Төкеев Бертай Есмаханұлы ГҮл сезім шымкент 2009 Гүл сезім



бет2/4
Дата11.01.2017
өлшемі0,96 Mb.
#7393
1   2   3   4

Мыңдаған жылдар өтсе де табиғат – ана тартымдылығымен танылып, сұлулығымен табынтып, құпия тылсым күйін іште сақтап келеді. Табиғатқа қарай тартылмайтын, асықпайтын құштар емес жан жоқ шығар сірә. Адам – табиғаттың бір бөлігі. Табиғатсыз адамның күні қараң. Адамның денсаулығы, мінез - құлқы, адами қасиеттері табиғаттан бастау алатыны белгілі. Табиғат – ұлы суретші, ұлы тәрбиеші, ұлы ұстаз. Табиғаттан үйренеріміз көп. Табиғатта көп болатын адам сұлулыққа, мөлдірлікке, қасиеттілікке, тазалыққа талпынбақ. Адамсыз табиғат тіршілігін жалғастыра берер, ал адам табиғатсыз өмір сүре алмас. Адам бәрін кешіре алады, ал табиғат адам жасаған опасыздықтарды, қиянаттарды, қателіктерді кешіре алмайды. Табиғат заңдылығын терең зерттей біліп, мақұлдау - имандылыққа бастап, бір ғана құдіретті күштің бар екенін мойындатады.

* * *


Үлкен жартас жанында өлең оқыған Манас шабыт тұлпарының арынымен жалындап, ару қыздардың жүректерін жырларымен жылытқан. Бойды балқытқан күн сәулесі, алдан аялай ескен самал тамылжыған табиғатпен үйлесіп, керемет күйге бөлеген. Аспандағы бұлттар қаз қатар тізіліп, жастарға еңкейе иіліп, жөңкіле жүйткіп, алабұртқан көңілді алаңдатқандай. Қатар бой түзеген ағаштар жапырақ жүректерін жайып, осы бір қайталанбас ғажайып мөлдір сәтке таңырқаған жастар ынтыға, қызыға қарап, көздері тояр емес. Қаншама сырды бүгіп тұрған ну орман тағы да үнсіз қалып, жалғыз аяқ жол алға жетеледі. Ағаштардың арасынан түскен сәуле ынтызар пейілге үн қосып, сырлы сезімге баурады. Мүлгіген тыныштық сананы сансыз уайымнан арылтып, әсемдік әсерімен балбыратты. Осынау жүрекке жақын, жанға жағымды сәт бойды балқытып, көңілді шалқытып, уайымды кемітіп, жанды ерітіп жібергендей еді. Жастардың алдынан шыға келген құшағын айқара ашқан ағаштың адамға ұқсастығы байқалып, көңілді қуанышқа кенелткен. Аса сезімтал Айзере ағаштан сағыныш сырын іштей ұғып, сүйрік саусақтарымен оны аялай сипалап, мөлдірей қалып, қабықтарынан өрнекті өмір иірімдерін танығандай өзгеше күй кешті. «Бір күндері мен де осы ағаштай сүйіктімді сарғая күтіп тұрамын-ау»-деп ойлана қалған Манас Айзереге қимастық сезіммен ынтыға қарап қалды.

* * *


Адамда сағыныш таусылған ба? Жақсы көрер жанын жүрегінің төрінде сыр етіп сақтап, перзенттері үшін өмір сүріп, ар намысын, ұятын бәрінен биік қоятын қаншама жан бар. Жақсы көруге тосқауыл бар ма? Алғырдың арбауында, қасқырдың қармауында қалған қаншама тағдыр бар. Сағыныштың салмағы ауыр болғандықтан да сананы күзгі жапырақтай сарғайтып, жаныңа жауын әкеліп, суық самалымен жауратар. Сезіммен ойнауға болмас. Үзілмес үлбіреген үкілі үміт алға жетелер, сенім-семсер алға сүйрер. Адамның Алла өлшеп берген жердегі өмірі бір-ақ рет берілгендіктен алдануға да,арбалуға да, қателесуге де қақысы жоқ.

Екінші мүмкіндік берілмес те. Мүмкін бақилық өмір басқаша өрілер... Осы өмірдің абыройымен ардақталғанға не жетсін шіркін?!

Өзін күшейтіп, көркейтуге де, құртып, жойып жіберуге де қабілетті адам дұрыс жолын таңдауы абзал. Өмірге келу мақсатын орындаушы адамзат құдіретті күштің құрығында құрсауланып, сол шектеуде шыр айналар...

Шындығында кім бақытты болғысы келмейді???

* * *


Көз қарасымен-ақ бір-бірін ұққан жастар тамаша көрініс пен таңғажайып сұлулықта, тылсым тартылыста ғанибет күй кешті. Бұрала өскен ақ қайыңдар қол бұлғай шақырып, қуаныштың көгінде самғап, сырбаз сезімге бой алдырған жұптар рахат күйге бөленген.Ләззатқа кенелтер табиғаттың тартуы жандарды жадыратып, асқақ армандарға жетеледі. Тұнып тұрған сұлулық пен мүлгіген тыныштық үндестік тауып, қыздың әппақ бейнесі күн сәулесімен шағылысып,елден ерекше тұлғасы жанды баурап әкеткендей еді. Айзеренің ақ дидарынан шуақ төгіліп, мейірімді қоңыр көздерінен нұр себіліп, Манастың жан жүрегін жандырып, басы айналып, тамылжыған табиғатпен бірге талықсыған.

Ия, шынында жастар бір жеңілдікті сезініп, тілмен жеткізе алмас сезімде самғады. Бейнебір басқа әлемде жүргендей болып, әрбір бұта мен мүйіске таңырқай қарап, табиғатқа таңдана тербелген. Қалың бұталардың арасынан өткенде қол ұстаса қалып, бір-біріне демеу, сүйеу, қорған болып, бойлары балқып, көңілдері шалқып, мына әлемде екеуі ғана жеке қалғандай еді. Манас әртүрлі гүлдерден құралған дестені Айзереге жүгіре келіп ұсынғанда, «Рахмет»-деп қуанған Айзеренің жүзі күлімсірей жанып, өн бойы алау атып, ерекше сезімге бөленген. Батылы жетіп Манас жәй ғана бетінен сүйгенде қыз жүрегі тулап, бетіне қан жүгіре қызарып, жанары жалындап, мөлдірей қалып еді. Қол ұстасқан жастар алға кетіп, Берік пен Ақерке артта қалып, өздеріне жақын ортақ тақырыпта қызу әңгімелесіп келеді. Жайқалған шалғын құрақ бейнебір кілемдей көрініп, көз қуантар гүлдердің түрлері ерекше тартып, жайқалған бау жүректі жібітіп, ерекше талғаммен жаралған табиғат таңдай қақтырып, үйлескен үндестік үлбіреген Айзере арудың ажарымен айқындалып, Манастың жанын жандырып, жастарды бір-біріне жақындастыра түскен. Көктегі бұлттар да ерекше әсер беріп, көңіл көкжиегі көктемнің көрінісімен тербеліп, құшақтары жазылмаған көңілі жарасқан жастар бір сәт бұталар арасында жасырына қалып, жасыл шыршаларға айналып кете барды...


* * *
Сұлулық салтанат құрып тұрған мына әлемде саналы тіршілік иесі сұлулыққа ынтық, әсемдікке әуес, ерекшелікке езіле елеңдер.

Сұлулыққа бас имес адам жоқ. Сұлулық-сиқыр. «Сұлулық падишасы болам» деген әрбір жан өзінше сұлу, өзіне берер бағасы жоғары.

«Мен ақымақпын, сұлу емеспін»-деген пенде әлі табыла қойған жоқ. Сыртқы сұлулықпен қатар жан сұлулығын, рухани байлығын күшейтетін кезең әлдеқашан жеткенін, өзін-өзі танып, кемшіліктерін жою қажеттілігін адамзат баласы әлі түсінбей келеді.

Анамыздың бесігінен, атамыздың өсиетінен бастау алар жан сұлулық пен рухани байлығымызды ұрпаққа мұра етіп қалдыра аламыз ба?

Саналы салт дәстүріміз, тіл мен діліміз мөлдір бұлақтай таза сақталса ғана сұлу, қасиетті, текті ұрпақтың көсегесі көгеріп, терең тамыр алып, өнерімен өркен жаяры анық. Оған бүкіл қоғам, мемлекет болып кіріспесе болмас. Елжандылыққа, ұлтжандылыққа әрбір отбасыдан бастау алар жалпы сұлулық тәрбиесі бүкіл әлемді сақтап қалмақ...
* * *

«Өз өмірін қиюдан тайынбайтын аяулысы болмаса адамның күні қараң»-деген ұлы қаламгер Лев Толстойдың даналық сөзі есіне түскен Манас ойланып қалды. Шығармашылықпен айналысатын ол өткен күндерде жазған күнделік дәптеріндегі ой орамдарын осынау ғажап табиғатта Айзереге оқып бергісі келген.

«Әдебиет пен өнер ұлы болмайынша ұлт, халықтың ұлы болмайтынын ойланайық!» деген ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтың қайтыс болар алдындағы ақырғы ғибрат сөзі ойға оралып, оны ерекше толғандырған. Манастың өмірден түйгендері, әр жылдарда ой еңбегімен өрілген өрнек сөздері қыз жанына жақын естілді:
«Нағыз адам әлемдегі барлық адамзатты сыйлап, өз әз басын қадірлей білуі керек!»
«Адамзат баласы сұлулықты санасына сіңіріп, жан сұлулығының әсем ірге тасын қалап, өмірін өнермен өрнектесе, өрден өрге өрлей бермек, шыңнан шыңға шарықтамақ, таудан тауға талпынбақ» 1998жыл.

«Ұлылық қарапайымдылықтан туады» 21.11.2002жыл.


«Ерлік ердің ісі» 2003жыл.
«Жауыңа да жақсылық жаса, түбінде жақсылықпен қайтады»
«Адам ақылды болған сайын, ақымақтыққа амалсыздан жол береді»
«Ұрпағың аттан түспесін,

Қазаның оттан түспесін»


«Перзенті ойлы болса.

Қазаны майлы болар»


«Қисық қасық ауызға жағымды»
«Бала жақын асыққа,

Ауыз жақын қасыққа.

Сабыр түбі сары алтын,

Байыпты бол асықпа»


«Қымыз келсе сағынар,

Ожау лезде табылар»


«Жақсыға әр жан асық,

Қазанға ожау ғашық»


«Тарағы бардың шашы бар,

Басы бардың асы бар»


«Қазан мен от киелі,

Қасыққа мақтау тиеді.

Қақпақты бәрі сүйеді,

Ошақ босқа күйеді»


«Кешегі өткен нағыз,

Бүгінгі ертегі, аңыз»


«Алдыңызға келген кісімен түрегеліп амандасып, жоғарыдан орын беріңіз, сөзін тыңдап, көмектесуге тырысыңыз. Күндердің күнінде сол кісіге ісіңіз түсіп, алдында түрегеп тұруыңыз әбден мүмкін»
«Адамзат ұлылыққа талпынар, арын аялар, барын бағалар, бақыт таба алар!» 2009жыл.
«Ешқашан ойламаған нәрсенің, ешқашан ойға алмаған нәрсенің, ешқашан ойға кірмеген нәрсенің опық жегіздіруі әбден мүмкін» «Қауіпсіз»-деп қауіпті ұмытпа. «Қауіпсіз»-деп бейқам болу қауіпті. Қауіпсіз нәрсе қауіптірек» 03.01.2005жыл.
«Бақа көлшікте «көсем» болып туылады, батпақта бақылдап өледі» 01.05.2008жыл.
«Дос көңіліне қастай қарап сақ бол,

Қас көңіліне достай әділ, ақ бол» 09.01.2005жыл.


«Өз бағасын білгендер биікті алар,

Өз әз басын қадірлемеген күйікте қалар» 01.05.2008жыл.


«Елге еткен еңбек еш болмас,

Жақсылық жасау ешқашан да кеш болмас»


«Туған елді, өскен жерді құрметтеу-басты парыз.

Алтын ұя мектепке, асыл ұстазға әр адам қарыз» 02.03.2001жыл.


«Адамның көзі ішкі жан дүниесінің айнасы» 04.06.2005жыл.
«Адамдарды қуантудың өзі өзіңе керемет қуаныш сыйлайды» 05.06.2005жыл.
«Ақылмен, санамен, кішіпейілділікпен, түсіністікпен келісе отырып, жұмыс жасау керек. Ерте тұрып, күн шықпай жұмыс істесең денсаулығың нығайып, несібең артады. Аздан көп болады, тамшылардан мұхит, түйіршік құмдардан тау құралады»
«Кемшілікті біреуден іздеуден,кемшілікті біреуге тағудан бұрын, кемшілікті тудыратын жағдайды жою керек»

«Өз бойыңдағы кемшілікті зерттеп, түсініп, оны жоюға тырысу-өзіңді тануға,өзіңді құрметтеуге деген алғашқы қадам»


«Ақылың алға апарар, сабырың сақтар, шыдамың шыңдар! Бағың басыңда, тек жасыма!»
Үлкен ұлы дүниелер кішкенеден бастау алар. 15.06.2009жыл.
«Мен өмірде бармын, ол-өзіме өзімнің керемет сыйлығым, ал мені жақсы көретін, сүйетін жандардың амандығы, тілегі –бақыт! Өмір сүргім келеді!» 20.06.2009жыл.
«Адам абыройы мен беделі үшін өмір бойы жұмыс жасаса, абырой мен бедел адамға мәңгілік қызмет жасайды» 14.08.2009жыл.
Ұлы ғұлама ақын Абай «Махаббатсыз дүние бос», «Ғашықтың тілі тілсіз тіл, көзбен ұғып, ішпен біл» дегеніндей Манас пен Айзере бір-біріне ешнәрсе айтпаса да осынау ғаламатта өрілген ғажап табиғатта бір-біріне деген ынтызарлық сезімдері бойларындағы алай-дүлей толқынмен, жүректеріндегі жалынмен, көздеріндегі тылсым тартылыспен білініп тұрды.

Манас осынау сәтте бойжеткенге қарап, өжеттігін, еңбекке деген ару бойындағы құлшынысты байқап, әңгімелерінен сезіп, әлемде «Темір ханшайым ару» атымен қалып, «Мен әрбір адамның капиталист болуын, әрбір адамның меншігі болғанын қалаймын» деген сөзімен аңызға айналған Маргарет Тетчер елестеген. Оның Англияны басқарып, елді тығырықтан шығарып, әлемдік деңгейге жеткізуіне кішкене дүңгіршектің (магазиннің) құрылымы әсер етіп, оның егесі әкесі Алфрид Робертстің өсиеттері себеп болғанын тебірене әңгімелеп, Айзереге де сондай биіктіктен көрінуіне тілек білдіріп, сенім артқан.

Бүкіл әлемге үлгі болған әке өсиеті қаншама запа шеккен жандардың жүрегіне жылу беріп, өмірлеріне демеу, үлгі болып, мына сөздермен өрілген еді:

«Ешқашан жұмыс істеуден қашпа.

Жақсы өмір сүру үшін жұмыс істеу керек.

Адамның ешқашан ашулануына болмайды.

Әсіресе басқалардың көзінше ашулануға болмайды.

Ешқашан өзіңнің сәтсіздіктерің мен құлдырағаның жөнінде айтушы болма.

Ол болуы да мүмкін.

Бірақ оны сыртқа шығаруға болмайды»

Бұл сөздерден Манас ешқашан сыр бермей, қырандық қалып сақтап, қайсарлықпен алға ұмтылу қажеттігін ұққанын Айзереге беріле түсіндіріп, табиғат аясында қиыла қалған аруға емірене елжіреген.

* * *


Сақ дәуірінен қалған өсиетте: «Нәпсіңді, тәбетіңді, тіліңді тый» дейді.

«Адамның бағы, абыройы кісілігіне, қадір қасиетіне байланысты» деген Бәйдібек баба.

«Ел басқаратын адамның санасында үш нәрсе жүруі керек: обал, сауап, борыш»-деген Ақсуат би.

