Жүйке жүйесі барлық мүшелердің жұмысын басқарып реттейді. Жүйке жүйесіндегі нейрондар мен жүйке талшықтарының арасында қозу тоғысу - синапстар (гр. «synapsis» - қосылу, байланыс) арқылы өтеді. Бұл кезде бір нейронның аксоны екінші нейронның дендриттерімен байланысады.
Жүйке ұлпасының негізгі қызметі: қозғыштығы және қозу өткізгіштігі. Сыртқы ортадағы түрлі тітіркендіргіштердің әсерінен пайда болатын қозу орталық жүйке жүйесіне беріледі.
Биоэлектрлік құбылыс. Тірі жасушалардың барлығының биоэлектрлік белсенділігі болады, яғни тірі жасушалардың сыртқы жарғақшасында электрзаряды бар. Бұл цитоплазмадағы және қоршаған ортадағы оң және теріс иондардың біркелкі таралмауынан іске асады. Соның нәтижесінде кез келген тірі жасуша тыныштық жағдайда сырттай - оң, ішкі жағында +(цитоплазмада) теріс зарядталады. Бұл заряд тыныштық әлеуеті немесе жарғақшалық әлеует деп аталады және 60-70 милливольт (мВ) шамада болады.