ТІЛДІК ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ Тілдік қатынастың дыбыс арқылы айтылуы және әріп арқылы таңбалануы лингвистикада ауызша және жазбаша тілдік қатынастар деп те айтылады. Осы тұрғыдан келгенде, тілдік қатынасты дыбыстық және графикалық таңбалардың әмбебап жүйесі деп танысақ, онда тілдің таңбалар жүйесі тілдік қатынастың ауызша түрі, болып табылады. Тілдік таңбалар жазылу арқылы көзге көрінеді, ал дыбысталуы /немесе айтылуы/ арқылы естіледі. Бұл екеуі де тілдік қатынастың жүзеге асуы үшін қызмет етеді.
Кейбір әдебиеттерде тіптен буын, негіз, абзац /жаңа жол/, контекст, дауыс ырғағы да тілдік тұлғалар деп саналады.
Әр автор әр түрлі белгіге сүйенеді және мәселені нақтылы шешуден гөрі түсініксіздік басым.
Осындай қарама-қайшылықтар болғанымен, көптеген тілшілер тілдік тұлғаларға фонеманы, морфеманы, сөзді, сөз тіркесін, сөйлемді жатқызатындығын ашып айту керек. Тілдік тұлға жөніндегі нақтылы ойларды мына авторлардардан оқып білуге болады: Қ.Аханов, Т:Қордабаев, С.Исаев, Ә.Болғанбаев, Ғ.Мұсабаев, А.И.Смирницкий, В.М.Солнцев, Э.Бенвенист, А.И.Моисеев, А.Реформатский, Р.А.Будагов, М.М.Копыленко, т.б.
Жалпы фонема да, морфема да, сөз де, тіркес те, сөйлем де тілдің құрылымдық бөлшектері болып табылады. Себебі, осы аталған тұлғалардың біреуі өз орнында тұрмаса немесе мүлде болмай қалса, тіл өз мақсатына жете алмайды. Сондықтан адамзат тілі өз қызметін атқару үшін әр тұлғаның өзіндік маңызы бар. Мөселе осы тұлғалардың қайсысы қандай дәрежеде қолданылуына байланысты. Рас, сөз барлық тілдік тұлғалардың кіндігі тәрізді, оған тілге қатысты қасиеттердің көпшілігі тән.
Бірақ сөз жеке тұрып тіл бола алмайды және адам ойын жеткізе алмайды. Әсіресе қазақ тілінде және басқа жалғамалы тілдерде сөз жеке түрып түсінісу құралы бола алмайды. Ол басқа сөздермен морфемалық байланысқа түсу арқылы сөз тіркесі мен сөйлемнің құрамында белгілі бір ойды білдіреді:
Мысалы: «Бағың өскенше, тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң — өзің ғана тілейсің» /Абай/.
Осы сөйлем құрамындағы бір ғана «тілеу» сөзін алып қарастырсақ, ол әр түрлі сөздермен әр түрлі грамматикалық байланысқа түсу арқылы нақтылы ойды білідреді және сөйлем құрамында қолданылады.
Ю.В.Фоменко барлық единицалардың жасалуына сөз негіз болады деп, соны басты өлшемдердің бірі деп санаса, сөздің жасалуына басқа тұлғалар /мысалы, дыбыс, фонема, морфема/ да әсер етеді. Мәселен: «Өнерпаз болсаң арқалан» деген сөйлемді алсақ, осындағы «өнерпаз» сөзі «паз» қосымша морфемасының қосылуы нәтижесінде жаңа мағынаны білдіріп, ол жаңадан сөз жасауға себепкер болып тұр.
Тілдік қатынасқа қатысты тұлғалар ғылыми түрде сөз болмағанымен, қазақ тілін оқыту, үйрету процесінде қолданылып, барлық сабақ жүйелерінде, кітаптарда кездесіп отырады. Жалпы лингвистика тарихында кейбір тілшілер қатысымдық тұлғаларға сөзді, сөйлемді жатқызса, кейбір ғалымдар тексті жатқызады. /Кандинский Б., Кухаренко В., Наер В./.
Тілдік тұлға мен қатысымдық тұлға туралы мәселе тілдің тұлғалары мен сөйлеудің алғы шарттарын ажыратып алудан басталуы қажет. Қатысымдық тұлға тілдік тұлғаларға қатысты болғанымен, онымен бірдей емес. Ол тілдің жеке бөлшектерден гөрі, сол тілдің тұтас қарым-қатынастық ролімен тікелей байланысты ерекшеліктерді: белгілі бір ойды тиянақты жеткізу, оған жауап алу, сөйлеу, сөзді қабылдау, оған мән беру, әр түрлі экспрессивтік-эмоциональдық күйді таныту т.б. — сол сияқтыларды қамтиды. Демек, коммуникативтік тұлғаның жұмысы жалпы сөйлеу процесімен тікелей байланысты.
Тілдік тұлға мен қатысымдық тұлғаға қатысты В.Л.Наердің пікірі мүлде өзгеше. В.Л.Наер бірде-бір тілдік тұлға қатысымдық тұлға бола алмайды, өйткені олар өзара байланысты болғанымен, әр бөлек құбылыстар дейді: «коммникативным единицам нет места среди системных единиц языка. И наоборот. Эти единицы разноплановые, хотя и тесно взаймосвязанные».
В.Л.Наердың тілдік тұлғалар қатысымдық тұлға бола алмайды деген көзқарасын қуаттау қиын. Оның үстіне хабар, ақпарат /информация/ тек бір нәрсені білдіреді деп кесіп айту да біржақты.
Достарыңызбен бөлісу: |