ТӨлеген ұ. Ш., Жанысбеков м.Ә. ҚАзақстанның Қазіргі заман тарихы пәнінен студенттердің даярлығын жетілдіру


Қоғамдық саяси өмірі: қуғын-сүргін



бет4/6
Дата11.02.2018
өлшемі2,99 Mb.
#37622
1   2   3   4   5   6

Қоғамдық саяси өмірі: қуғын-сүргін.
Азамат соғысынан кейінгі қиыншылықтар Қазақстанның едәуір бөлігін қамтыған 20-жж. ашаршылдықтың, 1921ж. астық салығын жүргізуге наразы шаруалардың Кеңес үкіметіне қарсы қарулы көтерілісі салдарынан онан сайын шиеленісе түсті. Бұл көтерілістер Орал, Бөкей аудандарын, Семей, Ақмола губернелерін, Маңғыстау түбегін қамтыды. Кеңеске қарсы қозғалысқа қазақтардың және көшіп келген шаруалардың белгілі бөлігі тартылды. Қозғалысқа неғұрлым тән ұрандар: «коммунистерсіз Кеңестер үшін», «Ерікті еңбек және ерікті сауда үшін» болды.

Кеңеске қарсы қарулы отрядтардың қимылы жаңа экономикалық саясатты жүргізуге, жер-жердегі партия ұйымдарының, кеңес және шаруашылық органдарының қызметіне кедергі жасады. Қалалардың, ауылдар мен деревняларды еңбекке жарамды адамдары кеңеске қарсы қарулы көтерілістерді басу үшін айрықша отрядтардың (ЧОН) қатарына тартылды.

Азық-түлік салғыртын тоқтатқаннан кейін ғана 1921 ж. ақырына — 1922ж. басына қарай кеңеске қарсы қарулы көтеріліс бірте-бірте тоқтады.

1921ж қаңтар-ақпанда Қазақ АКСР 6509 ауылдық, селолық, поселкелік және 933 болыстық Кеңестерінің сайлау науқанын еңбекшілер қалың бұқарасының қоғамдық-саяси белсенділігін көтеру үшін пайдаланды.

Өлкенің қоғамдық-саяси өмірінде Қазақстан облыстық бірінші партия конференциясы (1921ж маусым) көрнекті орын алды. Ол экономиканың аса маңызды мәселесімен бірге қоғамдық - саяси өмірдің мына проблемаларын талқылады: ұлт мәселесі, партия және кеңес құрылысының кезектегі міндеттері және басқалар.

1921 жылы қазанда өткен Кеңестердің Бүкіл Қазақстандық екінші съезі ауылдагы кеңес құрылысын екпінді міндет деп белгіледі. Съезд бекіткен сайлау тәртібі туралы жаңа ережеде қазақ халқы тұрмысының ерекшеліктері есепке алынды. Мәселен, халықтың сирек қоныстануына, көшпелі тұрмыс салтына байланыста оның едәуір бөлігінде еңбекшілердің Кеңестерге жіберетін өкілдерінің саны арттырылды: енді кеңестер кемінде 150 адам тұратын ауылдарда құрылатын, 50 тұрғыннан бір депутат сайланатын болды.

Шаруалардың бұқаралық ұйымдары жергілікті, ең алдымен ауылдық-селолық кеңестермен тығыз бірлесіп жұмыс істеді. Олардың бірлескен қызметі негізгі үш: таптық, ұлттық және қазақ шаруасының тұрмысы мен санасындағы патриархалдық-рулық қалдықтарды бірте-бірте жоюға байланысты қарама-қайшылықты жеңу бағытында дами түсті.

Шаруалардың бұқаралық ұйымдары жерді және суды пайдаланудағы отаршылдықтар қалдықтарын жоюға бағытталған шараларды: 20-ж басында Жетісу мен Сырдария облысында жер-су реформасын іске асыруға, қазақ тұрғындарын Орал губерниясынде Орал өзенінің сол жағасындағы жерге және Семей губерниясынде Ертіс өзенінің бойындағы он шақырымдық өңірге орналастыру шараларын жүзеге асыруға белсене атсалысты. Олар ауылда егістік және шабындық жерлерді қайта бөлу жөнінде 1926-1927 жж, ірі бай-феодалдың мал-мүлкін тәркілеп жер аудару жөнінде 1928 жыл үлкен рөль атқарды.

Қазақстанның 20жж қоғамдық-саяси өмірінің қайғылы ерекшелігі мынада болды: осы кезден бастап сталинизмнің идеологиялық аппараты халықтардың тарихи зердесін жоюға, бұл зерденің иелері ұлттық интелегенцияның көрнекті өкілдерін қыруға бағытталған кең көлемді шаралар жүргізе бастады.

20жж ақырында жағдайды ушықтыру мен күдікшілдік жаппай сипат алды. 1928 жылдың ақырында «буржуазия ұлтшылдар» деп аталғандардың-бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің ішінен 44 адам жалған айып тағылып, қамауға алынды. Олардың ішінде А. Байт9рсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, X. Ғаббасов және тағы басқалар бар еді.

20жж аяғы мен ЗОжж басында КСРО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы дағдарыс шиеленісе түскен сайын Кеңеске қарсы зиянкес элементтер мен астыртын ұйымдарды іздеу кең өрістей берді. Орталыққа ұқсату үшін Қазақстанда ұлтшылдық бағыттағы жауларды іздеу басталды. Шахталар мен кәсіпорындарда кездейсоқ авариялар болса, колхоздар мен совхоздарда мал өлсе, өрт және табиғи апаттар болса-халық жауларына және кеңеске қарсы деген бүлікші ұйымдар жөнінде қолдан жасалған қылмысты іс қозғалды. Осы іс бойынша 20-дан астам адам жауапқа тартылды. 1933 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында «байшыл-ұлтшыл контрреволюциялық «Жайлас» ұйымы әшкереленіп, жойылды. Бұл іс бойынша 55 адам қылмыстық жауапқа тартылып, оның 12-і атуға бұйырылды.

Сөйтіп, 20-жж соңы мен 30-жж тоталитарлық жүйе қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласында бекіді. Олар күшпен ұжымдастыру мен 1937-1938 жж саяси жазалау дәуірінің қайғылы оқиғаларымен ұштасып жатты. Өлкедегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, Қазақстанға Одақтас республика дәрежесін беру, мәдени құрылыстағы, халық ағарту ісіндегі және ғылымдағы табыстар тоталитарлық жүйенің қатаң идеологиялық қыспағында өтті. Міне осының бәрі Қазақстанның КСРО құрамында болашақ даму жолын айқындап берді.


Қазақ КСР-ның құрылуы.
1936 жылы 5 –желтоқсанда Қазақ АКСР-сы Қазақ КСР-сы болып қайта құрылды.

1938 жылғы маусым айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтіп, 300 депутат сайланды, оның ішінде 112 жүмысшы, 116 колхозшы болды, оның 152-сі қазақ еді; 60 әйел, оның ішінде 27 қазақ әйелі сайланды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясын 1938 жылғы 15 шілдеде халық ақыны Жамбыл ашты. 1939 жылғы желтоқсан айында жергілікті кеңестерге 48762 депутат сайланды.

Коммунистік партияның 1939 жылы болған XVIII съезінде елдің индустриялық қуатын кеңейтуге, оның қорғаныс қабілетін нығайтуға бағыт алынды. Үшінші бесжылдықта Қазақ КСР-іне көрнекті орын берілді, ол түсті металдар (мыс, мырыш, қорғасын) өндіру жөніндегі ірі базаға, көмір, мүнай өндіретін ауданға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дамыған ауданға айналуға тиіс еді.

1938-1941 жылдарда БК(б) П Орталық Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі Қарсақбай мыс балқыту зауытынын қайта қүру мен кеңейту, Жезқазған мыс балқыту заводын салу, Алтайда түсті металлургияны дамыту жөнінде, Ембідегі геологиялық жұмыстар мен бұрғылау ісін жеделдету жөнінде шаралар қолданды.

1940 жылдың аяғында мемлекеттік еңбек резервтері жүйесі пайда болды. Әйелдердің жаппай ерлер мамандығын меңгеру қозғалысы басталды. Әйелдер арасында алғашқылардың бірі болып Қарағанды көмір бассейінінде М.Д. Рогозина-ұңғылау машинисі, Р. Бүкірова-электровоз машинисі, Б. Досбаева-Байшонас мұнай кәсіпшілігінің аға операторы мамандығын игерді. Соғыс қарсаңында халық шаруашылығында 11 мыңнан астам инженерлер мен техниктер еңбек етті.

1940 жылдың басына қарай ұзындығы 806 километр болатын Ақмола-Қарталы жол торабы 9 айға толмайтын уақыт ішінде халықтық құрылыс әдісімен салынды. Ол Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының кең-байтақ жерін кесіп өтіп, Орталық Қазақстанның өнеркәсіпті аудандарын Оралдың оңтүстігімен байланыстырды. Қарағандыдан Магнитогорскіге көмір тасу 500 километрге қысқарды.Арнайы қоныстандырылғандар мен қамаудағылардың еңбегін пайдалану кең өріс алды. Республика өнеркәсібінің жалпы өнімі 57,3 пайызға артты.

Химия өнеркәсібі, радиохабары және радиоландыру жоғары қарқынмен дамыды. Соғысқа дейінгі басжылдықтар қорытындысында Қазақ КСР-і КСРО-ның шығыстағы индустриясы дамыған аймақтарының біріне айналды. Қорғасын өндіруден Қазақстан Одақта бірінші орын, мұнай мен көмір өндіру жөнінен-алтыншы орынға шықты.

1940 жылы республикада 2580 ірі кәсіпорын жұмыс істеді, олардың бәрі Кеңес өкіметі жылдарында салынған еді. 1913 жылмен салыстырғанда бүкіл индустрияның жалпы өнімі 1940 жылы 7,9 есе, оның ішінде ірі индустрия да 19,5 есе өсті.

Соғыс алдындағы жылдарда негізінен Орталық Қазақстанның өнеркәсіпті шикізат аймағы қалыптасты. Көмірлі Қарағанды, Жезқазған мен Балқаштың түсті металлургия кеніштері мен заводтары оңтүстік Оралдың өнеркәсіп кешенін рудамен, металмен, көмірмен үздіксіз сенімді түрде жабдықтап отырды. Кенді Алтай Сібірдің индустриялы кешенімен ұштастырылды. Орал-Қазақстан-Сібір «үшбұрышы» мырыш, қорғасын, молибден және басқа да стратегиялық металдар өндіру жөнінен КСРО-да жетекші орын алды. Үштен екісі Кеңес өкіметі жылдарында салынған, ұзындығы 581км болатын Еділ мен Орал арасындағы темір жол елдің және республиканың ірі өнеркәсіпті орталықтарын жалғастырды.

Стахановшылар мен өндіріс жаңашылардың қозғалысы қанат жайды.

Риддерде стахановшылар қозғалысының туын бірінші болып атақты шахтер Б. Ықыласов көтерді, ол 1938 жылы маусым айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты С. Зүрбаев Доссор кәсіпшілігін директоры болды. Атақты ағаш шебері М.Л. Старостин металлургтердің жас қаласы Балқаш атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Л.М. Березняк машинистен депо бастығы қызметіне жоғарылатылды. Шымкент қорғасын заводының бұрынғы ауысым шебері А. Мұрынбаев кен-маталлургия институтына оқуға жіберілді. Қарағанды шахтерлері Д. Рыжковтың, Б. Жылқыбаевтың, Б. Сиқымбаевтың, Б. Нұрмағанбетов

тың, Л. Тютяевтің, бұрғышы Г. Хайдиннің (Риддер кеніші), У. Беркінбаевтың (Ащысай кеніші), забойшы X. Жақыповтың (Жетіқара кеніші) жетістіктерін бүкіл ел білді.

Тұрақты механизатор кадрлары қалыптасты. 116 мың механизатор, тракторшы, комбайншы және шебер даярланды. 1940 жылы республикада жоғары және арнаулы орта білімі бар 4,6 мың агроном, зоотехник, мал дәрігері, орманшы еңбек етті. 1938-1940 жылдары жерді бірлесіп өндейтін 1338 серіктік (ТОЗ) ауыл шаруашылық артельдерінің жарғысына көшіп, олардың саны енді 6,9 мың болды.

Бетпақ даланы игеру жедел қарқынмен жүргізілді. Халықтық құрылыс әдісімен каналдар мен суландыру жүйелері салынды. 1940 жылы оларда 100 мың колхозшы жұмыс істеді. 1939-1940 жылдары 145 мың гектардан астам жаңа суармалы жер игерілді. Батыс Қазақстанда Орал-Көшім каналы салынды.

Әлеуметті саясатты жүзеге асыру саласында зор табыстарға қол жеткізді. Үшінші бесжылдықтың үш жарым жылы ішінде республиканың тұрғын үй құрылысына жұмсалған күрделі қаржы 876 миллион сом болды, ал екінші бесжылдықта ол 351 миллион сом болған еді. Осыған қарамастан, қалалардың тұрғын үй қоры социалистік құрылыс қарқынынан кейіндеп қалды.

Казармалық социализм идеологиясы мен практикасы туғызған келеңсіз процестерге қарамастан, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы бүкіл тарихи даму барысымен соғыс жылдарында зор ауыртпашылықтың бір бөлігін өз мойнына алуға және Жеңіс ісіне елеулі үлес қосуға әзірленген.


1920-30жж Қазақстанның мәдени өмірі.
Бейбіт өмірге көшу жағдайында сауатсыздықты жою, кадрлар даярлау, еңбекші бұқараның мәдени деңгейін арттыру қажет болды. Еңбекшілердің жаппай сауатсыздығын жою шұғыл міндеттердің біріне айналды. 1924 жылғы сәуір айында Қазақ АКСР-інде «Сауатсыздық жойылсын» қоғамы ұйымдастырылды, ол еңбекшілердің қолдауымен ерікті мүшелік негізінде жұмыс жүргізді. 1921-1927 жылдары республикада 200 мыңдай адам оқыды. Көшпенді аудандарда ересектерді жекелеп және топтап оқыту жүйесі ұштастырылды. Алайда сауатсыздықты жою барысы баяу ілгеріледі, 1928 жылдың аяғына қарай жалпы республикада сауатты адамдар 25%, қазақтар арасында 10 проценттей ғана болды. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы мен Халық Комиссарлары Кеңесі 1931 жылғы желтоқсан айында республиканың 15 жастан 50 жасқа дейінгі сауатсыз еңбекші халқына жалпыға бірдей міндетті білім беруді енгізді.

Қазақстанның халыққы білім беру шығыны жылдан -жылға өсіп, 1928 жылы-12 миллион сом, 1932 жылы-60, 1937 жылы-447, 1940 жылы 682 миллион сом болды.

1936 жылы сауатсыздықты жою пунктерінде жарты миллионнан астам адам оқыды. 1939 жылдың өзінде-ақ, республика халқының сауаттылығы 65 процентке, ал қазақ халқы арасында 40 процентке жетті. Бірқатар қалалар-Алматы, Қарағанды, Орал, Әулиеата (қазіргі Тараз), Риддер (қазіргі Лениногорск), Шымкент қалалары, Қарсақбай, Степняк өнеркәсіпті поселкелері жаппай сауатты аудандарға айналды.

1926-1939 жылдар ішінде 9-49 жас аралығындағы барлық Қазақстан халқының сауаттылығы 25,2 проценттен 83,6 процентке, соның ішінде ер адамдар арасында —35,5 проценттен 90,3 процентке дейін жетті.

Әріп танымайтын сауатсыздықты толық жою міндеті 50-жылдардың аяғында орындалды.

20-30 жылдары экономика, мемлекеттік құрылыс саласындағы сияқты, мәдениет саласында да күрделі, қайшылықтарға толы құбылыстар орын алды. Мәдениетті жасау мен құрту құбылыстары бір мезгілде қатар өрістеді. Бір жағынан, сауатсыздықты жою жоғары қарқынмен жүргізіліп, жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру жүзеге асырылды, жоғары оқу орындары мен техникумдар құрылып, зиялылардың барған сайын жаңа топтары қалыптастырыла берді. Екінші жағынан, әсіресе қызыл террор ешкімді аямады, ұлттық зиялылар қынадай қырылды деуге болады. Жаппай идеологияландыру халық мәдениетіне зор нұқсан келтірді.

Жаңа құрылыстың қазақ халқының ұлттық мәдениеті гүлденуі үшін мейлінше қажет болған сарқылмас зор мүмкіндіктері табанға салынып тапталды.

4) Иллюстрациялы материалдар: карта

Бақылау сұрақтары:

1. Қазақстандағы индустриализациялаудың ерекшеліктері қандай?

2. Қазақстанда күштеп ұжымдастырудың нәтижелері қандай?

3. 1931-1933 жж. ашаршылық пен құғын-сүргін саясатының нәтижесінде Қазақстандағы демографиялық ахуал қандай болды?

4. Қазақстанда мәдени құрылыстың ерекшелігі неде?

5. Көшпенділерді отырықшылыққа көшірудегі экономикалық және саяси мақсаттарын атаңыз?

6. Халық біліміне сипаттама беріңіз?

ІІ –ШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН (1939 – 1945ЖЖ).
Құзыреттіліктер - Ұлы Отан соғысында Қазақстанның майдан арсеналы ретінде ролін, қазақстандықтардың тыл жұмыстарында және Ұлы Отан соғысы шайқастардағы ерліктерін көрсету.
1. Соғыстың басталуы және оның сипаты.

2. Экономиканың соғыс жағдайына сай қайта құрылуы.

3. Қазақстандықтар майданда. Партизан қозғалысында қазақстандықтардың қатысуы.

4. Ұлы Отан соғысында Кеңес халқының жеңісінің тарихи маңызы.


1941 жылы 22 -маусымда фашистік Германияның әскерлері Кеңестер Одағына басып кірді. Төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысы Кеңестер Одағы үшін бұрын соңды бастан кешкен барлық соғыстардың ішіндегі ең ауыры болды. Соғыс елді біртұтас жауынгерлік лагерьге айналдыруды, бүкіл экономикамен кеңес халқынын күш -жігерін майдан мүддесіне, жауды жеңу мақсатына жұмылдыруды мақсат етті. Қазақстан еңбекшілері бұл мақсатты толығымен қолдады. Сөйтіп, халық азаттық соғысына бір кісідей көтерілді. Ұлы Отан соғысы басталған алғашқы күндері өткен жиындарда олар Отан алдындағы парызын орындауға әзір екендіктерін білдірді. Қызыл Армияның қатарына өз еріктерімен баратындықтары туралы қалалық және аудандық әскери коммисарияттарға мыңдаған арыздар түсіп жатты. Жас жігіттер мен қыздар, аға буын өкілдері қолдарына қару алып, майданға аттануға тілек білдірді.

Соғыстың алғашқы күндерінде-ақ Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316-атқыштар дивизиясы жасақталды. Оның командирі болып азамат соғысына қатысушы генерал И.В.Панфилов тағайындалды. Соғыстың бастапқы үш айының ішінде Қазақстанда 238, 310, 314, 387 және 391-атқыштар дивизиясы құрылды. 1941 жылдың аяғына дейін мұнда тағы бір дивизия, үш бригада жасақталды. Соғыс кезінде небары Республикада 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, жиырмадан аса атқыштар және атты әскер бригадалары, әуе күштерінің, зеңбірекшілердің полктері, әр түрлі соғыс саласының ондаған батальондары құрылды. Республика адам күштерімен тек қазақстандық құрамалар бөлімшелердің ғана емес, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жердегі басқа да құрамалар мен бөлімдерді толықтырып отырды.. Қарулы күштер мен еңбек армиясының қатарына барлығы 1,8 млн. Қазақстандықтар қатысты. Республика майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автомашина, 1,5 мың трактор, 110,4 мың жылқы және 16,2 мың арба жіберді. Қазақстан офицер кадрларын және армия мен флот үшін резерв даярлау ісіне лайықты үлес қосты. 1941 - 1945 жж. әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандықтар жіберілді, республика жерінде тұрған 27 әскери оқу орны 16 мыңдай офицер даярлап шығарды.

Ұлы Отан соғысының даңқты тарихының беттеріне жазылған қазақстандықтардың ерлігі аз болған жоқ. Еліміздің басқа да халықтарының ұл –қыздарымен қатар біздің республиканың жастары да жаумен Балтық теңізінен Қара теңізге дейінгі майдан шептерінде ерлікпен шайқасты. Қазақстандықтар соғыстың алғашқы күндерінен бастап басқыншылармен кескілескен ұрыс жүргізді. Даңқты Брест қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды.

Олардың арасында Ғ. Жұматов, Ш. Шолтаров, Е. Качанов, В. Фурсов, т.б. жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің үлгісін көрсетті. Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында қазақстандықтар Лиепая, Перемышль, Саарема аралы, Минск, Одесса, Бельцы, Шауляй, Севастополь және т.б. қалалар үшін шайқасты. Әсіресе 1941 жылғы қараша, желтоқсан айларында Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақстандықтардың даңқы шықты. Республикада жасақталған 316-атқыштар дивизиясына астанаға апаратын негізгі өзекті жолдардың бірі –Волоколамск тас жолын қорғау тапсырылды. Мұнда майор Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-атқыштар дивизиясы жау шабуылына дивизияның басқа бөлімдерімен бірге ерлік пен тойтарыс берді. Б. Момышұлына 1990 жылы Совет Одағының Батыры атағы берілді. Қысқа мерзім ішінде бұл дивизияның жауынгерлері бір танк және екі жаяу әскер дивизиясын талқандады. 316- дивизияның жоғары қаһармандық қабілетін қамтамасыз етуге оның коммандирі И. В. Панфилов зор еңбек сіңірді.

Дубосеково разъезы түбінде 28 - панфиловшы жауынгерлер жаудың 50 - танкісінің шабуылына қарсы тұрды. Саяси жетекші В.Г Клочковтың жауынгерлерді ерлікке жігерлендіріп: «Ресей жері кең байтақ, бірақ шегінерге жол жоқ артымызда – Мәскеу!» - деген сөздері бүкіл майданға тарап кетті. 28 - жауынгер - қазақтар, орыстар, украиндар, қырғыздар - төрт сағат бойы өршелене жасалған жау танктерінің тынымсыз шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік, қаза тапты, бірақ жауды өткізбеді. Сондай- ақ Мәскеуді қорғау тарихына панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П. В. Вихров, М. Ғабдуллин, автоматшылар Т. Тоқтаров, Р. Аманкелдиев өздерінің ерліктерімен мәңгі өшпес із қалдырды. 316 - дивизия жауынгерлерінің ерлігі мен қаһармандығы жоғары бағаланды. 1941 жылы 17 қарашада оған құрметті ұлан ордені атағы берілді. Мәскеу түбіндегі ұлы шайқасқа панфиловшылардан басқа Қазақстанда жасақталған 312, 238, 391, 39, 387 -ші атқыштар дивизиялары, 74, 75 - ші теңіз флот бригадала-

ры қатысты.

Гитлершіл басқыншылардың Мәскеу түбінде талқандалуы жау әскерінің рухын түсірді. Гитлердің қауырт соғыс жоспары біржолата күйреп, неміс - фашист армиясының жеңілмейтіндігі жөніндегі аңыз адыра қалды.

Қазақстанда құралған басқа дивизиялар, бригадалар мен полктер Ұлы Отан соғысы майдандарына 1942 жылы кіргізілді. Бұл кезде Ақтөбеде 312 -дивизия Малоярославль түбінде жаудың үш - төрт дивизиясына қарсы бір жеті бойы қасарысқан қорғаныс шебін ұстап тұрды.

Ұлы Отан соғысы барысында Сталинград шайқасы бетбұрыс кезеңі болды. Бұл сұрапыл шайқасқа қатысқан құрамалардың арасында Қазақстанда жасақталған 38- атқыштар дивизиясы бар еді. 1942 жылы қарашаның аяғы - желтоқсанның басында бұл дивизия Костельниково қаласын алуға, сөйтіп Сталинград қаласында қоршауда қалған Паулюстің армиясын босату үшін әрекет жасаған неміс- фашист әскерлеріне қарсы шайқастарға қатысты. Сондай - ақ Орал қаласында жасақталған 152 - ші атқыштар бригадасының батальондары Элиста- Астрахань жолы арқылы Еділ өзенінің төменгі сағасына өтуге тырысқан неміс, румын әскерлерінің жолын бөгеді. Қызыл әскер бөлімдерімен шайқаста көптеген шығындарға ұшыраған неміс -фашист әскерлері Астраханға шабул жасауға тырысқан әрекеттерінен бас тартты.

Қазақстандық жауынгерлер тек Сталинград түбінде ғана емес, сонымен қатар Курск иінінде, Днепр, Ленинград үшін шайқастарда жанқиярлықпен соғысты. Ленинград қоршауындағы әскери бөлімдерде қызмет еткен жауынгерлердің арасында Д. Шыныбековтың, алысқа ататын зеңбірекке бекітілген аэростат командирі С. Жылқышиевтің есімдері мақтанышпен аталды. 1942 жылғы шайқастардың бірінде Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданының түлегі Арыстан Ахметов өз есімін өшпес даңққа бөледі. Ол 19 жауынгермен әскери маңызы бар бір төбені жаудан қорғап, соңғы адамы қалғанша соғысты. Жаралы болып ес - түссіз жау қолына түскен одан жау солдаттары әскери мағлұмат алмақ болып азапқа салды. Тістерін сындырып, құлағын кесті. Осындай азапта жау офицерінің бетіне түкіріп, қайсарлық пен қаһармандық үлгісін көрсеткен. А.Ахметовты қанішерлер үстіне жанармай құйып өртеп жіберді. Батыр жігіт жау алдында сес бермей, өмірден өтті. Елге оның ерлігі туралы хабар майдангер жазушы Павел Кузнецовтын очерктері арқылы жетті.

Қуатты жарылғыш минамен тау танкісінің астына түскен Қарсыбай Сыпатаев, жаудың пулеметтен оқ шашып тұрған взвотының аузын өз кеудесімен жапқан Ленинград қорғаушысы Сұлтан Баймағамбетов қазақ жауынгерлерін ерлікке рухтандырды.

Соңғы жылдарға дейін тарихи оқулықтарда қазақ ұшқышы Кеңестер Одағының батыры Нүркен Әбдіровтің ерлігі жөнінде, атақты ұшқыш капитан Н.Гастеллоның отқа оранған ұшағын жаудың танк колоннасының үстіне шүйілдіре құлатып, тас - талқан еткен көзсіз ерлігін қайталаушы адам ретінде жазылып келді. Нүркен де 1942 жылы 19 желтоқсанда Ростов облысы Боков- Пономаревка ауданында жау оғы тиіп, жана бастаған өзінің «Ил - 12» ұшағын неміс танктерінің шоғырланған қалғың ортасына бағыттап, оларды көп шығынға ұшыратып, қаза тапқан. Бұл ерен ерлікті соғыстың алғашкы 5 - ші күні капитан Масловтың экипажының құрамында қазақ ұшқышы, Алматы облысы Балқаш ауданының түлегі Бақтыораз Бейсекбаев та жасаған еді. Бұл тарихи әділеттілік арада 56 жыл өткенде орнап, Б.Бейсекбаевқа Ресейдің батыры және Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді.

Сталинград түбіндегі жеңістен кейін 1943 жылдың жазында қызыл әскер бөлімдері бірнеше жүздеген шақырым ілгері жылжып, Белгогрод -Орел шебіне шықты. Мұнда сол жылдың шілде айында Курск иінде орасан зор шайқас жүрді. Курск шайқасына қатысқан әскери бөлімдердің қатарында қазақстандық 72-ші және 8 -ші атқыштар дивизиялары да болды. 72 - ші дивизияның жауынгерлері Белгородтың оңтүстік - шығысына қарай өңірдегі неміс әскерлерінің шабуылына қарсы қорғаныс шебінде қимыл жасады. Сонымен бірге қазақстандық 8 - ші атқыштар дивизиясы да Орел -Курск иінінде жау әскерлерімен жойқын ұрыстар жүргізді. Сөйтіп, гитлершілердің бұл майдан шебінде шабуыл жасау әрекетінен ештене шықпады. 1943 жылы 5 тамызда Брянск майдандарының әскерлері Орел және Белгородты немістерден азат етті. Сол жылғы күзде 100-ші қазақ ұлттық атқыштар бригадасы Калинин майданындағы 3 - ші екпінді армия құрамында Невель қаласын азат ету операциясына қатысты. 1943 жылы 17 — ші қыркүйек 10 -қазан аралығында 101-ші қазақ ұлттық атқыштар бригадасы 4 -ші екпінді армия құрамында Демидова қаласы маңындағы жаудың бекінісін бұзып өтіп, Смоленск және Витевск облыстарының 158 селосы мен деревнясын жаудан тазартты. Батыс майдан әскерлерінің құрамында сондай -ақ қазақстандық 30-ші гвардиялық және 8-ші атқыштар дивизиялары да болды.

Курск иінідегі жеңістен кейін Қызыл армия бөлімдерінің кеңінен етек алған шабуылы барысында Днепр өзінен өтіп, туысқан Украин жерін азат ету айрықша орын алды. Укринаның ұлы өзенін кесіп өтудегі жанқиярлық ерлігі үшін 123 қазақстандық жауынгерлерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1944 жылдың басында Ресей Федерациясының солтүстік - батыс аудандарын азат етуге Ленинград майданы әскерлерінің құрамында қазақстандық 314 -ші атқыштар дивизиясы, 219 -шы атқыштар полкі белсенділік көрсетті. Волхов майданындағы басқа да құрамалармен бірлесе қимыл жасай отырып, қазақстандық 31 -ші атқыштар дизиясы Новгородты жаудан босатты, сол үшін оған «Новгородтық дивизия» деген құрметті атақ берілді. 2 -Прибалтика майданы құрамында жауға қарсы шабуылға сондай -ақ 319 -ші атқыштар, 8 -ші және 30 -шы гвардиялық атқыштар дивизиялары мен 756 -шы атқыштар полкі қатысты.

1944 жылдың күзі - 1945 жылдың көктемінде қазақстандықтар Еуропа халықтарын немістік езгіден азат ету ісіне де үлкен үлес қосты. Орталық және Оңтүстік - Шығыс Еуропа елдерін азат ету жорығында ерекше көзге түскен Қызыл Армия бөлімшелері мен құрамдары арасында қазақстандық 72 ші және 73 - ші гвардиялық атқыштар дивизиялары ерлікпен шайқасты. Варшава - Берлин бағытында I - ші Белорус майданының құрамында 27 -ші Қызыл Тулы Новгородтық гвардиялық атқыштар дивизиясы шабуылға шығып, 1945 жылғы 23 ақпанда Познань қаласын азат етті. Фашистік Германияның мызғымас қамалы Померанияда қазақстандық 456 - шы және 209 - шы атқыштар, 173 - ші артиллерия полктері шайқасты. 1945 жылдың 16 сәуірінен бастап - 2 мамырға дейін қазақстандық жауынгерлер Германияның астанасы Берлинді алуға қатыс

-ты. Лейтенант Рахымжан Қошқарбаев қатардағы жауынгер Булатовпен бірге алғашқылардың бірі болып, Рейхстаг қабырғасына қызыл жалау тікті.

Соғыс аяқталар кезінде сақталған барлық қазақстандық 12 дивизия құрметті әскери атаққа ие болды. Олардың бесеуі Кеңестер Одағының орденімен бір рет, төртеуі екі рет, екеуі үш рет марапатталды. Бес дивизияға Кеңестер Одағының ең жоғарғы құрметті әскери белгісі - гвардиялық дивизия атағы берілді.

Қазақстандықтар партизандық қозғалысқа белсене қатысты. Толық емес мәліметтерге қарағанда, Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында - 1500, Ленинград облысында - 220, Смоленск жерінде - 270-тен астам қазақ жігіттері соғысқан. Белоруссияның әртүрлі аудандарында әрекет еткен 65 партизандық бригадалар мен отрядтарда 1500 -ден аса қазақстандықтар болған. Партизан қозғалысына қатысқан даңқты қазақ жігіттері Г.Ахмедьяров, Қ.Омаров, А.Жұмағалиев, З.Хұсайынов, Б.Оразбаев, Қ. Қайсенов, Ә.Шәріпов, Т.Жанкелдин, Ж.Саин, т.б. есімдері бүгінде зор құрметке ие болып отыр.

Қазақстан жауынгерлері соғыстың Қиыр Шығыстағы соңғы ошағын жоюға да белсене қатысты. 1945 жылғы 9 тамызда 52-ші шекаралық отрядтың капитан Г.А.Голубев басқарған тобы Аргуни өзенінің жағасында болған шайқаста 20 жапон солдатын құртып, 4 солдатын тұтқынға алып, әскер бөлімдеріне жол ашты. Келесі күні 150 -ші пулемет батальонының жауынгері Л.Г.Кравченко « Лесной » деген жерде жау дзотының аузын денесімен жауып жолдастарының өмірін сақтап қалуды қамтамасыз етті. 165 -ші атқыштар полкінің командирі Н.Д.Құрманов Оңтүстік Сахалинде жапондардың қорғыныс шебін талқандауды ұйымдастырып, Харамитог бекініс ауданының 7 дзоты мен 198 атыс ұяларын басып алуға жағдай жасады. Сөйтіп, кеңес әскерлерінің кұрамындағы Қазақстан жауынгерлерінің ерлігі Жапонияның квантун армиясын 15-20 күн ішінде талқандауын және тізе бүктіруін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарды.

Ұлы Отан соғысы майдандарында көрсеткен ерліктері үшін 96638 қазақстандықтар Кеңес Одағының орден, медальдарымен наградталды. 500-ге жуық қазақстандықтарға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Солардың қатырында Кеңестік Шығыстың қос қарлығашы - Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар. Кеңес Одағының Батыры атағы ұшқыштар Т.Бигелдинов, Л.И.Беда, И.Ф. Павлов, С.Д.Луганскийге екі реттен берілді. 110 қазақстандықтарДаңқ орденінің үш дәрежесіне ие болды. Соғыс Қазақстан үшін өте қымбатқа түсті. Ұлы Отан соғысында 603-мыңдай Қазақстан азаматтары ерлікпен қаза тапты.

1941 жылдың екінші жартысында републикаға барлығы 142 кәсіпорын көшіріліп әкелінді. Тек Алматының өзінде 34 зауыттың, фабрика мен цехтың жабдықтары орналастырылды. Олардың ішінде Луганск паровоз жасау зауытының бір бөлігі, Харьков вагон жөндеу зауыты және басқалар бар. Сондай-ақ жеңіл және 14 тоқыма өнеркәсіп орнының жабдықтары келді. Украинадан әкелінген үш фабрика негізінде Семей аяқ киім фабрикасы құрылды.

Майдан шебінен көшіп келген кәсіпорындарды орналастыруға республикада 2300 мың шаршы метр өндіріс аудандары босатылды. Кәсіпорындармен бірге келген адамдарды Қазақстан еңбекшілері жақын бауырындай қабылдап, қамқорлық көрсетіп, тұрғын үймен, басқа да қажет нәрселермен қамтамасыз етті.

Республикаға 1,1 млн. астам адам көшіріліп әкелінді. Қазақстан өнеркәсібінде 1940 жылы 158 мың адам жұмыс істесе, 1945 жылы 255 мың жұмысшыға дейін жетті. Олар соғыс жылдарындағы қысылтаяң кездің қиындықтарын жеңе отырып, еңбекте жаппай ерлік көрсетті. Қазақстанды майданның сенімді тірегіне, елдің ең негізгі әскери -өнеркәсіп ошағына айналдырды. Мұның өзі жалпы одақтық экономиканың, өндірістің бар саласында да, сол сияқты жаңадан құрылған саласында да, оның үлесін арттыруды талап етті. Оған Батыс аудандардан соғыс кезінде көшіріліп келген 220-дан астам кәсіпорындарды қатарға қосудың үлкен маңызы болды. Қазақстанда 1943 жылы қорғаныстық маңызы бар ондаған кәсіпорындар іске қосылды, бұрыннан істеп тұрған кәсіпорындар өнім өндіруді арттырды. Мәселен, сол жылы республикадағы қара металлургия өндірісінің тұңғышы Ақтөбе ферросплав зауыты іске қосылып, өнім шығара бастады. Ақтөбе химия комбинаты бор, фосфор қышқылдарын, сода шығаруды жолға қойды. Шымкент дәрі-дәрмек жасау зауыты шөптен дәрі жасауды игерді. Теміртауда Қарағанды металлургия комбинатын салу қолға алынды. Машина жасау зауыттары Алматыда, Шымкентте, Қарағандыда іске қосылды. Жаңа рудниктер мен байыту фабрикалары салынып, мыс, қалайы, күміс, алтын шығару зауыттары күшейді. Түсті металл шығару өсті. Тамақ өнеркәсібінің: Шымкентте жеміс-жидек консерві комбинаты, Алматы, Қарағандыда кондитер фабрикалары, Петропавлда темекі фабрикасы пайдалануға берілді.

1944 жылы Текелідегі қорғасын-мыс комбинатының бірінші кезегі, Өскемен мыс зауыты іске қосылды. Республикада қара металлургия, мұнай өңдеу өнеркәсібі қалыптасты. Ертісте халықтық құрылыс Өскемен ГЭС-і салынып бітті.

Соғыс жылдары Қарағанды көміршілері Сібір, Орал, Повольже өнеркәсіп аудандары жоғары сапалы кокстелген көмірмен жабдықтап тұрды. Жер астында жұмыс істеген лавалардың саны 1941 -1945 ж.ж 63 -тен 158 - ге дейін өсті. 19 жаңа шахта мен 3 көмір резерві іске қосылды. Шын мәнінде тағы бір жер асты Қарағандысы пайда болды. Соғыс жылдары Қарағанды көмір алқабында 34 млн. тонна көмір шығарылды., бұл соғысқа дейінгі бассейінде шығарылған көмірден 3 млн. тонна артық деген сөз. Мұнай кәсіпшілігінің қуаты артты. Қошқар, Комсомольск, Жолдыбай мұнайшылығы іске қосылды. Соғыстың соңғы үш жылында Қазақстан 2472,2 мың тонна сапалы мұнай өндірді. 1943 ж мамырда Қарағандыға жақын жерде металлургия зауытының құрылысы басталды, оның қорғаныс өнеркәсіп үшін маңызы зор болды. Бұл кезде сондай - ақ Қаратау комбинатының құрылысы тоқтамастан жүріп жатты. Алматы ауыр машина жасау зауыты өндірістік қуатын арттыра түсті. Ол жұмыс істей бастаған 1942 ж өзінде - ақ өнім өндіруді 2,2 есе арттырды. Шымкент пресс автомат және Көкшетау механикалық зауыттары өнім шығаруды едәуір ұлғайтты. Кенді Алтай мен Орталық Қазақстандағы Балхаш, Жезқазған, Қарсақпай кәсіп орындарында қорғасын және вольфрам рудаларын өндіру және байыту жөніндегі жаңа қуаттар іске қосылды. Қазақстан вольфрам мен қалайы өндіретін негізгі базаға айналды. Марганец пен хромит өндіру арта түсті.

Соғыс кезінде Қазақстан өнеркәсіп потенциалының күрт артуы электр қуатын көп тұтынуды қажет етті. 1941 - жылғы қаңтардан 1945 - жылғы қаңтарға дейінгі аралықта Қазақстан электр энергиясын өндірудегі Одақ бойынша үлес салмағы 1,31 - ден 2,67 - пайызға дейін өсті. Соғыс кезінде барлығы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахта және басқа өндіріс салынды.

Өнеркәсіптің өсу қаркыны артуы нәтижесінде оның республика халық шаруашылығындағы үлес салмағы 60 пайыздан 945 жылы 66пайызға дейін өсті. Тек руда мен мұнай өнімдерін тасымалдау екі есе артты. Қазақстан өнеркәсібінің соғыс жылдарындағы жеңіске қосқан үлесі Кеңес халқының ауыр күндеріндегі сүйеніш, тірегі болғандығын қазақ халқы орынды мақтан етеді.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанның темір жол транспорты майдан мен тыл қажеттерін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. 1943 жылы темір жолда әскери жағдай енгізіліп, әскер тәртібіне көшу темір жол арқылы жүк, шикізат тасуды жақсартты. Ескі жолдарда поездардың өтуі жиіледі. Темір жолдағы жұмыстың көбін әйелдер атқарды. Олар темір жолшылардың 35 пайызын қамтыды. Республикада көптеген өнеркәсіп орындарының іске қосылуына байланысты темір жолдың жаңа желісін салу жұмыстары қарқынмен жүргізілді. Ақмола - Қарталы, Гурьев - Қандағаш, Орск - Қандағаш темір жолдары іске қосылды. Бұлардан басқа жергілікті маңызы бар Жамбыл – Шолақтау, Талдықорған - Текелі, Лепсі - Андреевка, Ағадыр - Ақтау, Састөбе – Келте машат темір жол желілері салынды. Жалпы темір жолдың ұзындығы 1940 жылы 6581 шақырымнан 8200 шақырымға дейін өсті.

Қазақстанның колхозшы шаруалары соғыстың жеңіспен аяқталуына қомақты үлес қосты. Село еңбекшілеріне көмекке қала тұрғындары келді. Республиканың колхоз - совхоздарында жыл сайын 300 мыңға жуық қала халқы еңбек етті. Жау басып алған аудандардан көшіп келген шаруалар еңбекте ерліктің үлгісін көрсетті. Солардың бірі - Батыс Қазақстан облысының Теректі МТС - інде істеген Украйнаның атақты тракторшысы -Паша Ангелинаның бригадасы. Оның берекелі бастамасы мен жергілікті механизаторлар тарапынан қызу қолдау тапты. Украйнаның даңқты қызылшашысы М.С. Демченко Жамбыл обылысы Талас өңірінде қант қызылшасын өңдеу әдістерін өндіріске енгізуде шынайы шеберлік танытты.

Қазақстан еңбекшілері тары өсірудің шебері - Шығанақ Берсиевті, атақты күрішшілер - Ыбырай Жақаев пен Ким Ман Сам сияқты үздік шыққан жаңашылдар мен астықтан мол өнім алудың майталмандары Мұнира Сатыбалдинаны, Анна Дацкованы, Нүрке Алпысбаеваларды және т.б орынды мақтан етті. Ақтөбе облысы Ойыл ауданының озат тары өсіруші Ш. Берсиев тарының қуаңшылыққа төзімді, жоғары өнімді, жергілікті ауа райына икемді сортын өсіріп шығарды. Ол 1942 жылы әр гектардан-175 ц, ал 1943 жылы-202 ц. өнім жинады. Қызылордалық күріш өндіруші Ы. Жақаев 1943 жылы әр гектардың өнімін 192 ц. жеткізді.

Жауды жеңуге республиканың оқыған зиялылары да өздерінің үлкен үлесін қосты. Олардың қатары еліміздің батыс аудандарынан уақытша көшіп келіп паналаған ғалым, жазушы, әртіс, ұстаз, дәрігерлермен т.б. толықтырылды.

Еліміздің шығыс аудандары мен Қазақстанның халық шаруашылығының түбегейлі мәселелерін зерттеп, соның негізінде жасалынған ұсыныстарды іске асыруға академик В.Л. Комаров бастаған КСРО Ғылым Академиясының және Қазақ бөлімшесі Президиумның төрағасы, көрнекті ғалым Қ.И Сәтбаев басқарған республиканың жүзден аса ғалымдары қатысты. Олар қазба байлықтың көптеген жаңа орындарын ашты, олардың майдан мүддесі үшін тез игерілуіне үлес қосты. Ғалымдар, жоғары оқу орындарының ұстаздары, мектеп мұғалімдері және тағы басқалары халық арасындағы идеялық-тәрбие беру саласында үлкен жұмыс жүргізді. Денсаулық сақтау қызметкерлері қажырлықпен еңбек етті. Соның арқасында емханаларда емделуде болған жаралы жауынгер-

лердің жетпіс пайыздан астамы қайтадан қатарға қосылды. Соғыс кезінде 118 техникумнан 92-сі сақталды, онда оқитын оқушылар саны тек 389 адамға ғана қысқартылды. 1944 ж. жаңадан 5 институт қосылды. Олар: Алматы шетел тілдері, Шымкент технологиялық, Қазақ дене тәрбие институттары, Алматы консерваториясы, Қазақ педагогикалық қыздар институты. Республика жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің саны 1941 ж. 10,4 мыңнан 1945 жылы 15 мыңға дейін өсті. Қазақстанның бүкіл экономикасы мен адам күшін Ұлы Отан соғысы майдандарының талаптарына сай жан-жақты жұмылдыруда республика партия, кеңес және шаруашылық орындары үлкен айтуға тұрарлық ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асырды. Соғыс жылдары республика басшылары Н.А Скворцов, Н. Оңдасынов, Ә. Қазақбаев, Ж. Шаяхметов және басқалары соғыстың қиын қыстау жағдайында әскери - мобилизациялық жұмыстарын жүргізді. Олар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өмірінің барлық салаларына басшылық етуде өздерінің жоғары ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсете білді.

Қорытып айтқанда, соғыстан кейінгі жылдары Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде, оның мәдени дамуында сталиндік тоталитарлық жүйенің үстемдігі нәтижесінде көптеген қарама-қарсылықтар, елеулі көлеңкелі жақтар орын алды. Мұның өзі республикадағы демократиялық қатынастардың тежелуіне, қазақтың ұлттық мәдениетінің одан ары дамуына үлкен зардаптарын тигізді.



Каталог: sites -> default -> files -> kitap
kitap -> Л. С. Динашева K. У. Қарабаева Әлемдік өркениеттер тарихы шымкент 2016
kitap -> «Ғылыми педагогикалық зерттеу әдістемесі» пәнінен (дәріс жинағы) Шымкент-2017ж
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту
kitap -> Жумадуллаева А. А.,Өтеген Қ. О.,Сыдыкова З. Е. ҚАзақ этнопсихологиясы шымкент 2016
kitap -> Р. Д. Дарібаева Қазақстандағы педагогика ғылымының дамуы
kitap -> Естественные и педагогические науки
kitap -> Қалмұрзаев қ. С, Орынбасар қ. О., Рахымбаев б. О. ҚАзақ КҮресінің ОҚыту әдістемесі
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет