Тіл төҢірегіндегі толғамдар ойлар, толғаныстар, пікірлер, ұсыныстар, іс-тәжірибелер, деректер мен дәйектер Астана қаласы, 2007 жыл тіл төҢірегіндегі толғамдар баспасөз және басқа да басылым беттерінен іріктеп, жинақтаған



бет2/10
Дата25.12.2016
өлшемі1,74 Mb.
#4643
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Қазақ тілінің мұңы

Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбылдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім.

Енді қандаймын?

Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым.

Мен не көрмедім?

Маған әкеліп араб пен парсыны қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты араластырды. Бір күндерде мені мүлдем жоқ қылғысы келгендер де болды. Өліде үшбақы болғыр Абайға өкпем жоқ. Тіріде маған ара түсушілер аз болды. Мен жылы сөзді алдымен айналып кетейін, осы күнгі Ахмет (Байтұрсынұлы – Д.Д.) деген кісіден ғана естідім.

Төңкеріске шейін көрмегенім қалған жоқ. Төңкеріс болмаса, менің һәм – бейшара қазақ менен айырылатын да шығар деп едім.

Төңкеріс болды. Қазақтың көзі ашылды. Қазақтың көзі ашылған соң, менің де күнім туды ғой деп қуанушы едім. Жаны жәндем кеткір миссионерлердің, молдалардың, тілмәштардың қолжаулығы болудан құтылдым ғой деп ойлаушы едім. Оның үстіне қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын деген заң шықты. Төбем көкке төрт елі жетпеді. Бірақ, не керегі бар, босқа қуанған екенмін…

Жанның бәрі теңдік алып жатқан кеңес өкіметінің тұсында менің бұтымды бұт, санымды сан қылып кім көрінген созғылай бастады. Өзгені не қылайын, отаршылдық саясатын қолданбас-ау дейтін білім кеңесі де мені аямады. «Егістік», «сәрсендеме» деген жалаларды әкеп жапты маған. Бұйырмасын, біздің арамызда мұндай атты соғылғандар туғалы болып көрген емес. Не амалың бар? Құдай басқа салған соң көніп отырмыз. Кітаптарында, газеттерінде маған көрсетпеген қорлығы тағы жоқ.

«Қазақыландыру» бір пәлесі шықты да көрген күнім бұрынғыдан да қараң болды. Бірдемені бұтып-шатып жазады да, міне, сені қазақыландырдық дейді. Жақын арада Қазалы дейтін қалада «кәператиб күні» деген бір күн болып, жұрттың бәрі желігіп, көшеге шықты. Ұялғаным-ай, кірерге тесік таба алмадым. Қолдарындағы қызыл туына сондағы жазғаны мынау: «Арзан тауара де дебенге һәм ауылдарға арзан астыт жұмыскерлер кетубі жақсу. Назыққанда амал би лелдік жеккуле-к пл! Жоғарелатуна керек канун есамклдің арзандаыға тауарлерде өсемен жегере уктабр іңқлаб».

Міне, жұртым, Қазалының «қазақыландырғандағысы» осы! Жасаған-ай, мұндай да қазақыландыру болады екен!

Енді қайтемін? Бұл мұңымды кімге айтамын, кімге шағамын!..

Менің ойлап-ойлап тапқаным – Жалау жолдас, сен болдың. Сен нағыз қазақтың белбаласы едің. Сен адырайған адай едің. Сен өкімет басындағы ақсақалымыз едің. Мұңымды мен жалғыз-ақ саған шағамын. Өзге кәмессиялардың көбіне сенбеймін. Олардан да жақсылық көрмедім, орысша жазады да, шала-шарпы тілмәштарына аудартып жанымды шығара жаздайды. «Тасты жапалаққа ұрса да жапалақ өледі, жапалақты тасқа ұрса да жапалақ өледі» дегендей, баз баяғы менің сорым.

Жалаужан, мен саған жалынам, «Ауыл тілін» шығарамын, газетім нағыз ауыл тілімен, таза қазақ тілімен жазылады дегенде ішім елжіреп кетеді. Мұныңа тілектеспін. Жортқанда жолың болсын, жолдасың Маркс, Ленин болсын, сенің не керегіңе мен дайынмын. Бірақ мені қорға, таза сақта, көрінген тілмәштарыңа тағы да қор қылма. Әсіресе, Қазалы сықылдылардың «қазақыландырғанынан» қорға. Азар коменес болып кетсеңде ата-бабаң қазақ еді ғой, мен солардың тілі едім ғой, не жазығым бар, ая мені!



Қошке Кемеңгерұлы:
Мектеп қай тілде болуы керек?

(Айтыс ретінде)
Оқудың негізі – ауыл мектебі. Ол мектепті көздеген мақсатқа жеткізу үшін үйі, құралы, сайманы, кітабы, оқытушысы сай болу керек. Қазіргі ауыл мектебінің төрт түлігі сай деп ешкім айта алмайды. Бірі болса, бірі жоқ. Осы күнде ауыл мектептерінде комплекс (жиынды) әдіспен оқыту программаға кіргендіктен мектепте алдымен керегі оқытушы болып отыр. Оқытушы жеткілікті біліммен комплексті қолданса, мектептің басқа кем-кетіктерін толтырады. Балаларға керекті білім береді. Өйткені комплекске керек жаратылыс, шаруашылық жағдайлары ауылдан табылады.

Ал енді ауыл мектептеріндегі оқытушыларды алсақ, комплекс әдісін жүргізе алатындары некен-саяқ. Жазғы даярлау курстерден, педтехникумдерден шығып жатқан оқытушылар қайда? Қой бағып жүр ме? Курстен шыққан толық білімді пысықшылардың көбі түрлі себептермен басқа орындарда қызметтерде жүр. Ең аяғы милиция болып жүр, не ілгері қарай оқып кетеді. Педтехникум бітіргендері «әке» десең де ауыл мектебіне бармайды. Шаһарлы жерлерде қалады.

Сонымен ауыл мектебіндегі оқушылардың көбі басқа қызметтерге қолы жете алмаған, не жарай алмағандар, не шалғайдағылар, не өз шаруасымен байланыстылар. Бұл соңғы реттегі оқытушылар комплекс әдісін жүргізе алмайды. Көрнекті әдіспен оқытуға оқыту аспаптары, кітаптары басқа жағдайлы шарттары болмайды. Екі әдістің бірі болмаған соң, шала білімді оқытушылар бетімен оқыта береді. Балалар тиісті білімді ала алмайды. Осындай дүмбілез біліммен ауыл мектебінен бітіргендер шаһардағы орта мектептердің даярлау бөлімдеріне түседі. Өткен жылға шейін емтихан болған жоқ. Сондықтан әрбір оқытушы біліміне қарамай, ілгері бөлімге кіретін болды. Әуелде білім жеткіліксіз шала жансар болғандықтан, орта мектепте оқу ауыр болады. Жөнді түсінбейді, жыл сайын түсінбеу молая береді. Сондықтан бұл уақытқа шейін орта мектепті бітірді деген қағаз алушылар көп, бірақ толық білім алушылар аз.

Және бұл уақытқа шейін ауыл мектебін де бітірмей, болар болмас даярланумен орта мектептерге түсіп жүргендер де көп. Енді емтихан шығып отыр. Бұдан былай ауыл мектептерін бітіргендерге өріс бұрынғыдан тарылады. Қағазбен ілгерілей беруге болмайды. Бұдан былай ауыл мектебі жоғарыдағы айтылған күйде болғанда ауыл мектебін бітіргендер орта мектепке түскенде ілгері бөлімге түсе алмайды. Ауыл мектебінде соңғы жылда оқылуға тиісті сабақтарды бір жыл қайталап оқиды. Олай болса, ауыл мектебінің соңғы жылына шығарылған шығын желге кеткен шығын деп есептеу керек. Әзір ауыл мектептерінде жеткілікті комплекс әдісін жүргізерлік оқытушыларды таба алмайтын болсақ, ауыл мектебінде оқу екі жылдық болу керек. Осыған қарап орта мектептердің неше жылдық болуын шешу керек. Мұны шешпестен бұрын орта мектептерде оқу қай тілде болу керектігін шешу керек. Кейбір жолдастар орыс тілінде болсын дейді. Ондағы дәлелдері:

1) Қазақ тіліндегі орта мектепті бітіргендер орыс тіліндегі жоғары мектептерге түсе алмайды.

