Ауызша суреттеп сөйлеу әдісі. Табиғат көрінісін, суреттен көргенін, көрмеден, түрлі мәдени орындардан алған әсерін, жанды-жансыз заттарды көз алдында тұрғандай етіп суреттеп баяндауға дағдыландырады. Суреттеп сөйлеуге баулуда оқушы жауапкершілігі артады. Себебі, бір нәрсені суреттеуде, сол заттың белгілері мен ерекшеліктерін айтуда оқушы әр ұғымның атауын іздестіріп, сөздік қорын байытады.
Мәтін оқу әдісі. Мәтін оқу ауызша, жазбаша, тіл дамыту жұмыстарына ортақ категория. Мәтін оқу, мәтінді мазмұндау оқушы тілін дамыту жұмыстарының әдіс-тәсілдерінің бірі болып табылады.
Ойдан әңгіме, өлең шығарту әдістері. Оқушылар, әсіресе бастауыш сынып оқушылары қиялға өте бай келеді. Олар өз ойын ашық әрі анық айтуға бейім. Сондықтан оқушыларға өз қиялдарынан шағын әңгіме, ертегі айтқызып, өлең шығарту жұмысы жүргізіледі. Бұл оқушылардың ауызша, жазбаша тілін дамытады.
Оқушы тілін дамытуда жазбаша жұмыстар басты рөл атқарады.
Жазбаша жұмыстарды:
1) Хабарлау
2) Баяндау
3) Әңгімелеу әдістері түрінде жүргізуге болады.
Оқушы тілін дамытуға еркін тақырыптар ұсынуға немесе сұраққа жауап бергізу арқылы да әңгіме жаздыруға болады. Оқушы тілін дамытудың негізгі объектісі – шығарма жаздыру. Оқушыға шығарма жазғызудағы мақсат — оның ойын, пікірін әдеби тілмен жатық, сауатты жаза білуге және шығармашылық ізденіске баулу, логикалық ой-өрісін кеңейтуге машықтандыру болып табылады.
Түрлі-түсті суреттер немесе өз ортасына байланысты баяндау әдісі. Бұл әдістер арқылы ауызша және жазбаша баяндау негізінде сөздік қорын молайтып, тілін дамытуға мүмкіндік туады. Өз ортасына байланысты «Менің досым», «Менің әкем», «Менің күшігім» т.б. тақырыптарда өз ойын баяндай алатын жетістікке жетеді.
Мәнерлеп оқу әдісі. Тіл дамыту әдісінің бір түрі мәнерлеп оқу. Мұның пайдалы жағы оқушылар сөйлеу тілі мен әдеби тілдік норманы сақтап оқуға төселеді. Поэзияны сүюге, сөз байлығын еркін пайдаланып, жүйелеп айту шеберлігін жетілдіруге үлкен септігін тигізеді. «Қай ертегіде кездесемін?», «Мені білесің бе?» деп алып, кейіпкерлердің үлкейтіп салынған суреттерін көрсету арқылы кім екенін, қай ертегіде кездесетінін айтқызып, мінездеме бергізу арқылы білгендерін ауызша жеткізе білуге үйрету жұмысы да тіл дамытудың негізгі бір жолы. Мұның өзі оқушылардың көркем шығарма оқуға деген қызығушылықтарын арттыруға көмектеседі. Ең бастысы оқушылардың өзін сөйлету арқылы сөйлеу тілдері дамиды. Жаттау, мәнерлеп оқу, мазмұнын айта білу, сұрау-тапсырмаларға жауап жазу, кейіпкерлерге мінездеме бере отырып, салыстырмалы әдіске негізделіп жазылған үлестірмелі кестелерді толтыру т.б. әдістер арқылы сабақтар жүргізіліп отырса, жақсы нәтиже берері сөзсіз.
Бұдан басқа, ойды көрікті, мағыналы етіп жеткізуде сөздікпен жұмыс жасаудың септігі мол. Түсінігі қиын сөз, сөз тіркестерін түсіндіру арқылы оқушылардың сөздік қорын дамыту. Сөздік жұмысын үзбей қолдану барысында көркемдегіш ерекшеліктерді танытудағы басты мақсат сөздік қорды жаңа бейнелі сөздермен, сөз тіркестерімен толықтыру негізінде дамыту. Қандай пән немесе қандай сабақ түрі болмасын тіл дамыту, сөздік қорды байыту үнемі жүргізіліп отыратын жұмыс болуы шарт.
Қорыта келгенде, бастауыш сыныпта жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының маңызы зор. Тілі жақсы дамыған бала ойы да дамыған, жақсы мен жаманды толық айыра алатын, әділдік пен әділетсіздікті тани алатын азамат болып қалыптасады. Адам тілі арқылы ойын дәл жеткізе алады. Дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білуге дағдыланған баланың сөйлеген сөзі де, жазғаны да түсінікті болатыны айқын. Осы міндеттерді және қарастырлған әдіс-тәсілдерді мұғалім үнемі өз жұмысында жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс.
Балалардың сөздік қорын молайтуда ойын, тапсырма жаттығулардың орны ерекше. Соның ішінде ойын – баланың шын тіршілігі. Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады. Тілдік норма жетілу үшін оқушының ауызекі сөйлеу тілін, жазба тілін дамыту керек. Сөйлеу арқылы ауызша тіл дамыса, еркін тақырыпқа жазылған мақала, эссе, ойтолғау, әңгіме, мазмұндама, шағын шығарма жазу арқылы жазба тілді дамытуға болады. Осы орайда айтарым, әрбір ұстаз бала тілін дамытудағы негізгі мақсаты етіп, халқымыздың тіл байлығын, мұрасын ұрпақ бойына сіңіру етіп алғаны дұрыс.