Легальдық және моральдық iс-әрекеттер Адамды белгiлi бiр iс-әрекетке итеретiн тәртiп ережесiн И.Кант императив дейдi. Оның екi түрi бар. Бiрiншiсi - гипотетикалық императивтер. Олардың ережелерi өмiрде қалыптасатын нақтылы жағдайларға байланысты, ал соңғылар әр-қашанда өзгерiсте. Гипотетикалық императивтер, сондықтан, адамның сыртқы, яғни гетерономдық жүрiс-тұрысын ғана анықтайды, оның iшкi мотивтерiн еске алмайды. Мысалы, “егер сатып алушылардан айырылып қалғың келмесе, онда сауда-саттықта олармен адал бол², “егер өзiңе пайда болсын десең, онда басқаларға қызмет ет² т.с.с. Мұндай ережелерге сай жүрiс-тұрыс, әрине, құпталады. Сонымен қатар, олар орындалмаған жағдайдағы жазалау мүмкiндiгi де адамға өз әсерiн тигiзбей қоймайды. Мұндай жүрiс-тұрысқа И.Кант легальды, яғни заңға қарсы емес деген ат қояды.
Императивтердiң екiншi түрi - ол категорикалық императивтер - оның ережелерiнiң түп-тамыры моральдық салаға кетедi. Оның талаптары үзiлдi-кесiлдi, қажеттi түрде әрқашанда орындалуы керек. Оның талаптары өмiрден алынған тәжiрибеден емес, адамның трансценденттiк табиғатынан шығады. Ол ешқандай “егер² деген сөзден басталатын тәртiп тәжiрибесiн мойындамайды. Сонымен қатар, гипотетикалық императивтер моральдық ережелерге қарағанда төмен болғанымен, соңғыларға қарсы емес. Мысалы, егер суға батып бара жатқан адамды құтқарған кiсi,- сол үшiн сый аламын,- деп суға түссе - онда оның iс-әрекетi легальды.
Ал ондай есеп болмай, тек қана парыздың негiзiнде- өз өмiрiн ойламай,- басқа адамды судан шығарамын, өлiмнен құтқарамын деген оймен суға тап берген адамның iс-әрекетi - моральды. Сонымен, легальдық пен моральдықтың шекарасы адамның iшкi сана-сезiмi арқылы өтедi екен.
Ендi сол И.Канттың моральдық салада жасаған категорикалық императивiн талдайық. Ол былайша берiлген : “әрқашанда жүрiс-тұрысыңның ережесi бүкiл адамзаттың талабына сай келсiн², яғни сенiң орныңда сол жағдайда басқа адам болса, ол да солай iстер едi. Категорикалық императивтiң талаптарын орындау жолында адам ешқандай пайдақорлықты iздемеуi керек. Тек басшылыққа басқа адамдар алдындағы парызымызды алуымыз қажет.
Категорикалық императивтiң екiншi ережесi “әрқашанда адамзатқа - ол өзiң, иә болмаса басқа адам болса да - ешқашанда құрал ретiнде қарама, әрқашанда оны мақсат тұт². Адам - бұл дүниедегi ең биiк құндылық, оны басқа ешнәрсемен салыстыруға болмайды. Бұл ұлы гуманистiк принцип қайсыбiр дiндегi адамды төмендететiн қағидаларға қарсы бағытталған. Оны И.Канттың моральдық философиясының күштi жақтарына жатқызуға болады.
Ал ендi И.Канттың моральдық философиясының әлсiз жақтарына келер болсақ - ол парыз бен бақытты бiр-бiрiне қарсы қойуда. Егер мен басқа адамға жақсылықты оны сүйудiң, жақсы көрудiң негiзiнде жасасам, онда ол iс-әрекет өзiнiң моральдық жағын жояды. Моральдық жолда адам тек қана парызды басшылыққа алуы қажет. И.Канттың ойынша, тек қана “Парызды орындадым² деген ой ғана адамды өзiн бақыттымын деген сезiмге әкеледi. “Парыз, сен сәулеттi, ұлы сөзсiң!²,-деп қорытады И.Кант.
Әрине, адамдардың қарым-қатынасында, олардың iшкi ойлары мен сезiмдерi үлкен орын алады және адамдар оны аса бағалайды. Бiрақ, нақтылы жасалған iс-әрекеттi де естен шығармаған жөн. Нақтылы күнбе-күнгi өмiрде бiз бiреудi сүйемiз, екiншiнi жек көремiз, үшiншiнi - сыйлаймыз т.с.с. Адамның сезiм тебiренiсiз ешқандай қарым-қатынас жоқ, олай болса, мораль саласынан адамның сана-сезiмiн алып тастау тек қана абстрактылық теорияда ғана болса керек.