Дем алғанда ағза мен сыртқы орта газдармен алмасады, ішке оттегі кіріп, сыртқа көмірқышқыл газы айдалып тұрады. Бұл процесс кеуде қуысында орналасқан өкпенің альвеоларында (лат. – ойма қуыс, науа) жүреді. Тыныс алу кезінде өкпені атмосфермалық ауамен және одан газбен қаныққан ауаны тасымалдау тыныс алу жолдары арқылы жасалады. Дем алу және дем шығару қан айналым жүйесі арқылы ағзаның барлық мүшелеріне әсер етеді.
Ересек адам қалыпты күйінде дем алғанда өкпеге 300-500 мл ауа кіреді және бір минутта 16-18 тыныс алу қозғалыстарын жасап, өкпесінен 6-7 литр ауа өткізеді. Ауаның мөлшері адамның салмағына және бойына байланысты, бойы ұзын және салмақты болса, соғұрлым көп ауа өтеді. Ересек адамға қарағанда балаға ауа көбірек қажет. 2-3 жастағы баланың өкпесі арқылы 5-6 л., кейде 7 л. Ауа өтеді, бұл баланың дем алу ерекшелігіне жатады, сондықтан баланың денесінен бу ретінде су көптеп шығып, тершең болады.
Тыныс алу мүшелерінің құрылысы
1 – мұрын қуысы; 2 – жұтқыншақ; 3 – көмекей қақпақшасы (бөбешігі); 4 – көмекей; 5 – кеңірдек; 6 – оң жақ өкпе; 7 – бронхылар; 8 – сол жақ өкпе; 9 – кеңірдектің жартылай шеміршекті сақиналары; 10 – көкет
Тыныс алудың маңызы
Тыныс алу жүйесі өте маңызды –газ алмасу қызметін атқарады, ал газ алмасусыз тіршіліқ ету мүмкін емес. Организм мен сыртқы орта арасында оттектің еніп, көмірқышқыл газының шығарылуымен байланысты жүретін газ алмасу процесі тыныс алу деп аталады. Оттек органикалық заттарды тотықтыруға және ыдыратуға қажет, осы кезде энергия бөлініп, көмірқышқыл газы мен су түзіледі. Босап шыққан энергия организмнің тіршілік әрекетінің барлық процестеріне жұмсалады. Оттектің ұлпаға еніп, көмірқышқыл газының шығарылуы қан арқылы қамтамасыз етіледі. Қан мен атмосфералық ауа арасындағы газ алмасу тыныс алу мүшелерінде жүреді.