2) Жеткілікті қазақша оқытушы жоқ.

3) Орта мектепте жеткілікті қазақша кітап жоқ дейді.

Әр дәлелдің салмағын өлшеп көрейік. Бірінші дәлелді бетке ұстайтындар: осы уақытқа шейін жарым-жарты қазақ тілінде болып келген педтехникумдерді, институттерді мысалға алады. Бұларды бітіргендердің орыс тіліндегі жоғары мектептерге түсе алмайтындықтарын көрсетеді.

Бұл уақытқа шейін орта мектептегі қазақ оқытушыларының кемшіліктері: 1) әуелде жеткіліксіз біліммен секірулері; 2) орыс тіліне шалағайлықтары. Бұған себеп орыс тілінің қазақ балаларына орыстарға арналған әдіспен оқытылуы. Сондықтан орыс тілінде оқытылатын басқа пәндерге де қазақ балалары түсінбейтін. Бұл кемшіліктерді жоюға болады. Ең мықты дәлел: жеткілікті оқушы жоқ деген. Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса, бізден еш уақытта жеткілікті оқушы шықпайды. Ұлт мектептері, ұлт мәдениеті болмайды. Және басқа түрік ұлттары орта мектебін өз тілінде жүргізіп жатқанда қазақтың өз алдына ауа жайылуы қисынсыз. Орта мектеп орыс тілінде жүрсе, қазақ тілінде кітап басылудың қажеті болмай қалады. Пән кітаптары қазақ тіліне аударылмайды. Жеткілікті кітап жоқ деген күшті дәлел емес. Бірсыпыра кітап шығып қалды. Орта мектепте қолданылатын лабораторный әдіске қолайлы кітаптарды шығару бір-ақ жылдық жұмыс. Орта мектепте оқу қазақ тілінде болса, алдымен керегі – жаңа түрмен орыс грамматикасын қазақшаға үйлестіру және «Орысша-қазақша толық тілмаш» шығару. Осы күнде орыстарда неміс, ағылшын тілдері қандай әдіспен оқытылса, бізде де орыс тілі сондай әдіспен оқытылу керек. Орыс тілін оқытуды бастамастан бұрын орыс тіліндегі әдебиет, пән кітаптарын түсініп оқырлық дәрежеге жеткізу, болмаса орысша сөйлеу, орысша сөз, сөйлеммен дұрыс құрастыру, көбінесе, тәжірибемен болады. Орта мектепте қазақша тиісті пәндерден толық мағлұмат алғандар, орыс тілін толық үйренгендер орыс тіліндегі жоғары мектептерге даусыз түсе алады. Жалғыз-ақ орыс тіліндегі пән кітаптарының терминдерін бір шолып өтсе болады. Әзірге ашылып отырған, ашылатын орта мектептерді қазақ тілімен жүргізу үшін орта, жоғары мағлұматы барлардан реттілерін таңдап алып оқыту әдісін үйрету үшін үш айлық курс ашып, орыстың атақты оқытушыларын шақырып отыру керек.

Енді бір бес жылда орта мектептерге жеткілікті оқытушылар шығарғанмен табылмайды деп, үміт кесетіндер басым болса, тәжірибе үшін Тәшкент пен Қызылордадан екі орта мектеп ашып, бірыңғай өтуді қазақ тілінде жүргізу керек. Орта мектеп қазақ тілінде болса, жоғары мектеп те бара-бара қазақшаға айналады. Орта мектеп қазақ тілінде болған күнде округтік қалада ашылатын 2-басқыш мектеп те, педтехникум де жеті жылдық болу керек. Екеуінің де алғашқы үш жылы даярлау болады. Даярлауышқа ауыл мектебін бітіргендер кіреді. Үш жылдық даярлауышта жаңа әдіспен орыс тілін көбірек оқыту керек. Осы даярлауышты бітіргендердің 50 процентін техникумдерге, рабфактарға жіберіп отыру керек. 3 жылдық даярлауышты жақсы бітіргендер техникум, рабфакке кіріп, орыс тілінде берілетін сабақтарды тыңдауға әбден жарайды. Әр ауданда жатақты (интернат) 5 жылдық үлгілі мектеп болу керек. Осы күнде мұндай мектеп Өзбекстанда ашылғалы жатыр. Мұны бітіргендер орта мектептің негізгі бөліміне түсетін болсын. Енді ауыл мектептері көпшілікке отырықшылыққа қарай үйлес болу керек.


«Еңбекші қазақ» газеті,

1 ақпан, 1927 ж.

Бейімбет Майлин
Мұсадан хат келді
Мұса – орысша оқыған жігіт. Өзгерістен бері қызметке кірмей елде жүрсе де, губернелік қазақ кемесиесі шақыртып алып, жұмысқа қосқан. Мұса губернеде қызметте.

Мұсаның үйі, елі екі-үш айдан бері көрмей, Мұсаны сағынып жүрген. Бір күні Мұсадан хат келді.

- Мұсадан хат келді! – деп балалар жүгіріп жүріп, бүкіл ауылды хабарландырып болды. «Қадірлі баланың» хатын оқып, хабарын білгелі кемпір-шалдар бүкшеңдеп, қатын-балаға шейін қалмай жиылды.

Хат қазақша жазылған. Мұсаның әкесі Байғабыл хат танитындығы бар, хатты оқи бастады. Хаттың сөзі мынау: «Ассалаумағалейкум, әке! Әжеме сәлем! Ауыл, көршіге де дұғай-дұғай сәлем дерсіз! Ең басында айтар сөзіміз үшбу дүр: қызметке кірдім. Айлық жалуыниам 90 сом. Күніне 8 сағат занимайтса етем. Қаланың бір удобны жерінен – тсентрден куәртир алдым».

Байғабыл отағасы соңғы сөздерге түсіне алмай, азырақ мүдірді. Жанындағы қатыны төніңкіреп:

- Бапасы-ау, немене қылдым деп айтады дейсің? – деп қарай қалды. Байғабыл тағы оқуға кірісті: «Риуәлиутсиеден бері күләткісі елементтер жабысумен келеді уылысқа. На дынах басталады переуибұр. Сондықтан бұл переуибұрда күләтскі елементтер местіні уылыстан керек қуылуы». Байғабыл хаттың осы жеріне шейін сүрініп-қабынып зорға жетті. Не дегеніне оқушы Байғабыл да, тыңдаушы жұрт та түсіне алмады.

- Мұсажан «денім сау» деп пе? – деп бір кемпірлеу әйел Мұсаның шешесіне қарады. Байғабыл басын қасыды.

- Күнде өзгеріп жатқан заман ғой, балалар заманның ағымына түсіп, тіл тауып алғанын көрмейсің бе? Біз шалдар жастардың жаңа тіліне қайдан түсіне алайық, - деп Байғабыл отағасы күрсінді.

- Жаңа тілімен бізге жазбай-ақ қойса қайтеді екен, бізге осы қазақтың ескі тілі-ақ түсінікті, - деді отағасы.

Мұсаның хаты сағатында бүкіл ауылды ойпаң-тойпаң қылды.

- Мұсадан хат келді.

- Аман ба екен?

- Аман көрінеді. Хатына түсінген жан жоқ, жаңа тіл тауып алыпты.

- Жаңа тіл? Қазақ тілін қайтеміз?


«Ауыл»,

1924 ж. 18 қазан.
Олай емес «казахский язык!»
Қазақ ұлты – Кеңестер Одағындағы тең құқықты ұлттың бірі. Қазақ тілі де тең құқықты тіл. Бұрын қазақ тілін елемейтіндер, қазақ тілімен сөйлеуді ар көретіндер, осы күні тілі жаңа шығып келе жатқан баладай, балдыр-бұлдыр сөйлейтін болып жүр. «Так сказать», «ызыначитті» түйдектетіп соғып, өзінше қазақтың алты ай мінсе арымайтын төл сөзіне ие болдым деп жүр.

«Ғыйбадатты тіліңмен емес, көңіліңмен істе!» деп баяғыда молдалар өсиетін айтатын. Сол айтқандай, біз олардың тілінің бұдырын жаба тоқып, ниетіне риза боламыз.

- Бәрекелде! Қазақ тілі соққы көрген тілдің бірі еді. Ниетіңе ризамыз. Осы беттеріңмен жүре берсеңіздер, әлі-ақ жөндігіп кетерсіңдер. Тілі жаңа шығып келе жатқан жас балаларыңа орысша сөйлетуді әуес көрмей, қазақша үйрететін де күндерің болар. Қазақ тілін жүзеге асырыс! Кеңсе жұмысын қазақша жүргізіп, ел еңбекшілерінің мүддесіне дәл келтір, - дейміз.

Көпшіліктің де айтары осы; партия да, үкімет те осыны айтады. Қазақ тілін кеңсе тілі қылу туралы – үкімет толып жатқан шара қолданды.

Соның арқасында тілек орындалып келеді. Ауылдық, болыстық кеңестердің жұмысы таза қазақша жүретін болды. Уездік мекемелер де қазақ болыстарына бұйрық-жарлықтарын қазақ тілдерінде жіберетін болды. Қазақша жаза-сыза білген адамдар кеңсе жұмысына алынатын болады.

Бұл – қазақ тілін жүзеге асыру жөніндегі жұмысымыздың көрнекті жағы.

Ойлаған мақсат мөйнетінде, сағатында орындала қойса, социалдық тұрмысты бір күнде құрып алмаймыз ба? Ілгері басқан аяқ кері тартылмаса, әлдеқашан бел асып кетпекшіміз ғой.

Бірақ біз әлі күнгі бірен-саран кеселден арылып кеткен жоқпыз. Ілгері баса берсек, аяқтан шалып қалып, кейін қарай бір тұжырып тастайды. Дөңгелекке оралған томарды жұлып тастап, күшті мүдіртпей созумен бара жатырмыз. Бет түзу, қорған бекем, ұлы күн анау-мынау кедергіні елей қоймас деген үміт бар.

Мен сөзімді қазақ тілі туралы бастап едім. Енді соныма қайтып оралайын.

«Келінім, саған айтамын, қызым, сен тыңда» дегендей, қазақ тілін жүзеге асыру туралы орындарда ұшыраған кейбір кедергілерді көш жолынан домалатып алып тастап, мынау естеріңде болсын демекшімін.

Қызылорда – Қазақстан үкіметінің астанасы. Сырдария губерниясы астананың қолтығында отырған губерне. Астанадан шыққан бұйрық-жарлық Сырдарияға алдымен тиеді. Астанамен сан-сапалақ араласып жатқан соң, үкіметтің қай жұмысы туралы болса да, басқа губернелерге қарағанда, Сырдария алда отыруы керек. Бұған мен өзім таласпаймын. Басқалар да таласпас деп ойлаймын. Бірақ Сырдарияның губернелік әкімшілік бөлімі осыған таласады деген өсек бар. «Жел болмаса, шөп басы қозғалмайды», өсектің тарауы үшін де тиянақ керек. Осы тиянақ – губернелік әкімшілік бөліміндегі хатшылық қызметін атқаратын Кеселов табарышта білем. Тілшілердің жазуына қарағанда, Кеселовта бас асаулық бар тәрізді. Кеселов табарыш әлі күнгі «қазақ тілі» деген сөзге аузын алдырмаған секілді. Қазақ тілін:

- Қазақский язык! – деп миығынан күледі білем.

Болыстық кеңселерден қазақша жазылған қағаз келсе, Кеселов «қазақский языкке» өшіккендігі сондай, бүктеп-бүктеп үстелінің қуысына тыға салады дейді. Қандай қағаздарды тықты екен? Тұқым, көлік сұраған кедейлердің арызы жоқ па екен? Бүктеліп жатқан қағаздарды ашып тұрып көрер ме еді?! Әттең дүние-ай, көріп бір құмардан шыға алмаймыз-ау!

Сырдарияның губернелік партия, кеңес комитеттері бұл істі аяқсыз қалдырмас қой. Кеселов табарыштың бас асаулығы рас болса, тиісті заң бойынша жауапқа тартар. Мұны істейтіндігіне шегіміз жоқ. Біздің мұнда, әңгіме қозғап отырған себебіміз – тілші хатының шындығына жету. Уақиғаның болуы рас болса, заң бойынша жазасын тартқандығын әлемге жариялап Кеселов сияқты «табарыштарға» өнеге есебінде ұсыну.

Сәтбек деген кісі бір келініне: «Келін шырағым, мұрныңды сүрт, өне бойы Сәтбек жаныңда тұрмас!», - деген екен. Сол айтқандай-ақ мекеме басында отырған жауапты қызметкерлерге:

- Өне бойы біздің түртулерімізді күтпей, өздерің де бақылап отырсаңдаршы! – демекшіміз.

Еңбекшілер жұртшылығы талай қисықтарды тезіне салып, мүсіндей қылып түзетпекші. Бұл талассыз. Құрық алып кететін асау жоқ. Аяқ астында отырып, пыш-пыштап, жұмысқа кеселін тигізіп, отаршылдық саясатының исін аңқытатын болса, ондайды ұластырмай қырқып тастау керек. Жаңа жұртшылық ұлтшылдықпен де, отаршылдықпен де қатар күреседі. Мұны ұмытатын жөн жоқ.
Перевод
Кеңсе бас сайын отырған қазақтың қайқы танау баласы. Қолына қаламын алып, қиратып тастайын деп отырған адам секілді. Сырттан адам келсе, қоқырайып ірілік қылудан да тайынбайды. Ептеп маңайына жақындап, оны-мұны сөз қыла бастасаң, ол алдымен, өзінің мұңын айта бастайды.

- Пәленше де, түгенше де жауапты орынды алып отыр. Солардың бізден несі артық? – деп өзінің «төрелігінің» маңызды еместігін әлдекімнен көргісі келген тәрізденеді. Кейде бұл мұңын орыс жолдастарына да айтып қояды. Оларға қарағанда өзінің екі тілді бірдей білетіндігіне мақтанып, жазаласа, жікшілдіктің ылаңынан алакөздікке ұшырап отырмын. Әйтпесе... деп кемесерлікке бой ұрудан да тайынбайды. Жік басы болған азаматтардың кейбіреулері өткен қатасын мойнына алып, партия жолына түстім деп бетін ашса, әлгіндейлердің асқынғандары «Мен де тәуба қылдым» деп дос-жарларына хат жазып жариялайды. Жазаласа, газет басқармаларына тәуба қылғандығын білдіріп, «Осынымды бассаңыз екен!» деп өтініш те қылады...

Мен кеңседе отырған қазақ балаларын жалпы алып отырғаным жоқ. «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, әлі келетін іске жармасып отырғандарға ешкімнің де сөзі болмаса керек.

Сөзімді «переводтан» бастап едім, енді сонымды аяқтаймын. Жоғарғыларды қазбалап жатқаным, менің жазып отырған «переводым» соларға байланысты, өйткені қазір де кеңсенің ісі қазақыланып келеді. Жергілікті мекемелерге жіберілетін бұйрықтар – жолдастар, елге таратылатын үгіт-нұсқау қағаздары екі тілде бірдей дайындалады. Орысшасын орыс азаматтары дайындайды ғой, ал қазақшалауға келгенде, кеңседе отырған әлгі қазаққа кезек келеді.

- Жолдас мынаны қазақшаға айналдыра қойыңыз!

Өзі қазақ баласы. Өзі қызметін менсінбей жоғарыға көз салып отырған адам, «қазақшалай алмаймын» деп тіріде айтар ма, қаламды ала салады да, тиіседі.

- Қазақшаға аудардыңыз ба?

- Аудардым.

- Маладец.

Кеңсе бастығы өзінен жоғарғы орынға ісінен есеп бергенде:

- Бір қағаз да аудартпай жібертпеймін. Қазақша іс жүргізу жөніндегі план «ұсто пұренсент» орындалды, - дейді...

Кеңселердің қазақша жазған қағазын көруге құмарланушы едім. Іздестіре келе біразы қолға түсті. Оқушылар жалықпаса бірнешеуін алдарына тартайын деп отырмын.

Қазалы жер бөлімінің қызметкері Пошекансов дегенді жамандап бір тілші газетке жазыпты. Айыпталған адамының қарсы жазатын әдеті ғой. Пошекансов орысша мақала жазып, сондағы қазақ қызметкерінің біреуіне жалынады:

- Жолдас мынаны қазақшалап беріңізші!

Пошекансов орысшасын:

- «С 17-го по 19 марта я был служебным делам на село - Тюбе», - деп бастайды. Мұны қазақ азаматы: «17-ден 19 мартқа дейін мен болдым қызмет бабында...», - деп қазақша жаза жөнеледі.

Бұл – сыпайы азаматтардың аудармасының бір түрі. Қызылорда уезінде шаруа күнін өткізу үшін уездік кемесие елге бір жапырақ қағаз таратыпты. Орысшасы менің қолыма түспеді, қазақшасы былай басталады:

«Қара шаруалар әм диқан шаруалар кеңес үкіметі – жалпы диқандардың үкіметі. Сонымен қатар сендердің жақсы тұруларың күні-түні жол ............................. саяси һәм шаруашылық жақтарының алға басуына жәрдем беруге тырысады, сендер үшін сауатсыздық жою мектебі һәм ауылдық мәдениет қазанының қайнауы жол ашады...».

Бұл – екінші түрі.

Енді үшінші түріне көшейік.

Ақмоланың губернелік аткомының қаулысы. №35.

«Слушали:

16-Ходатайство Губзу о разрешении найма рабочей силы для землеустроительных работ, в случаях отказа населения и представить таковой.

Постановили:

При подтвержденных документальными данными отказах населения в предоставлении дополнительной рабочей силы для выполнения. Землеустроительный работ, разрешить Губзу производить наем с последовательным взысканием стоимости этих работ с населения в бесспорном порядке».

Бұл – қаулының орысшасы. Осыны қазақ қызметкерлерінің біреуі былай аударған:

«Тыңдалды.

16-жұмыскерлерге жер мен пайдалану туралы губернелік жер бөлімінің ынта салмауы жерге орналастыру үшін.

Қаулы қылынды:

Сенімдеуге осы жұмыскерлерді жерге орналастыру туралы ынта салмағандығы көрінеді және жұмыскерлерді есіне алмағандығы көрініп отыр. Соның үшін бұл жұмысқа саа ында салып, жұмыскерлерді жерге орналастыруға аса ынта салуға...»

Бұл – қаулының түпнұсқадан бұрыс көшірілгендігіне хатшысы Гуменов қол қойып, болыстарға таратып та үлгерген. Басқа болыстардың не қылып жатқанын өзі білсін, ортақшылар болыстық аткомінде отырған азаматтар қаулыны ары-бері аударыстарған да, ешнәрсе түсіне алмаған соң басқармаға жіберген.

Мінеки, перевод! «Орысша мен қазақшаның екеуіне де құдаймын» деп төсін ұратындардың переводы, міне, осы! Мұның аты бөрік аламын деп бас алған, қас түзеймін деп көз шығарған болды. Қолынан келмейтін жұмысқа жармасып, істі былықтырған болады.

Қазақстанда қазіргі күрделі жұмыстың бірі – қоныстандыру жұмысы. Қоныстандыру жұмысының көңілдегідей болып орындалуы үшін елге тараған бұйрық-жарлықтың ашық, анық жазылуы керек. Жоғарғы бұйрықтан ел не түсінбекші? Губернелік атком қоныстандыру жұмысын орындауға керекті жұмыскерлерді жалдап алуға қаулы шығарса, аудармашы оны екіншіге бұрып, жұмыскерлерді қоныстандыру деп түсіндіріп отыр. Мұны оқыған қазақ өкіметке өкпелемей ме?

- Жұмыскер дей бергенше, бізді де ескерсе қайтеді, - демей ме?!

Ел ойыншық емес. Елді мазақ қылмау керек. Қолынан келмесе, білетінге беру керек. Әйтпесе, мынадай «перевод» - масқарашылық. Бүйтіп мекемені қазақыландыра алмаймыз.

Кеңес басындағы жауапты азаматтар да, құр жоғарыдан қарай бермей, «переводқа» көзінің қырын салып барып, қол қойғаны жөн.


1928 ж.

(«Сойқанды содырлар» кітабынан).

________________________





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет