Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: «Алтын сақа» ертегісі.
Дәптерде «Алтын сақа» ертегісінен үзінді және мазмұнына сай сюжетті сурет берілген. Ертегіні бөлім бойынша оқып, мазмұнын түсіндіреді. Сонан соң рөлдерге бөліп, сахналайды. Педагог балаларға түсінікті болу үшін, бұл ертегінің мазмұнын толық әңгімелеп беруіне де болады.
Оқу ісінің меңгерушісі:
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Ынтымақ мерекесі.
Мақсаты:
І.Мамыр Қазақстан халқының ынтымақ күні туралы түсінік беру.
2.Мамыр мерекесі туралы өлеңдер оқыту арқылы есте сақтау қабілеттерін дамыту.
3.Елімізде тұратын ұлттарды сыйлауға, олармен достық қарым - қатынаста болуға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: мерекеге арналған сюжетті суреттер,
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Шаттық шеңберін құру.
Дөңгелене тұрып, «Достығымыз жарасқан» әнін орындау. Бір - біріне мерекеге арналған тілектер тілейді.
2. Кіріспе бөлім
а) дәптердегі ұлттар достығы бейнеленген сурет арқылы жұмыс жүргізу. Жұмыс сұрақ - жауап, көрнекілік, түсіндіру әдістері арқылы өтеді.
ә) Жаңа сабақтың тақырыбын хабарлау.
3. Негізгі бөлім
а) Сөздік жұмысын жүргізу. Ынтымақ - адамдар арасындағы бірлік. Мереке - салтанатты той, мейрам.
ә) Педагог Қазақстан Республикасында тұрып жатқан халықтардың тұрмысы мен мәдениеті жайлы қысқаша түсіндіреді.
- 1 Мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мен достығын паш ететін айтулы мереке. Еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың достығы мен бірлігі, татулығы мен ынтымағы өзге елдерге өнеге боларлықтай. Заманында қазақтың дарқан даласы көптеген ұлттарға пана, қамқор болды. Соның нәтижесінде қазақ жері бауырластар мекені, достықтың құтты ұясы атанды. Жүректері жомарт, алақандары ашық қазақтар өзге ұлт өкілдерімен бір ананың баласындай ғұмыр кешуде. «Бірлік бар жерде - тірлік бар», «Ырыс алды - ынтымақ» дейді халық даналығы.
б) Осыдан кейін С. Оспановтың достық туралы өлеңін дауыстап оқиды, мазмұнын түсіндіреді. Өлеңді балаларға бірнеше қайталаттырып жаттады
Біз - балдырған тең басқан,
Дос құшағын елге ашқан.
Тілегіміз - бейбіт күн,
Ашық болсын кең аспан!
С. Оспанов
б) ұлттар достығын бейнелейтін сурет салдыру.
3. Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
Оқу ісінің меңгерушісі:
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Жеңіс мерекесі.
Мақсаты:
1. Жеңіс күні туралы түсінік беру.
2. Сөздік жұмысын жүргізу арқылы есте сақтау қабілетте - рін дамыту.
3. Отанын сүюге тәрбиелеу.
Сөздік жұмыс: Жеңіс, Отан қорғаушы, соғыс ардагері. Көрнекіліктері: зал іші мерекеге арналып безендірілген.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Кіріспе әңгіме өткізу.
Педагог Жеңіс мерекесі жайлы түсіндіреді.
- Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегі - мен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні - түні мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл ел болып еске түсіреді.
2. Негізгі бөлім.
а) Сөздік жұмысын жүргізу.
Отан қорғаушы - Отанды қауіп - қатерден сақтаушы.
Жеңіс - соғыста жауды жеңіп, тізе бүктіріп, толық жеңіске ие болушылық.
Соғыс ардагері - соғысқа қатысқан ардақты, қадірлі адам.
Майдангер - соғысқа қатысқан адам.
ә) О. Асқардың «Менің атам - майдангер» өлеңін жаттату.
б) Бейнетаспадан Жеңіс шеруі түсірілген фильмнен үзінді (2 - 3 минут) көрсету. Балаларға Жеңіс шеруі жайлы әңгімелету.
Сұрақтар:
1. Жеңіс шеруіне кімдер қатысады?
2. Өздерің Жеңіс шеруін көрдіңдер ме?
3. Жеңіс мерекесіне арналған отшашу қай кезде болады?
в) Жеңіс мерекесіне арналған отшашудың суретін салдыру.
3. Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
Оқу ісінің меңгерушісі:
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Біз мектепке барамыз.
Мақсаты:
І.Мектеп, мектепке қажетті құралдары туралы түсінік беру.
2.Сурет бойынша сұрақтарға толық жауап беруге үйрету. Сөйлем, әңгіме құрастыра білуге дағдыландыру.
3.Білімпаз болуға тәрбиелеу.
Сөздік жұмыс: мектеп, сызғыш, қоңырау.
Көрнекіліктері: «Біз мектепке барамыз» атты сюжетті сурет, оқу құралдары.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Кіріспе әңгіме.
- Балалар, сендерге мектепке баратын уақыт та таяп қалды. Мектепке барғыларың келе ме?
- Мектепте оқитын балаларды кім деп атайды?
- Мектепке қажетті құралдарды атаңдар. Мына суретке ат қойыңдар. Балалар мектепке не үшін барады?
- Балалар қалай киінген? Қолдарында не ұстаған?
- Жылдың қай мезгілінде оқиды?
- Балаларды мектепте кім қарсы алады?
2. Негізгі бөлім.
а) Дәптердегі сурет бойынша әңгіме құрастырту.
ә) Оқу құралдарының жеке аттарын атату. Мысалы: оқулық, сызғыш, қалам, қарындаш, т.б. Бұлардың бәрін оқу құралдары деп атайды.
б) Сергіту сәтін өткізу. Орнымыздан тұрайық, (Аяқтың ұшымен тұру). Сағаттың жүрісін көрсетейік.
(Сағаттың жүрісін жасау: «тик - так, тик - так» деп, қолдарын сағаттың тіліндей айналдыру). Тыныс аламыз.
(Ауызбен дем алып, демді мұрын арқылы шығару).
в) Сабақ, үзіліс, қоңырау сөздерін қатыстырып, сөйлемдер, әңгіме құрастырту. Мысалы:
Сабақ басталды. Үзіліс болады. Қоңырау соғылады.
г) Жұмбақ шешу.
Қабат - қабат қаттама, ақылың болса аттама.
(Кітап)
р) Дәптердегі сызба бойынша сөйлем құрату, өрнектің мәнін тапқыздыру.
д) «Ұйқасын тап» дидактикалық ойыны. Педагог дауыстап оқиды, балалар қажетті ұйқас сөзді (қалам) тауып айтады.
ж) Жаңылтпашты жатқа айтқызу:
Айша жазу жазды, Қайша сызу сызды. Қайша жазу жаза ала ма? Айша сызу сыза ала ма?
• Педагог дауыстап оқиды.
• Балаларға бірнеше рет хормен және жеке - жеке қайта - латтырады.
3. Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
а) Кітап туралы мәтінді оқу.
Кітап
Кітап — ең жақын дос. Кітап жақсылыққа үйретеді, жамандықтан жирендіреді. Кітаптың бір бетін ашқан сайын сөйлейді. Оның әр беті тұнып тұрған ақыл. Кітапты оқығанда сен бүкіл дүниені ұмытып кетесің. Кітаптан естімегенді білесің, көрмегенді көресің, күлесің, жылайсың, қуанасың. Кітап - ақылшы, серік дос.
Кітапты оқып, біліп қана қоймай, басқаға да сол кітаптың жақсылығын үйрете білсең, шын достықты өтегенің. Кітап - адамзаттың асыл қазынасы, сарқылмас білім бұлағы.
(«Балдырған» журналынан)
ә) Оқу іс - әрекеті сұрақ - жауап әдісі арқылы пысықталады.
Оқу ісінің меңгерушісі:
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Жаз.
Мақсаты:
І.Балаларға жайқалған жаз мезгілінің ерекшелігі туралы түсіндіру.
2.Берілген сұраққа толық жауап беруге, грамматикалық тұлғада жүйелі сөйлеуге үйрету. 3.Табиғатты сүюге баулу.
Көрнекіліктері: жаз мезгілі бейнеленген сурет.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Кіріспе бөлім.
а) Жаз мезгілі туралы әңгіме төмендегі ретпен жүргізіледі:
• жаз мезгілінің ерекшелігі;
• жаз айлары;
• ойналатын ойындар;
• жаздағы мереке.
2.Негізгі бөлім.
а) Гүл алаңына сырттай саяхатқа шығу, тапсырмаларды орындату. Гүл алаңы бейнеленген сурет ілінеді. Педагог суреттің бірнеше жеріне ілінген тапсырмалар жазылған қағазды алып, оны балаларға оқып береді.
1 - тапсырма. Қазір қай мезгіл?
2 - тапсырма. Гүл алаңында өсіп тұрған гүлдердің аттарын ата. Сол сөздерді қатыстырып, сөйлем құрастыр.
3 - тапсырма. Арық сөзін қатыстырып, сөйлем құрау.
4 - тапсырма. Гүлдерді қалай күтеді?
Әр тапсырманы орындату арқылы «Гүл алаңы» деген әңгіме құрастырады.
Үлгі:
Жаз. Балалар гүл алаңына келді. Гүл алаңында түймедағы, раушангүлі өсіп тұр. Арықтан сылдырлап су ағып жатыр. Құстар сайрайды. Балалар гүлдерге су сепкішпен су қояды. Арам шөптерін жұлады.
ә) Дәптердегі сурет бойынша «Жазғы демалыс» тақырыбында әңгіме құрастыру.
б) Сөздік жұмысын жүргізу. Шалғын — қалың өскен көгорай, шөп. Шалғын сөзін қатыстырып, сөйлем құрату.
в) Жаз мезгілінде пісетін жеміс - жидектер, көкөністер туралы тақпақ - өлеңдер оқыту.
г) Жаңылтпашты жатқа айтқызу.
Келді жаз, Жазға бала мәз. Көлде қаз, Көл жағасы саз.
3.Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
а) «Жаз қызықтары» дидактикалық ойыны. Шарты: балаларды бірнеше топқа бөліп, әр топқа тапсырма беріледі.
1 - топ жаз мезгілінің ерекшелігін әңгімелейді.
2 - топ жаз мезгілінде демалыс туралы әңгімелейді.
ә) Педагог балалардың жауаптарын қорытындылап, сабақты аяқтайды.
Оқу ісінің меңгерушісі:
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Балалар күні.
Мақсаты:
1.1 Маусым - балалар күні екенін түсіндіріп, балалардың мерекелік көңілін көтеру.
2.Өз ойларын еркін жеткізе білуге баулу, тақпақ, өлеңдерді мәнерлеп оқыту арқылы есте сақтау қабілеттерін дамыту.
3.Кішіге қамқор болуға тәрбиелеу.
Көрнекілік: ойыншықтар, шар, жалауша, суреттер.
Алдын ала орындалатын жұмыс: «Әлем балалар көзімен» атты көрме ұйымдастырылып, оған балалардың суреттері қойылады.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
Жүргізуші: Балалар, бүгін 1 Маусым - балаларды қорғау күні. Мерекелерің құтты болсын! Әрқашан көңілдерің ашық аспан сияқты таза болсын! Жүздеріңнен күлкі нұры кетпесін!
Кел, балалар, Ойын ойнайық!
Бақшамызда балаларды қорғау күнін Бірге тойлайық! Кел, балалар, Ән де салайық. Балаларды қорғау күнін Қуанышпен қарсы алайық!
Жүргізуші:
- Мерекені өн шашудан бастаймыз.
1 - бала:
- Балалардың бақшасында бүгін той - Балаларды қорғау күні біліп қой! Тақпақ айтып, кезектесіп, бір - бірлеп, Кел, қосылып өн шырқайық, би билеп.
2 - бала:
- Алақай - ау, алақай! Ән шырқайық, балақай! Қызарғанша алақан, Қол соғайық, балақан!
Жүргізуші:
- Талшыбықтай бұралған, Қазағымның қыздары - ай. Сүйсіндірген биімен, Өнерлі ғой қыздар - ай.
Қыздар билейді.
Жүргізуші:
- Сахнада қалықтасын өн канаты, Дүр сілкінтіп үлкен - кіші жамағатты. Ортаға тағы бір рет шақырамыз, Әнші бала Құмарбекті.
«Мерекеңмен!» әні орындалады.
Жүргізуші:
- Ойын, күлкі, той - думан, Әсем ән мен сәнді би. Асығыңдар алыңдар, Бәрі бізден табылар, - деп, өнерлі жігіттерімізді ортаға шақырайық.
Би: «Батырлар биі»
Жүргізуші: Балалар, бүгінгі күн қандай керемет. Барлықтарыңның көңілдерің көтеріліп қуанышқа кенелдіңдер. Әр - қашан жүздерің жарқын болсын!
Барлығы қосылып, «Бақытымсың балдырғаным» әнін орындайды.
Оқу ісінің меңгерушісі:
ДАМЫТУШЫ ОЙЫНДАР
Ойлан да аяқта
Шарты: педагог сөз тіркестерін айтады, балалар сөйлемдерді аяқтайды.
Мақсаты: айтылған сөздерді есіне сақтап, сөзді сөйлем - мен жалғастырып айтуға дағдыландыру, сөздік қорларын молайту.
Aт шабады, ал қарлығаш ....
Қозы ... , сиыр ... .
Бота - ... төлі.
Лақ ... . Құлыншақ ... .
Ертегі құрастыру
Шарты: педагог балаларға қазақтың халық ертегілерінде кездесетін кейіпкерлерді атайды. Мысалы: хан, уәзір, қарға, кірпі, т.б. Аталған кейіпкерлерді біріктіре отырып, жаңа ер - тегі мазмұнын құрастырып айтуды ұсынады. Балалар ертегі құрастырады. Ең қызықты ертегі ойлап тапқан бала жүргізуші болып, ойынды жалғастырады.
Сиқырлы саусақтар
1. Таңғалу (екі қолдың бас бармағын көтеру).
2. Өзіңді көрсет (бір саусақпен көрсету).
3. Сәлемдесу (қолды жоғары көтеру).
4. Қорқыту (сұқ саусақпен).
5. Тоқта (бас бармақты төмен түсіру).
6. Аймалау (екі алақанды бір - біріне сипалау).
7. Жеңіс (екі қолды жоғары көтеру).
Өз іс - әрекеттерін бағалау
Әр бала үй жануарларының қимылын келтіреді, дауысын салады (біреуі қозы болып маңырайды, екінші бала шөп жейді, үшінші бала атқа отырып шабады, лақ болып секіреді, т.б.). Қалған балалар жүргізушінің айтқанын, орындағанын қайталайды. Соңында балалар қандай жануарлардың қимыл - дарын қалай жасағанын әңгімелейді.
Белгісіз сөз
Балаларға мүлде таныс емес сөз беріледі. Мысалы: «дәм айырушы» (дегустатор). Балалардың пікірлері тыңдалады, педагог толықтырады.
Домино
Үстел үстіне ертегілердің мазмұнына сай салынған суреттер теріс жатқызылып қойылады. Бір бала суретті ашып, ертегінің мазмұнын әңгімелейді. Бала ертегінің белгілі бір жеріне шейін айтып, жанында тұрған баланың иығына қолын салады. Сол кезде көрші тұрған бала ертегіні жалғастыра жөнеледі.
Заттың атын ата
Мақсаты: заттарды көріп сипаттау арқылы балалардың сезімталдығын дамыту, танымдарын кеңейту, сөздік қорын молайту.
Көрнекілігі: ыдыс суреттер (көкөністер, жемістер), мульяж, қоржын.
Ойын шарты: әртүрлі жемістер немесе көкөністер муляж - дары салынған ыдыстан көзі байланған бала бір затты алады. Сонан соң сол затты жан - жақты сипаттайды және заттың атын атап, түр - түсін ажыратады.
Мысалы: бала ыдыстан немесе қоржыннан алманы алып, пішінін түсін, дәмін және қасиеттерін айтады немесе баланың көзін байлап қойып, қоржыннан бір затты алғызады. Ол оны сипалап, не екенін ажыратады да сипаттайды, атын айтады.
Қайсысы ұнайды?
Мақсаты: суреттен көрген заттарының атын атап, суреттеп, қайсысының ұнайтынын, не үшін ұнағанын айтқызу.
Көрнекіліктері: әртүрлі суреттер, жануарлар, жыл мезгілдерінің суреттері.
Ойын шарты: әртүрлі суреттерді көрсетіп, олардың қайсысының ұнайтыны, не үшін ұнағаны туралы сұралады. Олардың қай мезгілде бейнеленгенін айтқызады. Балалардың сөздік қорына жаңа сөздер енгізу үшін, тапсырманы түрлендіруге болады. Олар туралы балалардың білетін тақпақтарын айтқызуға болады.
Заттарды сипаттауына қарай табу
Мақсаты: бір затты сипаттау арқылы атын тапқыздыру, ойлау қабілетін дамыту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Көрнекілігі: ойыншықтар, көкөністер.
Жалпы атауын ата
Мақсаты: балаларға заттарды жеке - жеке таныта келе, ең соңында заттардың жалпы атауын бір сөзбен ойлана отырып айтқыздырту.
Көрнекіліктері: жемістер, ойыншықтар, оқу құралдары, үй жиһаздары.
Ойын шарты: балаларға хатқалтаның ішіне салынған жемістер, ойыншықтар, оқу құралдары, үй жиһаздары бейнеленген суреттерді таратып береді. Осы материалдарды жалпы атауына сәйкес топтастыру қажет. Сонан соң өзінің топтағанын дәлелдеп айтуы тиіс.
Мысалы: алма, өрік, алмұрт жемістерге жатады. Өйткені олар жеміс ағаштарында өседі.
Бұл қай аң?
Мақсаты: суреттен көрген аңдардың суреттері көрсетіліп, олардың қайда өмір сүретіні сұралады. Олардың немен қоректенетінін айтқызады.
Балалардың сөздік қорына жаңа сөздер енгізу үшін, тапсырманы түрлендіруге болады. Олар туралы балалардың білетін тақпақ, жұмбақтарын айтқызады.
Дәл тауып айт
Мақсаты: балаларды көрген суреттерден үй жануарларын, аңдардың және құстардың аттарын дұрыс, дәл айтқызу. Оларды қорғауға, қамқоршы болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: үй жануарлары, аңдардың, құстардың суреттері.
Ойын шарты: әртүрлі суреттерді теледидардан көрсетіп шығады. Балалар бірінші суреттен қой, сиыр, ешкі, түйені, яғни үй жануарларын, екінші суреттен аю, қасқыр, түлкіні, яғни жабайы аңдарды атайды.
Үшінші суретте қарлығаш, көгершін, тотықұсты, яғни құстарды атап шығады.
Жалпы және жеке ұғымдарды бекітіп, оларды қорғау үшін, қамқоршы болу үшін не істейтіндері сұралады.
Менің сүйікті ертегім
Мақсаты: ертегі кейіпкерлері бойынша ертегілерді атау, жағымды, жағымсыз кейіпкерлерді ажырату. Достыққа, адамгершілікке, жолдастыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: ертегі кейіпкерлерінің суреттері.
Ойын шарты: сурет бойынша ертегілердің аттары мен мазмұнын айту.
Үй жануарлары мен төлдері
Мақсаты: балаларды үй жануарлары мен төлдерді ажыратуға, олардың қимылын, қалай дыбыстайтынын және дене мүшелерін суреттеп, үй жануарларына қамқорлық жасауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: үй жануарларының, төлдердің суреттері.
Ойын шарты: балаларға үй жануарларының суреттері таратылып беріледі. Олардың қалай аталатынын, қалай дыбыстайтынын, қалай күтуге болатынын айтқызады. Сонымен бірге дене мүшелерін де атап, үй жануарлары туралы балалардың білетін жұмбақтарын шешкізеді.
Аңдарды салыстыр
Мақсаты: жабайы аңдардың дене мүшелерін салыстыра отырып, үлкен - кіші ұғымдарын бекіту. Көрнекілігі: жабайы аңдар суреттері.
Ойын шарты: сурет бойынша аңдарды атап, олардың дене мүшелерін салыстырады.
Жыл мезгілдері
Мақсаты: күз және қыс мезгілдерінде ойнайтын ойындардың аттарын атап, ерекшелігін айту, сөздік қорын дамытып, байланыстырып сөйлеуге үйрету.
Көрнекілігі: жыл мезгілдеріне сәйкес суреттер.
Ойын шарты: суретте берілген ойындардан күзде және қыста ойнайтын ойындарды ажырату.
Хайуанаттар бағына орналастыр
Мақсаты: заттың көлеміне қарап, салыстыруды үйрету. Жабайы аңдар мен үй жануарлары, құстардың дене бітіміне қарап хайуанаттар бағына орналастыру, оларға қамқоршы болуға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: хайуанаттар торлары, әртүрлі жануарлар, аңдар, құстар.
Ойын шарты: хайуанаттар бағына әкелінген аңдар мен құстарды торларға орналастыру қажет. Балалар пілді, түйені үлкен торға, қоян, тиін, т.б. кіші торға орналастыруы қажет. Бала неліктен олай орналастырғанын, яғни піл үлкен, қоян кіші, сондықтан үлкен торға пілді, қоянды кіші торға орналастырғанын айтып, олар туралы білетін жұмбақ, жаңылтпаштар айтады.
Бұл киімдерді қай мезгілде киеді?
Мақсаты: балаларға жыл мезгілдерін ажырата білуді, қандай киімдер киетінін баяндай білуді үйрету, сөздік қорын молайта отырып, ой - өрісін дамыту. Әсемдікке, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Ойын шарты: суреттегі киімдерді қай мезгілде киетіндерін айтқыз.
Сандық
Мақсаты: балаларды берілген тапсырманы ойлана отырып шешуде тапқырлыққа, шапшаңдыққа баулу. Ойын шартын түсініп, ондағы мақал - мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштарды дұрыс, анық айтуға үйрету. Сөздік қорын молайтып, тапсырманы орындауда достық, жолдастыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: сандық, түрлі түсті асықтар, тапсырмалар жазылған хатқалта.
Ойын шарты: қызыл, жасыл, сары түске боялған асықтар сандық ішінде жатады. Әртүрлі тапсырмалар болады.
Жасыл асық алған бала жұмбақ жасырады, шешкізеді.
Сары асық алған мақал - мәтел айтады.
Қызыл асық алған бала тақпақ, өлең оқиды.
Не артық?
Мақсаты: балаларды суретке қарап, оларды топтастыруға үйрету. Құстар мен жануарлардың жеке жалпы аттарын айтқызу. Оларды қорғауға, қамқоршы болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: әртүрлі құстар мен үй жануарлары бейнеленген суреттер.
Ойын шарты: үлгідегідей әртүрлі берілген суреттерден не артық екенін табады. Берілген суреттерді топтастырып, олардың жалпы атауын айтады. Неліктен артық екенін түсіндіреді. Жеке мен жалпы ұғым туралы түсініктерін бекітеді.
Кім қандай киімді таңдайды?
Мақсаты: балаларға суреттен көрген киімдердің аттарын атап, киімдер мен ұлттық киімдерді ажыратып топтастыруға, тапқырлыққа шапшаңдыққа баулу. Әдемілікке, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: жаңаша киімдер, ұлттық киімдер, хаттама.
Ойын шарты: хатқалтаға салынған әртүрлі киімдердің үлгілері балаларға таратылып беріледі. Балалар киімдерді және ұлттық киімдердің аттарын атап, оларды қашан, қайда киюге болатынын айтады.
Мамандықтың бәрі жақсы
Мақсаты: балаларға әртүрлі мамандықтың атын айтқызу, еңбекті құрметтеуге дағдыландыру.
Көрнекілігі: әртүрлі мамандықтар туралы суреттер.
Ойын шарты: суреттер тақтаға ілінеді. Бала өзі қалаған мамандық иесі бейнеленген суретті қалап алады да, сол мамандық туралы өмірмен байланыстырып әңгімелейді.
Телефон
Мақсаты: естіген сөзді екінші балаға бұлжытпай жеткізуге дағдыландыру, диалогтік сөйлеуді жетілдіру арқылы сөздік қорын молайту.
Көрнекілігі: телефон.
Ойын шарты: телефон арқылы естіген сөзді басқа балаға жеткізеді. Айтылған сөзді құлаққа ешкім естімейтіндей сыбырлап айту керек. Егер телефон үзіліп қалса, телефонды үзген бала айыбын төлейді. (Мысалы: мақал, өлең, т.б. білгенін айтуға. болады). Екінші нұсқасы төмендегі үлгідегі көрсеткендей өтеді.
Телефон арқылы екі бала:
- Алло! Алло!
- Иә, тыңдап тұрмын.
- Мен Асқармын.
- Ал мен Саматпын.
- Не істеп жатырсың?
- Мен ойыншықтарды жинап жатырмын.
Қарама - қарсы сөздер
Мақсаты: антоним сөздерді салыстыру жолымен балалардың ой - өрісін кеңейту, ойлау қабілетін дамыту, сөздік қорын мағыналары қарама - қарсы сөздермен молайту.
Көрнекіліктері: доп, карточкалар.
Ойын шарты: балаларға кезекпен допты лақтырып, бір сөз айтады, ал допты ұстап алған бала тәрбиешіге кері лақтырып, айтылған сөзге мағынасы қарама - қарсы сөзді айтуы керек.
Сөзге сөз қос
Мақсаты: басталған сөзге қосып, сөйлем құрастырту. Көрнекілік: шар, алма, ойыншықтар.
Ойын шарты: ойынды екі топқа бөліп өткізуге болады. Тәрбиеші сөзді айтады, балалар сөйлемді тез аяқтайды. Мысалы: Алма... Сәуле... Шар... Менің...
Ойын соңында, жеңімпаз бала немесе жеңімпаз топ анықталады.
Гүл
Мақсаты: балаларға күлтелердің түстерін атату. Әр күлтеге сөз ойлату арқылы баланың ойын, есте сақтау қабілетін дамыту.
Шарты: гүл күлтелерін 5 түрлі түспен бояу, әр күлтеге гүлдің қандай екендігіне бес түрлі сөз тіркесін құрастырып айту. Мысалы: әдемі гүл, қызыл гүл, т.б.
Біз де
Мақсаты: балалардың ой - өрісін кеңейту, ойлау қабілетін дамыту, зейінділігін арттыру.
Ойын шарты: ойын бастаушы бала ортаға шығып, сөз айтса басқалар «біз де» деп қосылып айтады, балалар қосылмайтын болса, «үнсіз» отыруы тиіс.
Ортаға шыққан бала:
- Мен көлге барам.
Балалар:
- Біз де, - дейді.
- Одан үйрек ұстаймын.
- Біз де.
- Үйректің жартысын күшігіме беремін.
Осы кезде біреу, «біз де» деп қалса ойын тоқтайды. «Біз де» деген бала айыбын төлейді. Ойын ары қарай жалғасады
Біздің көңіл күйіміз
Мақсаты: балаларды сурет бойынша бет - әлпеттен адамның көңіл күйін ажырата білуге үйрету. Көңіл күйді бейнелейтін сөздерді дұрыс айтқызу.
Көрнекіліктері: әртүрлі мимикадағы балалардың суреттері.
Ойын шарты: суреттен адамның қандай көңіл күйде тұрғанын тауып айту.
Бала күліп тұр.
Бала ренжіп тұр.
Бала таңғалып тұр.
Бала жылап тұр.
Бала қуанып тұр.
Бала ашуланып тұр.
Балалар паркінде
Мақсаты: балалар паркіндегі ойындарды және оның құралдарын ажырату. Демалыс барысында техникалық қауіпсіздікті, жол ережесін сақтауды үйрету.
Көрнекілігі: балалар паркінің көрінісі.
Ойын шарты: парктегі техникалық ойыншықтарды пайдаланудың ережесін ата - аналармен бірге орындау.
ХРЕСТОМАТИЯЛЫҚ МАТЕРИАЛДАР
Білім керек бәріне
Корабльді басқарып,
Көк жүзіне самғасам.
Тауды бұзып, тас жарып
Мұхиттарды жалғасам.
Таңдандырар бар елді
Ғажап үйлер сала алсам.
Жасартатын әжемді,
Дәрі де ойлап таба алсам.
Сырлары көп ғылымның
Шешілмеген әлі де,
Тереңдігі білімнің
Керек екен бәріне!
Фариза Оңғарсынова
Алтын күз
Берекелі, мерекелі
Келді жомарт алтын күз.
Қалада да, далада да
Жанның бәрі жарқын күз.
Балақайлар алақайлап
Мектеп іші нұрланды.
Астық жыры, шаттық жыры
Қырман басы думанды.
Қарқынды еңбек
Әр күн өрлеп
Әр ісіне сүйсінді.
Ән тасқыны дән тасқыны
Ырыс болып құйылды.
Абрахман Асылбек
Достарыңызбен бөлісу: |