше композиция 3 . Суреттің ең алғашқы сызығы адамзаттың даму тарихының өте ерте кезі, біздің заманымызға дейінгі палеолит дәуірі кезеңінен сақталып жеткені бізге өнер тарихынан белгілі. Ертедегі суреттер тастың бетінде, сүйектерде, үңгірлерде және олардың ішкі қабырғалары мен төбелеріне тырналып жүргізілген сызық арқылы жануарлардың бейнеленген суреттерінен кездестіре аламыз. Онда: тырналып жүргізілген сызықтардан із қалдыра бастырылған сызықтарға, контурлы сызықтан сұлбаға (силуэт), штрихтарға, өңге (тонға), түрлітүсті дақтарға ұласқан сурет өнерінің даму эволюциясын көруге болады. Ежелгі дүние өнерінен бастап қарастыратын болсақ, сурет өнері бейнелеу өнерінің басқа түрлеріне қарағанда даму сатысы жоғары болған. Дәлірек айтатын болсақ, мысыр кескіндемесі, грек құмыра жазу өнері сызықтық, контурлы сурет, өйткені онда бояу белсенді рөл атқармайды, онда бояу түсінің қызметі тек сұлбаны толтырып тұрушы. Дегенмен, бұл көне суреттер Ренессанс пен Барокко кезеңіндегі суреттен ерекше. Мысырдағы сурет жартылай жазба, ал грек құмыраларында – сурет, сәндікпен қатар құмыраның формасымен тығыз байланыста болды. Орта ғасыр кезеңінде де кескіндеме мен сурет арасында айтарлықтай өзгешелік байқалмайды. Византиялық мозаикада кездесетін сары алтын түсті немесе көгілдір фонды, жазық сұлбалы фигуралар, жазықтықты иллюзиялы кеңістіктерге бөле қойған жоқ, оларды орта ғасырлық суреттер мен өрнекті сәндеу орталығында орналасқан миниатюралы картиналардан, яғни витраждардан – жарықтандырылған суреттен көруге болады. Сурет, тек кейінгі Готика мен Қайта өркендеудің басында, кескіндемеден, сәулет өнерінен ажырай бастады және кескіндеме мен сурет арасындағы ерекшеліктер ажыратыла түседі. Дәл осы кезден бастап, графиканың даму тарихы шын мәнінде жеке өнер ретінде қалыптаса бастады. Суреттің ең қарапайым түрі төртбұрышты пішіндегі (формалы) ағаш тақтайшада бейнелеу. Сурет салудың неғұрлым нәзік түрі, терінің түрлі сорттарынан дайындалған, грунтталған және өңделген пергаментте орындалады. Кейінірек ол қағазбен алмастырылды. Ертеректегі қағаз қалың әрі бедерлі (бұжырлы) болғандықтан, оны пайдаланбас бұрын бетін тегістеп (грунттап) өңдеп алатын болған. Ал ХV ғасырларда қағаз қатты бола бастағанымен, көбіне сарғыш немесе қоңырқай түсті болып келді. Сондықтан ХVІ ғасырға дейін қағаздың бетін тегістеп (грунттап) отыратын болған. Ал, ХV ғасырдың соңына қарай Венецияда, мүмкін арабтардың әсері болуы мүмкін көгілдір түсті қағаз пайда болған 4 . Ерте кездегі суретшінің пайдаланған құралы – металдан жасалған грифель. Римдіктердің өздері де тақтайшаларға жазатын болған. ХV ғасырға дейін металдан жасалған грифель перомен қатар кең тараған құрал болып келді. Орта ғасырларда жүргізілген сызығы жұмсақ және оңай өшіруге келетін, қорғасын грифельдерді қолданған. Сондықтан қорғасынды грифель негізгі жұмысты бастау алдындағы дайындыққа пайдаланды: кейіннен перомен, сангинамен, итальян қарандашымен жетілдіре түскен және оны композицияға нобай жасау үшін пайдаланатын болған. Орта ғасырдың соңына қарай қорғасынды грифельді ХV ғасырдың сүйікті құралы – күміс грифельдер алмастырды. Күміс грифельмен тек (грунтталған) тегістелген және өң берілген қағазға ғана бейнелейтін болған, ал онымен жүргізілген сызықтар өшіруге келмеген. Күміс грифельмен жүргізілген сызықтарды өшіруге келмейтін болғандықтан, суретшіден сызықты түсіруде өте тура дәлдікті талап етті. Сондықтан күміс грифельді тек нағыз сызық жүргізудің майталман шеберлері қолданған (Кіші Гольбейн, умбриилік мектептің басында тұрған Перуджино мен Рафаэль). ХVІ ғасырдың ортасынан бастап сурет неғұрлым еркін, кескіндемеге жақын (живописті) бола түседі, сондықтан күміс грифель бұрынғы беделін жоғалта бастайды. Бірақ ескі шеберлердің жұмыстарынан шабыт алып рухтанған, ХІХ ғасырдың суретшілері, күміс қаламды қайта жаңғыртқылары келеді. Біріншіден олардың арасындағылардан Энгр мен прерафаэлиттерді атауға болады.