«Адамның басшысы-ақыл, жетекшісі-талап, шолғыншысы-ой, жолдасы-кәсіп, қорғаны-сабыр, қорғаушысы-мінез, сыншысы-халық»-деп, ой толғаған Саққұлақ би.

«Тату үйге тақсірет жуымайды. Бірлігіңе ие бол. Өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық қылма»-деген көп жыл бойы қазақ елін үлкен абыроймен басқарған қайталанбас ұлы тұлға Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев.

«Адам нені құнттап соңына түссе, содан қызықты нәрсе жоқ»- деген ұлы актер, кино шебері Шәкен Айманов.

Адам ата мен Хауа анадан тараған ұрпақ адамдық қасиеттерді қалыптастыруға, адамдық атты ардақтауға, бүкіл әлемді зерттеп білуге ынтығып келеді. Қаншама дүниені біліп, ақыл парасаты толығып, өмірге деген сүйіспеншілігі кереметтей артып, дүние жүзін құныға зерттеген ғұлама өз ғұмырында өзін толық танып біле алмай өмірден өтіп кетері өкінішті.

«Білім қайда болса биіктік сонда, парасат қайда болса ұлылық сонда» деген халық даналығы көп нәрсені меңзейді.

Биіктік, ұлылық, имандылық қағидаларына жүгінсек адамдық қасиеттер өз көгінде самғап, тектілік тұғырында жалындап, күнделікті өмірдегі түкке тұрғысыз, мағынасыз майда тірліктер айқындалып, күйбің тіршіліктегі пендешіліктер аласара түспек.

* * *
Тартымды табиғатты армансыз аралаған жұптар шоғырлана қалып, өздерімен ала шыққан сусындары мен дәм тұздарын ортаға қойып,жайғаса қалды. Табиғатта желінген дәмнің тәттілігі ерекше білініп, көңіл күйлері жоғары жастар әзілге көшкен. Айырықша әсерлі әсем көріністе Манас Айзереге қызыға қарағанда сүйікті жанының сүйкімділігі тамақтануда да көрініп, баладай балбыраған еліктей ерекшелік жағымдылығымен жанын жылытқан. Ешкімге тәуелсіз табиғат бауырына тартып, ойларында ешнәрсе жоқ жастарды қимастық сезімге бөлеп, осы бір сәтті мәңгілік естелік ретінде сыйлағанын ешкім де білмеді. Күндердің күнінде осы бір мөлдір сәтке ынтызарлық көңілмен жан-жақта, алыста сағынышта жете алмай жүретіндерін олар білді ме екен?

Зымырай жүйіткіген көлікте көңілі көкте қалықтаған олар музыка үнімен самғап кете барды. Көз тоймас мөлдіреген сұлулығымен тартқан тылсым табиғат көзге ыстық, көңілге жақын әсерлі күйінде артта қалып бара жатты.

Тас жолды жара жүйткіген көлік көңіл жүйрікпен жарысып, төңірек дөңгелене айналып, жол жанындағы қаз қатар тізіле егілген ағаштар иіле қалып, алыстағы Алатау биікке талпындырып, жастарды жалындата түсті. Алда отырған көлікті жүргізуші Берік пен жанындағы Манас жарыса сөйлеп, пікірлесер ортақ тақырыпты тауып, аруларды әңгімеге тартса, артқы орындықтағы арулар жанды ерітер музыка үнімен тербелген.

Машинаның ортасындағы айнадан анда-санда көрініп қалар Айзеренің жанарынан Манас керемет әсер алып,ыстық жалынды сезінген. Жан-жақтың бәрі жасыл желекке оранып, сағым дала көз ұшында алабұрта құлпырып, ағаштар қол бұлғай артта қалып, жастар Манкент шипажайынан бір-ақ шықты. Құшақ жетпес алып теректер өзіне тартып, жол жағалай егілген раушан гүлдер алға жетелеп, жап-жасыл шыршалар сұлулығымен сүйсінтіп, тап-таза ауа жанға жайлы тиіп, мұнтаздай тазалық, келісті көктемнің көркем көріністері өзіне тарта түскен. Осынша құрылған құрметке арулар балбырай балқып, мәдениетті құрақ ұшқан сері жігіттер жол көрсете алға қарай асыққан. Манас осы бір ұлы істің ұлы күнінде арулардың алдында абыройы асқақтап, жылы қабақ пен ыстық ықыласты сезініп, әсіресе Берік досына дән риза еді. Өткенде ғана жөндеуден өткен зәулім сарайға кірген жастар жандары жадырап, сыйлық жасаушы Берік студия орталығында ортаншы ұлымен бейне көріністі әрлеуге кірісіп те кеткен. Сахна төрінде тұрған пианиноны байқап қалған Манас «Сезім гүлі» атты шығармасын жан тәнімен беріле орындай жөнелгенде қос аққудай көрінген арулар бір ерекше күйге еніп, керемет сезімге бөленген. Көз тартар ерекше көркемделген кинозалдағы әуелеген әуен жандарды тебірентіп, сағыныш сазына баурады. Келесі залға көшкенде мыңдаған шашырап шыққан сәулелерден дуалға түскен әртүрлі қозғалыстағы бейнекөріністер қабырғада музыка әуенімен тербеле құбылып, жастарды қуанышқа бөлеп, би ырғағымен арулар ажарлана түскен. Арнайы ұйымдастырылған бұл кереметке таңырқаған, көңіл құстары көкте самғаған, қуанышта құлпырған жастар жан шыдатпас әсем әуенде қалықтап, биге араласты да кетті.

Биші қыз мың бұралып иіледі,

Көрген жан қызығады, сүйінеді.

Жүректің мың пернесін дөп басатын,

Бұл да бір құдіреттің сыйы ма еді?!-деп іштей күбірлеген Манас Айзеренің биіне таңқалып, қызыға қарап, ынтыға түсіп, есі шыға елеңдеген. Тал бойында бір міні жоқ ару елікше елітіп, марал мүсініне қызықтырып, тотыдай тартымдылығымен тартып, қыз қылығымен жіпсіз байлаған. Жанына жақын келе билеген жігіт арудың аңқыған жағымды иісінен естен тана балқып, жымия қалған сәтінде жүрегі қатты дүрсілдеп, жылдам ырғақта қалықтап, тал шыбықтай иіле қалар, мың бұралған, көзді арбар көркемге әрең ілескен.

Әртүрлі мың түстерде төгілген сәулелермен шырайланған Айзере мен Манас баяу биде аққулардай жұптаса қалып, бойды балқытар әсем әуенде елжіреп, беймәлім тылсым күйде тербеле түскен. Екеуінің де жүрек соғыстары жиілеп, алақандары терлеп, бойлары балбырап, әуенмен қосылған әлдебір күш естерін тандырған. Даладағы нөсер күшейе түсіп, жауын тамшылары терезелерге тиіп, сананы селт еткізген табиғат көрінісімен жүректі ерекше сезім биледі. Осы бір ғажайып сәттің сымбатын ашқан Айзереге Манас ризашылық сезімін жеткізе алар емес.

Жан жүректі тербеген осынау музыка үні бүкіл болмысты ерітіп, уайымнан арылтып, өзекті өртей өрілген ішкі сезім шығуға сыртқа сұранғандай тұла бойды балқытып, жұптарды жақындастыра түскен.

-«Сізбен тілдесіп жүрсем өзімді әлдеқайда сергек, сенімді, күшті сезінем»-деген Айзеренің сөзі жігіт жүрегін баурап кетті. «Аға»-деп арқа тұтып тұрған жанға мейірлене қараған жігіт сенім мен үміттің көзге көрінбес нәзік жібін үзіп алмауды ойлаған.

