Гормондар. Гормон деген атауды 1902 ж ағылшын ғалымдары В. Бейлис пен Э. Старлинг ұйқы безі сөлінің бөлінуінін реттейтін секретин деген затқа байланысты енгізген. Гормондар, немесе инкреттер,- ішкі секреция бездерінде түзілетін биологиялық белсенді заттар. Олар құрылымдық материал да, қуат көзі де болмайды, олар ерекше биокатализаторлар-реттегіш заттар.
Табиғатына қарай гормондарды төрт топқа бөледі: стероидтық гормондар, полипептидтік гормондар, амин қышшқылдарының туындылары, белок тектес гормондар. Стероидтық гормондар холестериннің туындыларына жатады. Бұл топты бүйрек үсті безінің қыртыс бөлігінің гормондары құрайды.Полипептидтік гормондарға окситоцин, вазопрессин, амин қышқылдары туындыларына-тироксин, бүйрек үсті бездерінің боз затының гормондары – катехоламиндер, ал белоктектес гормондарға- гипофиздің алдыңғы және ортаңғы бөліктері мен аралшық без (ұйқы безі) гормондары жатады.
Организмге ететін әсерлерінің сипатына, физиологиялық мәніне қарай гормондар метаболизмдік, морфогенездік және үйлесімдік гормондар болып бөлінеді.
Метаболизмдік гормондар организмдегі зат алмасу процесінің қарқынын реттейді. Зат алмасу процесіне гормондар қажетті ферменттердің түзілуін жандандыру, бәсеңдету немесе тоқтату нәтижесінде әсер етеді. Мысалы, инсулин, глюкагон, адреналин гормондары көмірсулардың алмасуын реттейді, өсу гормоны-белоктардың түзілуін жандандырып, көмірсулар мен майлардың алмасу қарқынын өзгертеді; тироксин-қуаттың өндірілуін күшейтіп, белоктардың, көмірсулардың, майлардың тотығуын жақсартады.
Морфогенездік гормондар торшалардың генетикалық аппараттарына әсер ету арқылы торшалардың өсуін, көбеюін, жіктелуін бағыттап, реттеп отырады. Олар организм мүшелерінің, бөлікңтерінің, белгілерінің дамуындағы реттілікті қамтамасыз етеді.
Үйлесімдік гормондар жеке мүшелердің қызмет әрекетін өзгертіп, оларды өзара сәйкестендіреді, үйлестіреді. Мысалы, адреналин жүрек жұмысын күшейтіп, оның жиырылу күшін арттырады, шеткей қан тамырларына тартылады, қарын мен ішек қимылдарын баяулатады.
Атқаратын қызметіне, әсер бағытына қарай гормондар 3 топқа бөлінеді. 1)Эффекторлық гормондар-олар тікелей нысана мүшелерге әсер етеді.
2)Троптық гормондар- эффекторлық гормондардың түзілуі мен бөлінуін жандандырады.
3)Релизинг гормондар-гипофиздің троптық гормондарының бөлінуін жандандырады және гипоталамустың нейросекрециялық қызметін реттейді.
Гормондарға оларды биологиялық белсенді заттардың басқа топтарынан ерекшелендіретін бірнеше қасиет тән.
1. Алшақ (дистанциялық) әсер-гормондар өздері түзілген бездерден алшақ орналасқан мүшелер қызметіне әсер етеді.
2. Өзіндік әсер- әрбір гормон организмде жүретін белгілі юір процеске ғана әсер етеді. Дегенмен, жеке мүшелер қызметіне немесе белгілі бір процесті реттеуге бірнеше гормон қатысуы мүмкін. Олардың әсері не бірыңғай (синергиялық), не кереғар(антогонистік) болуы мүмкін.
Гормондардың аз мөлшерінің өзі үлкен биологиялық жауап тудырады. Мысалы, 1г адреналин 10 млн бақаның оқшауланған жүрегінің жиырылу күшін арттырып, жұмысын жиілетеді. 1г инсулин 125 мың қоянда гипогликемия тудырады.