2 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ КОДЕКСІ БОЙЫНША ҚАЖЕТТІ ҚОРҒАНУ ЗАҢДЫЛЫҒЫНЫҢ ШАРТТАРЫ МЕН ШЕГІНЕН ШЫҒУЫ
2.1 Қажетті қорғанудың заңды болу шарттары
Қылмыстық құқық теориясы мен сот тәжірибесінде қажетті қорғануды заңды деп тануы үшін белгілі бір анықталған шарттардың сақталуы қажет. Егер оның бір шартының сақталмауы қажетті қорғанудың қоғамға пайдалы әрекет ретінде танылмай, қылмыстық жауаптылығына әкеп соқтырады.
Қажетті қорғануды қолданудың заңды болу шарты – қорғану қол сұғушылық нақты бар болғанда ғана қолданылады. Қол сұғушылықтың объективтік категория ретінде басталуы мен аяқталуы болады. Нақты төніп тұрған қол сұғушылық деп заң қорғайтын объектке зиян келтіруге кірісуді басталғалы жатқан немесе кіріскен әрекетті айтамыз. Яғни қол сұғушылықтың кірісуі деп қоғамға қауіпті іс-әрекеттің басталған уақытын айтамыз. Қасақана қылмыстар үшін қол сұғушылықтың бастамасы болып қылмыс істеуге оқталғандық айтылады. Ал қол сұғушылықтың аяқталғаны болып іс-әрекеттің нақты біткен, шын мәнінде оның доғарылған уақыты саналады. Қол сұғушылық алға қойған мақсатқа жетуге немесе одан өз еркімен бас тартуға байланысты доғарылуы мүмкін. Егер қол сұғушылық бітіп кетсе, оған қарсы қажетті қорғануды қолдануға болмайды. Өйткені, қажетті қорғанудың басты мақсаты – болатын, орын алатын зиянды тойтаруға, оны болғызбауға бағытталған. Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты өзінің 1994-жылғы 23-желтоқсандағы «Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қарсы әреекттер үшін жауапкершілікті реттейтін заңдарды соттардың қолдануы туралы» қаулысында қажетті қорғану құқығы тек қоғамға қауіпті қол сұғушылық сәтінде ғана емес, шабуыл жасау қаупі анық төнген кезде қолданылатынын көрсеткен. Яғни қажетті қорғануды нақты қауіп төніп тұрған қол сұғушылыққа ғана қолданады. Нақты төніп тұрған қаупі біткен қылмысқа оны қолдануға болмайды. Осыған орай кейде қажетті қорғануды қолданушы қылмыстың біткенін немесе бітпегенін ажырата алмаудан қолдану жағдайлары да кездесуі мүмкін. Жоғарыда аталған Жоғарғы сот Пленумының қаулысының 21-тармағына сәйкес мұндай реттерде «шабуыл аяқталғаннан кейін, бірақ істің мән-жайларына сәйкес қорғанушы үшін оның бітіп қалуының түсініксіз жағдайына сәйкес қылмыстың біткен немесе бітпегенін ажырата алмай біткен қылмысты бітпеген қылмыс деп ұғынып, қажетті қорғануды қолданса, ол әрекеттерді қажетті қорғануға жатқызу керек» делінген. Егер қорғанушы қауіптің біткенін біле тұра қажетті қорғануды қолданса, ондай әрекет қажетті қорғану шегінен шығу деп есептелінеді. Қауіпті емес әрекетті оның қауіпті екенін білугі мүмкіндігі болмай шынымен қауіпті іс деп санап, қажетті қорғану қолданылса, ол үшін қажетті қорғануды қолданушы жауапкершілікке жатпайды.
Қорғануға байланысты қажетті қорғануды қолданудың заңға сыйымдылық шарттары. Бірінші шарт. Қорғану заңда тура атап көрсетілгендей, тек әрекет күйінде жүзеге асырылады. Әрекетсіздік өмірге, денсаулыққа, меншікке зиян келтірмейді, сондықтан да ондай қиянатқа тойтарыс берілмейді. Мазмұны жөнінен әрекет дене немесе мүліктік зиян келтіруден құралады. Денеге келтірілген зиян адам өмірін жоюға, дене жарақатын келтіруге де байланысты болуы мүмкін. Мысалы, С. деген адам маскүнемдіктің әсерінен үйде пышақпен пияз турап отырған К. деген әйелін сабап қана қоймай, оның мойнын бұрап, тұншықтырып далаға қарай сүйреген. К. өзін-өзі қорғау мақсатымен қолындағы пышақты күйеуіне қарсы жұмсауға мәжбүр болған, нәтижесінде күйеуі ауыр жарақат алып, ауруханада қайтыс болған. К-нің жағдайын сот қажетті қорғану жағдайында істеген әрекет деп тапқан.
Жолда келе жатқан Ж. деген азаматты М. деген адам шалып құлатып, қолындағы темір балғамен жанды жерінен ұрғылай берген. Ж. М-ден қорғану мақсатымен өзі құлаған жерден қолына түскен таспен қиянат келтірушінің басынан ұрып, оған ауыр дене жарақатын келтірген. Ж-нің әрекеті қажетті қорғану халінде істелген әрекет деп танылған. Қажетті қорғану халінде қиянат келтірушіге оның мүлкін жою, бүлдіру, қирату арқылы да зиян келтірілуі мүмкін.
Екінші шарт. Қорғанушы зиянды қиянат келтірушінің өзіне тікелей (басқаға емес) келтіреді. Өйткені қажетті қорғанудың негізгі қажетті қорғануды тудыратын қиянат келтірушінің өзі ғана болады. Ондай болса қажетті қорғану сол қиянат келтірушінің өзіне тікелей қарсы қолданылады. Мұндай қиянат келтірушіге келген зиян мөлшері, түрі әрқалай болуы мүмкін: қиянат келтірушіні өлтіру, денесіне әртүрлі жарақат салу, оның мүлкін жою. Осыған байланысты заң күні бұрын қиянат келтірушіге келтірілетін зиянға ешқандай шек қоймайды.
Үшінші шарт. Қиянат келтірушіліктен дер кезінде қорғану керек. Қоғамға қауіпті іс-әрекеттің басталу уақыты мен оның аяқталғанға дейінгі аралығындағы қиянат келтірушіліктен қорғануды жүзеге асыру дер кезінде қолданылған қажетті қорғану болып табылады. Қол сұғушылық аяқталған соң да қорғанудың әрекеттерін әрі қарай жалғастыру кешіккен қорғану деп танылады, мұндай іс-әрекеттер қылмыс қатарына жатқызылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты Пленумының 1994-жылғы 23-желтоқсандағы № 7 қаулысының 24-тармағында «егер зиян қол сұғушылықты тоқтатқаннан кейін немесе ол біткеннен кейін жасалып, қорғану құралының қажеттілігі жоқтығы айқын болса және оған қорғанушының көзі жетіп тұрса, ол қажетті қорғану жағдайында болды деп танылмайды. Мұндай жағдайда жасаған әрекеті үшін жауаптылық жалпы негіздерде қарастырылады» делінген.
Төртінші шарт. Қарсы іс-әрекеттің мақсатынан құралады. Ол қоғамдық қатынастарды оған қоғамдық зиянды зардаптар келтіруден қорғау болып табылады. Бұл туралы заңда қорғанушының немесе басқа адамның жеке басының құқығын, тұрғын үйді, жеке меншікті, жер учаскесін, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қоғамға қауіпті қастандықтан қорғау деп жалпылама анықталған [15, 105 б].
Қажетті қорғанудың заңды болу шарттары үлкен екі топқа бөлінеді:
1) қол сұғушылыққа қатысты қажетті қорғану заңдылығының шарттары;
2) қорғануға қатысты қажетті қорғану заңдылығының шарттары.
Қол сұғушылықтың сипатына қатысты қажетті қорғанудың заңға сыйымдылық шарттары: қоғамға қауіпті болу керек, қол сұғушылықтың нақты бар болуы, қоғамға қауіпті қол сұғу айқын, шын мәнінде жасалуы керек.
Қол сұғушылық қоғамға қауіпті болу керек, яғни қиянат арқылы заң қорғайтын мүдделерге тікелей зиян келтіретін немесе зиян келтіру қаупін тудыратын жағдайда қажетті қорғануды қолдануға болады. Қоғамға қауіпті қол сұғушылық жоқ болса, қажетті қорғану да жоқ. Қажетті қорғану барысында қорғалатын мүдделер әр түрлі әлеуметтік құндылықтарға ие, бірақ азамат қандай мүдделерді қорғамасын, мейлі ол өзінің жеке басын, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді болсын өзінің денсаулығымен және өмірімен жауап береді. Сондықтан да мемлекет қол сұғушының өмірі мен денсаулығынан гөрі қорғанушының өмірі мен денсаулығын бағалауы тиіс.
Қорғалатын мүдделердің әлеуметтік құндылықтар шкаласы қорғану әрекеттерінің заңды бағалануына әсер етеді. Жекеше қарағанда, заңды тұрғыдан ең маңызды құндылық – адам өмірі. ҚР ҚК 32-бабы мағынасы бойынша, қорғанушы қорғану барысында қол сұғушыға кез-келген зиян келтіреді, соның ішінде өмірінен де айыра алады. Осыдан адам өмірі қорғаудың маңызды объектісі екендігіне көз жеткізуге болады [11, 20 б.].
Қажетті қорғанудың талабы мен шегін, сонымен бірге бұл шектен шығудың жауапкершілікке тартылуының белгілерін дұрыс түсіну үшін, бірінші мезетте, қоғамға қауіпті қол сұғушылықтың, яғни, қылмыс түсінігін айқындап алуымыз қажет.
ҚР ҚК 9-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыс дегеніміз - осы кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамға қауіпті әрекет. Қоғамға қауіптілік қылмыстың маңызды материалды белгісі болып табылады және оның қауіп тудыратындығын білдіреді. Құқық бұзушылықтардың ішінде, қылмыс ең жоғары дәрежедегі қоғамға қауіптілігімен ерекшеленеді. Қауіптілік дәрежесіне қылмыс құрамның субъективтік жағының ерекшеліктері, субъектісінің мінездемесі, залалдардың ауырлығы мен қол сұғушылық объектісінің маңыздылығы әсер етеді [11, 12 б.].
Қылмыстық жауапкершілік – бұл адамның жасаған қылмысы үшін жазалануы немесе қылмыстық – құқықтық сипаттағы басқа да шаралармен жазаланатын қылмыстық заңмен бекітілген міндеті.
Осыған сәйкес қажетті қорғану құқығын қолдану үшін де шабуыл кейбір талаптарға сай орындалуы қажет. Шабуыл – бұл ашықтан-ашық кенеттен пайда болған зорлық әрекет. Ал осы әрекет қылмыстық жауапкершілік туындатады. Өткен ғасырда А.Ф Кони шабуылды негізгі (шабуыл нақты, әрі әділетсіз болуы керек) және қосымша деп бөліп көрсеткен.
Қол сұғушылықтың құқықтық табиғаты туралы заң әдебиеттерінде бұрыннан келе жатқан пікірталастар туындаған еді: қол сұғушылық қылмыстық болуы міндетті ме әлде тек қоғамдық қауіпті болуы жеткілікті ме? Кейбір авторлар қажетті қорғану қоғамдық қауіпті қылмыс емес қол сұғушылықтан мүмкін десе, кейбіреулері керісінше, қажетті қорғану институты тек қылмыстық қол сұғушылықтан ғана мүмкін, ал басқа жағдайлар аса қажетті тәртібінен қарастырылады деп көрсеткен.
Ал қазақстандық авторлардың пайымдауынша: «Қоғамдық қауіпті қол сұғушылық ретінде тұлғаның қылмыстық жауаптылыққа тартылуынан немесе одан есі дұрыс еместігіне байланысты, қылмыстық жауаптылық жасына жетпеуіне немесе т.б. негіздерге байланысты босатылуынан тәуелсіз қылмыстық заңның Ерекше бөлімінің баптарында қарастырылған іс-әрекетті түсінуіміз қажет» [18, 119 б.]. Себебі қылмыстық кодекстің 32-бабының 3-бөліміне сәйкес қол сұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтіретін, қол сұғушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілігі дәрежесіне қорғанудың көрінеу сай келмеуі қажетті қорғаныс шегінен асу деп танылады. Бұлайша шектен шығу тек қасақана келтірілген жағдайда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырады. Қажетті қорғану шегінен шығу қоғамға зиянды. Сондықтан мұндай әрекеттердің қылмыстық жауаптылығы және жазасы заңға сәйкес нақты келтірілген зиянға байланысты анықталады. Қиянат келтірушіге қажетті қорғану шегінде, қол сұғылған қиянатты зиян келтірместен тойтаруға мүмкіндік болмаса, қоғамдық немесе жеке мүддені қорғау мақсатымен келтірілген зиян әр уақытта да заңға сыйымды болып табылады. Егер қиянат келітрушіге зиян шектен тыс және сол қиянаттың сипаты мен қауіптілігіне сөзсіз сәйкес келмесе, онда қорғанушы жөнінде қажетті қорғану шегінен асуы үшін жауаптылық мәселесі туындайды.
Сонымен, қажетті қорғану үшін қол сұғушылық тек қылмыстық болу міндетті емес, ол қоғамға қауіпті немесе объективтік белгілері бойынша қылмыстық шабуыл ретінде қабылдануы жеткілікті болып табылады.
Қылмыстық заңға берілген түсініктеме бойынша қажетті қорғануды қарсы әрекетке ғана қолдануға болады. Құқылық міндетін орындамаған әрекетсіздікке қажетті қорғануды қолдануға негіз жоқ. Бұл мәселе кейбір авторлар арасында пікірталасқа түскен болатын. К.Х Халиков айтқандай: «Әрекетсіздік қол сұғушылық болып табылмайды, ал қажетті қорғану тек құқықпен қорғалатын объектілерге қиянат жасаушы қол сұғушының белсенді әрекетінен көрініс табады». В.И. Ткаченко пікірінше де, қажетті қорғанудың негізі болып, тек қоғамға қауіпті әрекет саналады, ал қоғамға қауіпті әрекетсіздіктен қорғану әрекеттің қоғамға қауіптілігін болдырмайтын жеке жағдай болып табылады және мұны тұлғаның құқықтық міндетін орындауға мәжбүрлеу деп атауға болады.
Жалпы, жоғарыда атап кеткендей, қоғамдық қауіпті қол сұғушылық криминалдық сипатқа ие, ҚР ҚК Ерекше бөлімінде қылмыстық іс-әрекет ретінде танылады. Ол қылмыс құрамдарын қамтып, қылмыс ретінде немесе қылмыс емес әрекет ретінде саралануы мүмкін. Мұндай қорытындыны барлық мән-жайларды ескере отырып сот береді. Сондықтан есі дұрыс емес немесе кәмелетке толмаған адамдардың қол сұғушылық әрекеттерінен де қажетті қорғануға жол беріледі. Бұл жөнінде А.Ф Кони былай дейді: «Шабуылға ұшыраған тұлға оған саналы түрде, әлде санасыз түрде шабуыл жасап жатыр ма ойланып жатпайды».
Шабуылшының қылмыс болып табылмайтын қоғамға қауіпті әрекетін тойтару мақсатында орын алған залалдарға қылмыстық-құқықтық баға беруге байланысты теорияда елеулі қайшылықтар бар. Кейбір ғалымдар қажетті қорғануға қандай да болмасын шектеулерсіз жол береді, яғни олардың пікірі бойынша, қорғанушы шабуылдың қылмыстық емес сипатын білгендігіне қарамастан қорғануға құқылы.
Екінші бір топ ғалымдардың ойынша, қылмыстық емес сипаттағы шабуыл кезінде келтірілген залалдар үшін жауапкершілік туралы сұрақтар аса қажеттілік ережелерімен шешілуі тиіс.
Ғалымдардың үшінші тобы қол сұғушы психикалық аурумен ауыратын болса, егер қорғанушы ауру екені туралы білетін болса аса қажеттілікпен, ал білмеген жағдайда қажетті қорғанумен сипатталатындығы туралы айтады. Ал келесі тобының пайымдауынша, аталған тұлғалардың қоғамға қауіпті әрекеттерінен қорғану кезінде келтірілген залал қол сұғушылықты тойтарудың бірден-бір құралы болса ғана заңды деп есептеледі. Егер де қорғанушы басқа мүмкіндіктерге ие болса, яғни қашып құтылуға немесе қол сұғушыны басқа тәсілдер қолдануға үгіттеуге мүмкіндігі бола тұра жүзеге асырмаса, онда кәмелетке толмағанадарға келтірілген зардап құқыққа қайшы деп саналады.
Қажетті қорғануды заңды әрекетке қолдануға болмайды. Сондықтан ол мысалы, милиция қызметкері қылмыскерді ұстаған кезде, аса қажеттілік кезінде, бұйрықты немесе өкімді орындаған кезде және т.б. қолданылмайды. Сонымен қатар қажетті қорғануды қажетті қорғану актісіне қарсы қолдануға болмайды, алайда қажетті қорғану шегінен шығудан қажетті қорғануға жол беріледі.
Қылмыс істеген адамды ұстау – қылмыстылықпен күресудің негізгі элементтерінің бірі. Сондықтан қылмыс жасаған адамға оны мемлекеттік органдарға жеткізу және оның жаңа қол сұғушылық жасау мүмкіндігін тыю үшін ұстау кезінде зиян келтіру, егер мұндай адамды өзге амалдармен ұстау мүмкін болмаса және бұл орайда осы үшін қажетті шаралар шегінен шығуға жол берілмесе, қылмыс болып табылмайды.
Қол сұғушылық жасаған адамды ұстауға бұған арнайы өкілеттілігі бар адамдармен бірге жәбірленушілер мен басқа да азаматардың құқықтары бар (33-бап). Бұл әркімнің қызметтік және азаматтық парызы.
Қоғамдық қауіпті қол сұғушылықтан қорғанудың негізінде едәуір зиянның келтірілетіндігі жатыр. Алайда ҚР ҚК 9-бабының 2-бөлігінде бекітілгендей, қайсыбір әрекеттің белгілері формальді болса да бар, бірақ елеулі маңызы болмағандықтан қоғамдық қауіпті емес, жеке зиян келтіру қаупін туғызбаған іс-әрекет немесе әрекетсіздік қылмыс болып табылмайды. Осыған орай, мұндай іс-қимылға қажетті қорғану құқығы туындамайды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумы қаулысында бұл мәселе туралы былай делінген: «Формальдық жағынан қылмыс белгілері бар, бірақ маңызды болғандықтан қоғамдық қаупі болмашы екенін біле тұра қорғанушы басқа адамға зиянкестік жасаса, ол қажетті қорғану кезінде болды деп табылмайды, жауаптылық жалпы негізде қаралады».
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363 Заңымен Қылмыстық кодекске енгізілген соңғы өзгерістерге сай 32-баптың 3-бөлігі 3-абзацпен толықтырылды. Онда «Адам өміріне қол сұғушыға не қаруды қолданумен немесе қолдануға әрекет етумен ұштасқан өзге де қол сұғушылыққа тойтарыс беру кезінде адамға зиян келтіру қажетті қорғаныс шегінен шығу болып табылмайды»,- делінген.
Бұл толықтыру қажетті қорғанудың уақытына да ықпал етеді. Демек, әуелгі заңдардағы сияқты қорғану нақты болғанда емес, оның нақты болу уақыты ілгерірек жылжытылды. Әсерлеп айтқанда, шабуылшы атыс қаруын маңдайға тіреп қойғанда емес, оны қолдану мақсатымен қабынан алған бетте адамға қорғану құқығы беріледі. Бірақ заң «қаруды қолданумен немесе қолдануға әрекет етумен ұштасқан өзге» әрекеттер деп әрекеттің дәл сипатын ашпайды. Яғни, ол қаруды қолданудың алдындағы мезет пе, әлде қаруды алған мезет пе?- белгісіз. Ол үшін, әлбетте, ғылыми талқылаулар мен Жоғарғы Соты Пленумының қаулыларындағы талқылауларды күтуге тура келеді.
Бізге белгілі болғандай, қажетті қорғанудың заңға сыйымдылық шарттары қоғамға қауіпті қол сұғушылықтың сипатымен ғана емес, қорғанудың заңды шарттарымен де сипатталады. Оның тек қол сұғушылыққа қатысты талаптарының сақталуы заңды қорғану әрекеттерінің толықтай жүзеге асуына кепілдік бермейді.
ҚР ҚК 32-бабының екінші және үшінші бөліктері қорғанушы жақтың қорғану әрекеттеріне қатысты жалпы ережелерді бекітеді.
Қорғану әрекеттеріне қатысты шарттары: қылмыстық заңмен қорғалатын мүдделердің қорғалуы, қорғану кезінде зиянның қол сұғушы тұлғаға келтірілуі, қажетті қорғану шегінен шығып кетпеушілік.
Кейбір авторлар төртінші шартты қосады: біреулері – қорғанудың уақытылы болуы, кейбіреулері – қоғамдық қауіпті қол сұғушылықты бой тасалау мүмкіндігінен немесе басқа тұлғалардың, билік органдарының көмегіне жүгіну мүмкіндігінен тәуелсіз қажетті қорғану құқығының тиесілі болуы.
Біздің ойымызша, қорғанудың уақытылы болуы қол сұғушылықтың нақты бар болуынан туындайтын көлеңкесі ретінде көрініс табады. Себебі қорғанудың уақытылы болу талаптары қол сұғушылықтың нақты бар болуы шартының мағынасын ашып береді. Сондықтан да оны қорғаудың жеке шарты ретінде қарастыру орынсыз.
Қазақстандық ғалым К.Х Халиков қорғанудың төрт шартын көрсетеді:
1) зиян тек қол сұғушы тұлғаға келтірілуі тиіс;
2) қорғану белсенді шабуылмен жүзеге асуы тиіс, сондықтан да әрекетсіздікке жол берілмейді;
3) қорғану қажетті қорғану шегінен асып кетпесе заңды деп табылады;
4) қорғану шегі қажетті қорғану құқығын жүзеге асырушы тұлға көзқарасымен анықталады.
Н.Н Турецкий қорғанудың заңды болу шарттарын мынадай екі топқа бөледі: жалпы, яғни кез-келген қол сұғушылық басталғанға дейін анықтауға болатын мән-жайлар және арнайы, яғни сипаты жағынан әрбір жеке қылмыстық іс бойынша қауіпті қол сұғушылық пен одан нақты қорғанудан туындайтын мән-жайлар бойынша анықталады.
Енді қорғанушы әрекеттеріне қатысты шарттарға тоқталайық.
Қажетті қорғану қорғанушы адамның жеке мүдделерін ғана емес, заңмен қорғалатын кез-келген мүдделерді қорғауды жүзеге асырады.
Олар қылмыстық заң бойынша былай көрсетіледі:
1) қорғанушының құқығы мен заңды мүддесі, яғни оның жеке басы, өмірі, денсаулығы, тұрғын үйі, меншігі, жер учаскесі және басқа да мүдделері мен құқықтары;
2) өзге тұлғаның құқығы мен мүддесі;
3) қоғамның заңмен қорғалатын мүддесі;
4) мемлекет мүддесі.
Қылмыстық құқық теориясында азамат қажетті қорғануды қолдана отырып қорғалатын құқықтар туралы сұрақтар әлі де пікірталастар туғызуда. Өткен ғасырлардағы қылмыстық құқық теориясында да бұл мәселе қарама-қайшы көзқарастарды қалыптастырған еді. А.Ф Конидің «Қажетті қорғану құқығы туралы» жұмысында бірнеше көзқарастар келтірілген болатын:
1) барлық құқық барлық құқық еместерді жояды және қажетті қорғану барлық жалпы адам құқығын қорғауды жүзеге асыруы тиіс.
2) қажетті қорғану тұлғаға шабуыл жасау кезінде ғана жол беріледі.
3) тұлғаның жеке басынан басқа оның мүліктік құқықтарының қорғалуы.
4) құқық коллизиясы, құқық марапатталуы туралы теориялар.
А.Ф Конидің өзі мынадай көзқарасты ұсынды: «Қажетті қорғану - әділетсіз шабуылға қарсы еріксіз қорғану. Қалай әділетсіз шабуыл пайда болса, солай құқықтық қорғану қажеттілігі пайда болады».
Қажетті қорғану шабуылшыға залал келтірумен сипатталынатын әрекеттің белсенділігімен ерекшелінеді. Сондықтан шабуылдан қашу, соққыларды тигізбеу және т.б. қол сұғуға қарсы әрекеттер жасаумен қажетті қорғану болып табылмайды.
Қорғану әрекетінің осы заңға сәйкестік екінші шарты бойынша зиян қол сұғушы адамның өзіне келтірілуі тиіс. Өйткені қажетті қорғанудың мәні қажетті қорғануды тудыратын қиянат келтірушінің өзіне тікелей қарсы әрекет қолданылатындығында. Егер бұл шарт орындалмай, қорғану кезінде зиян басқа адамдарға келтірілсе, онда бұл жағдай қажетті қорғанудың заңға сәйкестік шарттарын бұзғандық ретінде немесе аса қажеттілік ережелерімен қарастырылуы мүмкін. Қажетті қорғану кезінде келтірілетін зиян: оның денсаулығына түрлі дәрежеде зиян келтіру, ұрып-соғу, бас бостандығынан айыру, мүлкін бүлдіру, оның ішінде машинасын бүлдіру, қымбат тұратын киімін бүлдіру және итін өлтіру және т.б.
Қажетті қорғану тек қол сұғушыға қарсы орын алуы тиіс. Қандай да бір мүддені қорғауды шабуылшыға емес, үшінші тұлғаларға бағытталынып, оларға залал келтіру арқылы жүзеге асыру қажетті қорғаныс актісі болып табылмайды. Үшінші тұлғаға зиян келтіру қол сұғушы тұлға туралы жіберілген қателіктің нәтижесінде немесе қорғау әрекеттері жойылған кезде қорғану жазаланбаушылық қызметінен айырылады. Т.Г. Шавгулидзе мұндай жағдайларды аса қажеттілік актісіне жатқызады. Бұл оймен келісе алмаймыз, себебі үшінші тұлғаға залал келтіргендігі үшін жауапкершілік субъективті және объективті жағдайларға байланысты туындайды. Бұл жерде, яғни үшінші тұлғаға залал келтіру жағдайларының орын алуы екі кезде болуы мүмкін:
1. Қорғанушы үшінші тұлғаға қол сұғушы деп қателесіп, оған залал келтіруі мүмкін. Бұл жалған қорғанудың бір түрі болып табылады және жоғарыда атап өтілгендей жауапкершілік қорғанушының кінәлілігіне қарай анықталады.
2. Қорғану кезінде қорғану әрекеттерінің ауытқуы болуы мүмкін. Осының нәтижесінде үшінші тұлғаға залал келтірілсе, қорғанушы жауапкершілікке кінәлілігіне қарай жалпы негіздер бойынша тартылады, яғни мұндай әрекеттер абайсызда немесе қасақана кісі өлтіру, қаза келтіру; денеге жарақат салу т.б. нақты залал келтіргендігіне қарай саралануы тиіс.
ҚР ҚК 32-бабының 3-бөлігіне сәйкес, «нәтижесінде қол сұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтірілетін қол сұғушылықтың сипаты мен дәрежесіне қорғанудың көрінеу сай келмеуі қажетті қорғаныс шегінен шығу деп танылады. Бұлайша шектен шығу тек қасақана зиян келтірілген жағдайларда қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырады» [21, 124-128 бб.].
Заңның мазмұнына сай қорғануды заңға сыйымды деп тану үшін қорғану шегінен шықпауы керек. Қорғанудың заңға сыйымдылығын шешу кезінде қол сұғушылық қауіптілік дәрежесіне, сипатына және басқа да факторларды ескеру қажет. Осы мәселелердің барлығы бағаланып, ал жалпы жиынтығы бойынша болған оқиғаның салдары мен сипатына қарай анықталуы керек. Егер адам өміріне қол сұғушыға не қаруды қолданумен не қолданамын деп қорқытумен ұштасқан өзге де қол сұғушылыққа тойтарыс беру кезінде адамға зиян келтіру қажетті қорғану шегінен шығу болып табылмайды. Бұл мәселеге толығырақ келесі бөлімшеде тоқталамыз.
2.2 Қажетті қорғанудың шегінен шығуы
Қажетті қорғану шегінен шығу туралы мәселелер қорғану әрекеттерінің заңға сыйымдылық шарттарымен біртұтас байланыста. Алайда қажетті қорғанудың шегі туралы қорытындыға тек істің нақты мән-жайына анализ жасау нәтижесінде жете аламыз. Әрбір қажетті қорғаныс жағдайында оның шегінен асу болды ма деген сауалға соттар іс бойынша орын алған барлық жағдайларды жан-жақты қарап, соның негізінде жауап беруі тиіс. Сонымен қатар, сот қол сұғушылықтың қауіптілік деңгейін, яғни қорғалатын мүдделердің сипатын ескеруі қажет.
Қажетті қорғану актісін құқыққа сай деп тану үшін қорғанудың қол сұғушылықты тойтарудың жалғыз жолы ретінде болуы қажет емес. А.И. Герцензон қажетті қорғаныс актісін құқыққа сай деп тану үшін қорғану қауіптілікті тойтарудың бірден-бір жолы болуы тиіс дейді. Бұл пікір қорғанушының қорғану құқығын, қоғамға пайдалы әрекетін шектеу болып табылады және соттар осы пікірге сүйеніп істі шешкен жағдайда шабуылдан заңға сәйкес қорғанған қаншама адамдардың негізсіз айыпталуына әкеліп соғады. Сол себепті біздің еліміздің заң актілірінен бұл орын тапқан жоқ, орын алмауы қажет.
ҚР Парламентінде Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексін талқыға салу барысында И.И Рогов ұсынғандай, яғни «Кеңестік қылмыстық құқық теориясы да, тәжірибесі де жеткілікті түрде бұл шектен шығудың нақты критерийлерін бере алмады. Сондықтан да азаматтардың қылмыскерлермен «байланыспай» және олардың мүдделеріне мойынұсынуы кездейсоқ емес».
Қазіргі қылмыстық құқықта қажетті қорғану шегінен шығудың қылмыстық-құқықтық түсінігі толық, жаңа мазмұнға ие болғандықтан оны жеке-дара қарастырайық.
Оның түсінігі жоғарыда атап кеткендей ҚР ҚК 32-бабының 3-бөлігінде берілген. Осыған орай, қажетті қорғану шегінен шығудың үш белгісін бөліп алуға болады:
1) қоғамға қауіпті қол сұғушылықтың сипаты мен дәрежесіне қорғанудың көрінеу сәйкес келмеуі;
2) қолсұғушыға анық шектен тыс жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтірілуі;
3) зиян тек қасақана келтірілуі тиіс [11, 28 б.].
Яғни қылмыстық кодекстің 32-бабының 3-бөліміне сәйкес қол сұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтіретін, қол сұғушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілігі дәрежесіне қорғанудың көрінеу сай келмеуі қажетті қорғаныс шегінен асу деп танылады. Бұлайша шектен шығу тек қасақана келтірілген жағдайда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырады. Қажетті қорғану шегінен шығу қоғамға зиянды. Сондықтан мұндай әрекеттердің қылмыстық жауаптылығы және жазасы заңға сәйкес нақты келтірілген зиянға байланысты анықталады. Қиянат келтірушіге қажетті қорғану шегінде, қол сұғылған қиянатты зиян келтірместен тойтаруға мүмкіндік болмаса, қоғамдық немесе жеке мүддені қорғау мақсатымен келтірілген зиян әр уақытта да заңға сыйымды болып табылады. Егер қиянат келітрушіге зиян шектен тыс және сол қиянаттың сипаты мен қауіптілігіне сөзсіз сәйкес келмесе, онда қорғанушы жөнінде қажетті қорғану шегінен асуы үшін жауаптылық мәселесі туындайды. Мұндай жағдайда келтірілген зиян шабуылдан қорғану мүддесіне сәйкес жүзеге асырылды деп санауға болмайды. Сонымен бірге, ескере, кететін бір жағдай, қажетті қорғану шегінен асып істелген қылмыс жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар қатарына жатады.
Қажетті қорғану шегінен шығу кезінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіруді жан күйзелісі (аффект) жағдайында жасаған әрекеттерден ажырату қажет. Бұл орайда қажетті қорғану жағдайында, соның ішінде қажетті қорғану шегінен шыққанда да, айыпты қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан қорғануды көздейді, ал жан күйзелісі жағдайында өзін осындай күйге ұшыратқан адамға зиян келтіруді көздейді. Адамның осындай әрекеттер жасаған кездегі психикалық жағдайын анықтау үшін міндетті түрде психологиялық-психиатрлық сараптама жасап, оның қорытындысын басқа дәлелдемелермен бірге бағалау керек.
Егер айыпты қажетті қорғану шегінен шықса және осы кезде жәбірленушінің құқыққа қарсы әрекеттерінің әсерінен жан күйзелісі жағдайында болса, онда әрекетті салдарына қарай ҚК 102 және 112 баптарына қарай саралау қажет.
Қажетті қорғану шегінен шығу кезінде қасақана кісі өлтіру немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тіпті ҚК 102-бабының екінші бөлігінде қарастырылған мән-жайлар болса да, тиісінше ҚК 99-бабының екінші бөлігі немесе ҚК 112-бабымен саралануға жатады [21, 34-37 бб.].
Сотталушының қорғану жағдайында қылмыс жасағанын анықтағаннан кейін, сот үкімде жалпылама тұжырымдармен шектелмеуі керек, істің нақты мән-жайларын ескере отырып, кім және қандай қоғамға қауіпті қол сұғушылық жасағанын, оның кімге қарсы бағытталғанын, оның сипаты мен жасалу тәсілін, шабуыл жасаушы немен қаруланғанын, қорғанушы қандай құралмен және қандай тәсілмен қорғанғанын және т.б. көрсетуі, сондай-ақ қорғану амалдарының қол сұғушылықтың сипаты мен қауіптілігіне сәйкессіздігі неден көрінетінін, яғни қажетті қорғану шегінен шығудың мәнін ашуы тиіс.
Қажетті қорғану шегінен шығу кезінде жасалған қылмыстар туралы істерді қарағанда, соттар әрбір нақты жағдайда ҚК қарастырылған мән-жайлар болғанда сотталушыларды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігі туралы мәселені талқылауы тиіс. Айыптау үкімін шығарған кезде соттар бас бостандығынан айырудан тыс жаза қолдану туралы мәселені талқылауы, оны қолданбау себебін үкімде дәлелдеуі қажет.
Қажетті қорғану шегінен шығу кезінде жасалған қылмыстарға қатысты азаматтық талаптарды қарағанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы № 2 нормативтік қаулысы «Қажетті қорғану жөніндегі заңдарды қолдану туралы» нормативтік қаулысының түсіндірулерін басшылыққа алу қажет.
«Қоғамға қауіпті қол сұғушылықтың сипаты мен дәрежесіне қорғанудың көрінеу сәйкес келмеуі» формуласына заң шығарушы қандай мағынаны сиғызып отыр? Оның өзіндік тәжірибелік маңызы бар. Мұндай жағдайда қол сұғушылықтың қауіптілігі қоғамда қорғалатын объектілердің мағынасын арттыра түседі.
Сонымен, қажетті қорғану шегінен шығу бар немесе жоқ екендігі туралы мәселені шешу кезінде қол сұғушылыққа қатысты және қорғануға қатысты мән-жайлардың барлық жиынтығына талдау жасап, мынадай объективті жағдайларды ескеру қажет, атап айтқанда:
• қорғалатын игіліктің маңыздылығы мен қорғану кезінде зиян келтірілетін объектінің маңыздылығы;
• қол сұғушылықтың қауіптілігі, оның ұмтылысы мен шапшаңдығы (интенсивность);
• қорғанушы мен шабуыл жасаушының демографиялық ерекшеліктері (жынысы, жасы, денсаулық жағдайы, дене күштері және т.б.);
• қорғанушы мен шабуыл жасаушылардың саны;
• қол сұғушылық пен қорғану кезінде қолданылған құралдардың бар болуы, сипаты және тәсілі;
• қол сұғушы мен қорғанушы арасындағы қатынас.
Осы аталған жағдайлардың барлығын ескерген жағдайда ғана шабуыл мен қорғанудың сәйкестігі туралы мәселе дұрыс шешіледі.
Заң шығарушы қоғамға қауіпті қол сұғушылықтың мөлшерін анықтау мақсатында қол сұғушылықтың екі негізгі белгісін – «сипатын» және «дәрежесін» анықтады. Бірақ бұл түсініктердің мағынасы заң нормасында ашылмаған. Осыған орай, қажетті қорғану жағдайында жасалған әрекетті саралау барысында қиындықтар туындауда.
Қажетті қорғану шегінен шығып кісі өлтіруге және денсаулыққа ауыр зиян келтіруге дұрыс саралау жүргізу үшін осы қылмыстардың субъективтік жағына талдау жасау маңызды. Заң нормасында тікелей анықталғандай, қажетті қорғану шегінен шығуға қылмыстық жауаптылық тек қасақана зиян келтірген жағдайда ғана болады.
Алайда ұзақ уақыт бойы қылмыстық құқық теориясында бұл сұрақ бойынша ортақ біртұтас пікір болмады. Бір авторлар қажетті қорғану шегінен шығып қылмыс жасау барысында қасақаналық кінәнің орын алуы мүмкін десе, кейбір авторлар кінә формасының тек абайсыздық түрімен сипатталатындығын айтқан болатын. Ал авторлардың көп бөлігі кінә формасының қасақаналық түрімен де, абайсыздық түрімен де жүзеге асатындығын айтты.
Сонымен, қажетті қорғану шегінен асып кеткендігі үшін жауаптылық тек қасақана қылмыстар істегені үшін ғана қарастырылады. Абайсыздықпен істеген қажетті қорғану шегінен шығу үшін заңда жауаптылық белгіленбеген.
Келесі қарастырылатын мәселе – қылмыстық құқық ғылымында даулы болып табылатын қажетті қорғану шегінен шығудың түрлері.
Орыс ғалымы А.Ф Кони оны үш түрге бөледі:
1) уақытынан бұрын күшті қолдану; 2) өзінің ойының қателесуіне қарай қажетті қорғану шегінен шығу; 3) шабуылдан кейін жасалған күш қолдану [5, 39-б.]. Заң әдебиеттерінде қажетті қорғану шегінен шығудың мынадай үш түрін бөліп қарастырады:
1. Шамадан тыс қорғану
2. Уақытынан тыс қорғану
3. Жалған қорғану
Қажетті қорғану шегінен шығудың көп таралған түрі – қорғанудың қол сұғушылықтың сипаты мен дәрежесіне сәйкес келмеуінен туындайтын «шамадан тыс қорғану». Шамадан тыс қорғану - қорғанушының шабуыл сипатынан және қорғану жүзеге асырылуы тиіс шарттардан туындамайтын қорғану құралдары мен тәсілдерін қолдануы және қажетсіз шабуыл жасаушыға ауыр зиян келтіруі.
Біздің ҚР ҚК-нің 32-бабында төніп тұрған қауіптен басқа амалдармен құтылу мүмкіндігіне қарамастан, кез-келген қажетті қорғануына құқылы екенін көрсеткен. Бірқатар авторлармен ұсынылған келесі мәселе – екпінді шабуыл болып табылады. Осы мәселе бойынша әр түрлі пікірлер айтылуда. М.И. Якубовичтің пікірінше екпінді шабуыл, бұл оның қаншалықты қауіптілігін және күші мен талпынысын көрсетеді. Т.Г. Шавгулидзе екпінді шабуыл түсінігіне қолсұғушылардың санын, қауіптің салдарынан келтірілген зиянның қаншалықты екенін қосады.
Біздің ойымызша, өз кезінде қажетті қорғану мәселесін зерттеген В.Ф. Кириченконың пікірін дұрыс деп таптық. Оның айтуынша қажетті қорғану шегінен шығуды, тек толық істің мән-жайын талдай отырып шегін анықтауға болады, ал теорияда тек жалпы қағидасы берілуі мүмкін. Әрбір қол сұғушылық адам өміріне қауіпті зорлықпен ұштаспайды, олар өз сипаттарымен ерекшеленеді, яғни қол сұғушының күш қуаты, шабуылға пайдаланылатын қарудың болуы немесе болмауы. Осындай шабуылдар қорғану оқиғасының ерекшеліктерін анықтайды. Сондықтан да қорғануды шабуылмен сәйкестендіруде, істің толық мән-жәйын талдап, анықтауға болады. Әлде де болсын тәжірибемізде тұлғаның қажетті қорғану немесе оның шегінен шығу жағдайында болды ма деген мәселені шешу барысында, қоғамға қауіпті қолсұғушылықтың салдарынан пайда болған қорғанушының психикалық жағдайын ескермейді. Шабуылға душар болғандардың 100-ден 98-і қозу жағдайында болады (қорқыныш, үрейлену, сасқалақтау), ал кейбір жағдайларда шабуылдың салдарынан қорғанушы жан күйзеліс жағдайында болуы мүмкін.
Қылмыстық-құқықтық әдебиеттерде уақытынан тыс қорғануды қажетті қорғану шегінен шығудың бір түрі ретінде тану жөнінде даулы пікірлер қалыптасқан. Алайда бұрынғы Кеңес үкіметінің кезінен бастап қажетті қорғану шегінен шығуға уақытынан тыс қорғануды жатқызады. Олар уақытынан бұрын қорғану және кешіктірілген қорғану болып екіге бөлінеді. Біраз әдебиеттерде уақытынан бұрын қорғануды қажетті қорғануға жатқызбайды. Олардың айтуынша уақытынан бұрын қорғану біреудің айтуымен немесе өзінің көзінің жетуімен жүзеге асырылады, және осы қауіпті ескертуіне немесе сақтануына құқылы, бірақ қорғануға құқығы жоқ деп көрсеткен. Сондықтан да уақытынан бұрын қорғану қажетті қорғану қатарына жатқызылмайды деп көрсетеді. Сонымен қатар кешіктірілген қорғануды да қажетті қорғану қатарына жатпайтынын көрсетеді. Себебі кешіктірілген қорғануда қолсұғушының қоғамға қауіпті әрекеті тоқтатылады, яғни қорғанушыға ешқандай қауіп төнбейді, осыны көре тұра қорғанушы қорғану әрекетін жалғастырып, қол сұғушыға зиян келтіреді. Сондықтан да аяқталған қол сұғушылыққа қажетті қорғану рұқсат етілмейді.
Осы мәселе бойынша қажетті қорғану шегінен шығу, уақытынан тыс немесе кешіктірілген қорғану жағдайларда пайда болатын әрекет деп ойлайтын көптеген криминалистермен Н.Н. Паше-Озерский келіспейді. Осылардың қатарында А.А. Герцензон жазып кеткен, уақытынан бұрын немесе кешіктірілген қорғану қажетті қорғану ережелеріне жауап бермейді, сол себепті қажетті қорғану шегінен шығу болып табылмайды. Сондықтан уақытынан бұрын немесе кешіктірілген қорғануға рұқсат етілмейді. Осы мәселе бойынша В.Ф. Кириченко мен И.И. Слуцкийдің өз еңбектерінде жазып кеткен, қажетті қорғану шегінен шығу тек қажетті қорғану бар жерде ғана кездеседі, сондықтан жоқ нәрсенің шегінен шығу мүмкін емес. Бірақ та бәрімізге мәлім, егер қол сұғушылықтың болатынына қорғанушының нақты көзі жетсе, онда қажетті қорғануға рұқсат етіледі. Себебі қорғанушы дәл осы кезде қорғанбаған жағдайда келешекте қорғануға кеш болып қалуы мүмкін. Ал кешіктірілген қорғануды алатын болсақ, мұнда қоғамға қауіпті қол сұғушылық аяқталған болып есептеледі. Бірақ та кейбір жағдайларда қол сұғушылық аяқталғаннан кейін де жасалынған қажетті қорғану заңды болып табылады. Мысалға, қылмыскердің заңға қайшы әрекетінің салдарынан қорғанушыда жан күйзелісі жағдайы пайда болып, істің толық мән-жәйын анықтауға мүмкіндігінің болмауы, яғни өзінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті қол сұғушылықтың аяқталғанын толық түсінуге мүмкіндігінің болмауы. Және тағы айта кететін мәселе, қылмыскердің, азаматтардың заңмен қорғалатын мүлкіне қол сұққан жағдайда, қорғанушы мүлкін қайтарып алғанға дейін қажетті қорғану құқығы сақталып келеді. Қажетті қорғану жағдайының тек қана қоғамдық қауіпті шабуыл сәтінде ғана емес, шабуыл жасау қаупі анық төнген кезде, сондай-ақ, шабуыл аяқталғаннан кейін де, бірақ істің барысында қорғанушы үшін оның тоқтап қалу сәтінің түсініксіз жағдайында жасалса да туындайтынын түсіндіру керек.
Жалған қорғанудың заңды қорғанудан айырмашылығы, объективті түрде әртектес құқықпен қорғалатын мүдделерге негізсіз зиян келтіретін қауіпті іс-әрекет. Жалған қорғану бұл расында қоғамға қауіпті болмайды, бірақ та қорғанушы керісінше қоғамға қауіптілік бар деп қорғану әрекетін жүзеге асырады. Жалған қорғану өзінің ойына қарсы қорғануы, яғни қателесуі. Бірақ осының өзінде жалған қорғанғаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделмейді. Ол төніп тұрған қауіптің жалған екенін білмеген және білуге мүмкіндігі болмаған жағдайда, жалған қорғану бар жерде қажетті қорғану шегінен шығу мүмкін емес.
Жалған қорғанудың уақытынан бұрын және кешіктірілген қорғанудан айырмашылығы, уақытынан бұрын және кешіктірілген қорғану кезінде, қорғанушы қауіптің әлі төнбегенін немесе қол сұғушылықтың аяқталғанын біледі және соның өзінде қорғану әрекетін жүзеге асырады. Ал жалған қорғануда қорғанушы тұлға қауіптің бар екен деп ойлап қателесіп қорғанауы, расында ешқандай қауіп төнбеген. Осылардың арасында ең басты айырмашылық, жалған қорғануда қылмыстық жауаптылық абайсызда жасалынған қылмысы үшін тағайындалады немесе мүлдем қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды. Ал уақытынан бұрын немесе кешіктірілген қорғануда қылмыстық жауаптылық тек қасақана жасалынған қажетті қорғану шегінен шығу үшін тартылады.
Қажетті қорғану шегінен шығу, қажетті қорғану секілді қоғамға пайдалы болып табылмайды, керісінше қоғамға қауіпті болып табылады, себебі әрекетінде белгілі бір қылмыс құрамының болуы бар. Қажетті қорғану шегінен шығып жасалынған қылмыстар, шабуыл жасаған тұлғаның заңмен қорғалатын мүдделеріне қарсы бағытталған әрекет.
Қажетті қорғану шегінен шығу кезінде жасалынған қылмыстарды талдау барысында, қылмыс сатыларының даму мәселесі тұрады, яғни заң және қылмыстық құқық теориясы оның үш кезеңін бөліп қарастырады: дайындалу, оқталу және аяқталған қылмыс.
Негізінен қылмысқа дайындалу субъективтік жағынан қасақана болып табылады, ал объективтік жағынан қылмыс құрамы қасақана қылмыс жасау үшін дайындалу, бейімделу, сонымен қатар қылмыс жасау ниеті қылмыс жасамас бұрын пайда болады. Сондықтан да қажетті қорғану шегінен шығып жасалынған қылмыстарға дайындалу мүмкін емес. Мұндай оқиға, әдетте, қасақана кісі өлтіруге дайындалу қажетті қорғануды пайдалана отырып жасалған жағдайда жүзеге асырылады. Ескере кету қажет, яғни қажетті қорғану шегінен шыққан қылмыстарда қоғамға қауіпті қол сұғушылық және нақты қауіп жәбірленуші тарапынан келеді. Басында кінәлі тұлға қылмыс жасаймын деп ойламайды, тіпті оған дайындалмайды да. Бұл қылмыстар кенеттен пайда болып қол сұғушылықтан туындайды және оған дайындалудың мағынасын жояды. Осыған орай қасақаналық та кенеттен пайда болады. Сәйкесінше теориялық тұрғыдан да, тәжірибелік тұрғыдан да қажетті қорғану шегінен шығып жасалынған қылмыстарға дайындалу мүмкін емес.
Ал қылмысқа оқталу - қылмыс жасауға бағытталған қасақана әрекет, ол қылмыс белгілі бір себептермен аяғына дейін жеткізілмей қалған жағдайда орын алады. Егер қажетті қорғану шегінен шыққан тұлға шабуыл жасаған адамды өлтіру мақсатында тапаншасымен бетіне қарай атып тигізе алмаған жағдайда, қажетті қорғану шегінен шығып адам өміріне оқталу болып табылады. Бірақ та қоғамға қауіпті әрекеттен қорғану кезінде қол сұғушының заңмен қорғалатын мүдделеріне ешқандай зиян келтірілмесе, қажетті қорғану заңдылығында көрсетіп кеткендей қылмыс болып табылмайды.
Алайда бұл сұрақ туралы әлі де болса пікірталастар қалыптасқан. Ал қылмыс жасауға дайындалғаны және оқталғаны үшін қылмыстық жауаптылық ақталған қылмысқа арналған бап бойынша белгіленеді.
Сонымен, қажетті қорғану шегінен шығып қол сұғушыға қасақана зиян келтіру екі жағдайда қылмыс болып табылады. Бұл қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 102 және 112 баптарында қарастырылған.
ҚР ҚК 102-бабына сәйкес, қажетті қорғану шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіру үшін жауаптылық белгіленген. Қажетті қорғану шегінен шықпай, өзіне жасалған шабуылды тойтару кезінде сол шабуыл жасаған адамды өлтірсе, ол қылмыс болып табылмайды. Қажетті қорғану шегінен асып адам өлтіруді қарастырған кезде, қорғанудың қол сұғушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесіне көрінеу сай келмеуі нәтижесінде қол сұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтіруді айтамыз. Бұл дегеніміз, кінәлі өзінің заңды құқықтары мен мүдделерін, басқа адамның құқықтарын, қоғамның, мемлекеттің мүдделерін, қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан қорғай отырып, ешқандай қажетсіз шабуыл жасаушыны өлтіреді (мысалы, ұрлық жасаған адамды өлтіру, қаруланбаған бұзақыны мылтықпен атып өлтіру, т.б.).
Қажетті қорғану шегінен шығып жасалынған қылмыстардан өзін-өзі қорғау, басқа мүделерді қорғау немесе қандайда бір болмасын қоғамдық мүдделерді қорғау тек құқық қабілеттігі бар тұлғамен жасалынады. Басқа бір тұлғаның құқықтары мен мүдделерін қорғау барысында мынадай жағдайлар болуы мүмкін:
а) А-ның қорғанушы Б-ға төніп тұрған қоғамға қауіпті шабуылды тойтаруға көмектесуі.
б) А-ның қоғамға қауіпті шабуылға душар болған Б. өзін-өзі қорғай алмаған жағдайда көмектесуі.
Бірінші оқиғада қажетті қорғану шегінен шығудың субъектісі болып егер Б. қажетті қорғану шегінен шықпаса, тек А-ның өзі болуы мүмкін немесе Б-ның өзі болуы да мүмкін. Егер А-ның қатысуынсыз қажетті қорғану шегінен шығып кетсе, онда екеуі де бола алады. Ал екінші оқиғада қажетті қорғану шегінен шығудың субектісі болып тек А бола алады, себебі Б өзін-өзі қорғай алмады.
Қажетті қорғану шегінен шығудың бар әлде жоқтығы туралы сұрақтарды шешу барысында орын алған нақты жағдайға сәйкес, қол сұғушылыққа және қорғануға қатысты мән-жайлардың жиынтығына талдау жасау қажет. Қоғамға қауіптіліктің сипаты мен дәрежесі объектінің құндылығымен, сондай-ақ қауіпті зардаптың көлемімен (мысалы, қарақшылық шабуыл немесе қалтаны тонау), қол сұғушылықтың ұмтылысы мен шапшаңдылығымен, орнымен (оңаша жер немесе көпшілік орын, түнгі немесе күндізгі уақыт) және т.б. мән-жайлармен анықталады. Осыған орай, қылмыстың топтық объектісі ретінде – адам танылса, ал тікелей объектісі ретінде оған тиесілі басқа игіліктер мен мүдделер емес (мысалы, жеке бостандығы немесе меншігі), адам өмірі танылады. Алайда өзге жеке адамдарға қарсы қылмыстармен салыстырғанда, қарастырып жатқан қылмыстың объектісі болып кез- келген тұлғаның өмірі мен денсаулығы емес, сол заңмен қорғалатын құқықтар мен мүдделерге қарсы қоғамға қауіпті қол сұғушылық жасаған тұлға табылады.
Сол себепті қол сұғушылықтың объектісі - материалдық және материалдық емес құндылықтар, яғни саяси, моральдық, мәдени және басқалары бола алады. Кез келген қол сұғушылықтың объектісі дегеніміз - сол қол сұғушылық шығын келтірген немесе шығын келтіруге ұмтылушылық болып табылады. Құқықтық норма, сондай-ақ қылмыстық құқықтық норма шығынға төзуі мүмкін емес.
Объект құрамның міндетті элементтерінің бірі болып табылады, сондықтан да объектісіз қылмыстың өзі мүмкін емес. Қылмыстық заңмен қылмыс ретінде қарастырылатын кез келген қоғамдық қауіпті әрекет белгілі бір объектке қол сұғады. Қылмыстық қол сұғушылық кезінде объектке шығын келтіріледі немесе шығын келтіру қаупі туады.
Объектіні дұрыс анықтау қылмыстық әрекеттің әлеуметтік және құкықтық табиғатын анықтауға, жасалған қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілік түрлері мен шектерін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар объектті айқындау қылмыстардың ұқсас құрамдарын бір-бірінен ажыратуға, қылмыстық әрекетті қылмыстық емес әрекеттен ажыратуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кез келген әрекеттің қоғамдық дәрежесі маңызды дәрежеде қандай объект қол сұғушылыққа ұшырап отырғандығына да байланысты болады, сондықтан да әрекеттегі қылмыстық заңдылықта қылмыстық қаралғандай қандай да бір әрекеттің белгілері бар, бірақ маңыздылығының аздығынан қоғамдық қауіпті болмайтын әрекет немесе әрекетсіздік қылмыс болып саналмайды.
Сонымен қатар қылмыстың бұл категориясының объектісі – үшінші тұлғалардың мүддесі бола алмайды. Егер қоғамға қауіпті шабуылдан қорғану кезінде зиян қажетсіз түрде қол сұғушыға емес, шабуылға қатысы жоқ түлғаға келсе, қорғанушының әрекетіне қажетті қорғану ережесі қолданыла алмайды және сәйкесінше, оның шегінен шығу ретінде саралана алмайды. Мұндай жағдайда жауаптылық жалпы негізде туындайды. Егер де зиян үшінші тұлғаға кездейсоқ келтірілетін болса, онда қылмыстық жауаптылық жойылады. Ал егер кінә абайсыздық нысанымен жасалса – абайсыздық қылмысы үшін туындайды.
Қажетті қорғану шегінен шығып адам өлтіру қылмысы материалдық құрамға жатады. Сол себепті біз қылмыс құрамының обьективті жағына түсінік берсек.
Қылмыстың объективтік жағы дегеніміз - бұл қоғамға қауіпті және заңсыз қол сұғушылықтың механизмі болып табылады. Қылмыс жасау процесінің сыртқы сипаттамасы ретінде қылмыстың объективтік жағын қарастыра отырып, ол істің субъективтік, психологиялық мазмұндарына ғана "сыртқы" болып табылатынын есте тұту керек. Сонымен қатар, қылмыстың бұл жағы қорғалатын объектіге қылмыстық қол сұғу механизмі үшін ішкі сипаттама болып табылады, себебі ол оның белгілерін құрайтын өзара әрекетті ашады.
Қылмыс құрамы белгілері қылмыстық істі, олардың ерекшеліктері мен түрлерін сипаттайтын объективтік заңдылықтармен тығыз байланыста болғандықтан, құрамды жекеленген белгілердің жиынтығы ретінде қарастыруға болмайды. Құрамға істің қоғамға қауіптілігі енеді. Қылмыс құрамын дұрыс түсіну үшін берілген нормалардың мақсатын және мағынасын анықтау керек, себебі осы нормалардың мағынасына сай келетін және оны бейнелейтін белгілер жиынтығы ғана қылмыс ретінде қарастырылуы мүмкін.
Тиісінше, қылмыстың объективтік жағы үш міндетті белгісімен сипатталады:
1) қорғанушының қоғамға қауіпті әрекеті;
2) қол сұғушының өлімі түріндегі қоғамға қауіпті зардап;
3) әрекет пен зардап арасындағы себепті байланыс.
Қылмыстың объективтік жағы бірінші белгі бойынша әрекет негізінде жүзеге асады. Бұл қажетті қорғану кезінде туындаған қол сұғушылыққа қарсы бағытталған белсенді әрекеттен тұрады. Бұл ереже қылмыстық құқық теориясында да, сот тәжірибесінде де жалпы танымал ереже болып табылады. Шынында, И.С Тишкевич қажетті қорғану шегінен шығу әрекетсіздік жолымен жасалуы мүмкін емес деген қорытынды жасады.
Объективтік жағының екінші белгісі бойынша қоғамға қауіпті зардап – қол сұғушының өлімі.
Үшінші белгісі қорғанушының қоғамға қауіпті әрекеті мен келтірілген зиян арасындағы себепті байланыстың болуы. Мұндай байланыстың жоқтығы жауаптылықты, сәйкесінше, қылмыс құрамын толықтай жояды.
ҚР ҚК 15-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыс субъектісі – 16 жасқа толған, есі дұрыс адам. «Жеке тұлға» терминіне кез-келген адамды, яғни Қазақстан Республикасы азаматтарын, шетел азаматтарын және азаматтығы жоқ адамдарды да жатқызамыз. Тек кейбір қылмыстар үшін ҚК 15-бабының 2-бөлігінде көрсетілгендей, қылмыстық жауаптылық он төрт жастан басталады. Ал ҚК 16-бабына орай, қоғамға қауіпті әрекетті жасаған кезде есі дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, кемақылдығы немесе психикасының өзге де дертке ұшырауы салдарынан өзінің іс-әрекетінің іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғына алмаған немесе оған ие бола алмаған адам қылмыстық жауаптылыққа тартыла алмайды.
ҚР ҚК Ерекше бөлімінің бірінші тарауында «Жеке адамға қарсы қылмыстар» қатарында жан күйзелісі жағдайында болған адам өлтіру, зиян келтіру қылмыстары үшін жауапкершілікті белгілейтін баптар қарастырылған. Заң шығарушы бұл қол сұғушылықты басқа қылмыстармен салыстырғанда қауіптілігі төмен түріне жатқызып, сәйкесінше жазаны едәуір төмендеткен болатын. Соның өзінде жан күйзелісі жағдайында жасалған қылмыстар үшін жаза қажетті қорғану шегінен шығуға қарағанда қатаңырақ белгіленген. Алайда бұл қылмыстарды ажырата білудің тәжірибелік маңызы зор, себебі қылмыстар белгілі бір ұқсастықтарға ие. Д.С Читлов бұл құрамдардың ортақ белгісі, біріншіден, екі жағдайда да зиян шабуыл жасаудың барысында жеке тұлғаға келтіріледі, екіншіден, жәбірленушінің құқыққа қайшы әрекеті, үшіншіден, екі жағдайда да зиян қауіптіліктің тікелей қайнар көзі – шабуылшыға келтіріледі, төртіншіден, шабуыл мен шабуылшыға зиян келтіру арасында уақыт бөліністігінің болмауында деді. А.Г Кригер анлогиялық түрде төртінші белгіні өзгеше, жәбірленушінің заңға қайшы күш қолдану әрекеттерінен жан күйзелісі жағдайында қорғанады деген пікірді айтты.
Аффект (жан күйзелісі) жағдайында жасалған адам өлтіру (ҚК-тің 101-бабы).Заң шығарушы адам өлтірудің бұл түрін кенеттен басталған қатты жаң толғанысы жағдайында жасалған өлтіру ретінде айкындайды. Кінәлінің психикалық жай-күйі инстинктивті сөзсіз-рефлекторлық қызметпен байланысты өткінші, интенсивті көңіл-күймен айқындалады. Көбінесе адам өлтірудің бұл түрі үшін ашу-ыза, жеккерушілік және түңілу әсері тән болады. Аффект (жан күйзелісі) жай-күйі негізінен аз уакытқа, бірнеше минутқа созылады. Қатты жан толқуы тікелей ─ «сыртқы әсердің салдарынан кенеттен пайда болады. Аффект жағдайында адам өлтіру кенеттен, теріс фактор әсер еткеннен кейін тікелей сол бойда жасалады. Мұнда уақыт ара-үзіліс болмайды немесе елеулі емес (мысалы, кінәлі болған жағдайдың мәнін бірден түсінбегенде). Аффект жағдайының басталуына негіз ретінде ҚК-тің бабында мыналар көзделген: жәбірленушінің тарапынан болған зорлык, басыну немесе кемсіту не жәбірленушінің өзге де заңға қайшы немесе моральға жат әрекеті (әрекетсіздігі), жәбірленушінің үнемі қайталанып отыратын заңға қайшы не моральға жат мінез-құлқына байланысты туындаған психиканы зақымдайтын ұзаққа созылған жағдайлардың болуы тән. Зорлық күш көрсетумен (мысалы ұрып-соғу), сон-психикалык (денсаулығына зақым келтірумен, мүлкін жойып жіберумен және т.б. қоркыту) болуы мүмкін.
Сонымен, қажетті қорғану шегінен шығу түсінігі мазмұны бойынша көпжоспарлы заңды түсінік болып табылады. Және де ҚР ҚК 66-бабына қазақстандық ғалымдардың берген пікірін ескеру қажет: «Қылмыстық жауаптылықтан босатудың жаңа түрінің енгізілуі, қажетті қорғану жағдайында жасалған әрекетті жағымды әрекет ретінде қарастырып, ешкімнің де өзінің ажырамас құқығын белсенді қорғауға кедергі жасай алмайтындығын тағы бір дәлелдейді».
ҚР ҚК 112-бабында қажетті қорғану шегінен шығу кезінде зиян келтіргені үшін жауаптылық белгіленген. Бұрын әрекет еткен қылмыстық заңның 96-бабының екінші бөлігі, яғни «қажетті қорғану шегінен шығып орташа ауырлықтағы дене жарақатын салу».
Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының № 2 нормативтік қаулысыңда «Қажетті қорғану жөніндегі заңдарды қолдану туралы» жазылған:
«Азаматтардың өмірі мен денсаулығына жасалған қастандық үшін жауаптылықты реттейтін заңдарды соттардың қолдануы туралы» №7 қаулысында былай көрсетті: қастандықтың қауіптілігі қорғанысқа көрінеу сәйкес келмесе, ол заңда қажетті қорғану шегінен шығу деп танылады.
Қазіргі кезде мемлекетімізде Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес денсаулықты сақтау мәселелері жөнінде мемлекеттік бағдарламалар әзірленген, осы бағдарлама бойынша ҚР Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігі жұмыс істеп отыр. Қазақстан Республикасының Конституциясының Адам мен Азамат бөлімінің 29-бабының тармақтарына сәйкес, ҚР азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей және жанама нысандағы кінәмен сипатталады. Қажетті қорғану шегінен шығып жасалса қылмыс кенеттен пайда болған анықталмаған қасақаналықпен жасалатындығына назар аудару қажет. Қажетті қорғану шегінен шығып денсаулыққа ауыр дәрежеде зиян келтіру жағдайында қорғанушының қасақаналығы қол сұғушыны өмірінен айыруға бағытталмайды, кінәлінің өлімге алып келген қатынасы абайсыздық нысанда болады. Қажетті қорғану шегінен шығу кезінде абайсызда ауыр зиян келтіргендік үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Бұл жағдайда ҚК 66-бабын ескеру қажет, онда қоғамдық қауіпті қылмыстан болған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажетті қорғану егінен асқан адамды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігі көзделген.
Бұл қылмыстың себептері мен мақсатында криминалдық сипат бар. Ондағы себеп – заңды мүдделерді қорғау ниеті, ал мақсаты – қоғамға қауіпті қастандықтан қорғану.
Қажетті қорғанудың шегінен шығуға қатысты мына мәселені ескеру қажет, яғни ҚР ҚК «53-бабы. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар:
а) мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет кішігірім ауырлықтағы қылмыс жасау;
б) айыпкердің кәмелетке толмауы;
в) жүктілік;
г) айыпкердің жас балалары болуы;
д) қылмыс жасағаннан кейін зардап шегушіге тікелей медициналық және өзге де көмек көрсету, қылмыс салдарынан келтірілген мүліктік залал мен моральдік зиянның орнын өз еркімен толтыру, қылмыспен келтірілген зиянды жоюға бағытталған өзге де іс-әрекеттер;
е) жеке басындық, отбасылық немесе өзге де ауыр мән-жайлар тоғысуының салдарынан не жаны ашығандық себебімен қылмыс жасау;
ж) күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу салдарынан не материалдық, қызметтік немесе өзге де тәуелділігі себепті қылмыс жасау;
з) қажетті қорғанудың құқықтық дұрыстығының шартын бұзу, аса қажеттілік қылмыс жасаған адамды ұстау, негізді тәуекел, бұйрықты немесе өкімді орындау жағдайында қылмыс жасау;
и) қылмыс жасау үшін түрткі болып табылған жәбірленушінің заңға қайшы немесе адамгершілікке жатпайтын қылығы;
к) шын жүректен өкіну, айыбын мойындап келу, қылмысты ашуға, қылмысқа басқа қатысушыларды әшкерелеуге және қылмыс жасау нәтижесінде алынған мүлікті іздеуге белсенді жәрдемдесу»[22, 154 б.]. Сот жаза тағайындау барысында заңда көрсетілмеген мән-жайларды да жеңілдетуші ретінде ескеруі мүмкін.
Қорытындылай келе, қажетті қорғану шегінен шығып жасалған қылмыстар ретінде қорғанушының қорғануына таңдап алынған құралының төніп тұрған қауіпке сәйкес келмеуін айтамыз. Аталған қылмыстардың басқа қасақана жасалынған қылмыстардан айырмашылығы, қажетті қорғану шегінен шығу ең басында қоғамға пайдалы әрекеттен басталып, кейіннен оқиға барысында қоғамға пайдалы әрекеті қылмыс құрамының пайда болуына орай, қоғамға қауіпті әрекетке айналады.
Достарыңызбен бөлісу: |