Жүрегін сала сапалы жұмыс жасап, ерінбей еңбектенген Берік ұлдарымен бейнефилъмнің дайын екенін ескертіп, қонақтар өздері ғана үлкен залдан орын алды. Мұндай құрмет пен сыйлықты күтпеген аруларға бұл жүрек жарды қуаныш еді. Үлкен, орасан бетте көрсетіліп жатқан сахна төріндегі өз бейнелерін көргенде керемет әсер алып, таңдана, таңырқаса қалып, көкіректерін ерекше күй кернеген. Көрсетіліп жатқан әсем табиғаттағы мөлдіреген көркем көріністер аяулы аруларға арнайы диск ретінде жасалып, бір-бірден сыйлық ретінде берілгенде бүгінгі мерекелік күннің баға жетпес, тіл жетпес шексіз қуанышы өн бойларында өрілген. Қайран көңіл қашан да жылы шуаққа асық, мейірімге зәру, жылы сөзге елеңдеп аландары анық. Сыйластықпен өрілген өмірдің соншалықты қымбат екені осы бір мөлдір сәтте білініп-ақ қалған.

Ия, кісілігінен кішілігі басым, өте қарапайым, имандылығы жоғары, рухани байлықты жоғары ұстап, биік қояр Берік өзінің асыл, текті екенін көрсетіп, азаматтығын тағы да осылай танытып еді. Тарихта қалар осыншалықты шынайы, адал пейіл, ақ ниеттен өрілген осы бір мөлдір сәт мәңгілік ұмытылар ма???Лезде өткен күн қызығымен қызықтырса, демде қас қарайып, бүкіл әлемді қараңғы түн құшағына алды.


* * *


Уақыттан жылдам нәрсе жоқ шығар. Барлық нәрсе заман, тарих, адамзат уақыт арқылы өзгерісте. Көп жағдайда адамға жетпейтіні де уақыт.

Уақыт бәрін көрсетіп, өз дегеніне салып, өз әмірін жүргізеді. Бәрі уақытша. Қамшының сабындай қысқа өмір өрімдей өрнегімен өріліп, қысқа саптай уақытта қызығың мен шыжығың таусылар. Уақыт-емші... «Қалған көңіл шыққан жанмен бірдей»- дейтін асыл анамыз. Уақыт өте келе өкпе ұмытылар, көңіл орнына келер, жан жарасы жазылар. Ал адамның алтын уақыты , балалық кезеңі, жастық шағы, ең тәтті, сәтті, қимас, шуақты күндері оралмас. Уақытты тоқтата алмайсың. Уақыт өз дегенін алады, бәрін орнына келтіреді. Тек өткінші өкініш жүректі жаралар, жаныңды мазалар, сағыныш салмағымен сананы сарғайтар...

* * *

Түннің қалай болғанын білмеген жастар қалаға қайтуға бекінді.Даладағы толассыз жауған жаңбыр дүниені жаңартып, жасартып, көңіл сарайын ашып, кеудеге күй толтырып, бір нәзік тылсым сезімге жетелеген. Жігіттердің костюмдерін желбегей жамылған арулар жаңбырдан жүгіре өтіп, жақын келген машинаға жылдамдата отырған. Биылғы көктем ерекше көрініп, жаңбырдың күнделікті толастамай жауғаны шынында қызықты жағдай еді.

-Қуанайық, жаңбырмен нан жауып жатыр, еліміздің несібесіне биыл беретін жыл.Біздің қонақтарымыз нұр әкелді. Жақсы қонақ келсе құт- деген Берік ағаларының сөзіне арулар мәз мейрам болып, көңілдері көтеріліп қалған.

Қыздар ішке кіргеннен қосылған әсем музыка мен жылу беретін құралдан соққан ыстық ауа бойды балқытып, жүйткіген жылдамдықтағы жаңбырмен жуылып жатқан дала көрінісі ерекше әсер беріп, көңілді шалқытқан. Бас айналар үлкен жылдамдықта сырттағы мүлгіген қараңғы тыныштықтан ешнәрсе көре алмаған арулар жылына жадырап, біраздан соң бойлары балбырап, көздері ілініп те кетті.

Жолды қуалай берілген машинаның жарығы нөсермен тербеле жуылған ағаштардың жапырақтарында жалтылдап, беймәлім жаққа қарай қараңғылықтың қойнауына кіріп, сіңіп жатты. Машинадағы әйнек тазалағыш бір сәт те тоқтамай, төгілген жаңбыр тамшыларымен ойнағандай, қол бұлғап алға шақырғандай әсер қалдырып, көңіл жүйрікке қамшы салғандай.

Осы бір сәтте мөлдір сезімге бөленіп, үкілі үмітке оранған ұйқысы қашқан Манас: «Айзереге қандай сыйлық жасасам екен?»-деп, ойлана қалды.

Өткенде жұмыста егіз балалары бар Ұлжан апайдан өте қызықты уақиға естіген. Айтылған әңгімедегі әкеге жақын талдырмаш қыз Айзере боп елестеген.

Ия, жақсы көрген жан жылы мейірімге жақын, жақсылық жасауға құштар.

Қуаныш қойнауында құлпырып, орасан шабытта жазылған «Рух күші» поэмасы осылай туылып еді...

Қыз әкесі төрт жыл бойы,

Орынынан қозғала алмай,

Байыпты нақ сөзге оралмай,

Тар төсекте ішқұса боп жатқаны.

Болған үш қыз,екі ұл тойы,

Бүгінгі күн тас қамалдай,

Жаутаң жанар жасқанардай,

Мың ойлармен қаншама атты ақ таңы.


Бар әлемге жайып құшақ,

Күн-түн еңбек еткені.

Қолға ілінген көктегі.

Кішкентай қыз жақын еді әкеге.

Ауыр науқас,байлап,тұсап,

Жұмбақ болып жеткені.

Кешегі күн ұмыт тарих беттері,

Қажылық та,барып қайтқан Меккеге.


Денсаулық-ай, асқан байлық,

Ешнәрсе де тең келмейді екен-ді.

Қалай қиып, кетер ғажап мекенді,

Кіші қыздың тойын жасап,көре алмай,

Өзін түйіп,тас қамал қып,

Намыс езіп,қинала бір жөтелді.

Денсаулықсыз бақыт,байлық бекер-ді.

Ешнәрсе де керек болмас о Алла-ай.


Қыз бой жетіп тал шыбықтай,

Көзге түсті көркімен.

Шарпылғанда махаббаттың өртімен,

Жігіт жақтан құда түскен қарбалас.

Өн бойына шаң жуытпай,

Ерді сүйіп,еркімен,

Айнымастай болды жастар сертінен,

Жүрек жанып, жандарында жанталас.
Қайран әке алысты аңсап,

Қай жерлерде қате қадым басқанын,

Есеп берген,өмір екен қас қағым.

Тұнжыраған,бұл жалғаннан не ұтты?

Жете алмаған ой түбіне мың шаршап,

Көтерердей намыс,жігер-асқақ үн.

Көзбен шолып ауылының жастарын,

Іштен тынып,булықты.


Кенже қызы орны бөлек,

Жүрегінің жұлынғандай жартысы.

Бұл қорлыққа шыдайды ма нар кісі?

Ақ батасын бере алмады-ау қол жайып.

Туған туыс келген елеп,

Ерге елдің алғысы.

Іштен күйіп,жанды іші,

Бала деген бауыр етің қандай,ұқ!


Сыйластық-ай қандай ғажап!

Жанға жақын-тым қымбатты.

Сүйген өмір-шын ырғақты.

Адамға тән құрметімен құралар.

Ұмытылмас сәт өмірде аз-ақ.

Қайран ғұмыр тез зырлапты.

Атса таңың,тез күн батты.

Мәңгі кімдер тұра алар?


Сағыныш –ай,сағынды қарт кемпірін,

Жастық шақтың өткізгендей елесін.

Бір тартыпты ауыр «Өмір кемесін»

Іздеп жатты тілге келмей ардағын.

Аялауға,жылы сөзге кем бұрын,

Қаталдықтың пайымдаған өресін,

Нені ексең соны жинап, тересің.

Ертеңіңді тез бүгіннен қамдағын.


Бір беткейлік қанмен келген қасиет,

Жетістікке жеткені де сондықтан.

Бітпей іске көңілі болмас орныққан,

Бір сөзді боп,сөзді сыйлап келгені.

Айтылмай тұр жүректе мың өсиет,

Дауысы шықпай үн келеді қарлыққан.

Көрінгенмен алтын шықпай сандықтан,

Көңілсіздік жаулап алды бөлмені.


Қыран қартты сыйлап ауыл аймақ та,

Қабағына қатуланған қарады.

Тілеулес қой өніп,өссе дарағы,

Шығарып та сала алмай тұр не шара?

Ауру жанда ауыртпалық салмақ та,

Өзін тежер,жыламаса жарады.

Кенже қызды иеленіп барады.

Кеше сәби,бүгін боп тұр жас ана.


Сұлу жеңгей жанарына жас алып,

Сыйлық жасап,орамалын ұсынды.

«Тауыпсың-деп,бүгін қыран құсыңды»,

Ақ тілегін жайып салды ортаға:

«Жұбыңмен жүр жасарып,

Қия алмаймыз сендей әппақ мүсінді!

Ұрпағыңмен сезінерсің күшіңді!

Өсіп өнгін, сіңгін жаңа ортаңа!»


«Ұрпақтарды тәрбиеле келешек!

Малға толсын қораң да,

Ынтымақ боп араңда,

Атамыздың әруағы қолдасын!

Ал есімін елесек,

Басыңа қонсын табанда!

Ата-анаң қымбат саған да,

Қыдыр болсын жолдасың!»


Ал қиналған қарт есімі Бақ еді,

Имандылық жан жүрегін жандырған!

Үлкен кіші мәңгі есінде қалдырған!

Тектілікпен қамқор болған әр ісі,

Рух кернеген өн бойында шақ еді,

Көзі жайнап,жігер оты жаңғырған,

Қуат келіп, құйылғандай таң нұрдан,

Алға сүйрер ішкі күші,намысы!


Келінінің сөзі рухты қамшылап,

Мөлдіреген қызын тіпті қия алмай,

Ішкі дауыл көкірекке сия алмай,

Ғаламат күш тас төсектен көтерді!

Төрт жыл күткен,елдің жасы тамшылап,

Қуаныштан жылай берді ұялмай,

Бәріне де себепкер ғой бір Алла-ай,

Перзентіне махаббаты өтелді!


Перзентінің бетін сүйіп, қауышып,

Жәутеңдетпей жанарын.

«Бақытты бол, бағалым»,

Депті қыран шаттанып.

Содан бері жылдар жылға ауысып,

Кір шалмапты ақ арын.

Рух күші жоғары үн

Елде қалған сақталып!


Тектіліктен түп тамырың қаланбақ!

Киелілік талпындырар биікке!

Қасиетің қадіріңді үйіп те,

Қаланады «Адам» деген ғажап ат!

Адам үшін өтер болсаң алаңдап,

Еліңменен еленерсің, сүйіп те!

Бақыт, байлық адамдықпен бірлікте,

Рухтың асқақ болуымен ғаламат!!!


Жаңбырлата қалаға жеткен олар Айзере мен Ақеркенің тұратын жеріне келгенде бір қимастық сезім басталған. Төпелей төккен нөсер сыртта әңгімелесуге мұрша бермей тез қоштасқан арулар ішке еніп, өз бөлмелеріне көтерілген. Машинада қалған Берік пен Манас түн ортасындағы қараңғылықта үшінші қабаттан терезеден көрінген шамның жарығына елеңдегендей еді. Терезеден қараңдаған арулардың сұлбалары ағаш жапырақтарының арасынан байқалды да біраздан соң шам сөніп, әлемді қайта қараңғылық басты.Ағалық қамқорлықтарымен қалып, үлкен сенімге кірген жігіт ағалары бір-біріне ризалық пейілдерін білдіріп, ерте басталар ертеңгі қарбалас жұмысты еске алып, тез тарасты да, Манас өз бөлмесінде қалып, Берік темір тұлпарымен жаңбырмен жалтылдай алға жылжыды. Манас костюмінің жағасын көтере жаңбыр астында қалып,тапжылмай Берікке қол бұлғай машина көрінбей кеткенше көзбен шығарып салып тұрды.

Өз бөлмесіне кіре киімін ауыстырған Манас тез жылы төсегіне кіргенмен қызықты өткен күннің шырайлы шуағымен көпке дейін ары бері аунап,ұйықтай алмады.Айзеренің ажары алаңдатып, терезе әйнектеріне тырсылдай тиген тамшылар сезімді оятып, керемет әсерге бөлеген.

Сұлудың балбыраған аққу бейнесі елестеп, тартымды, тұнық тұлғасы, жібектей шашы, жазық маңдайы, қиыла қалған қасы, мейіріммен қарар қоңыр көзі, шиедей емірентер еріні, дидарындағы нүктедей қара дағы, маржандай тегіс тізілген әппақ тістері, алаңдатар мамық тамағы мен ақ төсі ерекше тартып, алтынмен құйылғандай қайталанбас елік мүсін, жағымды жаратылыс қыпша белімен, түп-түзу аяқтарымен, сазды сөзімен сүйсінтіп, еркелік назымен баураған.

«Әлемдегі сұлулық әйел сұлулығына жетпейді»деген қағида тағы да дәлелденіп, сұлулық сиқырына сүрінген Манас толғаныс толқынында тулап, жүрегін жара шыққан «Сұлулық» атты шығармасы қара түнді қақ жарып, осылай өрілген:


Әлемнің тартылысы сұлулықтан,

Мөлдірер ғажайып бір көріністе.

Ес кетіп, естен танып, берілісте,

Адамзат қимай кетер бұл мекенді!

Тұратын жанға жайлы жылылықтан,

Жүректе тым ерекше өрілісте,

Әдемі әрлендірер, сенім іште,

Сұлуды дәлелдейтін гүл екен-ді!


Сұлулық адамзаттың аңсағаны,

Көркімен көрінісін табары анық.

Ішкі рух жан дүниеден бастау алып,

Сезіммен жүрек келер дір-дір етіп!

Ай-арудан ескендей таң самалы,

Жанарына қаларсың шын қамалып.

Күн-түн сайын сағыныш мың жамалып,

Көкірегің күй төгер күркіретіп!


Ай дидар, күн келбетті, елік мүсін,

Елітіп, елжіретіп, еріксізден.

Алаңдап,елеңдеумен, серіксізден,

Аңсаған қаншама жан аласұрып.

Алып та меңгере алмас дүлей күшін,

Бар тіршілік осынау келіпті ізбен!

Күтетіндей жемісін сеніп күзден,

Махаббаттың ақ жолы салар құрық!


Сұлулық бар әлемді құтқарады!

Көңілді көркем етер көрікті қыз!

Бойыңды балбыратса желік қымыз,

Әдемі әлденені ұмыттырар!

Келісті көркем істен құт қалады!

Жер астын ойлаймыз ба жер үсті біз?

Көркемді көреміз бе,уақыт тығыз?

Сұлулық өмір мәнін шын ұқтырар!


Аспанда қалықтатса асқақ сезім,

Жасқанба тағдырыңда барлық үміт.

Жақсы көрсе өзгерер қыз бен жігіт,

Сұлуға сынық көздер көп табылар!

Ұмытылмас жаныңа жақын кезің,

Жақсылығың алдыңнан күтер шығып.

Аяулыны аяулы іздер ұғып,

Жүрекке жақын алған мол сағынар!


Суреттеп сұлулыққа жеткен емес,

Арудың ажарына арбаласың.

Құтқармас бейберекет жанталасың,

Көркемнің келбетіне көз тойған ба?

Соңыңнан мәңгі бақи қалмас елес,

Өмірде өрмекшіге таң қаласың,

Өзін шейіт қып, өрбітер бар баласын,

Сезімін өмірден де биік қойған ба?


Сұлулық салқындықты қаламаған,

Өртеніп, жалын болып көрінесің,

Қаншама күшті болсаң, берілесің,

Махаббатсыз тіршілік үйлеспеген.

Көркейтіп өзін-өзі даралаған,

Жеткізбес талпынғанмен, шегінесің.

Сұлуды сүю болар тек үлесің,

Сұлулық-жету жолы күреспенен!!!


Ұлы Абай: «Сөз өнері дертпен тең» десе, қиын тағдыр кешкен керемет жазушы Максим Горъкий «Жасыруға болмас нәрсе жазылуы тиіс, сен жазбасаң, мен жазбасам, ол жазбаса кім жазады?» деген толғанысын еске алып, Манастың ойы асқақ арманмен араласып, қиял көгінде парасатты тірлік, пайымды ой іздеп, алысқа кетті. Ойды ой жетелейді.

«Атаңды төрлет, анаңды тербет, балаңды терлет»-делінген халық даналығында.

Манастың бал дәурен балалық шағы есіне түсіп, сол бір кезеңді елжірей еске алған. Ойлап қараса ата балаға сыншы болып, әрбір кезеңде әкенің перзентіне көңілі толуы сирек...

Жалындаған жігері, жастық қайраты бойында, жігіттік желігі желпінтіп, абыройы асып, бағы басым боп аспандап, халық арасында беделі биіктеп, аты дүркіреп тұрған тұста жігіт Абай әкесі Құнанбайға: -Халықта: «Бір жігіт әкесіне жете туады»

«Бір жігіт әкесінен кете туады»

«Бір жігіт әкесінен өте туады» дейді. Әке мен осылардың қайсысы болдым-деп астарлап, ойын орағытып, сөз төркінін сездірмегендей болған екен.

Сонда қағілез, ұтқыр, ойшыл Құнанбай сұлтанның:

-«Сен менен озу үшін Абайдай ұлды дүниеге келтіріп ал!»-дегенінде қаншама мән, мағына озық ой жатыр.

Туылғаннан балаға ата әжесі иемденіп, бар жүрегін салып, өмірін арнап, тәрбиесін төксе, баланың шын әке шешесі «Ұлым» демек түгілі басынан сипауға ұялып, сырттай жете алмай жаутаңдар.

Бұлжымас бұл дала заңы ата-анаға бірде бір қарсы келмей үлкенді сыйлауға бағытталса, ата-әжесінің аялы алақанында үнемі қамқорлығында болған бала әке шешесін мойындамай, қариялар өмірден өткенде жалғызсырап, жабығатыны тағы бар. Қариялардың құшағында өскен балаға туған анасы әпкесіндей, туған әкесі ағасындай сезілетіні шындық.

Бала Манасқа атасы сұсты көрінетін. Ойын баласы атасы еккен бауда алмаға тойып, іші пысып, көрші балаларға ілесіп, арбауына түсіп, өз бауындағы алмаларын ұрлауға бірге кірісетін. Шарбақ сыртында етегін түріп, алма жинаушы шашы жалбыраған қара қыз қалып, ер балалар самсап тұрған алмаға өздері тойса да, көздері тоймай тап берер еді. Тапа тал түсте бойы бір тұтам ұрыларды байқаған қария шыға келгенде, бәрі зымзия жоқ болып, алмаларының бірін алса бірі түсіп, титімдей саусақтарына ілінбей әуреге түскен кішкентай аңқау Манас атасын көріп, қолындағы ұсынып тұрған дәп-дәу, қып-қызыл алмаға қызыға қолын соза бергенде, басы шым етіп, қатты тиген таяқтан шыңғыра құлаған. Ұсталық жұмыстан ылғи шаршап келер қайран әке ұлының басының қан жұққан ақ матамен таңылғанын көргенде жүрегі шыдамай, көзі жасаурай, езіле еңіреген. Бар айтқаны:

-Әке, бала емес пе, алмаға бола жазалапсыз, не болды? Одан да мені ұрмайсыз ба?-деп пәс үнмен қаймыға үн қатып, жаны жылап тұрған елуге толар ұлына:

-Керек болса сені де сабаймын.Қанша жесе жесін.Солар үшін еткен еңбегімді неге бағаламайды? Алмаға жаны ашып, бұтағын сындырмай, өз несібесін далаға шашпай қорғамай ма?- деген ашаршылықты, сұм соғысты көрген сұсты атасы әлі есінен кетпеген. Ағайын, туыс, бауырларын ашаршылық жылдарында қырғыз еліне паналатып, өнерімен, қара қобызымен аман алып қалған қария түп-түзу, бүгілмей, жігіттік қалпын сақтап, ағайынның бірлігін, ынтымағын айрандай ұйытып, сексеннің төртеуінде дүниеден өтіп, ұрпағына бар несібесін қырандай қорғап, ұсталық мұрасын қалдырған қайран атасы сағыныш сағымға айналған.

Әке шешенің арқасында бала не түсініп, ненің қадіріне жетер?

-Кластастардың аналары балаларын айналып, толғанып еркелете еміренеді, сіз өйтпейсіз де ғой-деп, күңкілдей тіл қатқыш Манасқа,

-Бар, қолдарына кіріп ал, қанша күн тұрып, шыдар екенсің-дейтін аяулы анасы жымия күліп.

Есейе келе Манас ата анасының іштей жанымен жақсы көріп, емірене езіліп, қабырғалары қайысқанын, жақын бауырлары, өзімен бірге өскен ағалары, әпкелері,қарындастарының қанаттыға қағылмай, тұмсықтыға шоқытылмай, қатарынан кем болмай жыртық, жамау киюді білмей өскеніне, бәрінің жоғары білім алғанына тәубе еткен.

Өмірінде жұмыс барысында кездесіп, әкелері туралы сыр шерткенде, Егізбай ағаның әкесінің:

-«Алма ағашы неғұрлым көп жеміс салып, көрікті, көркем болған сайын бұтақтары жерге иіле түседі. Адам да байлық пен бақыт,бедел, абыройға кенелген сайын солай болуы тиіс»-деп айтқан ақылы қатты ұнаған.

Жылдың төрт мезгілінде таң атпастан еңбекке кірісіп, түн ортасында бітер күнделікті күйбің тірліктің айналып толғануға мұрша бермегенін енді ұққан. Әке қасиетін, ұлылығын, даналығын кейін өзі әке болғанда түсінген. Асқар тау әкенің қаншама арманы ішінде кеткенін ұғып, дархан көңіл, кең пейілін, мейірімін төге қарап қалатынын аңсап, жүрегі елжірей даладағы жауынмен үндесіп, жанымен жылап, жанардан сағыныш жасы төгіле егілген.

«Бақ қайда барасың? дегенде,Ынтымаққа барамын деген. Ынтымақты болыңдар»-деп қайталап отырар әкесінің алыптығын аңғартқысы келген ол көкірегі қарс айырыла ескерткіш жыр-мүсін жасауға бекініп, ертеден келе жатқан аңыз әңгімені ыстық ықыласпен, сәбилік сезіммен, шалқар шабытта он екі сағат толғана тапжылмай отырып, «Әке өсиеті» поэмасын тоқтамай жазып шықты.

Ертеректе болған екен бұл аңыз,

Өз жерінде бақ дәулеті тасыған,

Көмектесіп, елге жаны ашыған,

Бұл өмірде өлім деген елде сын.

Даналығы дара, тұлға, жыр, абыз,

Көрсетпеген жанарын да жасыған,

Қариям-ай елде болған асыл ән,

Шақыртты ұлын, көп тұрмасын білгесін.

Ойланды әке,толғанды да, торықты,

Жалғастырып кетер ме екен ұл ісін?

Өссең,өнсең ұрпағыңмен ұлысың!

Қаншама арман қалып барады артында...

Парықсыздау перзентінен қорықты,

Жүргендей ме өзге жерде күні үшін?

Тәтті тамақ,таңдар аттың мінісін,

Басын шайқар тар төсекте нар тұлға!
Өмірі ағып,өзендей боп,бұралып,

Осы күнге қалай ғана жеткізді?

Мұз жастанып,қар кешумен өткізді.

«Қалдырам»-деп перзентіне дәулетті.

Ұлы болса той думанға сұранып,

Әрбір күнін баянсыз қып өткізді.

Ойлауменен жүйрік атты, тек қызды,

Әкесі бар,барлық іске немкетті...


Ұлы келді әкесіне жүгініп,

Бейжай көңіл,әке көзі аспанда.

Бірер сәтте айналардай дастанға,

Өсиетін бастап кетті,күш жинап.

«Әкең барда көрген жоқсың бүгіліп,

Ажал мені құтқармайды қашқанда.

Түсінерсің менсіз қадым басқанда,

Сонда мені жүрерсің-ау шын сыйлап»!


«Өсиетім төрт бөлімнен тұрады,

Әр күн сайын тәтті жегін,

Сонда нұрға бөлебегің,

Денсаулығың мықты болар күн санап.

