Жүсіп Баласағұни. Белгілі түркі ақыны және ойшылы Жүсіп Баласағұнидің есімін әлемге танытқан «Құтадғу білік» («Құт негізі – білік») дастаны болды. Баласағұни дәулетті отбасынан шыққан. Данышпанның ақыл-парасаты мен қабілеті, патша сарайындағы хас-хажиб (бас уәзір) қызметі мен кейінгі жинақталған әдебиет саласындағы терең білімі оған адамның қоғамдағы орны, мінсіз қоғам, мемлекет туралы парасатты ой-тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді.
Ойшылдың пікірінше, ел басқаруда білімнің күш-құдіреті зор. Ақынның еңбегінде білім өмірдің мәні және қоғамның мәдени, рухани деңгейінің өлшемі ретінде көрсетіледі. Ұлы ойшыл оқу мен білімді кез келген мемлекет пен қоғам дамуының негізі ретінде қарастырды. Мемлекетті басқару жүйесі, қоғамдық қатынастар білім мен ғылымның дамуына сәйкес келуі туралы айтты.
«Құтты білік» дастанында Ж. Баласағұни өмірдегі ең өзекті мәселелерді көтереді. Жеке адам мен қоғам, бақытқа жету жолы және кемел мемлекет құру туралы ғұлама ойының қазіргі қоғам үшін де маңызы зор. Ойшыл мемлекет басшысы ақылды, мейірбан болу керек деп, адал билеуші Күнтуды (Қарахан мемлекетінің билеушісі) – әділдіктің символдық бейнесі ретінде ұсынады. Бұл бектің тұсында ел бақытты өмір сүрген. Ізгілікті қоғамның мәңгілік арқауы – әділеттілік. Ол бақытқа апарар жол. Өз халқын ізгілікке жеткізген билеуші ғана бақытты болмақ. Баласағұнидің ел басқарған бекке (басшыға – авт.) қояр талабынан мінсіз билеуші бейнесі көрінеді.
Ж. Баласағұни «Құтты білік» еңбегінде мінсіз әділ заң-ережелерге сүйенген ізгі, кемел қоғам үлгісін ұсынады. Сонымен қатар ақын өтпелі өмір мен өлім жайында терең толғанады. Оның пікірінше, адам өмірге – қонақ, дүние қызығы мен тән тілегі жетегінде кетпей, Алланы сүю, ізгілікке жету, білімге ұмтылу керек. Ол: «Кісі мәңгі болмас, мәңгі қалар оның жақсы аты», – деп жазады.
Баласағұни ескерткендей, білім мен парасат адам мен қоғам өмірінде кездесетін зұлымдықтардың алдын алу үшін қажет. Білім – адамның өмірдегі өз орнын табуға және қайырымды болуға жол ашады.
Махмұт Қашғари. Қарахан әулетінің билеушісі Сатұқ Боғра ханның ұрпағы Махмұт Қашғари «Диуани луғат-ат-түрік» («Түркі тілдерінің сөздігі») еңбегін жазды. Түркі халықтарын түгелге жуық аралап, араб-парсы тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін меңгерген.
Алғашқы болып сол дәуірдегі түркі тілдерінің ғылыми грамматикасын жасады. Бұл кітапта ХІ ғасырда өмір сүрген көптеген түркі тайпаларының өмірі мен тұрмыс-тіршілігі жайында құнды мәліметтер қамтылған. Зерттеуші қазіргі қазақ тілінде айтылып жүрген сол замандағы мақал-мәтелдерді келтірген. Махмұт Қашғари түркі тілін әлемдегі ең таза тілдердің бірі деп есептейді: «Мен – түркі боламын», түркі тілі – «ең ашық-айқын әрі тура – түзу тіл». Ғұлама таза тіл деп өзге тілдің ықпалында кетпеген тілді атайды.
М. Қашғаридың пікірінше, қоғамның дамуы адамгершілік қасиеттерге байланысты. Ол үшін елдің азаматтарын патриоттық сезім, Отанға деген сүйіспеншілік, батырлық пен батылдық рухында тәрбиелеу қажет. Түркілер ұғымында Отан – туған жері, дәстүрі мен ұлттық мәдениеттен тұрады.
Адам баласының бәріне бейбіт өмір, тыныштық пен бақыт тілеп, Қашғари замандастарын өздігінен жетілуге шақырды: «Ізгілікке талпын, өркөкірек болма». Түркі сөздер жинағы туралы өзі: «Бұл кітап ұрпақтан ұрпаққа халықтық мұраны қаз-қалпында жеткізу мақсатымен қиянға қанат қағып, мәңгілік өмірге біржола жолдама алды», – деп жазды.
Достарыңызбен бөлісу: |