Саясат пен экономика. Ішкі, сыртқы және әлемдік саясат
Кез келген қоғам өмірінің барлық салалары өзара тығыз байланысты. Бүгінде қоғамдық өмірдің сан алуан салаларының өзара тәуелділік үрдісі тек жекелеген мемлекеттер ішінде ғана емес, сондай-ақ әлемдік қауымдастық деңгейінде де өте айқын көрінеді.
Саясат пен экономика барлық қоғамдық байланыстар жүйесінің іргетасы екендігі жалпыға белгілі. Сондықтан да олардың өзара әрекеті кез келген қоғамның дамуында шешуші рөл атқарады. Демек, саясат қоғамның экономикалық саласымен, экономикалық қатынастарымен, экономикалық мүдделерімен терең жымдаса қабысқан. Өз кезегінде, қоғамның экономикалық өміріне саясаттың тигізер әсері елеулі әрі сан қырлы деуге болады.
Әлемдік тәжірибе де, біздің тәжірибеміз де экономикалық саясатының әрдайым нақты-тарихи, саяси мазмұны болғандығын көрсетеді. Сондықтан Н.З.Нугматулиннің әділ атап көрсеткеніндей, экономикалық саясат экономиканың емес, саясаттанудың зерттеу пәні болуы тиіс3.
Саясат экономиканың дамуына оң ықпал ете алатындығын, сонымен қатар экономикалық жүйенің барлық элементтеріне кері әсер етіп, оның дамуын тежей алатындығын да атап көрсету лауазым.
Саясаттың рөлін жете бағаламаушылық, әдетте, стихиялылықты, енжарлықты арттыратындығын өмірлік тәжірибе дәлелдеп отыр. Қазір барша әлемде мемлекеттің рөлі, саясаттың рөлі объективті түрде арта түсуде. Сонымен қатар әлемдік тәжірибе экономикалық қатынастарды шектен тыс саясаттандырудың, мемлекеттің экономикаға орынсыз араласуының, саяси өктемдіктің, экономиканы басқаруда әміршілдік әдістерді қолданудың мысалдарын да көптеп көрсетуде. Мұндай саясаттандырылудың мысалы ретінде тоталитарлық жүйедегі мемлекеттерді атауға болады. Бұл мемлекеттердің экономикалық саясаты ұлттық экономиканың томаға тұйық жүйесін жасауға, оны халықаралық шаруашылық байланыстардан оқшаулауға бағытталған. Мұндай саясат «өзінің жеке күшіне сүйену» деген ресми атау алды.. Дәлірек айтсақ «темір шымылдық» құрудың нағыз өзі. Саясаттың құдіреттілігіне деген көзсіз сенім әдетте субъективизмде, жүгенсіздікте, авантюризмде жиі байқалып, оның соңы сөз жоқ саяси сәтсіздіктерге ұрындыратындығын ашық айтқанымыз жөн.
Экономикалық дамудағы толғағы жеткен мәселелерді ашып керсететін саяси қимылдар әлеуметтік прогрестің қуатты қозғаушысы және объективтік мүмкіншіліктерді тиімді жолдармен іске асыруға көмектесетін күш болып табылады. Саясаттың экономикаға тигізетін белсенді ықпалына деген зәрулік коғамөміріндегі күрт өзгерісті сәттерде: тереңэкономикалық күйзелістер мен соғыс кездерінде, сондай-ақ экономиканы реформалауға аса кажеттілік туған жағдайда ерекше арта түседі. Бұл жөнінде тарихи мысалдарды да көптеп келтіруге болады. Мәселен, «ұлы тоқырау» кезеңіндегіАҚШ, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейінгі Германия, тоталитарлық жүйе күйреген кездегі Шығыс және Орталық Европа елдері, Мао Цзе Дун өлгеннен кейін, сондай-ақ фашистік диктатура құлағаннан кейінгі Латын Америкасындағы кейбір елдер, т.б. айтуға болады
Осындай ахуал 80-90-шы жылдары нарықтық экономикаға өту барысында Қазақстанда да орын алды. Қазақстан экономикасы үлкен дағдарысқа ұшырады. Мұндай жағдайдың туындауын түрлі күрделі себептермен байланыстыруға болады. Солардың ішіндегі ең бастысы ретінде мен қоғамның экономикалық дамуына саясаттың тиімді ықпалының жоқтығынан дер едім.
Оның үстіне нарықтық қатынас (рынок) экономикалық өмір қызметінің тіпті де мінсіз тетігі емес екендігі белгілі. Саясаттың нарық пен бағаға белгілі бір дәрежеде тура не болмаса жанама түрде әсер етуі барлық уақытта да қажет.
Нарықтық экономикаға өту барысында Қазақстанның экономикалық өмірінің тұрақсыздығының ең басты себебі – еліміздің экономикалық өркендеуінің нақты, ғылыми негізделген, ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламасының жоқтығы болды. Қазақстан экономикасындағы дағдарысты процестер, мемлекеттік экономикалық саясаттың болжамсыздығымен әрі қайшылықтылығымен тікелей байланысты.
90-шы жылдардың бірінші жартысында Қазақстан Үкіметінің экономикалық саясатынының негізгі міндеті ретінде көрсеткен қаржы тұрақтылығы өздігінен экономикалық прогрестің тууына кепілдік бере алмайды. Бұған 30-шы жылдары АҚШ-тағы қаржы тұрақтылығының бұл елді экономикалық күйреуден құтқара алмағандығы дәлел.
Сол жылдары «Жекешелендірудің мемлекеттік бағдарламасы» деген ұранмен Казақстанның ұлттық байлығы талан-таражға ұшырады. Осы саясат нәтижесінде өндірісті өркендетуге мүдделі емес орасан зор жеке капиталдар пайда болды. Меншік қозғалысын қадағалайтын мемлекеттік бақылау әлсіреді. Монополияға қарсы заңдар тіпті әлжуаз болды.
Осының бәрі жекелеген адамдардың жөн-жосықсыз бағаны шамадан тыс өсіруіне және түрлі айла-шарғылар есебінен аса мол пайда табуына мүмкіндік берді. Сөйтіп, жекешелендірудің мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі – әлеуметтік бағытталған нарықтық (рыноктік) шаруашылық құру мұраты, ең бастысы, тұтас экономикалық дaмyдың дұрыс саяси бағдары берілмегендіктен және тұтас алғанда экономикалық саясаттың тиімді құралдарының жасалмауы салдарынан іске асудан алшақ қалды.
Қазіргі кезде Қазақстан экономикасы дағдарыстан шығып, экономикалық даму стратегиясына батыл қадамдар жасауда. Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық даму стратегиясын жасау үшін, ең алдымен оны терең теориялық тұрғыда негіздеу қажет. Менің ойымша, бұның астарында Дж.М.Кейнстің тікелей мемлекеттік қатал зорлық етушілік пен жаппай мемлекеттік экономикалық өмірді икемді түрде мемлекеттік реттеу жөніндегі идеясы жатуға тиіс. Яғни, тікелей мемлекеттік қатал зорлықшылыкқa hәм жaппaй мeмлeкeттiк бақылауға жол бермегені жөн.
Дж.М.Кейнс пен жаңа кейнсшілдіктің осынау идеясында экономикалық, өмірге саясаттың тиімді ықпал етуінің негізгі принциптерін жасаудың теориялық негізі жатқандығын айту керек. Олар белгілі бір саяси-экономикалық ахуалдағы нақты ерекшеліктерді ескере отырып, кез келген қазіргі қоғамның экономикалық талабына бейімделген. Бұл жерде саяси даналық, көрегендік, ғылыми дифференциалды (сараланған) шешім талап етіледі.
Нақты саяси құбылыстар мен процестерді зерттеу, әдеттегідей осыларды тудыратын экономикалық мүдделерді тиянақты талдауды қажет етеді. Демек, нақты саясатты зерттей отырып, экономиканың әр түрлі элементтеріне ықпал жасаудың нақты факторлары мен саяси әдістерін тауып, талдаған дұрыс. Сондай-ақ, экономикалық қатынастардағы саясаттың әр қилы аспектілеріне тигізетін кері әсерін де жан-жақты зерттеу маңызды.
Өзінің бағыт-бағдарына байланысты саясат ішкі, сыртқы және әлемдік (халықаралық) болып бөлінеді.
Ішкі, сыртқы және әлемдік саясаттағы ортақ жағдай – олардың мәнінің бір екендігінде. Ішкі, сыртқы және әлемдік саясаттардың мәндік ұқсастығы туралы тұжырым саяси теорияда үлкен қиыншылықпен әрі өткір пікірталас нәтижесінде ғана орнықты.
Десек те, ішкі саясаттың мазмұны сыртқы және дүниежүзілік саясатқа қарағанда әлдеқайда бай әрі сан алуан. Ішкі саясат қоғам ішіндегі адамдардың өзара әрекетін реттеудегі мемлекет қызметінің негізгі бағыттарын қамтиды.
Сонымен, ішкі саясат дегеніміз – өмір сүруші әлеуметтік-саяси құрылысты сақтауға немесе реформалауға бағытталған мемлекеттің, оның құрылымдары мен институттарының экономикалық, демографиялық, әлеуметтік-интеграциялық, әлеуметтік-мәдени, қуғын-сүргін және т.б. іс-әрекеттер жиынтығы. Ішкі саясат мақсаттарын жүзеге асыру үшін мемлекет құралдардың, әдістер мен тәсілдердің кең ауқымын пайдаланады.
Ішкі саясат сипаты сыртқы саясаттың мәнін анықтайды. Ішкі және сыртқы саясаттар арасында өзара терең байланыс және диалектикалық қатынас бар.
Ішкі және сыртқы саясаттардың арақатысы туралы айтқанда, бұл мәселенің толықтай анық еместігін, мұнда әлі де таласты жайттардың көп екендігін ескерткеніміз жөн. Мысалы, ішкі саясаттың сыртқы саясаттан басымдылығын, саясаттың ішкі саясатқа бағыныштылығын, оның ішкі саясатқа тікелей тәуелділігін далелдеуге тырысатын көзқарастар бар. Кейбір басқа зерттеушілер мемлекеттің ішкі саясатын оның сыртқы саясатына қарама-қарсы қоюшылықтың өзін жасандылық деп санайды. Өйткені, мемлекеттің саясаты бір тұтас,оны бөлуге болмайды. Тек бұл жерде мемлекеттің саяси іс-әрекеттерінің сан алуан түрлі бағыттары туралы ғана сөз етуге болады.
Сыртқы саясаттың басты мақсаты барлық уақытта да мемлекет өзінің ішкі саясатының мақсаттары мен міндеттерін толыққанды жүзеге асыруы үшін қолайлы халықаралық жағдай жасауы болып табылады.
Түптеп келгенде, сыртқы саясат пен ішкі саясат ортақ бір міндетті атқарады, яғни, мемлекеттегі қоғамдық қатынастар жүйесін сақтауды және нығайтуды қамтамасыз етеді.
Кез келген мемлекеттің сыртқы саяси қызметі бәрінен бұрын осы қоғамдастықтың ұлттық мүдделерін оның басқа жекелеген мемлекеттермен қарым-қатынастары барысында қамтамасыз етуге бағытталады. Сыртқы саясат арқылы жүзеге асырылатын басты ұлттық мүдделер қатарына мемлекет егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, қоғамның әрі оның барлық азаматтарының жан-жақты прогресі үшін сыртқыжағдайлар жасауды, халықтың өзге халықтармен және мемлекеттермен өзара тиімді экономикалық, саяси, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастығын жолға қоюды, т.б. жатқызуға болады.
Сонымен, сыртқы саясат – мемлекеттің сырт жердегі басқа субъектілермен: жекелеген мемлекеттермен, шетелдік партиялармен, басқа қоғамдық ұйымдармен, т.б. қарым-қатынастарын реттейтін қызметі. Осыған орай, сыртқы саясатты әлемдік (халықаралық) саясаттан бөліп қарауға болмайтынын да атап көрсету керек. Қайта, әлемдік саясатты ішкі және сыртқы саясат ұғымдары арқылы анықтау керектігін айту ләзім.
Әлемдік саясат сыртқы саясатпен жиірек теңестіріледі, бірақ ол мемлекеттердің әлемдік қауымдастарының алдында тұрған проблемаларды шешу жолындағы келісімді қызметті қамтамасыз етумен байланысты өзіне тән ерекшелікке де ие. Халықаралық проблемаларды шешу әдістерінің де өзіндік ерекшеліктері бар.
Халықаралық аренада биліктің бір тұтас орталығы жоқ, құрылатын бүкіләлемдік және аймақтық халықаралық ұйымдар билік өкілеттігіне ие емес. Мұнда негізінен тең құқықты мемлекеттер әрекет етеді және олардың арасындағы қарым-қатынастар күрес пен келіссөздердің, әр түрлі келісімдер мен ымыраға келудің нәтижесінде қалыптасады.
Әлемдік саясатқа – халықаралық ынтымақтастыққа көшудің объективтік қажеттілігін XX ғасырдың екінші жартысында адамзат алдында пайда болған, жалпы қорқыныш пен алаңдатушылықты тудырып отырған ғаламдық көкейтесті проблемалар талап етіп отыр.
Әлемдік саясаттың даму жолында халықаралық ұйымдар өте маңызды рөл атқарып келеді. Мәселен, егемен мемлекеттердің өз еріктері мен күштерін біріктіру негізінде құрылған мемлекеттер арасындағы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, қолдау, бейбіт ынтымақтастықты дамыту мақсатында қызмет етуші ірі халықаралық ұйымның – БҰҰ-ның зор маңызы бар.
Сонымен, әлемдік саясат ішкі және сыртқы саясат сияқты адал болуы тиіс, әрі тек жалпы адамзаттық, ұлттық мүдделерді басшылыққа алмай, тек ғылыми негіздерге ғана сүйеніп қоймай, шын мәніндегі өнер болуы тиіс.