кеудесінде жаны бар, еш нәрсені бітірмейді. Тірі жан дейтіні – бар тапқанын киім мен асқа сатар, жақын көрген досын жатқа сатар, Қызыл белбеу, шоңқима етік, үкі тағып, әркімді бір сықақ кылар. Жігіт жан дейтін жігіт – сегіз қырлы, бір сырлы болар». Бірінші жігіттің кеудесінде жаны бар, бірақ еш нәрсені де бітірмейді, кеудедегі жанының еш нәрсеге талабы жоқ, жаны тәнге құл болған жігіт.
Абай мен Шәкәрім шығармаларында бірінші образ «ез адам» (езіліп қалған) деп аталады.
Екінші образдағы жігіт – өткінші өмірге мас болып, қызылды-жасылға қызығып, достыққа да берік емес, оның жұмысы елді сөз қылу, Абай Құнанбайұлының тілімен айтсақ:
«Еңбекпен етті ауыртпай, Құр тілменен жиғаны, Кекектеп секек етем деп, Шошқа туар сөздері», – дегендей «надан адам» мен «жарым адамның» сипаттарына сай келеді.
Үшінші адам – нәпсісін билеген, жүрегі таза, әрекетінде береке бар жігіт. Яғни, бір болса да жүзге татитын «толық адам» бейнесі.
Жалпы адам баласының кемшіліктерге бой алдыруының себебі, өзін өлместей сезінгеннен шығар, ол туралы Шал ақын:
«Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы, Атадан арыстан туып ассаң-дағы. Алладан шыныменен жарлық келсе, Жұлдыз да жерге түсер аспандағы», – деп, адам баласы бұл өткінші өмірде жолаушы, ерте ме, кеш пе мәңгілік сапарға аттанатынын ұмытпауға шақырады.
Мақаламызды А. Тоффлердің сөзімен аяқтасақ: «Миллиондаған адам өн бойында жақсы қасиеттерді орнататын, өз болмысын тауып бей-берекетсіздікті жеңетін өзіндік бірегейлікті іздейді», – дегендей, Шал ақынның шығармашылығын өзіндік бірегейлікті сақтайтын құндылық деп аяқтаймыз.
69. Доспамбет жырау мұрасына байланысты әдебиетші ғалымдар еңбектеріне талдау жасаңыз. Доспанбет жырау (1490-1523) - жырау, қолбасшы, батыр. Доспамбет жырау қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрді. Кіші Ноғай ордасында әскери қолбасшы болды. Дешті Қыпшақты көп аралаған, Бақшасарайда, Стамбұлда болған. Қырым ханының жағында көптеген әскери жорықтарға қатысқан. Доспамбет жырау тайпааралық ұрыстардың бірінде 1523 жылы Астрахан маңында қаза тапты. Доспамбет жырау жырларынан оның мұрат-мақсаты, түсінік-талғамы, дүниеге көзқарасы анық аңғарылады. Отан қорғау, елге, жерге деген сүйіспеншілікті бейнелейтін жырларында қырым, ноғай, қазақ жұртының іргесі бүтін, ешкімге бас имейтін ел болып отырған заманды аңсау сарыны байқалады.
Жырау ол заманды қайтып келмес бақытты өмір ретінде толғайды. «Айнала бұлақ басы таң», «Тоғай, тоғай, тоғай су», «Азау, азау дегенің», «Арғымаққа оқ тиді», «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Айналайын, Ақ Жайық» т.б шығармалары бар. Жырау өткен өмірді жырлағанда туған ел, өскен жерге деген ыстық махаббатын келер ұрпақ болашағымен байланыстыра сипаттайды. Олардың да ертең еліне қорған, тірек болуын қалайды. Доспамбет жырау өз басын өлімге тігіп, сан рет қанды шайқастарға қатысқан ата қонысын үлкен сүйіспеншілікпен толғайды. Жырау ел қорғау, жорық тақырыбына арналған жырларында елі мен жері үшін өлген ердің арманы жоқ деп, отаншылдық рухты бәрінен биік қояды. Ол серілік пен сақилықты, дарқандықты, қонақжайлылықты ата-бабадан келе жатқан асыл дәстүр ретінде дәріптейді.
Доспамбет жырау шығармалары қазақ поэзиясы тарихында өзгеше көркемдігімен, екпінді ырғағымен ерекшеленеді. Жырау айтайын деген ойының қуатын еселеп арттыру үшін қайталауларды жиі қолданады. Сөйтіп, оларды ұтымдылықпен пайдаланып, ойдың әсерлілігі мен, өткірлігін күшейте түседі. Доспамбет жыраудың ерлік пен елдікке үндейтін толғаулары Бұқар жырау, Махамбет сынды өзінен кейінгі ақындарға елеулі әсер еткені байқалады. Бұл дәстүр толыса, кемелдене келе жаңа сипатқа ие болды. Жыраудың шығармалары біздің заманымызға толық жетпеген. Оның жырларының көпшілігі жорық үстінде қолма-қол айтылған. Сондықтан ел жадында сақталғандары ғана бізге жеткен.