Тоңазытқышты пайдалану кезінде кейбір азық-түліктерді өте салқындатып жіберу оның дәмдік сапасын төмендететінін есте ұстау керек. Мысалы ветчина мен колбасаны 2—4˚С температурада, жұмыртқа, кілегей, сүт және майонезді 3—6˚С, көкөністерді (овощтар) 3˚С-тан 7˚С-қ а дейінгі, жеміс-жидек пен минерал суды 4—8˚С температурада сақтайды. Тоңазытқштың ішіндегі ауа емін-еркін алмасып отыратындықтан оның әр деңгейіндегі температура да әр түрлі — төменгі температуралы бөліктің астына таяу аралықта 0˚С болса, әдетте басқа бөліктен әйнекпен бөлінген тоңазыту камерасының төменгі бөлігінде 6—7˚С болады. Температураның осылай әр түрлі деңгейде болуы азық-түлікті тиімді түрде орналас тыруға, оларды сақтауға ыңғайлы жағдай тудырады. Мысалы, жас етті, құс пен балықты қысқа мерзімге сақтау үшін оны жоғарғы сөреге қойған жөн. Сыр, сары май және басқа майлар тоңазыту камерасының үстіңгі сөресінде жақсы сақталады. Жеміс-жидек пен көкөністерді тоңазыту камерасының төменгі бөлігіндегі ыдысқа салып сақтау керек; бұлардың жақсы сақталуы және солып қалмауы үшін бөлгіш әйнекті алмау қажет. Тұздалған және маринадталған азық-түлік, әдетте, тоңазытқыштың төменгі сөресінде сақталады. Тоңазытқыш есігінің ішкі жағындағы арнайы ұялар мен бөлімдер жұмыртқаға, май, сыр, сүт және бөтелкедегі сусындарға арналған. Өзіне тән иісі бар азық-түліктер (сыр, балық, ысталған тағамдар, хош иісті дәмдеуіш заттар т. б.), осындай-ақ иісті тез сіңіріп алғыш азық-түліктер (сары май, крем, сүзбе, кілегей т. б.) жабық ыдыстарда немесе оралған күйінде (мысалы, полиэтилен пленкаға, целлофанға, алюминий фольгаға оралған қалпында) сақталуы қажет. Тоңазытылған азық-түліктер ұзақ уақыт (бірнеше күн) төменгі температурада (—12˚С және бұдан да төмен) тұрған кезде шамадан тыс кеуіп кетпес үшін олар целлофан, су өткізбейтін қағаз немесе полиэтилен пленкаға оралған күйінде тоңазытқыштың төменгі температуралы бөлімінде (камерасында) сақталады.
Достарыңызбен бөлісу: |