Ынтымақ қой бақыт,байлық тұрағы,

Жетелейді алға сенім.

Намыс түзер артық кемін,

Нақ осыдан бүкіл әлем-гүл алап!»


«Әр аптада бір сұлу құш,

Көркем болып көрінеді өзгеден.

Басқаларды көңіл сірә сезбеген.

Жарқыраумен жайнай берер жаның да.

Көңіл шалқып, құлпырар іс,

Мақсатыңа тез жетерсің көздеген.

Сұлулық-ай жеткізе алмас сөзбенен.

Дәулет тасып, таси берер бағың да!».


«Әр қалада үйің болсын ең жақын,

Бара қалсаң күтіп алар әнменен.

Ықыласы теңелетін көлменен,

Сезінетін өмір мәнін аңғарып.

Сол үйіңде құрмет, терме, жыр, ақыл.

Қауышарсың алтын қазына кенменен.

Тауысарсың күй төгілсе көмбеден.

Ғаламатты сезінерсің таңқалып!»


«Осыларды орындауға күйзелсең

Ендігі шарт қиын–ды,

Тек ақылға сыйымды.

Үзілмейтін жіп аларсың қолыңа,

Тек осыдан түзелсең...

Тауып,жетіп ескі қыстау үйіңді,

Асыларсың, істете алсаң миыңды,

Бұл-мүмкіндік, бақ тілеген жолыңа!»


Үлгерді айтып,үзілді де соңғы дем,

Сонда ғана ұлы тұрды аһ ұрып.

Жан әкесін жүрегімен шақырып,

Тез сезінген қамқоршысы жоқтығын.

Өкінді де күнде көңіл бөлмеген.

Сезімсіздеу болған қандай мақұлық.

Әке-асқар тау,әке-мәңгі тақырып!

Жылағанмен,жалынғанмен жоқ бүгін.


Жанарда жас, енді неден бастамақ?

Әке барда сауықпенен күн кешкен.

Өткен күндер шығады ма мәңгі естен?

Өсиетке түк түсінбей адасты.

Әке бағы мүлдем сірә басқа бақ,

Араласпай бұл өмірге білместен,

Жанашырмен бірге өмір сүрместен,

Қателесіп жалғандықпен жарасты...


«Өсиеттен бар байлығың тасиды»

Деген әке,еске алып сөздерін.

Әр күн сайын тәтті нан жеп өзгенің,

Шашып жатты әкесінің байлығын.

Әкесіне риза болып,бас иді.

Сұлу сүйді, жәудіретіп көздерін,

Жеткізе алмай пәк сезімін, сөздерін,

Бәрі жетер,ұмытылды қайғы мұң!


Әр қаладан бір үй алып,жар салып,

Мал азайды,сауық сайран көбейді.

Деген әке: «Көңіл шіркін жебейді»

Бұрылып та қарамады артына.

Жалған-өмір,күй кешкенмен тамсанып,

Өзге байлық перзентке де өгей-ді,

Жан қинамас түбі бір күн кедей-ді,

Бұл өмірдің заңдылығы,шарты да!


Күндер кетті, айлар асып,жыл жылжып,

Мол байлықтан түк қалмады таусылып.

Бақ,дәулет те өте шығар маусым, ұқ,

Қадіріне жете алмасаң кезінде.

Күйзелгені-ай,жігіт тұрды күмілжіп,

Түпсіз ойдан жаны жылап,жаншылып,

Қара көзден жас емес-ау қан шығып,

Өкінішті,мүлдем құру тезінде...


Дана қарттан білу үшін жұмбақты,

Арнайы кеп сәлем берді алдына.

«Өсиеттің жете алмадым парқына,

Әке малы балаға мал болмай ма?

Сағындырған сағым әке қымбатты,

Жұмбаққа ену ғұламаның салты ма?

Шеше алмадым бұл түйінді алқына,

Өсиетте мың сыр жатыр қандай да».


Қарт ойланып,өсиетке үн қатты:

-«Ең тәтті нан еңбекпенен келмей ме?

Бұл өсиет мәңгі азық сендейге,

Еңбекпенен ердің бағы жанбай ма?

Әкең ұлы болған екен қанатты,

Ер азамат қиындықты жеңбей ме?

Бола ма екен сонша төмен деңгейде?

Еңбек етпей, нанға жетпей, ән қайда?»


-«Әр аптада бір сұлу құш дегені,

Жан жарың ғой аңсап жеткен алыстан.

Қандай ғажап сағынысып, табысқан!

Еңбектеніп, мол сыйлықпен жеткенде,

Өз отбасың ғашықтардың мекені!

Апта көрмей жаңа жұп боп танысқан,

Келін аққу, сен боларсың арыстан!

Бал бақытын бағалай ма көп пенде?!»


-«Әр қалада үйің болсын дегені,

Достар үйі сенің де бір баспанаң!

Ардақтымен ашылады астанаң,

Аяулы дос өмірдегі өрнегің!

Басқа жаққа бұрыпсың-ау кемені,

Қиын менен қызықта дос қашпаған!

Адамдықтың ақ жолынан аспаған!

Доспен өсіп өрлегін!»


Әкесінің досы еді бұл қария,

Өсиетін жеткізген-ді сыр етіп,

Доссыз міне өтіп жатыр күн өтіп,

Амалы жоқ, ұлды жалғыз қалдырды.

Сабыр сақтап, елге етпей жария,

Бақылаған ұлды сырттай гүл етіп.

Жастық, байлық кетеді екен шын өтіп,

Өмір ғой бұл-шексіз, терең, сан қырлы!


Жерге басын ұрып, жігіт қамықты,

Бәрінен де айырылғанын қарашы.

Бақыт пенен бейшаралық арасы,

Көз ілеспес тым жақын-ақ екен-ау.

Ізденеді жан-жүрекке жарықты,

Бәлкім осы аяулы әке наласы,

Жазылмайды-ау жүректегі жарасы,

Бәрі жалған, бәрі алдамшы бекер-ау...


Қыл арқанды қолына алып, дірілдеп,

Әрең жетті ескі қыстау үйіне.

Қоштасатын келді өмірмен күйі де,

Орындалмақ әке үкімі өсиеті.

Өмір-ғажап, күн аспанда күлімдеп,

Мөлдіреп тұр табиғат та сүйіне,

Ғанибет қой үндес әлем иіле,

Сұлулыққа бүкіл ғалам бас иеді!!!


«Тым болмаса осы келер қолымнан,

Өсиетке адал болам қалайда.

Қу нәпсіден айналыппын малайға,

Әрбір адам тағдырына себепші,

Ешкім мені тоқтата алмас жолымнан»

Кіріп барды бөренелі сарайға,

Осы болар бәрінен де оңай да,

Қыл арқанын қолына алды көмекші...


Ортадағы бөренеден асырып,

Қыл арқанды дәл ортадан лақтырды.

Қалш-қалш етіп, өкіруге шақ тұрды.

Мойында жіп, үстел кетті домалап,

Ақылды әке мол алтынды жасырып,

Бөрененің ортасында бақ тұрды,

Сынып ағаш, мол қазына таптырды.

Өлім,өмір арасы да шамалы-ақ.


Мол қазына бөренеден төгіліп,

Сынған бойда үстін жапты жігіттің.

Белгісіндей қайта оралған үміттің

Жігіт сенбей естен танып мол жатты.

Кеш түсініп, боз-боран боп егіліп,

Қанталаған көздің жасын сығып мың,

Аш жалаңаш, әлі кетті құрып тым,

Әкені аңсап аласұрып таң атты.


Ұл түсінді, қайта өмірге оралды,

Әкесінің жалғастырды ұлы ісін.

Өзгертті де жан дүниесін, болмысын,

Байлығынан бөліп берді еліне!

Жақсы ісі елге лезде таралды!

Сезе білді халық жайын, тынысын,

Үлгі етіп, алар елім мұны шын!

Бар тіршілік тартпай қоймас тегіне!


Тіршілігің өрілетін үміттен,

Талпынтады таңғажайып табысқа.

Қозғаушы күш-ар, ұятың, намыста,

Жақсылықпен адам құшақ жая алды!

Сенімімен адал шығар түнектен,

Тек мақсатпен өміріңді қарышта!

Арман сені апарады алысқа!

Адамдықпен бақытың да баянды!


Жұмыс бөлмесіндегі Манас Айзерені күтіп, алаңдаулы еді, есікті тақылдата кірген аруды көріп, атып тұрып, жүрегі дүрсілдеп, көңілі көкке көтеріліп, ғажайып бір күйді өн бойынан өткізіп, ғажап сезімге орана қалған. Сәл үнсіздіктен соң Манас жадырай қалып, аруға мейірлене көз тастаған. Бір нәрсе айтқысы келген Айзере өн бойы алабұртып, ішкі толғаныс пен сезім күйзелісінде тұрғаны анық еді.

-Аға, күні ертең екі жаққа кетеміз. Бұл істің қаншама сағынышы мен уайымы, жүрек пен жанға түсірер орасан ауыр салмағы бар. Осы жерден тоқталып, сабырға көшсек.

-Неге Айзере? Кім қандай зиян шегеді? Түсінбедім, айтшы.

Манас ешнәрсені ұқпай ару жанарындағы өкініштің табын сезгендей тұрып қалды.

-Сізге таңды көзбен атырып жазып келген мына хатым түсіндірер. Ойым шашырап, дұрыс жаза алдым ба?, білмедім, бірақ шындығы сол, маған ренжімеңіз.

Айзере хатты қалдырып, тұла бойы өртке оранғандай өзгеше күйде көрініп, бөлмеден тез шығып кетті.

Манас ешнәрсені түсінбей столында отырып қалды. Бар сырды ашар аса ұқыптылықпен қапталып жасалған хатты тез ашуға батылы жетіңкіремей, тұнжырай қалған.

Абайлап ашқанда ішінен бүктелген парақта әр түрлі түсте жазылған әдемі қолтаңбаны байқап, ойлана оқып, іштегі дауыл тербелтіп, теңселткен. Қарапайым түрде жазылған хат бірте-бірте өзіне тартып, Айзеренің ақ пейілі мен шынайы көңілін сездіріп, санаға сағыныш ұялатты:


Өзім туралы:

Мен өмірде жолы болған, төрт құбыласы түгел жан болып көрінгенмен жүрегімнің түкпірінде жатқан мың ой мазалайды. Қасымда жаныммен сүйер қызым, мені жақсы көрер күйеуім болғанмен көңіл алауы, жүрек қалауы беймәлім жаққа тартатын. Сырт көзге бәрі жақсы көрінгенмен махаббат мәселесінде жолым болмаған жанмын. Оны сізді алғаш көрген сәттен тағы да ұғынып, жүрекпен сезіндім.

Сіз туралы:

Сіз ашық жарқын мінезіңізбен жанды баурап, алғаш көргеннен сол ортадағы адамдардың ішіндегі ең жүзі жылы, мейірімі төгілген жақын жан болып көрінгенсіз.

Жаныммен қалап, жүрекпен ұнатып тұрсам да сізді аға тұтып, ықылас пейіліңізге жылынып, өзімді алшақ ұстадым. Жүректен шыққан жырларыңызды жаныма демеу тұтып, өміріме өрнек етермін, мәңгілік сақтармын...

Біз туралы:

Біз әрине екі түрлі тағдырдағы екі бөлек жандармыз. Қанша тырыссақ та, қанша ұмтылсақ та, сағыныш отына орансақ та тағдырымыздың екі тұста өрілетініне ойлана, толғана, торыға көзім тағы да анық жетті. Аңсаудың азабын тартқанмен, сағыныштың жалынында жанғанмен, күтудің күйігін кешкенмен күні ертеңгі желдей зымыраған уақыт бізді екі жаққа айырып, тағдыр тығырыққа тірер. Шынайы сезім салтанат құрған шақта жанға жайлы жылылықты, сырттай сәулелі шуақты сезіндік. Жаным жабырқап, қанша қиналсам да сіздің амандығыңызды ғана тілегем.

«Махаббат неғұрлым қарапайым болса, соғұрлым қадірлі» деген сөз бар екен.

Бақытыңызды тілей ақжарқын аға тұтып, қарындас болып қалуды қалаған Айзере.
«Әлі тұрмыс құрмаған армансыз қыз ғой»-деп ойлап келген Манас арудың ақылдылығына, арыдан ойлар терең ойлылығына тағы да таң қалған. Ұшқыр ойымен сары уайымның сағымында сандалған ол салмақты сөзге тоқтап, салиқалы ойға жүгінген. Естелікке берілген хат ішіндегі қырқылған суретке жүрегімен езіле ұзақ қарап, кеш қарайып, түн болып қалғанын да білмеген. Кенет алай-дүлей дауыл соғып, талдардың басын иілдіре, ағаштардың жапырақ жүректерін жайдырса, артынша табиғатқа өзгеше рең бергендей көктемгі жылы самалымен жел тұрып, қайта тынышталып, тына қалған. Манастың ішкі жан күйзелісі мен толғанысында үндестік тапқан осы бір сәт шынында керемет өзгеше күйге бөлеп, алаңдаулы еді. Терезеге иіле келген ағаштың бұтақтарынан тербелген жапырақ жүректей боп елестеп, сонау көктен түскен бір тамшы жапыраққа дәл тиіп, жігітке қатты әсер беріп, шабыт шіркін селк ете түскен. Осы бір сәттің ғажайып тұсы «Ақ жауын» өлеңімен беріліп, мөлдір сезім өрнегін өріп, жаңбырша төгілген.

Себелер жаңбыр,тырсылдар тамшы түндегі,

Сен бе едің бұл шын, сендегі тылсым үн бе еді?

Тамшылар құлап, жапырақ жылап тұрғандай,

Ешкім де мұны білмеді...

Дәл тиіп тамшы, жапырақ-жүрек дір етті,

Өзіңді аңсап, сағынуменен күн өтті.

Шөлімді суар, өңімді жуар ақ жауын,

Жандағы жушы түнекті.
Уайымым кетсін, өзіңмен бірге тазарып,

Көңіл-көктемі, жүректің-емі, жазы анық.

Самал жел желпіп, өзіңе елітіп, ерідім,

Ақ, жаның мөлдір, ғажап ұқ!


Құйды да нөсер, жанымнан жырды селдетті,

Жуылып сана, сұлулық бойды тербетті.

Ақ жауын менен аяулы ару арман боп,

Жүрекке салған өрнекті.


Ақ жауын құйшы, тазартшы менің бойымды,

Түсірші сәуле, басқаға аудар ойымды.

Жалынам жүрек, жалынға мені жандырма,

Көңілім болшы тойымды...


Сағыныш-салмақ, уайым бір-қармақ, жан шыда,

Ақ жауын мені тап-таза етші аршы да...

Сезімім менен үмітім бірге үлбіреп,
Мөлтілдеп тұрды жапырақ ұшы тамшыда.

* * *


Каталог: jobalar -> orleu -> bertai
bertai -> Бақытты бал дәурен Шымкент-2013жыл
bertai -> Көше бойлап келе жатқан аруға, Байқалғаны нанның жерде жатқаны
bertai -> Фарабиге арнау. (Әні бар) 1 Оңтүстіктің арайланған ақ таңы, Бұлбұл үні естіледі бақтағы
bertai -> Бір сен деп Таңменен тұрдым «Бір сен»-деп
orleu -> АҚ «Өрлеу» ОҚо пқбаи дбо тренері Шолпан Аблакимовна Оспанкулова \2015 жыл қаңтар\ Диалогтық оқытудың оқушының белсенділігін арттырудағы маңыздылығы
bertai -> Білім беру жүйесіндегі жаңа технологиялар, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығы
orleu -> Оқушылардың метатанымын қалыптастыру аясында жүргізілетін жұмыстар Исмайлова Уркия Курбантаевна
jobalar -> Білім көздері: Тіл дамыту Тақырыбы:«Ойыншықтар әлемі» Мақсаты
orleu -> Дінтану негіздері курсын оқытуда діндер мазмұнындағы сан ғасырлық рухани құндылықтарды меңгерту «Инновациялық технологиялар мен жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет