Найман, керейіт, меркіт, жалайырлар туралы деректердің мәліметтері
Найман, керейіт, жалайыр тайпаларының негізгі мекендеген жері – Монғолияның орта және батыс аудандары. 10 ғасырдан бастап бұл тайпалар Қазақстан өңірін қоныстана бастады. Найман мемлекетінің аты шыға бастаған кез – 12 ғасырдың екінші жартысы. Орталығы – Балықты қаласы. Инанч-білге ханның білімділігінің арқасында наймандар қарақытайлардың үстемдігінен құтылған. Ол наймандар одағының басын қосып, мемлекетті күшейтті. Бұйрық пен Даян хандар тұсында мемлекет екіге бөлінді. Шыңғысханға қарсы қырғыз, меркіт, найман тайпалары бірігіп, 1201 жылы құрылтайға жиналады. Соғақ суаты деген жерде одақтастар Шыңғыс пен Ван хандардың әскерімен соғысып, ойсырай жеңіледі. Алтайдың оңтүстігіне жылжыған Бұйрық ханды Шыңғысхан әскері қолға түсіріп, жазалайды. Ал 1204 жылы Шыңғысхан Даян ханға қарсы жорыққа шығып, оны біржола жеңеді. Даян ханның баласы Күшлік Жетісуға қашып кетеді.
Керейіт тайпалары Орхон, Керулен, Селенгі, Аргун өзендерінің бойында тұрған. Орталығы – Битөбе. Керейіт мемлекеті 10-12 ғасыр аралығында, Маркус пен баласы Құршақұз хандар тұсында шарықтаған. 1202 жылы керейіттердің ханы Торы мен Шыңғысхан өзара жауласып, Шыңғысхан керейіттерді басып алады. Керейіттердің бір бөлігі Қазақстанның шығысына келіп орналасады. Тарихшы Рашид ад-Дин керейіттер туралы: “Монғол жеріндегі 9-13 ғасырларда өмір сүрген керейлер – күшті дамыған ел…Олар тек Шыңғысхан әскерінен әлсіреді. Олардың мәдениеті өте жоғары болып, көне түрік жазуларын пайдаланған” деп жазды. Монғол мемлекетінде хатшылар керейіттерден болған.
Жалайырлар монғол жеріндегі Селенгі, Хилок өзендері және Орхон өзенінің жоғарғы ағысында, Қарақорым таулы қыраттарында өмір сүрген. Шыңғысханның жалайыр тайпасының ішіндегі ең жақын адамы атақты ақын, шешен, батыр Мұқылай болған. Шыңғысхан өзіне көрсеткен адал қызметі үшін оған атақ беріп, сол қанатының түменін басқартқан. Жалайыр Жамұқа Шыңғысханның бірде андасы – серттескен ең жақын досы ретінде, ал бірде оның жансызы есебінде, бірде қас жауы ретінде көрсетіледі.
Найман, керейіт, жалайыр тайпаларындағы басқару ұлыстық жүйемен жүргізілді. Найман, керейіт, жалайыр тайпаларында малдың басты түрі жылқы мен қой болған. Ал керейіттерде жылқы өсіру басым болды.
Қарахан мемлекетінің негізі үлесті жүйеде қаланып, билік екі тайпалық топ – жігіл және яғма ақсүйектері арасында бөлініп, мемлекет Шығыс және Батыс деген екі иеліктен (хандықтан) тұрды. Оларды өз қағандары басқарды.
1. Шығыс хандық Жетісу аймағы мен Шығыс Түркістан жерін алып жатты. Орталығы Баласағұн қаласына жақын жатқан Орда қаласы (оны Қара Орда немесе күз Орда деп те атаған) кейін Қашғар каласы болды.
2. Батыс хандық Мауренахрды биледі. Орталығы алғаш Бұхара, кейін Самарқан қаласы болды. Қарахан мемлекетінде биліктің қосарлы немесе тең құқықты жүйесі қалыптасты.
Шығыс хандық Қарахан мемлекетінің негізгі бөлігі болып саналған. Сондықтан оның ханы дəстүр бойынша жоғарғы Ұлы қаған болып есептелген. Бірақ екі хандықтың арасында онша бірлік болмай, олар жиі жеке-жеке бөлініп кетіп отырған.
Қарахан әулетінің шығу тегі Қашғарияда өмір сүрген қарлұқтармен байланысты. Жазба деректерге қарағанда Қарахан мемлекетінің құрылуы мен даму тарихында басты рөлді Қарлұқ конфедерациясының тайпалары атқарды. 940-ыншы жылы Қашғарияның қарлұқ тайпалары Баласағұнды басып алып, Сатұқ Боғра хан басқарған жаңа әулеттің негізін қалады. Тарихта Қарахан мемлекеті аталған жаңа Түркі империясы құрылды. Болжам бойынша Қарахан әулеті атауы осы билеуші ұрпақтың арғы атасы Қараханнан шыққан.
999-ыншы жылы қарахандықтар Орта Азиядағы Самани мемлекетін талқандады. Өз билігін Әмударияға дейін жүргізді. Бұл өзен Қарахан мен Газнауилер арасындағы шегара болды.
Оныншы ғасырдың соңына қарай қағанаттың жер аумағы қалыптасты. Қарахан мемлекеті мен Қыпшақ хандығы арасындағы солтүстік шегара Балқаш және Алакөл көлдерінің бойымен өтті. Қарахандықтар иеліктері батысында Мауренахрды (Әмудария мен Сырдария аралығы), Жетісу жерін және шығысында Қашғарды қамтыды.
Қарахан мемлекетінде жер иеленудің иқталық жүйесі орнықты. Қағандар өз маңайындағыларға қазметтері үшін жер үлестерін бөліп беріп отырды. Олар аймақ немесе қала тұрғындарынан салық алу құқығына ие болды.
Мұндай жер үлестері иқта, ал иқтаны ұстаушылар иқтадар деп аталды.
Қарахандықтарда иқтадан басқа мынадай жер иелену түрлері болды: вакф – діни орындардың меншігі, ал мүлік – дінбасылардың жеке меншігі, яғни мемлекеттік салық түріндегі жерлер.
Иқта және иқталық жүйе Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан өмірінде маңызды рөл атқарды. Феодалдық қатынастардың дамуына ықпал етті. Иқталық жүйе жаңа ақсүйек қауымын қалыптастырды. Олар байып алып, қағандарға бағынбады. Кейбір жеке жер иелері өз теңгесін шығарып, көрші елдермен дипломатиялық қатынас жүргізді. Мұның бәрі келіспеушілікке, өзара қырқысқа алып келді.
Исламды қабылдау қарахандықтар дәуіріндегі ірі оқиға болды. Қарахан қағаны Сатұқ Боғра хан түркілердің исламға өтуіне дейін-ақ жаңа дінді қабылдаған болатын. Оның мұрагері Мұса 960-ыншы жылы исламды мемлекеттік дін деп жариялады.
Қарахандықтардың екі бөлігі арасындағы өзара қырқыстар мен орталық биліктің әлсіреуін көшпелі қарақытай (қидан) тайпалары пайдаланды. Он екінші ғасырдың бас кезінен бастап Жетісу үнемі қидандардың шапқыншылығына ұшырап отырды. 1141-інші жылы Жетісудың негізгі аумағындағы саяси билік қарақытайлар қолына өтіп, олар қарахандық билеушілерді өздеріне тәуелді етті. Алайда қарақытайлар тек салық алумен шектелді. Олар өз бодандарының мемлекеттік құрылымына, дініне, мәдениетіне тиіспей, мұрагерлік қаған билігін де сақтады. Соған қарамастан қарақытайлардың үстемдігі қарахандардың саяси құлдырауының бастамасы болды.
1210-ыншы жылы наймандармен соғыста Шығыс Қарахан әулеті талқандалды. 1212-інші жылы Самарқанда Хорезм шахы Мұхаммед Батыс Қарахан әулетінің соңғы өкілін тағынан тайдырды. Бір кездегі аса қуатты Қарахан мемлекетінің тарихы осылайша аяқталды.
Қарахандар дəуірі Қазақстан аумағында феодалдық құрылыстың нығаюының маңызды кезеңі болды.
Достарыңызбен бөлісу: |