Тіл төҢірегіндегі толғамдар ойлар, толғаныстар, пікірлер, ұсыныстар, іс-тәжірибелер, деректер мен дәйектер Астана қаласы, 2007 жыл тіл төҢірегіндегі толғамдар баспасөз және басқа да басылым беттерінен іріктеп, жинақтаған


Тіл: іс-тәжірибе, ұсыныс, пікірлер



бет8/10
Дата25.12.2016
өлшемі1,74 Mb.
#4643
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

______________



Тіл: іс-тәжірибе, ұсыныс, пікірлер



Н.Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

... Ең алдымен, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың тілдік дайындығын күшейтуге баса назар аудару керек.

... Бізге жақсы бағдарламалар, әдістемелік құралдар, сапалы оқулықтар керек. Адамдардың бойына ана тілімізге деген сүйіспеншілік сезімін терең сіңіре алатын білікті ұстаздар керек.
* * *

... Біз қазақ халқының санғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз.


* * *

Қазірдің өзінде мемлекеттік тілге республиканың бес облысы мен Алматы қаласы көшіп отыр. 2010 жылға дейін бұл мәселе тұтастай шешімін таппақ. Барлық қатынас қағаздары ана тілімізде жүргізіледі. Сол кезде тек аудармашылардың қызметіне иек сүйеп отырған кейбір жауапты қызметкерлер «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп өкініп қап жүрмесін. Бұлғақ заманы бітеді де, нақты да қатал сұраныс туады. Осы бастан дайын болайық.


Елбасының Қазақстанды әлемнің бәсекеге барынша қабілетті

50 елінің қатарына қосу жөніндегі стратегиясын жүзеге асыру

мақсатында жасалған Үкіметтің 2006-2008 жылдарға

арналған іс-қимыл бағдарламасынан:

Қазақ тілін және Қазақстан халықтарының басқа тілдерін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру маңызды басымдық болып қалады. Мемлекеттік тіл саясатының басты бағыттарының бірі барлық азаматтардың белгілі дәрежеде мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жағдай жасау болып табылады. Өңірлік деңгейде облыстарда мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталықтарын құру үшін ресурстар бөлінуі тиіс.



Өзекті сөз
«Қай мемлекетте отырсың?»
Темірбек Жүргенов 1936 жылы халық комиссарларын жинап алып, қазақ тілінде мәжіліс өткізіпті… Сонда «түсінбедім» деген орысқа «қай мемелекетте отырсың?» деп қарсы сұрақ қойған екен…
«Ана тілі», 13.10.05.


Өнеге деп осыны айт!
Асыл топырақ

(Эфиопия ертегісі)
Еуропалық екі оқымысты Эфиопияға арнайы сапармен келіпті. Олар Эфиопияның тау-тасын қалдырмай аралап танысыпты. Асқар тауын, жосылған жолын, өзен-көлдерін мұқият картаға түсіріпті.

Қауесет жерде жатқан ба, хабар императорға жетіпті. Еуропалықтардың өз елін картаға түсіріп жүргенін білген император олардың қасынан екі елі қалмайтын қосшы қосыпты. Еуропалықтар араға жылдар салып ісін аяқтайды. Сол сәтте баяғы қосшы императорға келіп, мән-жайды баяндайды:

- Оқымыстылар бар көрген-білгенін қағазға түсірумен болды, - дейді ол. – Ніл өзені бастауын, өзендердің таудан қалай құлап ағарын бақылады. Тауда алтын мен күмістің қаншалық екенін байқады. Жосылған жолдар түгілі соқыр соқпақтарға дейін картаға түсіріп алды.

Император қонақтардың қандай іс тындырғанын түсінді. Елдеріне аттанғалы тұрған еуропалықтарды көргісі келгенін айтып, шақыратын шапқыншы жіберді.

Оқымыстыларды жылы жүзбен қарсы алған император оларды аста-төк дастарханда күтіп, қонақ етіп, баға жеткісіз қымбат сыйлықтар тартулады.

Жағалауға дейін олардың аяғын жерге тигізбей император қызметшілері аса зор құрметпен жеткізіп салды. Қонақтардың да көңілі шат еді.

Еуропалықтар корабльге отырар сәтте оларды императордың қызметшілері тоқтатты. Аз аялдап, аяқ киімдерін шешуді өтінді. Сөйтті де қонақтардың бәтеңкелерін қағып-сілкіп, мұнтаздай етіп тазалап, өздеріне қайтарды. Ғаламда жоқ тосын дәстүрге таңқалған қонақтар:

- Бұларың қандай дәстүр? – деді.

- Сіздер мұнда алыс та алып мемлекеттен келдіңіздер, - дейді сонда императордың қызметшісі, - Эфиопияның әлемдегі ең сұлу ел екенін көздеріңізбен көрдіңіздер. Туған жер – біздің асылымыз. Туған жер топырағына егін егіп, тіршілік етеміз. Малымызды туған жер нәріне жаямыз. Шаршап-шалдықсақ туған жер төсіне аунап-қунап демаламыз. Бауырлар көз жұмса – туған жер қойнына тапсырамыз. Сіздер тау-тасты аралағанда, орман-тоғайды кезгенде көрген жолдар мен сан түрлі соқпақтарда ата-бабаларымыздың ізі жатыр сайрап. Біз де, біздің ұрпақтарымыз да сол жолдармен жүреді, сол соқпақтармен армандарға беттейді.

Эфиопия жері – біздің Анамыз. Эфиопия жері – біздің Атамыз. Туған жер – біздің Бауырымыз. Сіздерді қонақжай бейілмен қарсы алып, қымбат тартулармен аттандырып тұрмыз. Алайда, Эфиопия жері, Эфиопия топырағы – соның бәрінен де жоғары, бәрінен де асыл, біздегі бар байлықтан да қымбат. Туған жер топырағына баға жетпейді. Сондықтан да туған жер – туған топырақтың титімдей қиыршығын да жат жұрттықтарға қимаймыз.

... Бәтеңкелеріңізді қағып-сілкіп жатқанымыз сол...
Аударған Құлбек Ергөбек,

ғалым.
Өткеннен үлгі
... Әкімшіліктің барлық лауазымды қызметкерлері, уезд басшыларына дейін жергілікті ділді білуі керек; өз аймағының тілін бастапқы деңгейде игеруге бір жыл бөлінеді; тіл білу деңгейі – аудармашыларды бақылай алатындай болуы керек; тілді білу деңгейін одан әрі көтеріп, жетік үйрену үшін әкімшіліктің лауазымды қызметкерлеріне тағы бір жыл қосып беріледі; бұл талап орындалмаған жағдайда лауазым иелерін далалық аймақта қызмет бабында көтеру тоқтатылсын, тіпті оларды іске жарамсыз деп» қызметінен босатуға дейін бару керек...
Ресей патшалығы тұсындағы әскери министр

А.Ф.Редигерге жазылған хат,

1905 жылғы 28 көкек.

Ұрымтал ұсыныс
Бос сөзге орын қалмайды
Халқымыздың тәуелсіздік алғалы тіл мәселесіне шыдамдылықпен, түсіністікпен қарап келген даналығы адам сүйсінерліктей. Бұл бір жағынан әсіре төзім болып көрінуі мүмкін. Бірақ шыдамның да шегі бар екенін біз секілді атқа мінген азаматтар түсініп отырмыз.

Біз қазір мемлекеттік тілді дамытудың жеке бағдарламасын жасауды ойластырып отырмыз, өйткені 2001-2010 жылдарға арналған тілдерді дамыту бағдарламасы жалпылама жасалған, көпсөзділікке ұрынған және елдегі барлық тілдерді дамытуға бағытталған. Біз аталмыш бағдарламаны орындауды нақты жобаларды іске асырумен астастыруды мақсат етіп отырмыз. Сонда бағдарламадағы бос сөзге орын қалмайды.

Қазіргі кезде мемлекеттік тіл мен орыс тілін «жауластыру да» бізге көп нәтиже бермейді. Әр тілге өз орнын беру арқылы қазақ тілінің бірте-бірте барлық саланы қамтуына жол ашуымыз керек. Қазір қазақ тілі, шын жағдайды ашық айтсақ, мемлекеттік емес, бар болғаны этнос тілі ғана. Ал орыс тілі халықаралық өркениет тілі деңгейінде. Сондықтан бас-аяғы бірнеше жылдың ішінде этнос тілі өркениет тілі болуы үшін ірі де нақты қадамдарға баруымыз қажет. Бұл үшін қазақ тілінің даму сатыларын белгілеген жөн. Айталық, оны 4 жыл ішінде мемлекеттік салаларға толық енгізу, 5 жылда қоғамдық ортада мойындату, 10 жыл ішінде ғылыми салада орнықтыру секілді сала-сала бойынша міндеттер қойып, соны іске асыратын іргелі жобалар жасау керек.
Ерден Қажыбек,

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Тіл комитетінің төрағасы

(«Ана тілі», 20.07.06).

Ойбағдар
Адымен мемлекеттік тілді дамытайық...
Мемлекеттік тіл дамыса, барлық тілдерді дамытуға мүмкіндік туады. Ал ол дамымаған жағдайда барлығының халі мүшкіл болады да, түбінде саны аз ұлыстардың тілдері жойылып кетуі мүмкін.

Қоғам дамуының қазіргі кезеңіндегі мемлекеттік тілді дамытудың ұлттық идеяға айналуы – ол алдымен қазақтарды ана тілін білуіне міндеттейді және басқа ұлыстардың тілдері мен мәдениетін дамытады.
Жанұзақ Әкім,

ғалым

(«Қазақ идеясы», Алматы, 2006 жыл).
Бәрекелді!
Таза қазақ мектептері көбейді
«Ана тілі» газетінің редакциясына Ақтау қаласы әкімдігінен жағымды жаңалық арқалаған жедел хат жетті. Хата Маңғыстау облысы Ақтау қаласы әкімдігінің қаулысымен жергілікті мектептердегі оқыту тілдері қайта бекітіліпті.

Жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру мақсатын көздейтін қаулы Ақтау қаласындағы мемлекеттік тілде білім беретін мектептер санын арттыруға, аралас мектептер санын қысқартуға бағытталған. Қазақ тілінде оқытатын мектептер саны былтыр 9 болса, биыл 17-ге жеткен. Оның ішінде он үші қала мектептері. Ал аралас мектептердің саны былтырғы жиырма үштен он төртке дейін кеміген.



- 2008-2009 оқу жылына дейін қала бойынша аралас мектептерді түгелдей бір тілді мектептерге айналдыру шаралары жүзеге асырылуда, - деп мәлімдейді қала әкімінің орынбасары Г.Қалмұратова ханым.
«Ана тілі», 14.09.06.
Шырайлы шындық
Менімен қазақша сөйлес...
... Президент ел зиялыларынан үміт күтіп, салмақ салды. Әр адамның шамасы жететін қарапайым ғана қағиданы ұсынды. Бар болғаны үш-ақ сөз. «Қазақпен қазақша сөйлес». Әр отбасы осы сөздерді шаңырағының төріне жазып, іліп қойса ерсі түгі жоқ.

  • Қазақпысың?

  • Иә.

  • Онда менімен қазақша сөйлес. Мен де сенімен осы тілде сөйлесейін. Сөйтсек қана ана тіліңді үйренесің.

Әркім шүлдірлеген қазақтарға осылай десінші. Мұнысын ол қамқорлық ретінде қабылдайтын болады. Тілге, бір-бірімізге қамқорлық танытайық. Сонда көсегеміз көгереді.
Батық Мәжитұлы,

ақын

(«Егемен Қазақстан», 29.05.01).

Ұсыныс
Қазақ кодексі


  • Рухқа себі тисін, әуелі өз санамызды өзіміз отарсыздандырайық. Бәрін өзімізден бастайық. Әуелі жартылай орысша аты-жөнімізді Мұқтар Ақанұлы, Пәкиза Оңғарқызы дегендей, қазақшалайық. Құжат ауыстырудың әуресі көп, ол шаруаға шығын да, жігер де керек, оны табандылықпен аяқтап, нағыз қазақ болып алайық.

  • Балаларымыздың аттарын тек қазақша қояйық.

  • Бәріміз домбыра тартып, қазақша ән салуды үйренейік. Себебі орыс болып кеткен, өзбек болып кеткендердің үйінен әуелі қазақтың домбырасы, әні, сосын барып тілі құриды екен. Иран батыс музыкасына бекерден-бекер тыйым салып отырған жоқ.

  • Қыздарға бесік жырын жаттатайық: кейін балалы болып сәбиіне мейірі түскенде, оған «котик, рыбка, солнышко» демесін. Әжемнің айтқан бесік жырлары әлі есімде, қаншама орысша оқығаныммен, орыс болып кетуге жібермеген солар-ау.

  • Баланы тек қазақ балабақша, мектебіне берейік. Қазақ Рухы тек сондай мекемелерде ғана таза, биік, мықты болады. Жетім бала үйлерін тек қазақша жұмыс істеуге көшірейік. Қазақтың баласын ешкімге жәбірлетпейік, шетелдіктерге бермейік – артық бала жоқ.

  • Баланы еврейлер сияқты «сен бәрінен артықсың, ақылдысың» деп тәрбиелеу қазақ діліне, гуманизміне қайшы, олай тәрбиеленген бала шолжаң болып өсіп, рухсыз, ақымақ, маскүнем болады. Одан гөрі қазақша «адам бол, ер бол, батыр бол, талантыңды тап, дамыт, өз несібеңді теріп жеп, бай бол, ел-жұртыңа қызмет етіп, бақытты бол» деп тәрбиелейік.

  • Әрбір қазақтың, Құдай берсе, кем дегенде бес баласы болуы керек. Құдай бермесе, оған дауа жоқ.

  • Жастар! Қайратымыз тасып тұр! Оны ішкілікке, дау-дамайға, төбелеске сарп етпей, талантымызды дамытуға, спортқа жұмсайық! Біздің талантымыз – ұлттық қор, елдің, қазақтың меншігі. Талант пен еңбек келешекте бақытқа да, дәулетке де жеткізеді.

  • Келіншектер! Ата-ене, қайынаға, апа-сіңлі, қайындардың атын тура атамай, қазақ салты бойынша жанама атпен атаңыздар. Қазір келіншек болсаңыз, ертең бәйбіше боласыз. Ұрпақтың, қазақтың келешегі біздің қолда.

  • Аталар заманында елде жетім-жесір болмаған: 40-тан аспаған (бұл туа алатын) әйел жесір отырмаған. Ондай жағдайда ол жылы өткесін марқұмның бір жақынына қосылып, ұрпағы жетімсіремеген. Ал қазір қаншама келіншек көздері мөлдіреп жесір отыр, қаншама бала жетім? Жасы 25-тен асқан кәрі қыз болмауы керек, ал бізде ондай қыз қазір 50-60 мың. Олардың келешегі қандай? Тамақ асырау, күн көру, жұмыс, бизнес, ғылым, әрі кетсе ойнастан бір бала тауып, жетім, тексіз адам өсіру. Қыздарды бұған қию күнә, бұл табиғатқа қайшы. Бұған кім айыпты? Ерлер, жігіттер айыпты, қазақы рухтан айырылып, құлдық психологиядан арыла алмаған біз айыптымыз. Абайды тоқалдан туды деп кім кемсіте алады? Құнанбайда әйел екеу болмаса, Абай тумас еді. Рас, кез келген жігіт Құнанбай емес, бірақ Құнанбайдай жігіт жүзден біреу болсын шығады. Тек оның бәйбішесі Бөрте, Күнке, Ұлжан, Айғыздай болуы керек. Қазір «Еркектің жаманы жер қориды, қатынның жаманы ер қориды» дегеннің кері келіп жүр. Салиқалы бәйбішелер де, жастар да дұрыс түсінеді деп сенемін.

  • Әйел затына әлімжеттік көрсетуге үзілді-кесілді тыйым салу керек.

  • Қазақ киносына, театрына барайық, қазақ баспасөзін, қазақ өнерін қолдайық.

  • Қазақша білмейтін адам Қазақстан азаматтығын ала алмайтын болсын.

  • Кей қазақ «егін егіп, мал өсіру керек» десең, «не, қазақ тек мал бағуға жаралған ба?» деп ұнатпайды. Испан, чукча, не басқа біреу сенің малыңды бағып бермейді. Әркім өз малын өзі бағып, өз қотырын өзі қасуы керек, біреуге қасытсаң, ушығып кетуі мүмкін: қазба байлықтарымызды біреулерге сатқызып, мұзға отырғанымыз естен кетпес сабақ болуы тиіс.

Әдебиет пәнін оқытуда қазақ-кеңес жазушыларының күшеніп жазғанынан гөрі халық ауыз әдебиетін (ертегіден бастап, мақал-мәтел, қисса, батырлар жыры, терме, толғау), халыққа танымал ақын, жырау, билердің ой, сөздерін, оған қоса әлем әдебиетінің үздік шығармаларын оқыту керек. Ал басқа пән бойынша (биология, математика, физика, химия) қайтадан велосипед ойлап тауып жатпай-ақ, әлемдегі үздік оқулықтарды қазақ тіліне аударып, солармен оқыту керек. Сонда қазақ мектебінің түлегі Рухы қазақ, көзі ашық, бүкіл әлемнен хабардар, білім деңгейі барлық елдің мектеп түлегінің білім деңгейінен жоғары болады. Ол үшін әуелі мұғалім жағдайын көтеру керек. Жоғарғы оқу орындарында да осылай жасау қажет.

Қазір іс қағазы, жарнамаға сын айтушылар да (Кафесі «Динара» кафе деу масқара) шаршап, кәрі бәсеңдей бастаған сияқты, бірақ рухты көтеру үшін шаршауға болмайды. Бөтен әліппемен, бөтен тілде жарнама жазғызып, қарап отыру – құлдық психологияның сорақысы. Өз елімізде мұндай ынжықтыққа жол бермейік: соттасуға дейін барып, ондай кемшіліктерді жою керек.

Қазақтың бас көтерер азаматтары! Біз жалтақтауға хақымыз жоқ. Ғ.Мұстафин «Біз ұлтшылдықпен күресіп ек, сендер ұлтсыздықпен күресіңдер» деген екен. Бұл – коммунизм кезінде еңіреп өткен барлық елдердің бізге қалдырған өсиеті.
«Рух» гуманистік клубының төрағасы

Мақсұт Оразай деген қазақ

(«Жас қазақ», 31.03.06).
Әбдуәли Қайдар, академик:
Тілдің аяғына тұсау болған себептер
... Бұдан тура 100 жыл бұрын, яғни 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылған «Қарқаралы петициясында»:

«Ауылдарда сабақ орыс тілімен бірге қазақ тілінде де жүргізілетін мектептер ашу, мемлекеттік аппаратта, сот орындарында іс қағаздарын қазақ тілінде жазу, олардың жұмысында қос тілділікті Жолға қою... т.т.» деген талап қойылады (Әлихан Бөкейханов, Шығ., 1994, 13-б.).

Ойлап тұрсақ, бұл қай заман еді?

Тіл қасіретіне ұшыраған халықтың мұң-зары одан кейін тоқтап па еді? Жоқ, ешбір тоқтаған емес... Халқымыздың саналы азаматтары (Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Әлихан Бөкейханов, т.б.) замана райына қарай қазақ тілінің тағдыры үшін күресін ешқашан тоқтатқан емес еді ғой. Тек Сәкен Сейфуллиннің бір өзі ғана 1923 жылы өкімет қаулысымен мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің мүшкіл жағдайына байланысты баспа бетінде арнайы 50-дей сын мақала жазған екен. Бір ғажабы сол кезде айтылған әңгімелердің көбісі бүгін де қайталанып отыр.

Кеңестік партократия кезінде де тіл саясатындағы бұра тартып, белінен басушылық кейбір зиялы азаматтардың (мыс., Р.Бердібаев, т.б.) қолына қалам алғызып, пікірін ашық айтуға мәжбүр еткені де белгілі. Бірақ ол заман мен бұл заман бір емес қой. Ол кезде мәселе қалай көтерілсе, сол сәтте-ақ басылатын.

Ал тіліміз үшін бүгінгі күрес демократия, егемендік, сөз бостандығы жағдайында өтіп жатыр емес пе?

... Өткен замандардай емес, қазіргі жағдаятта барлық заңды құқық күресушілер жағында, оларды ел-жұрт қолдайды, бірақ бұл күресті қызу науқанға айналдырып, ұрандатпай, өркениетті, мәдениетті тәсілдермен жүргізу қажет деп білемін. Бүгінгі күресіміз ерекше бір белсенділікпен, қызуқандылықпен өтіп жатқаны рас. Бірақ ол қалың жұрт, қарапайым халық арасында емес.

... Дегенмен, баршамыздың есімізде болатын жағдай: ана тіліміздің тағдыры үшін күрес әрқашан да қажет, оның қандай түрі болса да діттеген мақсатқа толық қолымыз жетпегенше тоқтамауы қажет.

... Енді тіліміздің аяғына тұсау болып келе жатқан ірі-ірі факторлардың бірнешеуін және оларды шешудің (өз көзқарасым бойынша) кейбір жолдарын атап өтейін.

1. Мемлекеттік тіліміздің малтығып, кең жолға шыға алмай жатуының көп себептерінің бірегейі – солтүстіктегі ұлы көршімізге байланысты, оның ғасырларға созылған отаршылдық және кеңес дәуіріндегі тоталитарлық саясаты бар, көршілес, достық қарым-қатынасы, демографиялық, мәдени, салт-дәстүр, т.б. бар фактор... Осы факторлардың тым тереңдеп, халқымыздың салт-санасын билеп алған әсерін біртіндеп болса да шектемесе, жағдай көп уақытқа дейін өзгермейтіні мәлім. Осы мәселені тіл саясаты арқылы, бейбіт жолмен шешуге болатын сияқты.

2. Тіл тағдыры да, тіл саясаты да демография мәселесіне тікелей байланысты. Қазақтың демографиялық жағдайы, негізінен, үш саладан тұрады... Біріншісі – қазақтардың жан санына байланысты.

Демографиялық фактордың екінші саласына Қазақстанда тұратын қазақтар мен басқа ұлт өкілдерінің сан-сапа жағынан өсіп-өркендеуі және ара салмағының сәйкестігі жатады. Осыған орай қазақстандықтардың жақын жылдардың ішінде 20 миллионға жетуі де бағдарлануда. Бұл идеяның орындалуы көптеген мәселелерге: ... тіл, оқу-білім, педагогика, тәрбие, экономикалық, әлеуметтік, т.б. проблемаларға байланысты...

Этно-лингво-демографиялық дамудың тағы бір тарихи мәні зор саласы – жер бетінде бытырап жүрген қазақ диаспорасының басын қосып, өз Отанының құзырына жинақтау. Төрт көзі түгел емес халықтың тілі де тұтас емес. Ал бүгінгі қазақтардың жалпы санының 1/3 (үштен бірі) Қазақстаннан тыс жерлерде жасайды.

Тарихи бір тағлым. Түркі әлеміндегі ірі мемлекеттердің бірі – Түркия. Ол кезінде Осман империясы болып, 7 ғасыр бойы дәуірлеп келді. Түркия да көп ұлтты мемлекеттердің біріне жатады. Көп тілдің (Рим, Алмания, Франция, Византия, т.б.) әсері түрік тілінің ұлттық қасиетін, нақышын кетіре бастайды. Міне, сондықтан болу керек, 1277 жылы Қараман, Кониа уәлаяттарының әкімі Қараманоғлу Меһмет бей: «Бүгіннен бастап, үйде де, түзде де, аулада да, кеңседе де, мәжілісте де, сайранда да (жұрт) түрік тілінен басқа тілді қолданбасын!» деген жарлық шығарады және бұл жарлықты орындамағандарға қатал жаза қолданылады (дүре соғылады).

Міне осындай қатал шараның нәтижесінде түрік елінде біртұтас мемлекеттік түрік тілі қалыптасады. Содан бері, 700 жылдан астам уақыт бойы Қараман, Кониа, т.б. қалаларда мемлекеттік түрік тіліне бағышталған «Діл бәйрамы» атты жалпытүркиялық мейрам өткізіліп тұрады...

Біз мұны айтып, сол түрік мемлекетінің тәжірибесін, іс-шараларын қайталайық деп отырғанымыз жоқ. Бірақ ол кімге болса да, әсіресе, көп ұлтты мемлекеттерге тіл проблемасын шешуге қажетті көп тәсілдердің біріне жатады және бүгінде ірі-ірі өркениетті елдердің (КХР, АҚШ, Франция, Алмания, Ресей, Иран, т.б.) көбісі оны толық та, жартылай да қолданып келеді. Мемлекеттің негізгі халқы сөйлеген тілде сөйлемеген бірде-бір адамның бұл елдерде күн көруі, өмір сүруі мүмкін емес.

Бұл іс-шараларды тіл саясаты құзырында жүргізудің сатыланып орындалуға тиісті жоспары, стратегия ретінде жүзеге асырылуға тиісті ерекше бағдарламасы болуы қажет.

Айта кетейік, осы бағыттағы игілікті іс-шаралардың бастамасын кезінде Елбасының өзі көрсеткені бізге жақсы белгілі. Бұдан бұрынғы өткен (1999) пезиденттік сайлау қарсаңында бұл мәртебелі қызметке (президенттікке) ... 8 үміткерден мемлекеттік тіл бойынша емтихан алған комиссияның төрағасы ретінде менің байқағаным: бүгінгі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы сол 8 үміткер ішіндегі ана тілін ең жетік меңгерген, оның құдіретті күші мен көркемдік қасиетін барлық үміткерлерден де артықша сезінетін ерекшелігімен көзге түскен болатын. Бұл өнерін ол өмірде де асқан бір шеберлікпен көрсетіп келе жатқаны белгілі.

Қазақ халқының бүгінгі ұрпағы мақтанғысы келсе, артында осыншама тіл байлығын қалдыра білген бабаларымен мақтана алады.

... Тіл байлығы тек сөз санымен ғана емес, сөздің сапасымен де, яғни мағына санымен де өлшенеді. Егер осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, қазақ тілі сөз қорының сапалық (мағыналық) байлығы 150 мың емес, 1 миллион мағыналық бірліктен (семантикалық единицадан) тұрады деп жобалай аламыз. Бұл – жер бетіндегі өркениетті елдердің (ағылшын, орыс, қытай, т.б.) тілдерімен шамалас көрсеткіш.
«Егемен Қазақстан», 13.01.06.

Сайын Назарбекұлы, сәулетші, ақын
Бағдарлама ұсынамын
Қазақ тіліне көшкен мекемелердің жұмыстарымен таныса, тындырған жұмыстарын зердеден өткізе келе, қазақ тілін толыққанды, мемлекеттік дәрежеге көтеру үшін біраз жұмыстар жасалынуы қажет. Олар:


  • тілді тазарту жұмыстарын жүргізу;

  • адамдар санасын бағыттау жұмыстары;

  • қазақ тіліне көшуге орыстілді мекемелерді даярлау;

  • қазақ тіліне көшуге қазақтілді мекемелерді даярлау болып табылады.

Қазақшаға көшу үшін жалпы мемлекеттік дәрежеде дайындық шаралары жүргізілмегендіктен қазақ тіліне көшкісі келетін жеке мекемелер түрлі кедергілерге кездеседі. Содан барып жоғары орындар алдында ақталу үшін «пәлен мекеме іс қағаздарын қазақша жүргізеді» деген жалған ақпарлар жол алады. Қоғамымыз үшін ең маңызды мәселелердің бірі ретінде нақты шешімі әлі табыла қоймаған бұл аса күрделі мәселені шешу және іске асыру мақсатында мен мынадай бағдарлама, яғни «Қазақ тілін толық меңгеру және пайдалану аясын кеңіту бағдарламасын» ұсынамын.

Бағдарлама кәсіпорындар мен өндірісте, шаруашылық пен экономикада, мемлекеттік басқару мен ісжүргізу барысында қазақ тілін толық меңгеру және пайдалану аясын кеңейту жолындағы жүзеге асырылуға тиісті басты шараларды қамтиды.

Осы мақсатта автор Республика Президентіне тікелей бағынатын «Тіл комитеті» және оның құрамында бірнеше комиссиялар құрылуға тиіс деп санайды.
Тіл комитеті:

Тіл комитеті Қазақстан республикасының қазақ тілін толық меңгеру жолындағы және қазақ тілін пайдалану аясын кеңейту бағытындағы тындырылатын жұмыстарын ұйымдастырады.

Тіл комитетінде тілімізде пайдаланылып жүрген шетел сөздері мен техникалық және басқа терминдердің қазақша аудармалары және қазақшаға аударылмай пайдаланылғаны дұрыс деп табылған шетел сөздері мен техникалық және басқа терминдердің тізімі бекітіледі.
Сөздік қор жасақтау комиссиясы:

Сөздік қор жасақтау комиссиясының саны жұмыстарының бағыты және мөлшеріне байланысты бірнеше болуы да мүмкін. Өндіріс және басқа да мамандық иелерінен жасақталатын бұл комиссия мамандықтары бойынша іріктелген топтарды біріктіріп:



  • зерттеліп, сөздік дайындалып жатқан сала бойынша сол салада жиі пайдаланылатын қазақ сөздік қорын;

  • өндіріс пен шаруашылық салалары бойынша пайдаланылып жүрген шетелдік сөздік қорын;

  • өндіріс пен шаруашылық салалары бойынша пайдаланылып жүрген қазақша аудармалар қорын дайындайды.

Комиссия дайындаған сөздік қорларды, аудармаларды қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясына тапсырып отырады.
Қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясы:

Тіл мамандарынан жасақталған бұл комиссия өздеріне түскен сөздіктерді салыстыру, зерделеу арқылы:



  • зерттеліп, сөздік дайындалып жатқан сала бойынша сол салада жиі пайдаланылатын қазақ сөздік қорын;

  • дайын аудармалардың;

  • аударылуға жататын шетелдік сөздердің;

  • аударылмай пайдаланылатын шетелдік сөздердің сөздік қорларын анықтайды.


Білім министрлігі:

Қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясы қабылдаған құжаттар негізінде:



  • Барлық мектептерде «Қазақша ісқағаздарын жүргізу» атты сабақ кіргізеді. Бұл сабақтарда балалар ісқағаздарын жүргізу мәселесімен қоса «қазақ тілінде аударусыз пайдаланылатын шетел сөздері» таныстырылады.

Кейбір жоғары және орта оқу орындарында «Қазақша ісқағаздарын жүргізу» мамандығы ашылады.

«Қазақша ісқағаздарын жүргізу» атты мектепаралық, ауданаралық жарыстар ұйымдастырылады. Оны облыс және одан да басқа дәрежелерде өткізеді.


Министрліктер мен өндірістік бірлестіктер:

  • Қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясының дайындаған ресми құжаттары негізінде өндіріс және шаруашылық мекемелері «қазақша ісқағаздарын жүргізу» атты қысқаша курстар ұйымдастырады. Министрлікке қарасты оқу орындарында білім министрлігіне жүктелген міндеттер жүктеледі.

  • Қазақ тілін жетілдіру, пайдалану аясын кеңейту комиссиясының дайындаған ресми құжаттары негізінде «Ісқағаздарын жүргізу» атты мекемеаралық, ауданаралық жарыстар ұйымдастырылады. Оны облыс және одан да басқа дәрежелерде өткізеді.


Тіл комитеті:

  • Тіл мәселесіне байланысты соңғы шешімдерді академиялық ғылыми-зерттеу институттары жұмыстарының қорытындыларын пайдалана отырып, жоғары, орта оқу орындарының және орта мектептің жетекші мамандарының пікірлерін есепке ала отырып, керек жағдайда арнайы комиссиялар талқысынан өткізе отырып қабылдайды.


(«Ана тілі», 19.01.06).

____________________

Нәтиже

СОТ ҮКІМІН ОРЫНДАУҒА

«Комсомольская правда-Казахстан» мен

«Известия-Казахстан» басылымдары да

М І Н Д Е Т Т І
«Жоғарғы сот төрағасының назарына» деген айдармен «Ана тілі» газетінің 2005 жылғы 29 желтоқсандағы санында «Евразия» телеарнасы, «Комсомольская правда-Казахстан», «Известия» газеттері заңдарымызға бағынбауға құқылы ма?» деп аталған мақала судьялардың да назарынан тыс қалған жоқ.

Осы мақалада: «Мақсұт Оразай есімді ақсақал сотқа беріп, жеңіп шыққан болатын. «АиФ»-тың (Аргументы и факты – ред.) ... айылын жыйғызған ақсақалдың бұл ісі өзге басылымдарға сабақ болмағанға ұқсайды... «Известия» мен «Комсомольская правда» газеттерінің қосымшалары күні бүгінге дейін Алматыны – Алма-Ата, Жамбылды – Джамбул, Шымкетті – Чимкент деп көпе-көрнеу бұрмалап жазып жүр. ... Оларға заңды орындату үшін жеке-жеке сотқа беру керек пе сонда?» деп көрсетілген екен.

Сот шешімін аталған іс бойынша жауапкер «Аргументы и факты» газеті орындап жатыр.

Ал енді еліміздегі әр түрлі облыс, қала атауларын мемлекеттік тілде қолдану қажеттілігіне келсек, оларды орындатуға тиісті заң актілері және осындай заң актілерін орындататын мемлекеттік органдардың өкілеттіліктері жеткілікті.

Сондай заң актілерінің бірі Қазақстан республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» 1995 жылғы 15 қыркүйектегі Жарлығы болып табылады. Осы Жарлықтың 1-тармағында мемлекеттік тілде «Алматы қаласы», орыс тілінде «город Алматы» деп көрсетілген.

Сонымен қатар «Тіл туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдарды орындатуға прокуратураның өкілеттіктері де жеткілікті. Айталық, Қазақстан республикасы Конституциясының 83-бабының 1-тармағында: «Прокуратура мемлекет атынан республиканың аумағында заңдарды, ... заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады» деген конституциялық норманың өзі прокуратураның пәрменділігін көрсетеді.

Сонымен қатар Қазақстан республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 4 ақпандағы №103 қаулысымен бекітілген Ереженің 10-тармағының жетінші абзацында: «тіл туралы заңнаманы бұзуға кінәлі лауазымды тұлғаларға тәртіптік жазалар шараларын қолдану туралы тиісті органдарға ұсыныстар енгізу» жөніндегі Тіл комитетінің міндеті де бекітілген.

Бұған қоса «Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясы туралы Үкіметтің 1998 жылғы 21 сәуірдегі №368 қаулысымен бекітілген Ереженің 4-тармағында: қала атауларының өзгертілулеріне байланысты ономастика комиссиясының ұсынымдық қызметін жүзеге асыру іс-шаралары да қамтылған.



Қала берді мақалада көрсетілген Алматы қалалық сотының шешімі де сот прецеденті ретінде бағдар бола алады. Осы аталған мәселеге байланысты заңдылықты жүзеге асыру үшін Прокуратура, Тіл комитеті, Мемлекеттік ономастика комиссиясының өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударту қажет деп санаймын.
Құрметпен

Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының төрағасы

Қ.МӘМИ.

(«Ана тілі», 16.02.06).

__________________



Бағдарсөз
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп Конституцияда жаздық. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданды. Ендігі мәселе біздің зиялы қауымның, біздің халқымыздың сол заңдарды іске асыруға атсалысуында. Мен баяғыдан айтып келе жатырмын: осы екі қазақ жеке отырғанда қазақша сөйлесейікші, далада да, үйде де, трамвай, троллейбуста да, демалыста жүргенде де. Үйде отырғанда бала-шағамызбен қазақша сөйлесейікші. Осыдан бастайық.

... Баяғыда мен Қарағандыда обкомның хатшысы болып жүрген кезде Егіндібұлақ ауданында 98 пайыз қазақ болатын да, ауданның военкомы мен тағы бір адам – екеуі ғана өзге ұлттан болатын. Соның өзінде екеуіне баяндаманы орысшаға аударып беріп, бәрін қазақша өткізетінбіз, сол кезде Қарағандының өзінде.


«Егемен Қазақстан», 15.12.00.
* * *
Бес жылдық бастауыш мектептің алғашқы үш жылын тек қазақ тілінде оқыту керек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет