Тіл төҢірегіндегі толғамдар ойлар, толғаныстар, пікірлер, ұсыныстар, іс-тәжірибелер, деректер мен дәйектер Астана қаласы, 2007 жыл тіл төҢірегіндегі толғамдар баспасөз және басқа да басылым беттерінен іріктеп, жинақтаған


Тілге тағзым ТІЛ ҮШІН КҮРЕСКЕН ҚАЙРАТКЕРЛЕР



бет3/10
Дата08.09.2017
өлшемі1,74 Mb.
#31907
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Тілге тағзым

ТІЛ ҮШІН КҮРЕСКЕН ҚАЙРАТКЕРЛЕР



Әлихан Бөкейханов ұлы Абайдың біраз өлеңдерін «Дала уәлаяты» газетіне бастыртқан, ақынның асыл мұрасын бір жүйеге келтіріп, кітап қылып шығартып, Абайды Еуропаның ұлы ақындарының қатарында бағалаған. Ол белгілі «Қарқаралы петициясын» ұйымдастырушы ретінде Ресей патшасы мен Сенат атына қойылған саяси талаптардың ішінде ресми іс қағаздарды қазақ тілінде жүргізуді талап еткен.

А.В.Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 күйі» жинағын шығарғанда Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов құнды мағлұматтар берді деп жазған болатын. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін аты аталмаған Алаш көсемінің еңбектері енді қолға алына бастады…

Тарихтан білетініміз, қазақ тілінің жанашыры, «Ұлт ұстазы» атанған Ахмет Байтұрсыновтың Қарқаралы өңірінде 1896 жылдан 1907 жылға дейін тұрған ізі бар. Қарқаралыда жүріп «Қырық мысалды» жазады. Қарқаралыда болған он бір жыл туралы, оның ішінде оқу-ағарту саласындағы топтама мақалалары мен зерттеу еңбектері, баяндамалары ғажайып көсемсөз санатына жатады. «Әдебиет танытқыш», «Тіл құралы», «Әліппе» кітаптары – баға жетпес асыл сөзді оқулықтар… Бұларды зерттеу, ұлы реформатор-ғалымды толығырақ тани түсу үшін арнайы бағдарлама қажет.

Алаштың ардақтысы, қуғын-сүргін құрбаны М.Жұмабаев халық өмірінде ұлттық тілдің өлшеусіз рөл атқаратынын ұдайы ескертіп отырған. Ол «Қазақ тілі» туралы арнайы өлең жазып, оның болашақта өзіне лайықты орнын алатындығына сенім білдіреді. Төрт шумақтан тұратын өлеңде, тілінен айырылған елдің қандай бейшаралыққа душар болатындығы поэтикалық тәсілмен сурет болып көз алдыңа тұра қалады. Мағжан: «Ойлаған ойын сыртқа шығарып, басқаға ұқтыра алса, адамның не арманы бар. Жазушы, ақын деген сөз – ойлаған ойын әдемілеп жарыққа шығара алатын адам деген сөз. Тілі кем болса, адамның қор балғаны» дейді.

Ұлттың ұлт болып қалуының өзі тілге байланысты деген ойды, сол кездің өзінде-ақ орыс тіліне ойыса бастағандарға, ұлтжанды оқырмандарға, ел зиялыларына арнап айтады: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарты - тілі болуы, өйткені бір ұлттың тілінде, сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады» дейді Мағжан.

Қазақ тіліне қатысты үстем саясатты патшалық Ресейден кейін Кеңес өкіметі де жаңылмай жүргізіп отырды. Ал оған қарсылық білдірген қазақ тілі жанашырларының қуғын-сүргінге түскені белгілі.

Қазақ тілінің жанашарлары ішінде аты көп аталмай жүргендердің бірі Мәннан Тұрғанбаев. Тұрғанбаев Қарқаралы уезі, Абыралы болысы, №2 Сарыапан ауылында 1886 жылы дүниеге келген. Ол 1920 жылы Орынборда шыққан «Ұшқын» және «Қазақстан» газеттерінде қызмет істеген, «Алаш» қозғалысының белсенді қайраткері. Қуғынға түсіп, Семей түрмесінде 1937 жылы атылған. Артында қалған мол мұрасы зерттеуді қажет етеді.

М.Тұрғанбаев – 1919 жылы «Қазақ тілі» (қазіргі «Семей таңы») газетінің негізін қалаушы және тұңғыш редакторы болған кісі.



Имам Әлімбеков 1883 жылы Қарқаралы уезі, Ақсары болысы, Уақ қыстағында туған. Академик Р.Кареновтың «Алаштың аты аталмай жүрген қайраткері» деген мақаласында (Орт. Қазақстан, 31.01.04 ж.) былай деп жазады: Имам Әлімбековтің адам ретінде, азамат ретінде қалыптасуына Ахмет Байтұрсынов көп ықпал жасаған. Әлихан Бөкейхановтың шақыруымен Семейге Ахаң келіп, сабақ береді. 1908-1913 жылдары Имам Әлімбеков орыс-қазақ мектептерінде мұғалім бола жүріп, қазақ тілі және әдебиетінің тарихымен, теориясымен шұғылданды, халықтың көркемсөз мұрасын жинау, жүйелеу, зерттеу ісіне араласты, баспасөзге мақала жазды.

«Қазақстан коммунисі» журналының 1981 жылғы 8-санында: «Имам Әлімбеков – «Алаштың» Семей облыстық ұйымы төрағасының орынбасары, «Алаш» партиясының орталық үні – 1918-1919 жылдары шығып тұрған «Сарыарқа» газетінің редакторы, «Алаштың атты әскерлер полкін жасақтаушылардың бірі» деп жазылған. Имам Әлімбеков қуғын-сүргінге 1929 жылдан бастап түсіп, НКВД-ның «Голощекинге қастандық жасауды ойластырған топ» деген қылмыстық іспен тұтқындалған 44 адамның ішінде Имам Әлімбеков пен М.Жұмабаев екеуі Кольскі түбегіне айдалады.

1935 жылы жазушы М.Горькийдің әйелі Пешкованың көмегімен Мағжан мен Имамды босатқызып алғаннан кейін, Имам Қарқаралыға қайтып келіп, туған ауылы, өзі салғызған Бесобадағы мектепте мұғалім болып екі жыл істегеннен кейін, 1937 жылы наурызда «халық жауы» ретінде ұсталып, «Алаш орда» партиясының үгітшісі және мүшесі» ретінде ату жазасына кесіліп, сол жылы 17 қыркүйекте атылады.

С.Оспанов,
Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайының директоры.



Сәкен сынды ұл қайда?
Большевиктер заманы орнаған 1917 жылдан бергі жерде де, қазақтың өз атына өзі ие бола алмай жүргеніне Сәкен сынды ұлтшыл қазақтың қаны қайнамай тұрмас еді. Ол қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеге көтерілу қамын ойлап, күрделі мәселелерді көтере бастайды. Ол өз ұлтының арғы-бергі тарихына көз сала отырып, содан үлгі алар, өнеге тұтар тұлғалардың іс-әрекетін қастерлей қарастыра бастайды. Бір мысал… Тілдің мәртебесін көтеру үшін, тіл патшалығының алтын тағында отырған Ахметті төрелеп, Орынбор қаласында 1923 жылдың қаңтар айында 50 жылдығын өткізуі қазақ мәдениетінің тарихындағы ірі оқиға…

… Сәкен «Тағы да Ахмет туралы Ә.Айтиевке жауап» деген мақаласын өзі редакторы болып отырған «Еңбекші қазақ» газетінде жариялайды.

Ахаңды алға сала отырып, Сәкен қазақ тілін кеңсеге, яғни мемлекеттік мекемеге енгізбей елде тұтастық болмайтынын, көсегеміздің көгермейтінін айтып тікелей іске кіріседі. Қазақ тілінің беделін көтермей, қазақтың беделі көтерілмейтінін уағыздай бастайды. Сөйтіп 1923 жылы 9 маусымда «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген мақаласын жариялайды. «Қазақстанның еңбекші табы шын қатарға кірісіп, өз тізгінін өзі алсын деген азамат бұл іске жан аямай кірісуі керек» деп елді жігерлендіре түседі.

… Сол жылдың 25 маусымында «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» деген екінші мақаласында ол нақты істер нобайын көрсетіп, қадағалауды қолға алды.

Сөйтіп Сәкен ыждаһаттылығының нәтижесінде 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық Атқару Комитеті декрет қабылдады. Сол бойынша кеңсе істері 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақ тілінде жүргізілетін болды. Мұның тарихи мәні зор болатын. Қазақ өз алдына ел болып, оның тілінің Үкіметтік деңгейге көтеріліп, хатқа түсуі бұл. Бірақ бұл шараның мәні 60-70 жыл бойы көмескіленіп, есепке алынбай келгені өкінішті.

Жалпы Сәкен Тіл мүддесін қозғайтын 9 мақала жазған екен. «Біздің қазақ коммунистерінің кейбіреуі қазақ тілі туралы қатты кірісуге: «біреу ұлтшыл деп атайды…» деп бой тартады. Бірақ бұл – қулық, бұл – коммунистік қылық емес, ол – жарамсақтық, жағымпаздық. Кейбір сасық, жалмауыз демагог өзін «жақсы коммунист екен» деп айтсын деп, қазақ тілін кіргіземін деп жүрген белсенді адамдарды «анау ұлтшыл, мынау ұлтшыл» дер, бірақ одан қымсынбай, айылын жинамай іске кірісе беру керектігін» қадап, қазып айтады.

Шіркін, біздің қазіргі басшыларымыз мәселені осылайша ұғып, осылайша қадағалап отыратын болсайшы. Жалтақтаса, Кеңестік, шовинистік құрсаудың қысымында отырған Сәкеннің-ақ жалтақтайтын реті бар еді, ал тәуелсіз елге басшылық жасап отырғандар кімге, неге жалтақтайды? Егер мемлекеттік тіл тағдырын қазір дәл Сәкенше қолға алған болсақ, 15 жыл бойы сарсаңға түспес едік-ау деген ой келеді.
Өмірзақ Айтбайұлы,

академик.
Қазақ Мырзажан атаған жанашыр
Тарихи деректерге сүйенсек, Л.И.Мирзоян Қазақстанда қоғамдық, әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайдың әбден титықтап, тұралап тұрған кезінде келді. Бұл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде патша үкіметінің жазалаушы отрядтарының халқымыздың денесіне салған жарасы әлі жазылып болмаған әрі ұлт-азаттық көтеріліс пен соңғы екі ашаршылықта шетелге тозып кеткен ағайындардың еліне толық оралмаған кезі еді. Оның үстіне, бұған дейін кеңестік әпербақан саясатпен қужақ – Голощекиннің «Кіші қазан төңкерісінен» туған әрекеттерден ел арасында береке-бірліктің ушыққан шағы. Осындай солақай саясаттың салдарынан әлеуметтік қарама-қайшылық шиеленісті. Өндіріс, шаруашылық, экономика күйреді. Ауылды кеңестендіру, ұжымдастыру, байларды тап ретінде жоюдың ақыры екі миллионнан астам қазақты жалмаған ашаршылыққа әкелді. Соған қарамастан, сталиндік қызыл идеология бұл апаттан аман қалғандарды тарихи зердеден, салт-санадан, әдет-ғұрыптан, ұлттық рухтан, байырғы тілі мен мәдениетінен айыру шаралары жасалып жатты.

Міне, осындай … шақта келген Л.И.Мирзоянның … қазақ халқының шын жанашыры болғанына көзіміз жетті.

Халықтың әлеуметтік, мәдени тұрмысын көтеруді қолға алды. Ашаршылықтан әбден еңсесі түскен елдің есін жинау үшін оларға несиеге мал бергізді. «Малсыз отбасы болмасын!» деген ұран көтерді… Тек елдің экономикасын көтеріп қойған жоқ, ол ұлттық мәдениетті, ұлттық рухты, тілді де көтерді. Оның қамқоршысы, жанашыры да болды. Бұл мәселелерді республикалық беделді конференциялар мен сессияларда, пленумдарда бірнеше рет көтерді. Қызмет бабымен барған жерлерінде нақтылап айналысты, тиісті тапсырмалар берді. Мәселен, 1935 жылғы маусым айының 16 күнгі Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына барған сапарын-ақ алайық. Ол… мәдениет мәселесіне баса назар аударған. Балық консерві комбинатының консерві қалбырлары жиналған қоймаға дейін аралаған. Сонда консерві сыртындағы қағаз этикеткасын қазақ тілінде жазбағандығы үшін комбинат директорына қатаң ескерту жасап, оны тездетіп қазақ тілінде жазуға тапсырма берген…

Оның бұған дейін баспасөз қызметкерлерімен, партия ұйым басшыларымен өткізген бір кеңесінде: «Сендер теміржол бойындағы разъездер мен стансалар атауларының, ондағы ұрандар мен жарнамалардың қай тілде жазылып тұрғандығын білесіңдер ме?» деп сұрақ қойып, мұны тездетіп жөндеу керек, қазақ тілінде жазу керек» деп нұсқау берген…

Бұл екі жағдай Мирзоян қазақ тілін екінші қатарға қоймаған, оған ұсақ-түйек мәселе деп қарамаған, қазақ тілінің қамқоршысы болды деген ұғымды берсе керек.

… Мәдениет майданы қызметкерлерінің Бүкілқазақстандық бірінші сиезінде сөйлеген сөзінде Мирзоян орыс графикасына көшуді «керексіз реформа» деп тауыпты. «Ондай реформаларға әуес болмау керек… Бұл ретте өте сақ болу керек, байқау керек. Бұл мәселеге жиі ұмтылып жүргендігін айтқаныма Жұбанұлы жолдас та, Аманжолұлы жолдас та өкпелемес деп ойлаймын» деп ескертіпті. Көріпкел емес пе? Амал қанша, республикамыздан Мирзоянның өкшесі көтерілуі орыс графикасының өріс алуына кең жол ашты…


Зияда Ижанов,

зерттеуші.
Левон Мирзоян:
Қазақша хатқа орысша жауап бергені үшін

жауапкершілікке тарту керек
Бұнда сөйлегендердің бәрі дұрыс көрсеткендей, Халық Ағарту Комиссариаты мен денсаулық сақтау Халық комиссариатында қазақтардың санын көбейту емес, қазақ тілін қою керектігінде. Егер халық ағарту Комиссриатында 1000 қазақ болып, бірақ оның ешқайсысы қазақ тілінде жазбаса, бұдан шығар қандай пайда бар. Бізде, көбі тек қазақтардың санын көбейтсек, жергілікті ұлт өкілдерін тұрғылықтандыру мәселесі шешіледі деп ойлайды. Бізге, жергілікті ұлт өкілдерін тұрғылықтандыруда, аппараттың қазақ тілінде жұмыс істеуі керек. Бұны біз қалаймыз және өз дегенімізге жетеміз, сондықтан да жергілікті ұлт өкілдерін тұрғылықтандыру комитеті осы тура бағыттан қайтпай жұмыс жүргізуі тиіс. Осыған орай, бәрін нақтылы анықтап, дұрыстап жазып, адамдарға жеткізіп, бұл істі бастау керек.

Міне, Халық Ағарту Комиссариаты, қазақша жазбайды. Сондықтан да, ол қандай мекемелермен қазақша қарым-қатынас жасауы керектігі айқындалсын. Сосын, жер Комиссариатында да қай мекемелермен қазақша, қайсымен орысша жазуға тиісті екені айтылсын.

... Мысалы, ол Мәскеуге жазса орысша, ал егер Қарағандыға жазса қазақша жазуы керек деп нақтылы міндеттелсе, бұл жаман болмас еді. Ал егер, ол аралас ұлт өкілдері тұрған ауданға жазса, онда орысша да, қазақша да жазуы тиіс. Жартысын қазақша, жартысын орысша жазу керек. Біртіндеп үйреніп кетеді.

Осы уақытқа шейін мен әлі машинкаға басылған қазақша хат көрмедім. Ең болмаса, неге өлкелік комитетке жартылай қазақша, жартылай орысша жазуға болмайды?

Мен бұл мәселені барлық Халық Комиссариаттары мен мекемелерге қатысты айтқым келеді. Сіздер қазөлкелік ұжымшар одағына, май өндіру кәсіпорнына, мал дайындау комитетіне, жабдықтау Халық Комитетіне және т.б. ұрысасыздар. Әр қайсысына міндеттер жүктелсін! Егер қағаз қазақ тілінде келіп түссе, онда оған қазақша жауап берілуге тиіс. Қазақша да, орысша да жазатын ұйымдар бар. Бұны нақтылау керек.

... Айталық, Жарма секілді ауданда бәрі қазақша, ал ол орысша жауап алады. Неге? Мұндай мәселені тіпті баспада жариялап, Бақылау Комиссиясына жазып, бұл істі прокурорға өткізіп, тіпті орталық комитетке беру керек. Осы облыс бойынша өлкелік Комитете мәселені тыңдау керек. Неге, Жармаға орысша жауап бергені үшін жауапкершілікке тартпаймыз. Сотқа тарту керек. Облыстық Атқару Комитетін жетелеп, бұндай кемшіліктерге орын бермеуге ескерту жасап, қайталанған жағдайда қатаң жазаға тартылатындығын ескерту қажет.

Жер бөлімі Халық Ағарту Комиссариаты, Денсаулық сақтау секілді негізгі бөлімдер, аудандық комитеттермен бірігіп, аудан қай тілде жұмыс істесе сол тілде қатынас жасауы керек. Тек бұлар емес, бәріміз міндеттіміз.

Бұдан басқа, жеделхаттарды жібергенде де, мысалы, мен Шет ауданында көргенім, оларға қазақша жазылған әлдеқайда түсінікті. Сондықтан, бізден жіберілген жеделхаттар да қазақша жазылуы тиіс.

Бұл жерде, басқаларға үлгі болу үшін, жетектеу үшін, көңіл қойып елемеген, кедергі жасаған үлкен бір өлкелік қызметкерді «сілкіп» алу керек. Бұл жерде орындарында отырып алып, бәрі нашар деп, бұл үшін күреспейтін жергілікті ұлт өкілдерін тұрғылықтандыру комитетіне де көп нәрсе байланысты.

... Біз қаулыда, біреулерді толық және бүтіндей жергілікті ұлт өкілдерімен тұрақтандыруға, келесілерді өтініштерге қазақша жауап беруге, үшіншілерді орысша-қазақша ортақ жазу тәртібіне міндеттеуіміз керек.

Сосын жер комитетін тек тыңдап қана қоймай, оның аппаратын жуық күндерде кем дегенде екі тілде жұмыс істеуге мәжбүр ету керек... Бір-екі облыс пен аудандарда тексеру ұйымдастырған жөн. Әрбір облыстан 3-4 ауданды алып, аудандық ұйымдарда қазақша қалай жазатындығын тексеру қажет.

... Терминдермен жағдай өте нашар қалыптасқан. Терминология жоқ, ол жұмыс барысында туындап, әркім, қалай жазғысы келсе, солай өзінше жазады. Егер бұл мәселені қойып, курстарда оқытпасақ, іс насырға шабады.

... Қаулыда, ең болмаса, облыстарда және өлкеде 40-50 адамдық курстар құру туралы айтылып, осыдан бастауға тиіспіз.

... Бізге аппарата отырып, қазақ тілінде сауатты түрде жауап беретін қызметкерлер керек.

Оқыту туралы тағы да ескертпелер... Оқыту – бұл тек жазу ғана емес, оқыту – бұл оқу құралдары мен маманданған адамдардың болуы (бөлектеген – Д.Д.).

... Айталық, педагогиакалық жоғары оқу орны жергілікті ұлт өкілдерімен тұрғылықтандырылған, сондықтан оны басқаларға үйрету үшін сақтап, күшейту керек. Бізге бұдан басқа тағы да бір жоғары оқу орнын ашып, жергілікті ұлт өкілдерін тұрғылықтандыруға мүмкіншіліктер қарауымыз керек.

Соныман қатар, бір жыл 1-курстан қазақша оқып, ал қалған курстарында орысша оқытуға да болмайды. Бұл дұрыс емес, 1-курстан соңғы курстың аяғына дейін ұлттық тілде оқытуға жеткізуіміз керек, ол егер іске аспаса – алдап қажеті жоқ. Мен, жүзеге асырылатын жұмысты – сөзбен емес, іспен істегенді жақтаймын. Егер бізге екі институтты жергілік ұлт өкілдерінің есебінен тұрғылықтандырса, осыны ауылшаруашылық мектебінде де жүзеге асырса – бұл ұлы іс.

Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоянның 1933 жылы 17 желтоқсанда, бюрода халықты тұрғылықтандыру туралы сөйлеген сөзінен.



Бауыржан Момышұлы,

гвардия полковнигі


Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің басшыларына хат
Кеңестер Одағының алдыңғы бір мемлекеті бола тұрып, соғыс кезінде қазақ халқын әлемге танытып, өндірісте, ауыл шаруашылығында қатардан қалмай абыройлы табысқа ие болып, нығая түсіп келе жатқанда жоғарыда айтылған кемшіліктерді Ленин партиясының жолына сәйкес ғылымды бұрмалап бұзу, асыра сілтеу, халықтың жұртшылығына зиянды болып, саясатына қарсы десем, ешқандай шеңберден шыға қоймаспын. Сондықтан тарихи, ғылыми, саяси әділеттік, меніңше, мынадай ұсыныстарды тілейді:

1. Аяқасты елеусіз болып кеткен қазақтандыру мәселесін алдымен қазақтардың өздерін тіл жөнінен тәртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында қайтадан әділеттікпен көтеріліп, қолға алынуы жөн.

2. Тиісті оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы міндетті сабақ болу керек.

3. Осы кезде қаладағы қазақтың ұл-қыздарының төрттен үші орыс мектебінде оқитындықтан, ана тілінен хабарсыз болып өсуі молайып келе жатыр. Олардың ата-аналары орыс тілінде оқытуға өте әуес-ақ. Қазақ мектептерін менсінбейтіндері де екеудің біреуі болғандықтан, барлық қазақ ұл балалары, қыз балалары алдымен ана тілінде білім алатын болуы қажет.

4. Барлық ана тіліндегі әдебиет, оқу құралдары қайта қаралып, тіл шұбарлығынан тазаланып, елгезер мен елеуішпен еленгендей тазартылуы керек.

5. Тіл мәселесі бұдан былай аяқасты болып кетпес үшін:

1. Барлық сырттан алынған сөздер теріліп, әділ билік айтылып, сол мағынадағы «дауысы жайында» қазақтың ана тіліндегі сөздерге өз еркі өзіне қайта берілуі қажет. Қазақ тілінің бұқаралық қатарға қосылып, бұдан былай да ел аузында, жазушының қалам ұшында болуы керек.

2. Өзіміздің тіл байлығымызда жоқ, бұрын халқымыздың өмірінде кездеспеген жаңа заттардың аты мен атауы теріліп, заңды жүйеге салынуы керек.

3. Дәлдік үлгісімен атам заманнан бері қазақ сөздері жиналып, дұрыс талқыланып түсіндірілетін, ғылыми аумақты кітапты шығару шараларды қолдану керек.

4. Профессор Ушаковтың (Орфография сөздігінің авторы) үлгісімен қазақ сөздерін дұрыс жазуға көмек болатын кітапша көп кешікпей шығарылуы керек.

Мен әскери адаммын. Тіл мәселесіне араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-санасы, ел намысы, адамгершілік ары, жауынгерлік мұра-дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп-біліп, сезіп тұратынымды айтпағанда, өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінемін.
Алматы, 1944 жыл.

__________________



Мұхтар Шаханов, Мәжіліс депутаты:
ҮКІМЕТ ТІЛГЕ ШЫНДАП БЕТ БҰРА МА?
2006 жылғы 15 ақпан күні Қазақстан республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан республикасы Үкіметінің 2006-2008 жалдарға арналған Бағдарламасы» қабылданды. Бағдарламаны талқылау барысында Мәжіліс депутаты М.Шаханов алдағы үш жыл бойына жүргізілетін мемлекеттік тілді дамыту саясатын тағы бір нақтылай түсу мақсатымен Премьер-министрге сауал қойған еді. Депутаттың сұрағы мен оған берілген Премьер-министр Д.Ахметовтың жауабын жариялап отырмыз.
Қадірлі Даниал Кенжетайұлы!
Депутаттарға талқылауға ұсынылған 76 беттік 2006-2008 жылдарға арналған үкіметтік Бағдарламаның жарты абзацы ғана мемлекеттік тіл мен Қазақстан халықтарының тілін дамыту саясатына арналыпты. Онда да нақты қадамнан гөрі шығарып салма сөздер жазылған. Жуырда баспасөзде еліміздің бір топ сыйлы ақсақалдары Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Мұзафар Әлімбаев және басқа қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, газет-журнал басшылары, тіл жанашырлары қол қойған Президентке, Үкіметке, Парламентке жолданған хат жарияланды. Ондағы қойылған талап-тілектердің бір де біреуі бағдарламадан көрініс таппапты. Тіпті, кезінде Үкіметтің өзі ұсынып, Президент бекіткен 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама да негізінен сөз жүзінде қалуда. Сол Бағдарламаны атқару ісі 2006-2008 жылдары жалғаса ма, жоқ әлде көпірме уәделердің бірі ретінде ұмытыла ма, ол жөнінде жаңа бағдарламада ештеңе айтылмаған.

Бұдан бұрын Тіл комитетін Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің қарамағынан алып, жеке агенттік ретінде бөлек шығару мәселесін бірнеше рет көтердік. Егер тілді дамытқымыз келсе, осындай шараға баруымыз керек-ақ! Өткенде бір әңгіме үстінде өзіңіз де уәде берген сияқты едіңіз. Осы мәселе шешіле ме, жоқ, әлде бұрынғы күйінде қала ма?

Үшінші сұрақ. Сіз балабақшаларды мемлекет есебінен қаржыландыру туралы біздің ұсынысымызды қызу қолдап, оған бір миллиард теңге, тілді дамытуға 500 миллион теңге бөлдірдіңіз. Сізге дейінгі бір де бір Премьер-министр бұл салада жомарт мінез танытпап еді. Ол азаматтығыңызға ризамыз. Бірақ тіл мәселесіне бүгінгі күн талабы деңгейінен қарасақ, мұның өзі де мысықтың тамағына бөлінген қаржыдай мардымсыз дүние екені аян. Бұл теңгеге жол саласының қызметкерлері үш-төрт шақырым ғана асфальт жол төсей алады екен. Ал тіл – жүрекке салынатын жол емес пе?! Өткендегі бөлінген теңге облыстық тіл басқармаларына жетпей де қалыпты. Мамандар тіл төңірегіндегі қордаланған проблемаларды жай ғана орнынан қозғау үшін тек биылдың өзінде қосымша 700 миллион теңге қажет екенін дәлелдеп отыр. Осы қаржыны тауып бере аласыз ба?
Даниал Ахметов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:
... Үзілісте, қадірменді Мұха, өзіңізге айтқанмын, мына үлкен хатқа мен бірсыпыра жұмыс істеуім керек... Неге десеңіз, мынаның ішінде бірсыпыра қаржы талап ететін мәселелер бар. Сол себептен мен арнайы министрге... Келімбетовке тапсырма бердім.

Мына 2006 жылға республикалық бюджеттен тіл мәселесін дамытуға 500 млн. теңге қаржы бөлінді ғой. Қаржы бөлу алдағы уақыттарда жалғаса ма? Қысқа сөзбен айтқанда, болады. Жалғасады. Еліміздің, тіліміздің үлкен болашағы бар... Сол себептен бұл мәселе қалай болса да шешіледі!


«Ана тілі», 16.02.06.

_____________________





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет