Қазақ үшін мәңгілік Абай дана,
Ғасырлармен жалғасқан әр бір жаңа.
Іші алтын сырты күміс сөз жақсысын,
Келістірген тек қана Абай ғана
Абай туралы туралы келелі ойларын сол кездегі түрлі басылымдарда жариялай бастады. Оның ішіндегі елді елең еткізер, оқушылары тұшынып оқыр, рухани азығы молы да, кеңге қанат жайғаны да, әрине, «Қазақ» газеті болды. «Қазақ» халыққа қызмет көрсетуге жарарлық, халықтың көкейкесті ой-арманын көрсете алатын материалдарды ғана жариялап, озық үлгідегі дүниелерге ғана орын берді. Және әрбір жарияланымдағы ұлттық сипаттың айқындылығына көңіл бөлді. Соның бірі қазақ зиялыларының әдебиетке, әдеби тұлғаларға қатысты пікірлері. Ал, енді газеттегі әдебиетке қатысты мақалалардың негізгі авторлары А.Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов екендігі тағы шындық.
Алаш ардақтаған басылым өзінің алғашқы сандарының бірінде «Қазақ тарихы» деген мақала жариялап, онда мынадай ой айтылды: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ, осы ғасырдың ғылыми жарығында қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің әдет-ғұрыпқа сай «қазақ мәдениетін» құрып, бір жағынан «қазақ әдебиетін» тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» [1]. Бұдан біз газеттің негізгі мақсаттарының бірі қазақ әдебиетін өркендету болған айқын аңғарамыз. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақ» әдебиетіміздің озық үлгілерін насихаттауда ерекше қызмет атқарды. Кемел ой мен келісті сыр тоғысқан, сұлу сезім мен мұңлы шер шарпысқан көрікті де көркем жырдың шебері Абай шығармаларына айырықша назар аударуы осының бір айғағы. Әрине, газеттегі қайбір мәселе болмасын іргелі ойға қозғау салушы – бас жазушы Ахмет Байтұрсынов екендігі белгілі. Соның ең үлкен мысалы Абай сияқты ұлы тұлғаны кеңінен насихаттап, оның шығармашылығына айрықша назар аударып, терең талдау жасап, әділ бағасын беруге көшбасшы болуы.
Қазақ сөз өнерінің «патшасы» Абай арқылы қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні жайлы сөз қозғап, өлең сөздің қадір-қасиеті жайлы толғаулы ой қозғаған алғашқы мақала Ахмет Байтұрсынов қаламынан шықты. Абай туралы “Қазақ” газетінің 1913 жылғы 39-41– сандарында газет редакторы Ахмет Байтұрсыновтың “А. Б.” деп қол қойған “Қазақтың бас ақыны” атты көлемді мақаласы жарияланды. Мұнда қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев туралы алғаш тереңнен тартып ой айтылған. Абай өлеңінің асыл қасиетін терең түсінген, өлең өнерінің озығы екеніне көз жеткізген А.Байтұрсынов: “Одан асқан бұрынғы-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ” деген тың да түйінді тұжырым жасайды.
Жалпы Ахмет Байтұрсыновтың өзі басқарып отырған газетінің бетінде жарияланған өлеңдерден Абай үлгісін көргісі келетіні, ақындардан сол деңгейдегі талап-талпынысты танығысы, оларды сол бағытта баптап, тәрбиелеуді мақсат тұтатыны анық сезіледі. Ахметтің Абай шығармаларын өте жоғары қоятыны әуелден-ақ, әр кезде, әр жағдайда жарияланып жүрген түрлі мақала, жазбаларынан белгі беріп қалатын. Ал мына мақала сол бір Абай жайлы толғамды ойларының түгел күйде жарыққа шығып, оның өз талап - тілегінің негізсіз еместігін дәлелдей алғанының нақты көрінісі еді.
Автор өз мақаласында бүгінгі зерттеушілеріміз көтеріп жүрген көптеген өзекті мәселелерді тілге тиек еткен. Ол Абай шығармаларының тілінің ауырлығы, мазмұнының қабылдауға қиын екендігін айтар ойға азық етіп, оны шеберлік қыры ретінде көрсете алған. “1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойлап дағдыланған адамдар болмаса, біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас», — деген жолдар жоғарыдағы сөзімізге нақты дәлел бола алады.
Абайды әр қырынан ашуға тырысқан мағыналы мақалада мынадай жолдар бар: «Орыс ақындарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет-ықыласпен күтіп алып, төр түгіл тақтан орын берген. Бірақ басқа сөзден өлеңнің таққа мінгендей артықшылығы қандай, оны да көрсетіп, айтып қойған. Айтушы мен тыңдаушының көбі надан болғандықтан, өлең болып айтылып, тыңдалып жүргендердің көбі өлең емес екендігі, өлең жазушылар болса да, келістіріп жазушылары ішінде бірен-саран таңдама екендігі, жұрт мағыналы, терең сөзден гөрі мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп, құлаққа дыбысы тиіп өте шығатын жеңіл сөздерді таңдауға құмар екендігі Абайдың өлең жайынан жазған сөздерінде көрсетілген» [2]. Мұндағы Ахметтің айтпағы — Абай ақынның сыншылық көзқарасының өткірлігі мен нағыз ақынға қажетті де керекті шеберлікті толық игерген жасампаздық тұлға екендігі.
Замана ауыртпалығын, елдің басына түскен зорлық-зомбылықты терең сезініп, жүрегімен түсініп, жырлай білген Абайды «Қазақ» газетінің авторлары пір тұтқан, ұлы ұстаз тұтқан.
Ахмет Байтұрсынов аталмыш мақаласында Абай өлеңдерін қабылдау қиынға соғатындығын айта келіп, «…Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас, бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағандығынан болатын кемшілік» [3], — деп бір түйіп алады. Сөйтіп, Абай сөзін ұғынудың қиындығы Абай поэзиясының жадағай жылтыр сөзден құралмай, ойлы, мағынасы тереңде жатқан сөз жүйесі болғандықтан деп біледі. Одан әрі осының бір мысалына Абайдың «Көк тұман алдыңдағы келер заман», — деп басталатын өлеңін алады.
Көк тұман алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат та, сурет те жоқ, көзім талған, - деп басталатын өлеңді «оқушылар түсінбесе, ол Абайдың үздік ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді», — дейді автор. Яғни, Ахмет пайымдауынша оқырманның Абай сөздерін түсінбеуінің басты себебі, ақынның өз заманындағы талғам-танымнан озық кетіп, сол тұстағы оқырман деңгейінен ой асырып тұрғандығынан. Асыл сөздің әрі мен нәрін тап басып танитын сөз өнерінің білгірі: «Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, олар сөзінен үздік, артық. Ол оқшаулық, артықтық басқа ақындардан Абай сөзінде ғана емес, өзінде де болған” [4], — дейді. Сөйтіп Ахмет Абайдың өскен ортасына, тәлім-тәрбиесіне, өмір жолына көз жіберіп, осылардан қалыптасар адамдық болмысына ой тастап, одан туындаған пікірлерін ортаға салады.
Абай творчествосын тану мен танытуда өзіндік орны бар мақаланың бірі – Міржақыптың «Абай» атты мақаласы. Ұлы Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толғанына орай жазылған бұл мақаланың мынадай басты құндылықтары бар. Бірінші – Абай ақындығын, Абай мұрасын, Абайдың ұлылығын ұғынудың алғашқы соқпағын салушылардың еңбегін көрсетіп, зерттеушілер есімін нақты атаумен бағалы. Қашанда әділдік жақтаушысы, өзгенің еңбегін бағалауда тура жолдан таймайтын Міржақып осы мақаласында Абайды алғаш елге танытушы Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов екендігін айтып, оларды тұңғыш Абайтанушылар ретінде бағалайды. Абай шығармашылығы туралы түйіндеулерінде әдебиеттің халық өміріндегі орны жайында айтқан Ахметтің қадау-қадау пікірлерін дамыта отырып, «Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны әдебиет. Жансыз тән жасамақ емес», — деп түйеді. Сондықтан да ол Абайды қазақ әдебиетінің асқар шыңына балап, Абайдың ұмытылуы — қазақ әдебиетінің ұмытылуы, жоғалуы деп санайды. Абайдың қазақ әдебиетінің алтын діңгегі екендігін, одан көз жазып қалу болашақ ұрпақ алдында кешірілмес күнә екендігін ескертеді. Ақын Міржақып Абай ақындығын терең түсініп, «Әдебиетіміздің негізін қалаған бірінші кірпіш — Абай сөзі, Абай ойы болса керек. Абайға шейін қазақ қолға алып, оқырлық шын мәніндегі қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. …Бәлки мұнан кейін, Абайдан үздік ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жұлдыз – Абай», — деп, Абай ақындығының әділ бағасын береді.
Абай өзінен кейінгі ақындардың барлығына «Жарығын түсірді» десек, өсіріп айтқанымыз емес. Өйткені «Абай — қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы, тереңге сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан – Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан». Ұлы Мұхтар Әуезовтің бұл ойларынан артық Абай болмысын тап басып тану қиын. Абай дәстүрін жалғастырушылар оның осы «оқушылары». Олар ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды бір туар дарындар еді. Бұлардың бәрі өз кезегінде Абай ұлылығын тануға ұмтылып, ақындығын бағалауға тырысқан болатын. Осы орайда Абай ақындығын бағалаудағы олардың ұлы ақынға берген атаулары да әрі қызық, әрі ой саларлық. Ең жақын шәкірті Шәкәрім «Ұлы ұстаз» тұтса, Ахмет «Қазақтың бас ақыны» деп біледі, Мағжан үшін «Ақындар хакімі» болса, Сұлтанмахмұт «Ақындар пайғамбары» көреді.
ХХ ғасыр басындағы Абай дәстүрін биікке көтеріп, жаңашылдықпен дамытқан, сөйтіп қазақ поэзиясында өзіндік дәстүрін қалыптастырған ұлы ақынның бірі – Мағжан Жұмабаев. Мағжанның бүкіл өмірінің мәніне айналған Абай поэзиясы — рух биіктігінің белгісі. Абай мен Мағжан – ой - сана, ел алдындағы ұлы міндетті ұғу, рух бірлігі жағынан өте жақын ақындар. Өйткені Мағжан «ақынның ақы» ретінде Хакім Абайдың сыр мен сезімге толы көңіл күй лирикасын, адамның ішкі болмысына терең бойлаған сыршылдығын, жан тербетер сезімнің терең ирімдерін жүрекке дөп жеткізер сезімшілдігін, жансызға жан бітірер суреткерлігін шебер игеріп, оны «еуропалық әшекеймен» үлбіретіп, өзіндік үлгі тауып, өзгеше өріспен ұштастырды. Қазақтың дәстүрлі поэзиясынан қанып ішіп, Абайдай ұлы рухани ұстаз тапқан Мағжан өз шығармашылығының алғашқы кезеңінде еліктеуімен бірге, өз үрдісін табуға тырысты. Үйрену мен ізденуді ұштастырған дарынды ақын өзіне деген сенімді шегелей түсті. Қазақ өлең өнерінің жарық жұлдызы «Алтын хакім Абайға» арнаған өлеңінде жасырын тұрған лирикалық қаһарманнан біз осындай сенімді байқаймыз.
Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме!
«Қор болды қайран сезім босқа» деме,
Артында қазақтың жас балалары мен
Сөзіңді көсем қылып жүрер жеңге!
Мағжанның «Артыңда қазақтың жас балалары» сөздерінен Абай ізін басқан ұрпақтың атынан сөйлеген ақынның сертті үнін аңғарамыз. Абай арқылы ақындықты пайғамбарлық, хакімділік деп түсінген ақынның олар тудырған туындыларды “қасиетті сөз” деп білгенін, оның ермек үшін жазылмайтынын, жан мен ар тазалығынан жаралатынын, сондықтан да теңдессіз биік өнер екендігін әу бастан танығанын төменгі өлең жолдарынан байқаймыз.
Жанымның жаны,
Тәнімнің қаны,
Тіршілігім сенімен,
Ойландым — тоймадым,
Іздедім — қоймадым,
Кеңес біраз менімен,
Естісе сені — жан ұйыр,
Бағаңды білмес көп сиыр!
Ақынның «Өлең» атты шағын өлеңінен алынған бұл үзіндіден Абай үлгі шашқан өлең өнеріне деген құштарлық пен оның құдіретіне деген шексіз сүйіспеншілік сезіліп тұрған жоқ па?!
Поэзиясы аз да болса саздығымен, қазақ өлеңінің төл табиғатынан туған тазалығымен, бір естігенде-ақ көңілге қона кетіп, ойға ұялай қалатын әрі бейнелі, әрі мағыналы сөз үлгісімен ерекшеленетін Ахмет Байтұрсынов, жеке басының, әлеуметтік топтың, немесе белгілі бір таптың мүддесі емес, ел мұңы, ел шері, ел зары, ел кегін жырлаған Міржақып Дулатов, заманымыздың атақты жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай “жарқыраған әшекейімен, Европалығымен” тамсандырған жыры сұлу, сезімі сыршыл Мағжан, терең танымдық өлеңдерімен, асқақ романтикалық эпикасымен толғандырған Шәкәрім, қазақ ой-санасының аспанына жарық “күн” сәулесінің нұрын шашуды, өлең өнерінің “толған айы” болуды аңсап, ұлтының ұлы мұратын алға асыруға ұмтылып, поэзия көгінде жарық жұлдыздай жарқырап өткен Сұлтанмахмұт қазақ әдебиетінің “алтын кезеңінде” өмір сүріп, туған әдебиетімізге қайталанбас туындылар сыйлады. Олардың бәрі Абайды поэзия әлеміндегі ұлы ұстаз тұтты. Ұлы ақын дәстүрін жаңашылдықпен дамытты. Сол арқылы қазақ поэзиясында мәңгілікке өшпес із қалдырды. Сөз соңында бірер шумақ өлең жолдарымен аяқтасам...
Бастау алған Абайдан алашымның арманы,
Басты байлық қазақтың тәуелсіздік алғаны.
Шекарасын елімнің белгіледі мықты ғып,
Елбасының арқасы қымтап алды жан – жағын.
Заман жүгін көтерген Алашымдай асылдар,
Бір – біреуі олардың найзағайдай жарқылдар.
От боп жанып туды да отқа айналды барлығы,
Ұмытпайды еңбегін өтсе дағы ғасырлар.
Өзегінен тепседе өз елінен кетпеген,
Қиын – қыстау заманда жала жапты көптеген.
Жаны менен қанында осы жолдан аямай,
Әлде кімдей бүгінгі шектен асып өтпеген.
Шамшырағы елімнің арыстарым қайдасың?
Келер ұрпақ осыны жүрегімен ойласын.
Әруағымен оятар бейқам жатқан қазақты,
Басқа тойды білмеймін Алаш тойы тойлансын.
Достарыңызбен бөлісу: |