«Тұран» Университі


ХХ ғасырдағы Шығыс дiни философиясы



бет132/212
Дата15.03.2022
өлшемі2,53 Mb.
#135460
1   ...   128   129   130   131   132   133   134   135   ...   212
Байланысты:
философия лекция (7)

ХХ ғасырдағы Шығыс дiни философиясы
ХХ ғ ғылыми-техникалық революция, соның негiзiнде пайда болған орасан-зор өндiргiш күштер, мемлекеттер арасындағы экономикалық, мәдени, саяси қатынастардың күрт өсуi Шығыс елдерiнiң ақуалын “батыстандыра² бастады. Шығыс елдерi заманның қойған талабына сәйкес келетiн жауаптар iздей бастайды. Бiр жағынан, әрине, олар өздерiнiң өндiргiш күштерiн Батыс дамыған елдерiндегiдей қылып дамытып, халықтарының өмiр сүру деңгейiн өсiргiлерi келедi. Екiншi жағынан, Батыс елдерiндегi рухани тоқыраушылық оларды үрейлетiп, мыңдаған жылдардағы жиналған мәдениет құндылықтарына, өмiр салтына, әдет-ғұрпына соққы тигiзе ме,- деген алаңдаушылықты тудырады.
Сонымен, бiр жағынан, сыртқы ықпал, екiншi жағынан, ұлттық-мәдени мұраны сақтап қалу мәселесi Шығыс елдерiндегi рухани өмiрде, негiзiнен, ұш ағымды тудырды.
1. Кертартпа ағымдағы күштер (регрессизм) ұлттық рухани-мәдени құндылықтарды сақтап қалу қажет, Батыстан келгеннiң бәрi - шайтандық нәрселер деген пiкiр айтады. Батыстың ықпалына қарсы тұратын ең күштi құрал - ол дiн. Сондықтан, Ислам дiнi тараған бiршама Шығыс елдерiнде “дiни фундаментализм² (iргетастық) кең етек алып, онда неше-түрлi экстремистiк саяси қозғалыстар қоғам өмiрiнде кең орын алып отырғаны бүгiнгi таңда құпия нәрсе емес. Жалпы алғанда, оның түп-тамырын Батыс жолымен қоғамды модернизациялауға (жаңартуға) бағытталған саясаттан шығатын қайшылықтардың нәтижесi деп байланыстырсақ та болғаны.
Бұл бағыттағы ойшылдардың ойынша, “тағдыр - алдын-ала анықталған², әлеуметтiк өрлеу дегенiмiз - жалған, алдайтын нәрсе. Адамның негiзгi мақсаты - әлеуметтiк дамудың биiк сатысына көтерiлу емес, карманы (туа бiткен тағдырды) тазартып келесi дүниеге келгенде бұрынғыдан жоғарырақ, таза рухқа ие болу. Осындай көзқарастарды тарататын саяси-дiни ұйымдар “Джан-Сингх², “РСС² (Индияда), Джамағаат -и- ислами (Пакистан, Афганистанда) т.с.с. Бұлардың бәрi де дiндi “таза ұстауға², тек қана Құранның негiзiнде өмiр сүруге шақырады, “Құран - бiздiң конституция² деген ұран көтередi. Олардың ойынша, мемлекеттi Имам (қоғамның дiни басшысы) Шариаттың негiзiнде басқаруы керек, ал барлық қайшылықтарды шешетiн дiни сотшы - қади болуы қажет. Жер бетiндегi бұкiл халықтардың арманы - теңдiк пен әдiлеттiлiк - тек қана саясат пен дiн бiр-бiрiне қосылғанда ғана келедi,- деген пiкiр ұстайды.
2. “Батысшылар² ағымындағы (вестернизм) күштердiң ойынша, ұлттық құндылықтар дегенiмiз - артта қалушылықтың, надандықтың, ыдыраудың символдары. Сондықтан, тезiрек Батыс құндылықтарын өмiрге еңгiзiп, қабылдау қажет. Сонда ғана, Шығыс елдерi дәуiрдiң қойған талаптарына сай келiп “жалпыадамзат цивилизациясына² қосылады. Ал соңғыны олар Батыстың жетiстiктерiмен теңестiредi.
Ал дiн мәселесiне келер болсақ, олар оны “әр адамның ар-ұжданының iсi, таңдауы²,- деген пiкiрге келедi. Қазiргi уақытта дiн мемлекеттен бөлiнуi керек. Бiлiм беру саласында жастарға “ағарған тәлiм-тәрбие беру қажет². Осының негiзiнде қазiргi ғылым мен техниканың жетiстiктерiн игерiп, өмiрде кеңiнен қолдануға мұмкiндiк алуымыз керек,- деген пiкiрдi таратады.
3. “Прогрессистер² ағымындағы ойшылдар Шығыс елдерi бұрынғыдай өмiр сұре алмайтынына көздерi жетiп, өзгерiс, жаңару, реформаларды қолдайды. Ол ұшiн Батыс қоғамында пайда болған көп жетiстiктер кеңiнен таратылып қолданылуы қажет. Ол, әсiресе, экономика саласында керек ақ. Бiрақ, сонымен қатар, ұлттық рухани құндылықтар жаңа өмiрге бейiмделiп сақталуы қажет. Олай болса, оларды бiр-бiрiмен ұштастыру керек. Сонымен қатар, олардың ойынша, дiни құндылықтарды жаңа өмiрге сай етiп өзгерту қажет. Құдайға арнап құрбандық шалудан бас тартып, оны тек сүйiспеншiлiктiң негiзiнде сыйлау қажеттiгiн көрсеткiлерi келедi. Қазiргi өмiрдiң ритмiне 5 реттей Намаз оқу салты да сай келмейдi. Араб тiлiн игермеген көп елдерде халық Құранның мазмұнын бiле бермейдi, сондықтан, бұл құжат басқа тiлдерге аударылып, Намаз халықтардың өз тiлiнде өтуi қажет т.с.с.
Шығыс елдерiндегi мыңдаған жылдар iшiндегi философия саласындағы қалыптасқан дәстүр - ол сенiм шеңберiндегi ойлау мен тебiрену. Сондықтан, Шығыс философиясын дiннен бөлiп алып қарау тiптi мүмкiн емес.
Ендi Шығыс елдерiндегi дiни-рухани ақуалға келер болсақ, онда “Құдай ашылған² дiндермен қатар (Христиандық, Ислам ) “Құдайды ашпаған² дiндер де бар (Конфуциандық, даосизм, буддизм). Бiрiншi дiндерге келер болсақ, ондағы Құдай трансцеденттi, абсолюттi, кеңiстiк пен уақыттың шеңберiнен әрi жатқан мәңгiлiктi. Ол адамзатқа өзiнiң “сөзiмен² ашылады.
Екiншi дiннiң тұрлерiне келер болсақ, ондағы Құдай - дұниенiң рухани алғышарты болғанымен, бiрақ ол тұлға емес. Құдай болмыстың ең биiк сатысы, ол табиғаттан бөлiнбеген, бiрақ Ол ұғымның тозағына түспейдi, Оны сөзбен жеткiзе алмаймыз. Мұндай жағдай Құдай жөнiндегi арнаулы iлiмдi (теологияны) талап етпейдi. Сонымен қатар, Табиғатқа деген табыну сезiмiн тудырып, оны қайта өзгертуге бағытталған iс-әрекеттердi терiске шығарады. Егер христиандық дiн Құдай өзi жаратқан жетiлмеген табиғатты тарту ретiнде адамға берiп, оны танып-бiлiп, қайта өзгерту , өз мүддесiне жарату, оған өз билiгiн жүргiзу құқын берген болса, “Құдай ашылмаған² дiндерде Табиғатқа адам өз билiгiн жұргiзе алмайды, оған табыну қайсыбiр үстемдiктi терiске шығарады - адам табиғатқа тиiспей, тек қана өз-өзiн ғана өзгертiп үне бойы жетiлу үстiнде болуы керек.
ХХ ғ аяғына қарай дүниедегi ең жас дiн - исламның рухани ықпалында өмiр сүрiп жатқан елдерде дiни сананың күрт өсуi байқалады. Оның негiзгi себебi - осы дiннiң ерекшелiгiнде жатса керек. Ислам - тек қана адамның жан-дүниесiн баурыйтын дiн ғана емес, сонымен қатар, ол қоғам болмысының әлеуметтiк, саяси, құқтық салаларын да бақылауға алып отырады. Мысалы, аятолла Хомейни (Иран революциясының көсемi) өзiнiң “Исламдық басқару² деген еңбегiнде “Исламдық құқтық мемлекеттiң² қазiргi Еуропа елдерiндегi құқтық мемлекеттерден артықшылығын Құран арқылы көрсеткiсi келедi. Оның ойынша, Еуропа елдерiнде заңдарды шығаратын арнаулы мекемелер, заңгерлер, депутаттар т.с.с. Олардың қол астынан шығатын заңдар әрқашанда жетiлмеген , кемелiне келмеген, өйткенi, әр-тұрлi әлеуметтiк топтар өздерiнiң мүдделерiн қорғау жолында заң қабылдайтын мекемелерге өздерiнiң ықпалын тигiзiп заңның бұрмалауына әкеледi. Сондықтан, ол елдегi заңдар оқтын-оқтын қайта қаралып, өзгертiлiп отырады. Ал ислам елдерiне келер болсақ, онда қоғамдық қатынастар Шариаттың негiзiнде ретке келтiрiледi. Шариаттың заңдарын адам жасаған емес. Олар Мухаммед пайғамбарға Алланың берген аяты, сондықтан, ол кемелiне келген, жетiлген, барлық адамдар сыйлайтын, бұлжытпай орындайтын нормалары, - деп қорытады А.Хомейни.
Мiне, осындай ғасырлар бойы Шариаттың негiзiнде қалыптасқан ислам елдерiндегi қоғамдық сана модернизация барысындағы өзгерiстердi қабылдай алмайды, өйткенi олар Шариаттың көп нормаларына қайшы келедi. Олай болса, “дiни фундаментализмнiң² терең түп-тамырын бiз осы тұрғыдан тұсiнуiмiз қажет.
Ал ендi ХХ ғ ислам ойшылдарына келер болсақ, олардың қозғаған негiзгi мәселелерi - ол ислам цивилизациясының ерекшелiктерi мен ислам дiнiндегi адам жөнiндегi қағидалар.
Мысалы, Иран философы Сеид Хосейн Наср ислам цивилизациясының символы ретiнде өзеннiң ағысы емес, Каабадағы алты қырлы тасты көрсетедi. Яғни, ислам қоғамы ұне бойы өзгерiсте емес, ол тұрақты да бiр қалыпты. Алайда, Батыста тараған “исламның тұрақтылығы iрiп-шiрумен тең²,- деген пiкiрге ол үзiлдi-кесiлдi қарсы шығады.
Екiншi ерекшелiк - Құдай, Ғарыш және адамның бiрлiгi мен өзара байланысын мойындау болып табылады. Оның үлгiсi ретiнде табиғаттағы заттардың бiрлiгi мен өзара байланысын алуға болады.
Үшiншi ерекшелiк - исламның тазалығы, Мухаммед пайғамбардың аяндарының қатаң сақталуы.
Соңғы өте маңызды ерекшелiк исламның “Алладан басқа Құдай жоқ, Мухаммед оның пайғамбары² деген өзектi қағидасы.
Исламның негiзгi қағидаларына тоқтала келе, С.Х.Наср Құран дегенiмiз - сөзбен, символдармен берiлген табиғаттың сыры²,-деген пiкiрге келедi.
Адам мәселесiн талдай келе, өзiнiң “Бiлiм және киелiлiк² деген еңбегiнде С.Х.Наср “архирейлiк² және “прометейлiк² адамдарды бiр-бiрiмен салыстырады. Архирейлiк адам - жер мен аспан арасындағы көпiр, ол Құдай алдында жердегi iстерiне жауап беруге тиiстi. Ол кеңiстiк пен уақыттың шеңберiнде шектелгенмен, негiзiнен алғанда, - рухани пенде.
Ал прометейлiк адамға келер болсақ - ол жердегi дүниенiң туындысы, оның негiзгi қамы - Құдайды ұмыт қылу. Киелiлiк сезiмдi жоғалтып, ол өз табиғатының ындынының құлына айналады. Ол - өз қажеттiктерiн өтеймiн деп табиғатты ойрандатады, ең жоғарғы қазiргi технологиялар оның тәкәппарлығын әрi қарай өсiредi. Прометейлiк адам тарихи Қайта Өрлеу заманында дүниеге келедi. Оқтын-оқтын ол өз өмiрiне қанағаттанбай киелiлiктi аңсайды, бiрақ, оның бұрмаланған табиғаты оған оны жеткiзе алмайды. Сондықтан, Батыс елдерiндегi iшiмдiктiң, нашақорлықтың т.с.с. терiс нәрселердiң тұп-тамыры осы киелiлiктi жоғалтудан пайда болды,- деген пiкiрге С.Х.Наср келедi. Ф.Ницшенiң “Құдай өлдi² дегенi ол прометейлiк адамның рухани өлiмiн көрсетедi.
Екiншi Иран философы Али Шари-ати ислам бiрiншi болып халықтың тарихтағы, қоғам өмiрiндегi шешушi рөлiн көрсеттi, - деген пiкiрге келедi.
Ал ендi оның адам мәселесiне деген көзқарасына келер болсақ, бiрiншiден, адам табиғат пен табиғаттан жоғары пенделерге қарағанда бiрiншi орын алады, өйткенi,
оның өзiндiк санасы мен iзгiлiгi бар;
екiншiден, оның өзiндiк дербес ырқы, еркi мен таңдауы бар;
үшiншiден, ол саналы пәнде, ол оның ең құнды қасиетi;
төртiншiден, ол жасампаз пәнде;
бесiншiден, адам идеалға табынады;
алтыншыдан, адам - моральдық, ар-ұжданы бар пәнде. Бiрақ, тек қана өзiнiң Құдайға деген махаббатының арқасында ол өзiнiң биiк дәрежесi мен жетiлуiне мұмкiндiк алады, яғни адам идеалдық дәрежеге көтерiледi.
А.Шари-Атидiң ойынша, идеалды адамның ұш жағы бар. Олар: ақиқат, iзгiлiк, әсемдiк,- басқаша сөзбен айтқанда - дұниетану, этика, өнер. Құдайдың ырқының негiзiнде адам табиғат жұмағынан, өзiн оятатын шөлге тұстi, -деп қорытады ойшыл.
Ал ендi мәселенi нақтылай тұсiп ХХ ғ Шығыс елдерiнiң ұлы ойшылдарына келер болсақ, онда Үндi дiни философы Свами Вивекананданы келтiруге болар едi. Оның ойынша, егер “Азияның дауысы әрқашанда дiннiң дауысы болған болса, Еуропа дауысы - саясаттың дауысы². Еуропа цивилизациясының тұп-тамыры - көне гректерге кетедi. Олар тек қана жағалай ортаны жақсартуды ойлаған, сыртқы өмiрдi басым ұстап, армандауды елемеген. Ал Азияға келер болсақ, Шығыс философиясы адамның iшкi рухани өмiрiн талдауға бағытталған. Мiне, Шығыс ой-өрiсiнiң артықшылығы осында, өйткенi, “көз алдымыздағы қазiргi - өтпелi, сағым, ол, шынына келгенде, ештеңе², сондықтан, шығыс ойы оны тесiп өтiп одан әрi жатқан, өзгермейтiн, өлмейтiн, бұл дүниедегi өлiм мен бақытсыздықтың әржағындағы өлместiк пен құдiреттi бiрдеңенi көргiсi келедi. Шығыс данасы бұл идеалдан ешқашанда бас тартпайды,- деп қорытады С.Вивекананда. Оның ойынша, Христостың өзi - нағыз Шығыс пайғамбары, өйткенi, ол сыртқы дүниеге байланбаған болатын.
Адамның Құдайға бағытталған өмiр жолы, негiзiнен, үш сатыдан тұрады. Алғашында, адам Құдайды аспандағы қатал құдiреттi күш ретiнде қабылдайды. Келесi сатыда, өзiнiң рухани деңгейi өскен сайын ол Құдайдың барлық жерде екенiн сезiнедi. Ең соңғы сатысында, адам Құдайды өз iшiнен тауып, Құдай мен ол - бiр екенiн аңғарады. С.Вивекананданың ойынша, барлық дұниедегi дiндердiң негiзгi ақиқаты, мiне, осы. Олай болса, дүниежұзiндегi дiндердi бiр-бiрiне қарсы қоймау керек.
С.Вивекананда дiн мен ғылымның үйлесiмдi дамуын көрсетедi. “Бұгiнгi таңда ғылым Ғарыштың бiртұтастығын дәлелдедi. Метафизиктiң (яғни философтың) “болмысын² физик “материя² дейдi. Шынына келгенде, осы екi ұғым - бiр ұғым. “Атом² мен “атманды² алсақ, оларда бұкiл Ғарыштың потенциалдық кұш-қуаты берiлген. Олай болса, қазiргi ғылым мен Веданта (Үндi дiни құжаты) өз-өзi арқылы дамып жатқан алғашқы себептi мойындайды.
Егер ғылым неше-тұрлi деректердi жинап, зерттейтiн болса, метафизика оларды жалпылап бiр арнаға құяды. Ал дiнге келер болсақ, оның күшi нақтылы деректер мен жалпылықты қамтып бiртұтас етiп қарайды. Олай болса, бұл үш рух туындылары бiр-бiрiн толықтырып отырады. Дегенмен, олардың iшiндегi дiннiң басымдылығын көрсеткен жөн. Тек дiн ғана ең биiк рухани ләззат әкелмек.
Адамның сыртқы дұниемен қарым-қатынасы ұш түрге бөлiнедi. Бiрiншi тұрi - тамастықтар, яғни дұниеге байланғандар, олар оған тәуелдi. Екiншiлер - раджастар, өзiмшiл адамдар, олар оқтын-оқтын басқа адамдарға да көмектесуi , рухани жетiлуде бiршама биiк жетiстiктерге де жетуi мұмкiн. Бiрақ, ең құнды сатыдағылар - саттвалықтар, “нағыз iшкi рухани тереңдiктi көргендер²,- деп қорытады С.Вивекананда.
ХХ ғ Үндi халқының көрнектi саяси қайраткерi, ойшылы Сарвепалли Радхакришнан болды. Оның айналысқан негiзгi мәселесi - Үндi және Еуропа мәдениеттерiнiң қарым-қатынасы. Оның ойынша, Үндi халқының мыңдаған жылдар бойы жинаған рухани қазынасы мол. Бiрақ, бай мұра ешқашанда бiздiң ой-өрiсiмiздi торға қамап тастамауы керек. Керiсiнше, ол Батыс мәдениетiмен диалогқа тұсiп, оның құнды элементтерiн игеруi керек. “Еуропоцентризм² мен “Азиацентризм² деген ұғымдар бiржақтылықты көрсетедi, өйткенi, дұниежүзiндегi бiрде-бiр дiн Абсолюттi айқын бiлдiре алған жоқ. Олай болса, бiрде-бiр дiннiң басқалардың алдында артықшылығы жоқ.
Үндi елiнiң рухани мұрасын үш құрамдас бөлiкке - дiн, философия және психотехникаға бөлiп, оның өзегiн С.Радхакришнан дiннен көредi. Оның негiзгi себебi - “абсолюттiк ешқашанда таным арқылы жеткiзбейдi, өйткенi, бiз шектелген мен салыстырмалыны ғана тани аламыз. Бiздiң шектелген ақыл-ойымыз кеңiстiк пен уақыт, себептiлiктiң шеңберiнен шыға алмайды... Ой өрiсi осы салыстырмалы дұниенiң бiр бөлiгi ретiнде абсолюттi тани алмайды. Бұл арада ғылым мен логиканы, метафизиканы да сәтсiздiк күтедi²,- дейдi С.Радхакришнан. Тек қана осы дүниедегi болмысқа өз болмысыңмен, жан-тәнiңмен берiлiп қана абсолюттi сезiнуге болады. Олай болса, абсолюттiк болмысқа жету жолы абстрактылық ой-өрiсi арқылы емес, өз болмысыңмен соған берiлуде, ал философияның шыңына тек қана жан-дұниесi таза адамдар ғана жете алады.
Адам мен адамзаттың рухани жетiлу мәселелерiмен айналысқан келесi Үндi философы Шри Ауробиндо Гхош болды. Оның ойынша, Еуропа мен Үндi елдерiнде рухани дамуды тежейтiн көп нәрселер бар. Еуропалықтар сыртқы дүниедегi заттарға көп көңiл бөлiп, өздерiнiң рухани өмiрiн жоғалтып алса, индустар өмiрге деген күш-қуаттарын басып тастаған тәрiздi. Шынына келгенде, рухани өмiр адамзаттың материалдық өмiрiн өзiне ұқсатып өзгертуi қажет. Бiрақ, ол неге олай болмай отыр? Осы қиын сұраққа жауап беру ұшiн Ауробиндо Үндi елiндегi мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ақуалға көз жүгiртiп, онда мынандай қайшылықты табады: руханияттың ерiктi дамуы жеке соған берiлген адамдар арқылы жүрдi де, негiзгi халықтың үлесiне енжарлық тидi. Сондықтан, қоғамның материалдық өмiрi ауыр да ащы құлдыққа айналып, одан қашып құтылудан басқа еш амал қалмады. Жеке адамды жетiлдiру iсiмен әр-түрлi иога мектептерi айналысты, ол үшiн қарапайым өмiрдегi белсендiлiктен құтылып, тiптi өмiрден бас тарту керек болды. Өз бiлiмiн тарататын ұстаздың шәкiрттерi аз болды. Мұндай тәжiрибе ғасырлар бойы созылып, ерекше халықтан бөлiнген руханияты таза әлеуметтiк тотптың пайда болуына әкелiп соқты. Ал мұның өзi материалдық өмiрдiң дамуының түрткiсiн жойып, оны тоқыратты. Иогамен айналысатын адамның рухы биiк те таза болғанымен, ол қарапайым өмiрден бас тартуға мәжбұр болады, оның iшкi ерiктiгi сыртқы өлiммен теңеледi. Егер ол Құдайды тапса, онда өмiрден айырылады, сыртқы өмiрге қызықса, онда Құдайдан айырылады. Бұл қайшылықты шешу ұшiн жаңа интегралдық (integratio,- латын сөзi,- толықтырамын, шашылғанды жинаймын,- деген мағна бередi) йога қажет деп қорытады Ауробиндо. Оның негiзгi мақсаты - өмiрден қашпау, Құдай мен Табиғатты ерiктi де жетiлген адам өмiрi арқылы бiр-бiрiне қосу болып табылады. Ол ұшiн адам белгiлi бiр жүйеге келтiрiлген қызу iс-әрекет арқылы өз iшiндегi құпия жатқан дарындарды сыртқа шығарып жетiлу жолында универсалдық трансценденттiк болмыспен қосылуы қажет.
Жоғарыдағы көрсетiлген тұрғыдан Ауробиндо “Мая² iлiмiн сынға алады. Көне Үндi философиясында “бұл дүние - Мая - ұлы сағым² деген iлiм болатын. Шынына келгенде, Табиғат - сағым емес, ол Құдайдың күш-қуаты арқылы жүрiп жатқан шығармашылық болмыс. Сондықтан, адамның жан-дүниесi өзiнiң бөлек болмысын қолдаудан гөрi өзiнiң құдiреттi күшпен бiрге өмiрмен де байланысын көрсетiп, оларды өз табиғатында бiрiктiруi қажет. Рухани өмiр мәңгiлiктiң аясында болғандықтан ол өтпелi дүниеден де қашпай, материалдық өмiрге қайтып оралып, оны өзiнiң толыққанды өмiр сұруiнiң құралы етуi керек.
Егер “Хатха-иога² дененi жетiлдiруге бағытталса, “Раджа-иога² адамның iшкi өмiрiн жетiлдiредi. “үштiк жолы² - Еңбек, Махаббат, Бiлiмнен тұрады, ол iшкi рухани өмiрдiң құрамдас бөлшектерiн пайдаланады. Олар ерiк, жұрек, ақыл-ой.
Ауробиндоның “интегралдық иогасында² дәстұрлi иогадағыдай қатаң тәртiп, iс-әрекеттердiң бiрiнiң артынан екiншiсiнiң келуi т.с.с жоқ, сондықтан, әр адам өз табиғатына сәйкес әдiстердi қолдана алады. “Интегралдық иогамен² қайсыбiр адам, қандай төменгi дәрежеде болса да, айналыса алады.
Сонымен, Ауробиндоның негiзгi идеясы - руханиат пен материалдық өмiрдi бiр-бiрiмен ұштастырып, қазiргi дұниеден ләззат алуға ұмтылған, соның бiтпейтiн жарысына тұскен адамзаттың көпшiлiгiне алаңдаушылықпен қарап, оны Құдайдың жолына сiлтеу болса керек.
ХХ ғ Шығыс философиясының құрамдас бөлiгi ретiнде Африка континентiнде пайда болған философиялық тебiренiстердi де келтiруге болады. “Оянып жатқан² континенттiң iрi ойшылы ретiнде “негритюд² iлiмiнiң негiзiн қалаған Леопольд Седар Сенгорды келтiруге болады. Оның бұкiл шығармашылық жолын қамтитын негiзгi ой - Африка мәдениетiнiң адамзат рухына қосқан үлесi, қара адамдардың ерекше дұниесезiмi мен дүниетанымын көрсету болды. Оның бәрiн ол негритюд ұғымымен бередi. Оның ойынша, негритюд дегенiмiз қара адамдар әлемi құндылықтарының жиынтығы. Оларға ол интуиция мен эмоция (сезiмдер), ритм мен ұжым сезiмiн және диалогты жатқызады. Осы көрсетiлген құндылықтар өнер мен өмiр салтында, ой өрiсiнде байқалады. Сенгордың берген екiншi анықтамасы, негритюд дегенiмiз - ұжымдық негро-африкандық тұлға, дұниеге деген аффективтiк қарым- қатынас, яғни ақыл-ойдан гөрi дүниеге деген сезiм серпiлiсiнiң басым болуы. Сенгордың ойынша, Африканы бодандап, ондағы халықты құл ғылып сатқан елдерде қара адамдар өзiнiң мәдениетiмен, дүниесезiмiмен сол елдердiң рухани өмiрiне, жалпы өмiр салтына зор әсерiн тигiздi (Португалия, Бразилия, Чили сияқты елдерде). Сондықтан, халықаралық қатынастарда мұны естен шығармауымыз керек.
Тарихқа көз жiберiп, Сенгор Африка елдерiнiң антикалық грек цивилизациясына тигiзген үлкен әсерiн айтады (Нубия мен Мысыр арқылы). Олай болса, негритюдтiң тарихы 2000 жылдың әржағына кетедi ,- деп қорытады ол. Әрине, ойшыл Африка мәдениетi мен өмiр салты, дұниетаным ерекшелiктерiн жақсы көрсете бiлдi. Бiрақ, оны асыра бағалап, басқа елдер мен жерлердiң мәдениетiнiң бұкiладамзат рухына қосқан ұлесiн ескермеу де шындыққа жатпаса керек.
Сенгор Еуропа ой-өрiсiнiң рационалдық, дискурсивтiк жолмен дамуын терiске шығармайды. Ол - керек, әсiресе, қазiргi ғылымды дамытуда, жаңа технологияларды жасауда. Сонымен қатар, адамзатқа интуитивтiк таным да қажет, өйткенi, ол дiн мен философияның, әдебиет пен өнердiң негiзiнде жатыр. Олай болса, бұкiладамзаттық цивилизацияның дамуына осы екi таным жолы бiрдей керек.
Қорыта келе, Шығыс философиясының ХХ ғ бiршама жетiстiктерге жеткенiн байқаймыз. Рухани дағдарыстағы Батыс Шығыс философиясындағы “Табиғатқа қайта оралу!² қажеттiгiне, “антроптық² қағиданы, яғни философияның негiзгi мәселесi ретiнде адам мәселесi болу керектiгiне, “ортаңғы жол², “ымыраға келу², “ақыл-ойдың шектелгенi², сондықтан, оны ар-ұждан талаптарымен ұштастыру жөнiндегi ойларына, ең соңында, жеке адамның қоғамнан тыс болмысының құндылықсыздығы жөнiндегi т.с.с. идеяларына шынайы қызығушылықпен қарайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   128   129   130   131   132   133   134   135   ...   212




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет