Кемеңгер Абай ғасырдан – ғасырға жылжып барады,
Данышпан айтқан сан ойлар санамда мәңгі қалады. Қай халықтың болмасын белгілі бір тарихи кезеңде өнері мен әдебиеті, яғни бүкіл мәдени болмысы өзгеше бір биікке көтеріліп, кейінгі өрлеу мен дамуға кең жол ашары сөзсіз. Ендеше біздің қазақ халқының тарихында да сондай кезеңдердің бар екендігі шындық. Қазақ халқының руханияттық дамуында осындай толағай өзгерістер мен ерекше серпілістердің көзге айрықша шалынар сәті — ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы.
Қос ғасырдың тоғысар тұсында «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп» екі жаққа үңілген ұлы Абай, халықты өркениеттің өріне алып шығар амалды тапты. Ол ғылым мен білім, өнер үйрену жолы еді. Замананың тұрпатын, ұлт тұрмысының кемшілікті тұстарын Абайдай көре білген, ұлы ақындай таныған жан кемде-кем. Абай жасампаздығының мәңгілігі мен өнерінің өрістілігі осында жатса керек. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы Абай феномені – қазақ ұлтының өркениеттік болмысындағы орны айтып болмас ұлы құбылыс!
Кемеңгер бейнесі көптеген аса көрнекті ақындар мен жазушылардың, суретшілердің назарын аударып келеді. Ұлы ақын өз дәуірінің ар - ожданы болған сол кезеңдегі қазақ қоғамдық ойы мен әдебиеті Абай есімімен тығыз байланысты болды.
Алаш қозғалысының 103 жылдығы аталып жатқан кезде біз Абайды және оның бай мұрасын қазақ халқының рухани әлеміне қоса отырып, Алаш қайраткерлерінің ел тәуелсіздігі жолында өз ізгі мұраттарын тауып, ұлт пен Отанын сақтау үшін күрес жүргізгендерін айқын сезінеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |