16.2. Қоғам өмірінің негізгі салалары Бүгінгі қоғамтану әдебиетінде қоғам өмірінің негізгі салалары ретінде экономикалық, әлеуметтік, саяси-құқтық және рухани өмір көрсетіледі. Әрине, қоғам өмірі өте күрделі жүйе, сондықтан осы көрсетілген салалар бір-бірімен шым-шытырық байланыста. Мысалы, экономика мен әлеуметтік сала арасындағы байланыстар өте тығыз. Экономика дамымай бірде-бір әлеуметтік мәселелерді толыққанды шешу мүмкін емес. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау т.с.с. әлеуметтік мәселелер биік деңгейде шешілмесе, өндірісті дамыту, жаңа технологияларды өмірге еңгізу екіталай. Ал оларды бір-бірімен үйлесімді байланыстыру саясатпен тығыз байланысты екені тағы да сөзсіз. Ал саяси шешімдер заң жүзінде іске аспаса, ол бос сөзге айналып кететіні тағы да бар. Жоғарыда көрсетілген осы салалар қоғамның негізінде жатқан рухани құндылықтарға сай келмей тағы да болмайды. Егер халық мыңдаған жылдардағы қалыптасқан рухани құндылықтарынан айырылып қалса, ол өз-өзін танымайтын белгілі бір құбыжыққа айналып, тарихтан жоғалып кетер еді. Тілінен, салты мен әдет-ғұрпынан айырылып, "мен орыспын",- деп жүрген қаншама Сібір халықтарының өкілдерін бүгінгі Ресейден көруге болады!
Дегенмен де, қоғамды әрі қарай талдау жолында осы салаларды теоретикалық тұрғыдан бір-бірінен бөліп алып қарау қажет.