Байланыстырып сөйлеу жұмыстарының педагогикалық және лингвистикалық ерекшеліктері.
Баланы ойлау мен сөйлеуге үйрету негізі бастауыш сыныптарда қаланады, яғни бастауыш сынып оқушылары ойлау мен сөйлеу дағдысына төселіп, істі шығармашылықпен ұтымды орындауға үйренеді.
Сөйлеу арқылы адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасайды. Сөйлесудің пікірлесу ретіндегі әрекетінің әртүрлі болып келетінін психология ғылымы зерттей отырып, оны үлкен екі топқа сырттай және іштей сөйлеу деп аталатын топтарға бөліп қарастырады. Сырттай сөйлеудің өзі ауызша (дыбысты тілдің көп және кең тараған түрі) және жазбаша сөйлеу болып бөлінеді. Сөйлеудің бұл түрлері бір-бірімен өзара диалектикалық байланыста болады. Өйткені, сырттай сөйлеу (ауызша, жазбаша) мен іштей сөйлеудің физиологиялық негізі бір – ми жарты шарлары қабығындағы екінші дабыл жүйесінің механизмдері. Олардың негіздерінде сөйлеу мүшелірінің қозғалысынан шығатын кинестетикалық сезімдер жатыр.
Кинестетикалық түйсікке негізделген шығарма мен мазмұндама жазу оқушылардың қабылдауын дамытып, зейін өрісін кеңейтеді, ойын, тілін дамытады, олады қиял шыңына шарықтатып, тәтті сезімге бөлейді.
Психологтардың айтуынша, бастауыш сынып оқушыларының қиял дүниесіне бой ұруы әртүрлі оқиғаларға кездесуге құштарлығы, өзін ертегі кейіпкерлерінің орнына қойып, ойға алғанын іске асыруға әрекет жасауы басым болады. Олардың бұл ерекшелігін шығармашылық жұмысқа пайдаланудың зор маңызы бар.
Қиялдың шарықтап дамуының ең жоғарғы сатысы шығармашылық әрекетпен тығыз байланысты болады. Қиял екі түрлі. Пассивтік және активтік. Пассивтік қиялға түс көру т.б. жатады, ал активтік қиялдың өзі қайта жасау және творчестволық болып екіге бөлінеді. Шығарма, мазмұндама жұмыстары активтік қиялдың екі түрін де дамытады, өйткені кітап оқу, түрлі суреттер көру, диафильмдер көру арқылы уақиғаларды көз алдына елестету – қайта жасау қиялының көрінісі. Ал бала қиялының бетін шындыққа бұрып, оның іс-әрекетіне өз ойынан шығарғанын, өздігінен тапқандарын қосып дамытуға, толытруға үйрету шығармашылық қиялды дамыту болып табылады. Осыған орай, еркін тақырыпқа шығарма жаздыру т.б. жұмыстарды көбірек жүргізу оқушы шығармашылығын дамытады. Балалардың мектепке келіп түскен кездегі психикалық және дене даму ерекшеліктері жөнінде оқулықтарда берілген мағлұматтарға сүйене отырып, мазмұндама мен шығарманы да осы кезден, 2-сыныптан бастап жүргізуге толық мүмкіндік бар екені зерттеулер бойынша анықталған.
Шығарма мен мазмұндама жұмыстары:
1.Балалардың психикалық процестері (түйсік, қабылдау, зейін, ес, ойлау, қиял) мен сезімін еркін күшейтеді, әсіресе, ой қызметінің белсенділігін арттырып, мидың үлкен жарты шарлар қабығындағы өтіп жататын анализдеу, синтездеу әрекетін тездетеді. Мидың жарты шарлар қабығында өтіп жататын әрекетті үздікіз күшейтіп, уақытша жүйке байланыстарын (анализаторлардың мидағы ұштарының арасында туып жататын уақытша жүйке байланыстары) жасайды және жетілдіре түседі.
Шығарма мен мазмұндамаға дайындалу барысында, әсіресе2-сынып оқушыларының психикасында дабыл жүйесінің қызметі мен эмоция басым болғандықтан, оқушылардың өмірде көрген-білгендеріне, заттың тікелей өзін көрсетіп, сол өңінде қабылдауларына, уақиғаны бақылау қабілеттеріне сүйену керек. Мәтінді алдын ала синтездеу жұмысына ерекше назар аударған жөн. Өйткені мәтінді алдын ала синтездеудің, яғни жазбас бұрын мәтінді жобалап алудың, қате жібермеу үшін де тигізер пайдасы мол.
Жазу процесінің аналитикалық-синтетикалық жағы неден көрінеді:
1) сөзді тыңдағанда әңгімеленгелі отырған уақиғаға сай келетін сөздерді таңдап ала білсе, бұл – аналитикалық процесс, ал осы сөздерді мәтіннің ішінде енгізуі синтетикалық процесс болып есептеледі;
2) сөйлем құрастыруда анализ – субъектілер мен предикаттарды және заттың белгілерін көрсететін сөздерді іріктеп алу, ал синтез – осыларды сөйлемнің ішінде орын-орнына қойып, орналастыру;
3) мәтін құрастыруда анализ – тұтас мәтінді бірнеше бөлімге бөлу, синтез – сол бөлімдерді бір-бірімен жалғастыру. Мұнда анализ жазуға дайындық кезінде, мәтінге жоспар жасау жұмысында іске асса, синтез сол жасалған жоспар бойынша, құрастырып айтып не жазып беру жұмысы болып саналады;
4) шығарма жазу процесінде анализ үнемі синтезден бұрын жүреді. Анализдің бұрын келуі синтезге жол ашады;
5) психология оқулықтарында (Темірбеков А., Балаубаев С. Психология, А., 1966) бастауыш мектеп жасындағы балалардың қабылдауы эмоциямен, сезіммен сабақтас жүретіні айтылады.
Сондықтан мазмұндамаға алынатын мәтіндер мен шығарма тақырыптары балаларда болатын көңілділік, сенгіштік, сезімталдық, қызығушылық, еліктегіштік сияқты қасиеттерге сай келетіндей болып іріктелуге тиіс. Алайда қандай әсерлі шығарма ұсынылғанымен, ол нақышына келтіріліп, дұрыс дауыс ырғағымен оқылмаса, балаларда болатын жоғарыда аталған қасиеттерді дамытуға пайдасы тиіп жарымас еді. Өйткені мазмұндамаға ұсынылған мәтіндерді балаларға оқып беруде болсын, шығарма жаздыру үшін материал жинау барысында оқушыларға айтылатын әңгімеде болсын, мұғалімнің дауыс сазының әсерлі болып, сөздер мен сөйлемдерді анық айтуының маңызы зор. Бұл жөнінде К.Д.Ушинский: «...мүмкін егер де біз: бізде анық дауыстап, ырғағына келтіріп, әсерлі етіп оқи алатын төменгі сыныптың мұғалімін табу өте қиынға түседі десек, кейбіреулерге ерсі болып көрінер еді, бірақ зейіннің қабілеті жетілмеген балаларға мұндай мұғалім ерекше қажет», - дейді (Ушинский К.Д. Балаларды тәрбиелеу және оқыту жөнінде. Ал., 1951). Адам психологиясының нәзік сырларын бақылаған А.С.Макаренко да өзінің балалармен күнделікті сөйлеу барысында дауыс ырғағына ерекше көңіл бөлген. Ұлы педагог балалармен сөйлескенде оларға әсер ету үшін дауыста эмоция мен сезімнің басым болуы керек екенін айтады. Сондықтан бастауыш сыныптарда оқуда да, түсіндіруде де, әңгімеде де мұғалім дауыс ырғағын бірқалыпты сақтап, өзінің дикциясына қатты көңіл бөлгені жөн.
Мәнерлеп оқуға екі түрлі шарт қойылады, олап физикалық және психикалық. Біріншісіне оқыған кезде дұрыс тұру, демді еркін және терең алу, дауысты бірқалыпты сақтау сияқтылар, ал екіншіге дауыстың (оқудың ритмін сақтау, сөзді анық айту, бірқалыпты оқу, пауза жасау, дауыс ырғағын тыныс белгілеріне сәйкестендіру, т.б. жатады.
Сөйтіп, шығарма мен мазмұндама жазу процесінің психологиялық негізі жөнінде аздап болса да мағлұмат алу – оның жүйесін жасап, әдістемелік тәсілдердің қолайлысын таңдап алуда жол-жоба көрсетеді.
Оқушыларды мазмұндама мен шығарма жазуға үйретуде біз дидактиканың негізгі талаптарына сүйенеміз. Бастауыш мектептерде мазмұндама мен шығармаға үйрету жұмыстарында, басқа пәндердегі сияқты, оның ғылымилылығы, теорияның практикамен байланысы, көрнекілік, саналылық, оқушылардың белсенділігін арттыру және жүйелілік пен беріктік принципі ескеріледі.
Біз осы еңбектің кейінгі бөлімшелерінде психология, педагогика, тілі білімі және әдебиеттану ғылымдарының соңғы жетістіктерін басшылыққа ала отырып, шығарма мен мазмұндамаға қойылатын талапты белгіледік. Бұл талаптар ғылыми қорытындыларға негізделгендіктен, шығарма мен мазмұндаманың да ғылыми принципін шешеі деп ойлаймыз.
Шығарма мен мазмұндаманың жүйелілік және оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай келуі эксперименттен өткен жұмыстардың бірте-бірте күрделене беруінде, сондай-ақ балалардың бұрыннан бар білімдік қоры мен дағдыларын, шеберліктерін есепке алып, алдағы программалық талаптар ескеріліп жасалуында.
Достарыңызбен бөлісу: |