Тіл ұлттық құндылық, ұлттық мұра



Дата28.01.2018
өлшемі156,51 Kb.
#34769
Тіл – ұлттық құндылық, ұлттық мұра.

Рамазанова Д.К.

қазақ тілі мен әдебиеті

пәнінің оқытушысы

елімді сүйем, сүйемін ана тілімді... Елбасының осы сөзін еліміздегі әр қаланың, әр ауылдың, әр елдімекеннің барлық көшесіне, барлық көрнекті орындарына үлкен-үлкен әріптермен жазып, іліп қойғым келеді де тұрады. Неге? Өйткені, біз мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып бекітілген Қазақ жерінде өмір сүреміз, ауасымен тыныстаймыз, суын ішеміз, байлығын жаратамыз. Десе де көкейдегіні тегіс ақтарып, көңілдегіні ұқтыруға тырысайын...

... Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде. Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі Қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Ана сүті сіңбеген, бесік жырынан нәр алмаған ұлттық қасиет тана сүтімен кірмейді. Тілі мен дінінен айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс соның айғағы.

ХХ ғасырдың ұлы жемісі – Қазақ халқы үшін Егемендіктің көк туы желбіреуі. Ата-бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз - ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Ұлттық мінез, ұлттық намыс, ана тілі жоқ жерде – ұлт та жоқ. О, туған ана тілім! Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, қыран құстың жанары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың жазықтығы да сенде... Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған ана тіліміз. Ол – Қазақ тілі. Қазақ тілі - өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Туған тіл біздің бірінші бақытымыз, бірінші ырысымыз, біз сондықтан “Ана тіліміз” дейміз. Қазақтар “Ананың тілі” деп ерекше құрметтейді. Басқа тілді білу - әрине, мақтаныш. Әйтсе де, өз ана тілін аяқ асты етуге болмайды. «Анамның тілі – ардақтым менің. Адамның атасы, әкесі мен шешесі сенсің. Сен менің кішкентай кезімде әкем болып мойныңа отырғызып қуандың, ат үстінде алдыңа алып, мені көкке секірттің. Жел болып кекілімнен сипадың. Тілім, ана тілім менің, адамзатымның тілі, сен менің анам болған кезіңде көкірегіңе жабысып, төсіңнен ақ сүтіңді емдім. Сен менің ағам, інім, әпкем, қарындасым, бауырларым болған кезіңде мен сені одан әрмен түсініп, ұғынғым келді. Адамзаттың Абай мен Мағжан сынды асқар алыптарын туғызған, әкелері мен аналары болған ұлтымыздың тірегі сенсің, туған тілім. Бірақ, менің терім “туған тілім” сен үшін ғана төгілсін, менің өмірім сен үшін ғана өрілсін! Олай болса, ана тілімізді алдымен өзіміз құрметтейік, ардақтайық! Сонда ғана туған тіліміздің туы биіктерде желбіреп тұратын болады...»
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Ұлытау төрінде берген сұхбатында «Біз еліміз үшін, жұртымыз үшін тарихымызды, мәдениетімізді, санамызды, ғұрпымызды өзіміздің тіліміз арқылы ғана жеткізе аламыз. Қазақтың кейбір сөз оралымдарын, Абайдың сөз өрнегін басқа тілге, мәселен, орысшаға, ағылшыншаға аударып көрші. Ол мүмкін емес. Себебі тілдің өз қасиеті бар. Сондықтан тіл жоғалатын болса, сол қасиет те жоғалады» 1 деп еді ғой. Шынында да, өскелең ұрпақтың бойына өз ұлтымызға тән қасиеттерді туған тіліміз арқылы ғана сіңдіре аламыз. Ол үшін аталмыш сұхбатта Елбасы айтқандай «Тілді қолданып, батыл сөйлеуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек».

Жалпы елімізде, Отансүйгіштік, яғни патриоттық тәрбие жайында жиі айтылып жүр. Бұл бағытта ел аймақтарында өткізіліп жатқан түрлі шаралар да бар.Әрине, мұның бәрі құптарлық-ақ жайт. Әйтсе де, қасиетті Қазақ Елінің өткен тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін, ата-бабамыздың биік рухын өз ана тілімізде майын тамызып жеткізіп жүрміз бе? Тұла бойы ерлікке тұнған еліміздің қадір-қасиеті сіңген тіліміздегі «жауһарды» болашақ ұрпақты тәрбиелеуде қаншалықты пайдаланып жүрміз? Міне, осы сұрақтар төңірегінде ойланып көрейікші.

Елбасы «Тілдің өз қасиеті бар» деп текке айтып отырған жоқ. Ол – тек біздің ұлтқа ғана тән қасиет. Ендеше, сол қасиет өскелең ұрпақтың бойына туған тіліміз арқылы сіңеді. Бұл жерде бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Кез келген ұлттың тек өзіне тән өрнектелген сөздері болады. Біз сөз етіп отырған қасиет сол сөздерде тұнған. Қазақтың ауыз әдебиеті – сарқылмас сөз қазынасы. Сол «қазынадан» сусындаған талай ақындарымыз халқымызға сөздің қаймағын ұсынды. Өзге тілге аударуға келмейтін айшықтарды алға тартты. Мәселен, хакім Абайдың «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды, Ой желке, үңірейген болса сағақ» 2 деген және ер Махамбеттің «Толарсақтан саз кешіп, Тоқтамай тартып шығарға, Қас түлектен туған қатепті, Қара нар керек біздің бұл іске» 3 деген өлең жолдарын «мұртын бұзбай», өзге тілге аудара аласыз ба? Әрине, жоқ.

Қазақ ауыз әдебиетіндегі эпостық жырларда ұлттық қадір-қасиетіміз сіңген сүбелі сөздерді көптеп кездестіруге болады. Олардың қатарында ұрпақ бойына елдік, батырлық қасиеттерді сіңіруге септігін мол тигізетін жырларымыз да жетерлік. Біз бүгінде жиі айтып жүрген патриоттық тәрбиені сондай жырларды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру арқылы жүзеге асыру мәселесін қаперден шығарып алғанбыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінгі таңда патриоттық тәрбиеге арналған әртүрлі шаралар жер-жерлерде өткізіліп жатыр. Солардың арасында елді, жерді қорғау жолында жасалған ерен ерлікті паш еткен эпостарымызды насихаттаған бір шараны көрдіңіз бе?

Осы орайда, Жапон еліндегі бір жағдайды айта кетейін. Бұл елде мемлекеттің кез келген азаматы үшін жапонның ауыз әдебиетіндегі эпостарды білу міндетті саналады. Мектепте де, жоғары оқу орнында да осындай талап. Сол арқылы жапон халқы өзінің азаматтарына ұлттық асыл құндылықтарын сіңіреді. Үлгі аларлық үрдіс. Бізде де осыған ұқсас дәстүр қалыптасуы керек-ақ. Әсіресе, Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарымыз төл эпостарымызбен сусындауы қажет. Қаламы жүйрік, өресі жоғары, қазақтың эпостық жырларын жатқа айтатын Төлеген Жәкітайұлы деген бір ағамыз «Халық эпосын оқыған, көкейіне тоқыған адам я ақын болады, я батыр болады» деп айтып еді. Сірә, бұл сөздің жаны бар-ау.

Тарихтың сарғайған беттерін парақтасақ, қазақ халқына теперіш әкелген талай ақтаңдақтарды көзіміз шалады. Солай болса да бабаларымыз біз үшін, ұрпақ игілігі үшін осындай ұланғайыр даланы жау қолынан, дұшпан табанынан қорғады. Бұл жолда қанша арыс жер құшып, қаны төгілгені көкке аян. Бізге белгілісі, «еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алған» баһадүр бабалардың есімдері. Айталық, үш жүздің басын қосқан хан Абылай, халық қамын қаймықпай толғаған Доспамбет, Бұқар жыраулар, қара қылды қақ жарған Төле, Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбек билер, жаны үшін емес, жер үшін, ел үшін айқасқа түскен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Өтеген, Сырым, Исатай мен Махамбет, ең берісі Кенесары... Бұл тізімді ұзақсонар жалғастыра беруге де болар-ақ. Алайда, айтпақ бұл емес-ті. Сол тарихтағы тұлғалардан – хан, батыр, шешен, билерден бізге байтақ даламен қатар, ана тіліміз, баба тіліміз, туған тіліміз мирас болып қалды.

Теріскейдегі алып империя сол ғасырда ұлтымызды құшағына бір алған соң, тоталитаризмнің тас құрсауында бүрді. Содан жетпіс жыл бойы үстемдігін үзген емес. Мұны кешегі тарих қамығып айтады, жылап жеткізеді. Өйткені, сол үстемдіктің салдарынан салт-дәстүрлерімізден жұрдай болмадық па?! Ата-тегімізді ұмытып қала жаздамадық па? Ең сорақысы, тіліміз, ана тіліміз тілім-тілім болмады ма? Осындай керемет ұлттық дүниелерді қорғаймын деп, сақтаймын деп тағы қанша перзентіміз басынан айырылды. Иә, қуғын-сүргінге ұшырады. Бірнешеуін атамасақ, ұрпаққа айып: Алаштың күрескерлері – Әлихан Бөкейханұлы, Әлімхан Ермеков, Сұлтанбек Қожанов, сүйегінің күлі алдыңғы жылығана үлкен күшпен елордаға жеткізілген Смағұл Сәдуақасов, әдебиет майталмандары – Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мағжан... Беу десейші, қай-қайсының тағдырына үңілсеңіз де ұлт, тіл, дәстүр, ата мирасы жолында опат болғанын көресіз. Көресіз де өзегіңіз қан жылайды. Қан жылайды да, бойымызда ұлтымызға деген сүйіспеншілік, патриотизм, туған елге, жерге деген құштарлық лаулай береді..

Одан бергі Ұлы Отан соғысында қан кешкен жауынгерлер туған жері үшін оққа ұшты. Майдан даласында қар жамылып, мұз жастанған баһадүрлердің қатарында Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин, сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев... бар.Желтоқсан оқиғасында ше? Қайрат, Ләззат, Сәбиралар Кеңес билігінің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде неге алаңға шығып атойлады, неге «нашақор», «маскүнем» атанды? Әлбетте, халқының азаттығы үшін, тілінің тәуелсіздігі үшін, дәстүрінің ертеңі, болашағының жарқын болуы үшін...Бұл – көкейде жүрген қасірет, қазанама, өзекті өртеген өкініш. Өйткені, біз осындай батырлардың, шешендерің, билердің ұрпағымыз. Сондықтан тектілігімізді деңгейінде танытуымыз керек

Елбасы биылғы Жолдауында былай деді: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз.Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет»4 Бас құжаттағы бұл жолдар осылай айтылған күйінде қалған жоқ. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарды. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруда. Жолдауға тағы үңіліп көрелікші: «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады.Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс.Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады». Президенттің міндеттемесін орындайтын, құлағымызға ілетін уақыт жетті.

Соңғы жылдары өзге тілдерді, соның ішінде ағылшын тілін меңгеруге көп басымдық берілуде. Ағылшын тілін ақылы үйрететін орталықтар жүздеп ашылуда. Дұрыс-ақ, өзге тілді үйренейік, қанша үйренсек те шектеу жоқ. Қажет болса, он-он бес тіл, жер бетіндегі күллі тілді білейік. Бірақ,



Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте,

деген Қадыр Мырза-Әлі ақынның өсиетін қаперімізден шығармайықшы, көкейімізге мықтап түйейікші. Осы шумақты ұмытпағанда ғана, осы жолдарға берік болған да ғана қазақ тілінің қасиетін сақтай аламыз.

Өзге тілді үйренбе демейміз. Өйткені, ел болашағының жарқын болуы, дамыған мемлекеттермен тереземіздің тең болуы ағылшын, орыс тілдеріне аса байланысты. Білімді жастар керек. Мұны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы да әлдеқашан мойындап, «Үштұғырлы тіл» саясатын ұсынған. Бірақ, бұл – ана тіліңді аяққа тапта деген сөз емес!

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде.

Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз».

Шіркін, Елбасының осы айтқаны айдай келіп жатса екен!.. Көңілдегі күмәннің сейілгенін көріп, қуанатын күн ертерек туса дейміз...

Осылай көкейдегі түйткілді армандаймыз-ау! Кейде тәуба мен шүкіршіліктің де құлқынға қажеттігі аңғарылады. Өйткені, егемендікті еншілегенімізге ширек ғасырға енді таяды. Тарихи өлшеммен қас-қағым мезетте дамыған елу елдің әйтеуір шетіне іліндік. Сонау бір жылдармен салыстыра қарасақ, құлашымыз әлдеқайда кең, қадамымыз біразға ұзарған, мәртебеміз талайдан биік.

Сонау тегімізден қанымызға сіңген өз тілімізді әрқайсымыз бағалай білсек, құрметтеп үйренсек, тіліміздің тұғыры биіктей түседі. Қазақ тіліне деген құрмет пен ықыласты ұлттық сана биіктігіне көтерген жөн. Бұл біздің міндетіміз.





Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет