ТҮркістан комитетінің ҚҰрылуы мен қызметі (1917 жыл)



Дата26.06.2018
өлшемі103,5 Kb.
#44899
ӘОЖ 940.2 (574)

Қ52



ҚОЖАМЖАРОВА Д.П.
(Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор)

ТҮРКІСТАН КОМИТЕТІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ

(1917 жыл)
Аннотация
Ақпан төңкерісінен кейін Уақытша үкіметтің қаулысына сәйкес құрылған Түркістан комитеті өлкеде туындаған мәселелерді шешу үшін орталық билік атынан басқару міндеті жүктеледі. Түркістан комитетінің мүшелері қызметке кіріскен бойда Уақытша үкімет жариялаған ұлттар арасындағы теңдік, демократ, принциптердің сақталуы туралы және тағы басқа да қаулыларды жүзеге асыруды қолға алады. Түркістан комитетінің мүшелері Тынышбаев пен О.А.Шкапский Жетісу облысына барып, онда 1916 жылғы көтерілістен соң туындаған ауыртпалықтарды шешуге кіріседі.

Түйін сөздер: Түркістан комитеті, Уақытша үкіметі, Ақпан төңкерісі, қазақ ауылдары, съездер, делегаттар.

І дүниежүзілік соғыс кезіндегі майдандағы жеңілістері және одан туындаған экономикалық күйзеліс пен әлеуметтік шиеленістердің салдарлары Ресейді буржуазиялық-демократиялық төңкеріске алып келіп, патшаны тақтан құлатып, елде Уақытша үкіметті орнатады.

Петербургтегі Ақпан оқиғалары туралы хабар тез арада бүкіл қазақ даласына жетеді. Патша өкіметінің құлатылғанын құттықтаған көп адамдық митингілер мен шерулер қазақ даласының барлық ірі қалалары мен темір жол станцияларында өтеді. Патша өкiметiнiң тақтан құлап, елде жаңа саяси жүйенiң қалыптаса бастауына күллi империя халқының басым көпшiлiгi, соның ішінде Түркістанның жергілікті халқы мен оның зиялы қауымы зор қуанышпен қарсы алып, бұл өзгерістерден үлкен үміт күтті.

Жергілікті халықтардың Ақпан төңкерісіне және Уақытша үкіметке арналған құттықтаулар мен жылы лебіздері ауылдардан, болыстықтардан және уездерден жан-жақтан жіберіліп жатты. Мысалы, 1917 жылы 7 наурызда Петроградқа Уақытша Үкімет атына Сырдария облысының 12 болыстық атынан Өтеміс пен Қарабәкір құттықтап жеделхат жіберсе, оның артынша облыстың Қарбұлақ елді мекенінің тұрғындары да өз лебіздерін телеграф арқылы білдіреді [1, 59-60-бб.].

Олар «Өйткені, ақпан революциясының жеңісі Ресей империясының құрамында болған барлық халықтарға бұрын болмаған көптеген ұлы демократиялық бостандықтар берді: саяси партиялар құру, сөз бостандығы, баспасөз бостандығы, түрлі митингілер ұйымдастыру мен манифестациялар бостандығы. Орталық езгінің құлауы Россия империясының шет аймақтарындағы оның ішінде қазақ халқы да, ұлттық-саяси бостандыққа жетуге жол ашады деп сенді» [1, 58-б.].

Оны Түркістанның көрнекті қоғам қайраткері М. Шоқай да растай түседі: «... Орыс мемлекетінің бізге жасаған қиянаты жойылатынына, кең ауқымды «ішкі ұлт мекемесі» құрылатынына, бұл өлкеге орыс қоныс аударушыларының үдере көшуінің тоқталатынына сенетінбіз» [2, 109-б.].

Сол кездегі қуанышқа бөленген жергілікті халықтың көңіл күйін А.Байтұрсынов былайша түсіндіреді: «Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл революцияның оларды патша үкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруына және екіншіден, олардың өзімізді өзіміз басқарсақ деген ескі үмітін нығайта түсуінде еді» [3, 239-б.].

Яғни, Ақпан төңкерісінен соң патшалық биліктен құтылған Түркістан халқы ғасырлар бойы аңсаған ұлтттық теңдікке қол жеткізетін кез келді деп түсінді. Оны 1917 жылы наурызда шыққан «Қазақ» газетінен көреміз: «Киіз тұғырлы қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды, жақсылық қуаныш жалғыз ғана орыстікі емес. Отаны Россия болған жұрттың бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш» [4, 306-б.].

Алаш ұлына деген үндеуінде Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, М. Шоқай былай дейді: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Кеше ғана құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырдан бері жұрттың бәрін қорлықта ұстаған, құлдықта ұстаған жауыз үкімет өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті деп қуанды» [5, 86-б.].

Сонымен қатар, үндеуде Алаш қайраткерлері жергілікті халықты патша үкіметі мен оның жергiлiктi билік орындарын құлатып, облыстар мен уезд орталықтарынан патша әкiмшiлiгiнiң неғұрлым реакцияшыл өкілдерiн тұтқындап немесе қызметтерiнен қуып, Түркiстан мен Қазақстан халықтарына келешекке деген үміт отын жаққан Уақытша үкіметті қолдауға шақырды.

Бірақ, кейін М. Шоқай Ресейдегі 1917 жылғы Ақпан төңкерісі халық үмітін ақтамағанын өкінішпен былай деп жеткізеді: «1917 жылғы Ресей революциясы болғалы он тоғыз жыл өтті. Бұл революцияны шын көңілден сүйсіне, тебірене қарсы алғанымыз әлі есімізде. Түркістандықтардың көбісі, әсіресе қарттар 1917 жылғы революцияны Ресей мен Түркістанның ара жігін айырған 1916 жылғы Түркістан көтерілісінің заңды жалғасы деп қабылдаған еді. Әттең бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. Революция үмітімізді ақтамай, сенімнен айырды, алданып қалғанымызды айқын көрсетті. Байтақ еліміз құрбан болған перзенттерінің қаны мен тәніне толы болды. Түркістанның мыңдаған жігіттері бетіне жаңа перде бүркенген ескі отаршылдыққа қарсы күресте опат болды. Мыңдаған жас Түркістан қаһармандары Ресей зынданрында, айдауда шіріп жатты. Ондаған мың, жүздеген мың түркістандықтар адам сияқты өмір сүру мүмкіндігінен айырылып, елінен безіп кетуге мәжбүр болды. Асқан ықылас-ілтипат, зор үмітпен қарсы алынған революция кейін жалпы ұлттық қасіретке айналды [6, 256-б.].

Осылайша, Ақпан төңкерісіне баға берген М. Шоқай сол кездегі ащы шындықты ашып, тәуелсіздік жолының әлі алыс екенін көрсетті.

Билікті қолдарына алған Уақытша Үкіметтің жергілікті жерлерде өзінің басқару-әкімшілік орындарын құру туралы 1917 жылғы 4 наурыздағы арнайы қаулысы Еуропалық Ресейде тез жүзеге асқанымен, Түркістан өлкесінде уақытша Үкіметтің басқару-әкімшілік орындарын құру және бұл комитеттердің билікті өз қолына жинақтап, қызметке кірісу барысында өзіндік ерекшеліктер мен қиыншылықтарға кездесті. Өйткені, Уақытша Үкіметтің орталықтан алшақ жатқан Түркістан сияқты аудандарға көңіл бөлуге мұршалары да келмеді және Түркістан генерал-губернаторлығы басқару жағынан әскери министрлікке бағынғандықтан және соғыс уақытында өмір сүріп жатқандықтан өкімет оны наурыздың аяғына дейін жоймады. Яғни, Уақытша үкімет Ресейдің барлық халықтарына азаматтық теңдікті беретінін жариялағанымен Түркістандағы патша әкімшілігін басқарған генерал-губернатор Куропаткин «7 сәуірге дейін өлкедегі билікті сақтап қалып, Түркістан мұсылмандарының барлық билікті өз қолдарына алуынан қорқып, мұсылмандарға теңдік принциптерін толық қолданбау қажет», - деп қарсыласып бағады [7, с. 96]. Осыған қарамастан Уақытша Үкімет облыс, уезд, болыс және ауылдарда құлаған ескі үкіметтің орындарына жаңа басқару орындарын құрып, олар алғашқы кезеңде Азаматтық комитеттер есебінде пайда болады. 1917 жылдың 9-16 сәуір аралығында Ташкентте Түркістан өлкелік атқару комитеттері делегаттарының съезі шақырылып, оған Түркістан өлкесі облыстары мен Бұқара хандығы атқару комитеттерінің 171 делегаты қатысып, оның қатарларында Г. Бройдо, М. Бекбуди, Ғ. Ходжаев, С. Лапин сияқты белгілі қайраткерлер бар съезд делегаттары көпұлтты өлкенің демократиялық мемлекетке өтуінің күрделі мәселелерін қарастырады [3, 90-б.].

1917 жылдың 7 сәуір күні Уақытша үкіметтің шешімімен өлкені басқаратын, құрамында Н.Н. Щепкин (төраға), Ә. Бөкейханов, М. Тынышбаев, С. Мақсудов, В.С. Елпатьевский, А.Л. Липовский, П.И. Преображенский, О.А. Шкапский және генерал Ә. Дәулетшин бар Түркістан комитеті құрылған-ды. Бұл комитетке Сырдария, Жетісу, Ферғана және Закаспий облыстарында, сондай-ақ Бұқара мен Хиуада Уақытша үкімет атынан билік жүргізу өкілеттілігі берілді [8, 2-п].

Ә. Бөкейханов сол кезде Торғай облысының комиссары болып тағайындалуына байланысты Түркістан комитетінің ісіне араласа алмағандығы М. Шоқай өз естелігінде айта келе, Түркістан комитетінің мүшелерінің әрқайсысына сипаттама беріп өткен. Ол Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің құрамында кадет Щепкиннен басқа көзге түсерлік бірде-бір саяси тұлға жоқ деп бағалайды. Сондай-ақ ол кадет партиясының мүшесі болған, Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясы құрамында түркі-мұсылман халықтарының мүддесін қорғауда өзінің белсенділігімен көзге түскен С. Мақсудовқа да көңілі тола қоймағандығын былайша білдірген болатын: «Бұл кісі кадет партиясының мүшесі. Революцияның съезінде Ресей қол астындағы мұсылман халықтары өз тағдырын өзі шешуіне кадет партиясы ғана көмектесе алады деп соққан. Садри Мақсудибек Ресей мұсылмандарынан Ресей Мемлекеттік думасына қатысқан кісілердің ішіндегі ең танымалы болатын. Бірақ орыс ұлттық либерал демократиялық партиясына, яғни кадеттер партиясына жақын болуы оны бұл жерде көп нәрседен қағып еді» [6, 278-б.].

Осы жерде М. Шоқайдың С. Мақсудовтың революция съезінде сөйлеген сөзі деп отырғаны 1917 жылы 25-28 наурыз аралығында өткен кадеттер партиясының VІІ съезінде айтылғанын да айта кеткен жөн. Ол бұл съезде Ресейдің болашақ мемлекеттік құрылысы мәселесіне байланысты сөз алып, былай деп мәлімдеген болатын: «Барлық мұсылмандар , бірі де қалмай демократиялық республиканы қолдайды. Орыс республикасы бір орталыққа қатаң бағындырылмаған күйде болуы тиіс. Француз респуликасын үлгі етудің қажеті жоқ. Францияда шеткері бір аймақта мектеп ашу үшін Парижден рұқсат алу қажет. Ұлаң-ғайыр Ресей жағдайында мұндайға жол беруге болмайды. Қазір біздің партия билік партиясына айналды. Біздің партияға мұсылмандар әрқашан да әріптес болып келгенін естен шығармайық. Олар партияның тұрақты қамқорлығына үміттену құқығына ие» [9, с. 394-395]. Кадеттер съезінде С. Мақсұдовтың сөйлеген осы сөзіне М. Шоқай ғана емес, С. Жантөрин, Г. Исхаки, С. Алкин, М.Бигиев секілді т.б. мұсылман халықтарының өкілдері наразылық танытқан еді. Олар өз наразылықтарында көп миллиондық мұсылмандар өздерінің саяси мүддесін кадеттер партиясымен еш байлыныстырмайтындығын білдіріп жатты. Бұл наразылық сол тұста бірқатар мерзімді басылымдарда жарияланған болатын. Онда: «Біздің дауысымыз барлық мұсылмандардың үні деп ойлаймыз. Ресей мұсылмандары сыртқы және ішкі саясатта демократиялық идеяларды басшылыққа алатын партиямен ғана бірге бола алады», – деп мәлімделінген-ді [11, с.99].

1917 жылдың 9-16 сәуір аралығында Ташкентте мемлекеттік құрылыс процесін тездету мақсатымен Түркістан өлкесіндегі (оның ішінде Сырдария және Жетісу облыстарындағы) атқару комитеттері делегаттарының съезі шақырылды. Оның алғашқы үш күндегі мәжілісін Түркістан комитетінің мүшесі М. Тынышбаев бвсқарды. Съезге Түркістан өлкесі облыстары мен Бұқара әмірлігі атқару комитеттерінің 171 делегаты қатысты. Қатарларында Г. Бройдо, М. Бехбуди, У. Ходжаев, С. Лапин сияқты белгілі қайраткерлер бар съез делегаттары көпұлтты өлкенің демократияға өтуінің күрделі мәселелерін талқылады [3, 90-б.]. Түркістан өлкесіндегі атқару комитеттері делегаттарының съезіне өз қызметіне кірусу үшін Ташкентке келген Түркістан комитетінің төрағасы Н.Н. Щепкин де қатысып, Уақытша үкіметтің декларациясын жариялап, «Түркістан комитеті өз қызметі барысында басқарудың демократиялық принциптерін және азаттық, теңдік әрі ағайыншылдық идеяларын басшылыққа алатындығын мәлімдеді. Ол өлкедегі билікті ұйымдастыру мәселесіне байланысты ауылдық және болыстық биліктің төменнен жоғары қарай ұйымдастырылуы тиістігін, билік буындары арасында іскерлік байланыс болуы керектігін, бірақ уездік, облыстық және өлкелік деңгейдегі билік орындарын құру Түркістан комитеті құзырында болуын қалайтындығын танытты. Сондай-ақ ол Түркістан комитеті жанынан жергілікті халықтың өкілдері тартылған кеңес беретін ұйым құру керектігі жөнінде ұсыныс та білдірді [11, с.16].

Н.Н. Щепкиннің және Түркістан комитетінің өзге де мүшелерінің өлкені басқару жөніндегі пікірлері ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдері арасында күдік те тудырған болатын. Мәселен, атқару комитеттері делегаттарының съезінде Елпатьевскийдің сөйлеген сөзіне орай «Шуро-и-Ислам» ұйымының өкілі М. Бехбуди: «Нұсқауларды кім шығарады? Біз бе, әлде Түркістан комитеті ме? Демократиялық бастамалар жоғалған ба? Түсініксіз. Мұнда не үшін жиналдық. Түркістан комитетінің мүшелері біздің өмірімізді терең түсінбейміз дейді. Олар сонда да басқару туралы нұсқаулар шығармақшы. Мұны қалай түсінуге болады» [11, с.28], – мәлімдеген болатын. Уақытша үкімет шын мәнінде, Түркістандағы генерал-губернаторлықты Түркістан комитетімен алмастырғанда өлкені отарлық басқарудың сыртқы көрінісін ғана өзгеріске түсірген еді. Бұл өз кезегінде Түркістан комитеті мен ұлттық-қоғамдық саяси ұйымдар арасындағы текетіресті тудырған-ды [12, с.30]. Түркістан өлкесіндегі саяси күштер Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті құрылғаннан кейінгі кезеңде билік үшін талпынысын күшейте түсті. Мұндай талпыныстың соңы көп жағдайда жанжалды түрде жүрді. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар уездік және облыстық комиссарларды тағайындау кезінде Түркістан комитетінің өздерімен есептесулер талап етті. Тура осындай талапты жұмысшы-солдат депутатттары кеңестері де қойған еді. Түркістан комитеті Сырдария облысының және оның уездерінің комиссарларын қоғамдық-саяси ұйымдардың келісімінсіз тағайындауына Ташкент жұмысшы-солдат депутатттары кеңесі бірінші болып наразылық танытты. Түркістан комитетінің мұндай әрекеті өлкедегі қоғамдық-саяси ұйымдар тарапынан «революция жеңісіне қайшы келеді» деп айыпталды.

1917 жылдың 3 мамыр күні өткен Ташкент қаласы мен Сырдария облысы жұмысшы-солдат депутатары кеңесінің съезі Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті жергілікті қоғамдық-саяси ұйымдармен санаспай билік орындарына тағайындаулар жүргізбеуі тиіс деген шешім қабылдап, Петроградтағы уақытша үкіметтің атына Түркістан комитетін кері шақырып алу жөнінде жеделхат жолдады. Бұл жеделхатқа Уақытша үкіметтің төрағасы князь Львов Түркістан комитетіне өзінің сенім білдіретіндігі және атқарып жатқан жұмысының дұрыс бағытта деп санайтыны жөнінде жауап қайырды. Бұған қарамастан Н.Н.Щепкин денсаулығы нашарлығын және шаршағанын айтып, өзін кері шақыртып алуды сұрап жатты. Ол 13 мамыр күні князь Львовқа: «Қазіргі кезде комитет коллегия ретінде артық болып тұр, ал оның мұсылман мүшелері тіпті зиянды. Біз мұнда өлкелік кеңес құрдық. Маған осы кеңестегі мұсылман өкілдері толығымен мұсылмандар мүддесін көздейтін секілді көрінеді. Осы күнге дейін үстемдік етуші халық мұсылмандарға жоғарыдан қарайтын, ал олар болса үндемейтін. Енді заман өзгерген кезде мұсылмандар өздерінің сан жағынан басымдығын, орыстардың моральдық рухы төмендегенін сезінуде, найза ұшының қатері күннен күнге сезілуде» [12, с.40].

Н.Н. Щепкиннің князь Львовқа «найза ұшының қатері күннен күнге сезілуде» деп жазуына сол кезде жергілікті халық арасында көтеріліс шыққалы жатыр екен деген қауесеттің таралуы да әсер еткен болса керек. Мұндай қауесеттің бірі сол кезде «Ранное утро» газеті арқылы да тараған еді. Бұл қауасеттің негізсіз екенін «Қазақ» газеті арқылы Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз кеңесінің төрағасы И. Жайнақов былайша білдірген болатын: «Ранное утро» газетінде Ташкенттен мынандай бір телеграм басылған: «Жетісудан, Самарқандтан, Ұратөбеден һәм басқа орындардан әскер басы хабарлар алды қазақ ішінде бүліншілік бұрын да, қазір де бұрынғы жер жайғастырушы мекемелерінің әділдікті аттап, жер алу әдісінің салдарынан шыққан» деген. Алматыдағы обласной қазақ съезінде Жетісудың барша уездерінен жиылған қазақ-қырғыз өкілдері жоғарыда айтылған телеграмдағы хабарлар шылғи өтірік деп біліп, ондай жалған хабарлардың жайылуына аза бойы тік тұрды. Ондай дәйегі жоқ өтірік ескі тәртіпті жақтаушылардың барша Түркістанды, болмаса Жетісуды жырмалап, мұндағы жергілікті жұрттарға, оның ішінде қазақтарға бостандық дәмін татырмай, бұрынғыдан езілген, тапталған күнінде қалдырмаққа қылып жатқан қулық пен сұмдықтары» [13]. Қалыптасқан мұндай жағдайда ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың жетекшілері «өлкеге саяси автономияны енгізуді мүмкін емес деп санаған» Түркістан комитетінің демократиялық ұстанымға берік еместігіне қаныға түсті. Бірақ бұған қарамастан өлкедегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар Түркістан комитетінің отставкаға кетуін қалай қоймады. Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі атынан Уақытша үкіметке жолданған хатта өлкедегі ахуалдың нашарлығына қарамастан Түркістан комитетінің отставкаға кетуі орынсыз деп саналды. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар өлкедегі биліктің жиі алмасуы жоспарланған істердің жүзеге асуына кедергі келтіреді деп есептеді. 1917 жылдың 25 мамыры күні өткен Түркістан комитетінің кезекті мәжілісінде Н.Н. Щепкин өзінің Түркістанда қызмет етуден бас тартатындығын мәлім етті. Бұл мәжілісте өлкедегі билікті қатаң орталықтандырмау, жекелеген өңірлерге өзін-өзі басқаруға мүмкіндіктер жасау мәселесі қарастырылған болатын. Түркістан комитетінің мәжілісінде мұндай мәселенің қойылуы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың талабынан туындаған болатын [14, с.139-140].

Түркістан комитетінің осы мәжілісінен кейінгі кезеңде Н.Н. Щепкин өзін Түркістан комитеті төрағасы қызметінен кететіндігі жөнінде Уақытша үкіметке өтініш беруін жиілете түсті. Оның мұндай өтініші 1917 жылы 1 шілде күні қанағттандырылып, Түркістан комитетінің алғашқы құрамы отсавкаға кетті. М. Шоқай төрағалық ететін Түркістан өлкелік мұсылмандардың орталық кеңесі Уақытша үкіметке хат жолдап жаңадан тағайындалатын Түркістан комитеті мүшелерінің жартысы мұсылман болуы керектігін талап етті. Сонымен қатар Түркістан комитетіне енетін адамдардың кандидатурасы өлкелік мұсылмандық ұйымымен келістірілуі тиістігін де ескертті [8, 25-п.]. Түркістан комитетінің төрағасына ұсынылатын кандидатура төңірегінде Ташкенттегі қоғамдық- саяси ұйымдар арасында қызу пікірталас өрбіді. Түркістан өлкелік мұсылмандардың орталық кеңесі жергілікті тұрғындар арасында өзіндік беделге ие, социал-революционерлер партиясының мүшесі Вадим Чайкиннің кандидатурасын Түркістан комитетіне төрағалыққа ұсынды. Қаладағы жұмысшы-солдат депутаттары кеңесі қоның кандидатурасына ашық қарсылық танытып, қысым көрсету жолына көшті. Осыған орай В. Чайкин өз кандидатурасын Түркістан комитетіне төрағалықтан алып тастауға мәжбүр болды [15, 46-п.].

1917 жылдың 19 шілдесі күні Уақытша үкімет Түркістан комитетінің төрағасы етіп Ферғана облысының бұрынғы вице-губернаторы, өлкедегі меньшевиктер партиясының жетекшісі, ІІ Мемлекеттік думаның мүшесі В.П. Наливкинді тағайындады. Араға біраз уақыт салып, ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың талап етуімен Түркістан комитетінің құрамына М. Шоқай тағайындалды [12, с.41-42].

Осылайша Түркістан өлкесіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың талап етуімен жергілікті билік орындары өздерінің өкілдерін өлкелік және облыстық және уездік деңгейдегі билік орындарына енгізу ісінде табандылық таныта білді. Түркістан комиетінің алғашқы құрамы кезінде-ақ ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың бірқатар өкілдері облыстық және уездік комиссарлардың орынбасары қызметін атқаруға қол жеткізген болатын. Мәселен, Верный уезі комиссарының орынбасары қызметіне Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитетінің төрағасы И. Жайнақов, Пішпек уездік комиссарының орынбасары қызметін уездік Қырғыз-қазақ комитетінің мүшесі Ә. Сыдықов, Жаркент уезі комиссарының орынбасары қызметіне уездік Қазақ-қырғыз комитетінің төрағасы Т. Есенғұлов [16, 35-п.], Әулиеата уездік комиссарының орынбасары қызметіне уездік Қазақ-қырғыз кеңесінің төрағасы Ә. Кенесарин атқарды [17]. Түркістан өлкесінің жергілікті жерлерінде құрылған атқару комитеттерінің басшылығына жергілікті халық өкілдері тартыла қоймады. Мұны Черняев қаласында Тризна, Қазалы қаласында Ершов, Түркістан қаласында Рождественский төрағалық ететін атқару комитеттері құрылуынан да аңғаруға болады [18, 21-30-п.]. Түркістан өлкесіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың Уақытша үкімет тұсында Жетісу өңірінде 1916 жылғы көтерілістен соң шиленісе түскен ұлтаралық қатынасты реттеуге баса мән берген болатын. Уақытша үкімет те Түркістан комитетіне ең негізгі міндеттерінің бірі есебінде Жетісуда қалыптасқан ауыр жағдайды тез арада жойып, облыс өмірін бір қалыпқа түсіруді жүктеген болатын. Түркістан комитеті құрылған кезде-ақ Жетісу өңірінде болған көтеріліс салдарын жоюды комитет мүшелері М. Тынышбаев пен О. Шкапскийге міндеттеді [19, 1-п.].

1917 жылдың 19 сәуірінде М. Тынышпаев Түркістан Комитетінің мәжілісінде баяндама жасап, қырғыз-қазақ халқы өкілдерінің келісімімен Жетісу босқындарын орналастыру жайын әңгімелеп, «Орыс келімсектерінің қазақ-қырғызға өшпенділігі басылғанша Құлжа, Қашқар маңындағы босқындарды уақытша төмендегідей тәртіппен: Құлжа маңындағы қырғыздарды Жаркент, Верный уездерінің шығыс жағына, ал Қашқардағы қырғыздарды Нарын ауданына орналастыра тұру қазіргі жағдайдағы ең тиімді шара болып табылмақ», – дей келіп баяндамашы, бұл ұсыныстың қырғыз халқы өкілдері келісімімен жасалғанын ескертеді. Баяндамада аталған Жаркент, Верный уездерінің шығыс жағы және Нарын ауданы келімсектердің үлес салмағы төмен және тыныштау өңір болғандықтан облыстағы жағдай тұрақтанғанша, мұндай шешімнің іске асырылуы тиімді деген ой туғызды [20, 43-б.]. Сонымен қатар М. Тынышбаев И. Жайнақовқа: «30-сәуірде Пішпекте болу ойымызда бар. Сіздің жеделхатыңыздың мазмұнын комитет қолдап, Петроград, Пекин, Құлжа, Қашқардағы орыс өкілдеріне, Қытай өкімет орындарына телеграф арқылы қазақ-қырғызды қайтаруға жәрдемдесу сұралды», - деп хабарлайды [20, 118-б.].

21 сәуірде О. Шкапский мен М. Тынышбаев репатрианттар мәселесіне байланысты Петроградтағы Уақытша Үкіметтің Егіншілік және Сыртқы істер министрліктеріне жеделхаттар жолдап, онда мәселенің кезек күттірмейтін күрделілігі және өзектілігі айтылып, халықтың басындағы ауыр жағдайды шешу үшін Тынышбаевтың баяндамасы мен Жетісу облыстық қазақ съезінің қаулысы негізінде іске кірісе беретіндерін хабарлайды. Оған Уақытша Үкімет өз келісімін береді. 1917 жылы 25 сәуірдегі отырысында Түркістан комитеті М. Тынышбаев пен О.А. Шкапскийдің тағы да Жетісу жағдайы туралы баяндамаларын тыңдап, мынадай қаулы қабылдайды: «1. Майданның қара жұмысына бұратаналарды алуға байланысты туған жайларды жою үшін Жетісу облысына комитет мүшелері Тынышбаевты, Шкапскийді және Драгоман Степановичті (Қашқар консулдығының тілмәші) іссапарға жіберу; 2. Көтерілістен болған шығынды қайтару үшін Пржеваль уезінің орыс халқына 10 миллион және Қытайдан қайтып жатқан қырғыздарға 5 миллион сом қаржы сұрау туралы Уақытша Үкімет атына жеделхат дайындауды Комитет төрағасына тапсыру; 3. Комитет мүшелері Тынышбаев пен Шкапскийге Жетісу өлкесінде болған кездерінде осы өлке бойынша Түркістан комитетінің құқығы мен міндеттерін өз мойындарына жүктеу» [21, 44-п.]. М. Тынышбаев пен О. Шкапский 27 сәуірде Ташкенттен шығып, сәуірдің соңында Жетісу өлкесіне келеді, қатты зардап шеккен уездерді аралап, Пішпек, Әулиеата, Қапал, Жаркентке және босқындардың ең көп орналасқан жері – Текеске дейін барып қайтады. Олар барған жерлерінде мәжілістер өткізіп, қазақ-қырғыз мәселесін талқылайды. Сондай мәжілістің бірі 1917 жылы 4-6 мамыр күндері Пішпекте өтіп, күн тәртібіне Пішпек, Пржевальск және Жаркент уездеріндегі қазақ-қырғыздардың орыстармен қарым-қатынасы және дүнгендер мәселесі қойылады. Бұл жиынға О. Шкапский, М. Тынышбаев, Жетісу облыстық Қазақ комитетінің төрағасы И. Жайнақов, Пржевальск уезі қырғыздарының төрағасы К. Тельтаев және Қашқар консульдығының тілмашы Стефанович, Пржевальск уездік комиссары П.И. Шебалин, Жетісу облыстық қоныстандыру ісінің меңгерушісі қызметін уақытша атқарушы В.А. Гончаровский, Уақытша Үкімет жіберген өкіл С.Н. Шендриков қатысып, онда В.А. Гончаровский мен П.И. Шебалин Куропаткиннің босқындарды Нарын өлкесіне орналастыру туралы ұсынысын қайта алға тартады [21, 51-п.].

Қызу айтыстан кейін мәжіліске қатысушылар Қытайдан қайтқан Пржевальск, ішінара Пішпек (Атаке, Сарыбағыш болыстары) қырғыздарын орыс шаруалары тынышталғанша Ыстық көл, Үлкен және Кіші Кебин, Ақ Бекет жаққа уақытша жібермеу қажет деген бір тоқтамға келіп, шешім қабылдайды.

Қытайдан оралған қазақ пен қырғызды уақытша былайша орналастыру жоспарланады:

1. Құлжа жақтан келетін Жаркент уезінің албан руының қазақтары мен Пржевальск уезінің бұғы руының қырғыздарын Нарын мен Жаркент уезінің Қолжат аймағына және Верный уезінің Қызылбөрік болысына жайғастыру.

2. Ақсу, Үштұрпан жақтан келген және келетіндерді Пржевальск уезіндегі Тоң, Семізбел, Улахол өңіріне және Нарын бөлігіне, Пішпек уезінің таудан арғы болыстарына орналастыру.

3. Бұл қазақ-қырғызды орналастыру үшін ерекше комиссия – бірі Жаркент ауданында, бірі Нарын-пржевальск ауданында жергілікті тұрғындар өкілдерінің қатысуымен құрылады.

4. Қазыналық қосалқы жерлер босқындарға уақытша берілсін, бірақ қазақ-қырғызға онда тұрақты қыстауға рұқсат етілмейді.

5. Көтеріліс кезінде зардап шеккен Столыпин, Белоцарское селениелерінің иеліктері де Қытайдан қайтқандарға берілсін, ал ол жерлердегі орыс шаруалары Шу-Кебин ауданындағы Атаке, Сарыбағыш болыстары жеріне орналасссын, орыс шаруалары олардың көтерілістің басты ұйымдастырушылары деп санайды, қолдағы мәліметтерге қарағанда, олар Қытайдан мүлдем қайтпайтын түрі бар, я жақын арада қайтпайтын көрінеді, егер де келе қалса, Нарын ауданына, өз туыстары арасына орналассын, олардың кейбірінен осындай ұсыныс та түсіп жатыр.

6. Құлжа ауданындағы қазақ-қырғызды аса ауыр кедейленген жағдайларына қарай Қытайдан оралуын жақын арада қайтарылуы тиіс. Ал Ақсу мен Үштұрпан ауданындағылар өз тілектері мен қабілеттеріне қарай бірте-бірте қайтарылсын, жаппай көшіруге жол берілмесін. ... Аз топпен Көктал өзені бойымен жоғары қарай жүріп, оралмандардың Нарын ауданына өтуі дұрыс деп табылсын, өйткені олар бірден өз туыстары ортасына келеді де орыс тұрғындарымен қақтығысып қалудан аман қалады. Ақсуда қалып кеткендердің мүддесін қорғау елге оралғанша Қытайдағы Ресей өкілеттілігіне тапсырылсын;

- Орыстар мен оралмандар арасында қақтығыстар болдырмау үшін Сантаста, Рыбачьеде және Кольцовкада сенімді әскери отряд қойылсын;

- Тоқмақта Тынай болысы мен Оренбург қазақтарының жерін, Шамсы болысындағы, Кегеті шатқалындағы ең жақсы жерді, өз бетінше басып алған Столыпино мен Белоцарское селосының шаруаларын Атаке және Сарыбағыш болыстарына орналастыру бұл мәселеге қатысы бар жақтардың өкілдерімен келісе шешілсін;

- Пржевальскіде орыстардың Маринск дүнгендеріне дұшпандығы өршіп тұрғанда олардың ескі қоныстарына оралуы тиімсіз [21, 52-53-пп.].

Сонымен қатар, мәжіліске қатысушылар босқын қазақ-қырғызды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін де көтеріп, оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Жетісу облыстық Қазақ комитеті жанынан И.Жайнақов төрағалық ететін арнайы комиссия құрылсын деген қаулы қабылданады да, Түркістан комитетінен Жетісу губернаторына келіп түскен 100 мың сом ақша және тағы басқа жиналатын қаржылар осы комиссияға берілетін болды. Пішпектегі мәжілістің шешіміне орай 25 мамырдан бастап, босқын қазақ-қырғызды жерге орналастыру жұмыстары басталады. 1917 жылы 23 шілдеде Пржевальск уездік атқару комитеті жиналысында Пржевальск уезінің шығыс бөлігінен Жаркент уезіне барып қоныстанатын қырғыздарды екі уездің шекарасындағы Талдыбұлақ және Иірсу деген жерге жинап, оларды Верный уезінің Жаркент уезіндегі қазақтар арасына орналастыру керек деген шешім шығарады. Бұл қырғыздар Пржевальск уезінің 7 болысынан тірі қалғандары еді. Олардың барлығы дерлік мал-мүлігінен айрылғандар және көпшілігінде басына тігер киіз үйі де болмады. Қазақ жеріне аман жеткен қырғыздардың 549 отбасы Жаркент уезінің Мерке болысына, 348 отбасы Шілік болысына, 250 отбасы Верный уезінің Қызылбөрік болысындағы қазақ ауылдарының арасына орналастырылады [21, 45-п.].

Қазақ жеріне орналасқан қырғыздарға қазақ ауылдары тарапынан көмек ұйымдастыруға Жетісу облыстық Қазақ комитетінің Ілияс Дәулетбақов, Манке Исмаилов, Шегіров секілді өкілдері белсене араласады. Сонымен қатар, қазақ зиялылары қырғыз-қазақ босқындары үшін үкімет тарапынан қазынадан, ақшалай жәрдем көрсетілуіне күш салды, тамақтандыру орындарын ашты, жеке адамдар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан қаржылай көмек берілуін ұйымдастырды, орыс шаруалары мен солдаттарының босқын қазақ-қырғызды ату, асу, өртеп жіберу секілді дұшпандық әрекетін тоқтатуға тырысты. Бірақ орыстар мен қазақ-қырғыз арасының жігін жалғау оңайға түспеді. 1917 жылы қырғыздардың басшы адамдарының – манаптарының қуғынға ұшырауы да қырғыз халқының көптеп қырылуына, бас сауғалап елден кетуіне бір себеп болды. «1916 жылы ескі тәртіптің қысымына және қорлауына шыдай алмаған, мен және менің бауырларым және көптеген Қырғыз, Қытайға көшіп кеткен едік, ... Өткен жылы Нарын уезіне елдің жағдайын білейін деп келген едім. Тоқмақ төңірегіндегі ашулы шаруалар бізді аңдып жүр», - деп Кемел Шабдановтың көрсеткеніндей, патша үкіметі де, уақытша үкімет те манаптарға 1916 жылғы көтерілісті ұйымдастырушылар ескі жүйенің өкілдері ретінде қарап, оларды жоюға және қарапайым халықты қарсы қоюға ұмтылды [21, 9-п.].

Сондай-ақ М. Тынышбаев, О. Шкапский, И. Жайнақов секілді белсенділерді қазақ-қырғыз мүддесі жолындағы қызметіне де кедергі келтірушілер көбейеді. М.Тынышбаев пен О.Шкапскийге Пржевальск қырғыздары мен Ташкенттегі мұсылман ұйымдарынан елді нанмен қамтамасыз ете алмай отыр, Пржевальск шаруаларының кісі өлтіртуін қойдырта алмады деген шағым түсті деп Уақытша Үкімет қолында үлкен өкілеттілігі бар әскери комиссарлар Иванов, Рафиков, Абызовты Ташкенттен Жетісуға жібереді. Мұны естіп О. Шкапский мен М. Тынышбаев құрылтайға әзірлік кезінде мұнда қалуға болмас деп Жетісудан кетуге бел байлайды. Партиялылыққа бөлінудің кесірі құрылтай жиналысына Жетісу облысынан депутаттыққа кандидат И. Жайнақовқа да тиіп, оған Б. Тамабаевты 1916 жылы көтеріліс кезінде дарға астыруға себепкер болғандардың бірі деген айып тағылып, қызметінен түсіріледі. Бірақ елдің И. Жайнақовқа ықыласы ерекше болғандықтан, оны қырғыз-қазақ комитетінің төрағасы И. Арабаев жоғары бағалап, «Қазақ» газеті бетінде «Бишара қырғыз бауырларыңызды ұмытпаңыздар!» атты мақаласын жариялайды [22].

«Босқын бейшаралардың халін алыстан жылап, Алаш деп аяныш күйімізге харекет қылып жатқан облыстағы алтын таяғымыз Ибрахим мырза Жайнақовқа біз Пржевал қырғыздары жаралы жүрегімізден тәңір жарылқасын айтамыз. ... Бүкіл киіз туырлықты қазақ баласынан бейшара болған біз байғұстарға талай Жайнақовтар шығар», - деп ақтарыла жазды И. Арабаев. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың Жетісудағы қоныс аударушылардың жергілікті халыққа қысым көрсетуіне тосқауыл қою жолындағы әрекеті сол тұста нәтижелі бола қоймады. Оның үстіне Уақытша үкімет те ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қолдаушылығына қарамастан тұрақсыз саяси билікке айналып, анархия мен зорлық-зомбылыққа тиям сала алмайтын кейіпте еді. Осылайша, ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар Түркістан өлкесінің саяси өміріне қызу атсалысты деуге болады. Олардың бұл бағыттағы қызметі Уақытша үкіметке қолдау көрсете отырып, оның жергілікті билік орындарына өз өкілдерін енгізуінен, большевиктердің өлкедегі билікті тартып алуына қарсылық танытқан іс-шараларға тартылуынан, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына қызу әзірлік жұмыстарын жүргізуінен, өлкеде мұсылмандық әскери бөлімдер құру жолындағы әрекетінен және Жетісу өңіріндегі ұлтаралық қатынасты реттеуге деген талпынысынан айқын аңғарылады.




Әдебиеттер
1 Раджапов А.О. Оңтүстік Қазақстан қос революция тұсында: тарих ғыл. канд. ... дисс. – Алматы, 1997. – 157 б.

2 Шоқай М. Түркістанның қилы тағдыры / құрастырған Б. Серікбайұлы Көшім-Ноғай. – Алматы: Жалын, 1992. – 184 б.

3 Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. - Алматы: Ататек, 1995. - 256 б.

4 «Қазақ» газеті. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. – 560 б.

5 Шілдебай С.Қ. Түрікшілдік және Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс. – Алматы: Ғылым, 2002. – 214 б.

6 Шоқай М. Таңдамалы. - Алматы: Қайнар, 1998. - 511 б.

7 Кастельская З.Д. Из истории Туркестанского края. - Москва: Книга, 1980. – 240 с.

8 ӨРОММ. И-1044-қ., 1-т., 37-іс.

9 Съезды и конференции конституционно-демократической партии. – Т. 3. –Кн. 1. 1915-1917 гг. – М.: «Российская политическая энциклопедия», 2000. – 831 с.

10 Исхаков С.М. Российские мусульмане и революция (весна 1917 г. – лето 1918 г.). – М.: Институт Росийской истории РАН, 2003. – 470 с.

11 Протоколы съезда делегатов исполнительных комитетов Туркестанского края. – Ташкент: «Туркестанские ведомости», 1917. – 32 с.

12 Абдуллаев Р.М., Агзамходжаев С.С., Алимов И.А. Туркестан в начале ХХ века: К истории истоков национальной независимости. – Ташкент: «Шарк», 2000. – 672 с.

13 Жайнақов И. Қазақ съезінің ереуілдігі // Қазақ. – 1917. – 22 апрель.

14 Победа Октябрьской революции в Узбекистане. Сб. документов. –Т.1. – Ташкент «Фан», 1963. – 658 с.

15 РФММ. 9599-қ., 1-т., 217-іс.

16 ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 26-іс.

17 Әулиеата уезі // Бірлік туы. – 1917. – 20 август.

18 ӨРОММ. И-1-қ., 31-т., 1176-іс.

19 ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 30-іс.

20 Жүгенбаева Г.С. Мұқамеджан Тынышбаевтың өмірі мен қызметі (1879-1938 ж.ж.). – Алматы: КазККА, 2000. – 228 б.

21 ҚРОММ. 9-т., 1-т., 55-іс.

22 Арабаев И. Бишара қырғыз бауырларыңызды ұмытпаңыздар // Қазақ. - 1917. - 17 шілде. - № 236.


References
1 Razhapov A.O. Ontustik Kazakhstan kos revolyuciya tusynda: dissertation of historical science. – Almaty, 1997. – 157 b.

2 Shokay M. Turkistannyn kily tagdyry / kurastyrgan B. Serikbayuly Koshim-Nogay. – Almaty: Jalyn, 1992. – 184 b.

3 Nurpeyisov K. Alash ham Alashorda. - Almaty: Atatek, 1995. - 256 b.

4 «Kazak» gazeti. – Almaty: Kazak enciklopediyasy, 1998. – 560 b.

5 Shildebay S.K. Turikshildik zhane Kazakstandagy ult-azattyk kozgalys. – Almaty: Gylym, 2002. – 214 b.

6 Shokay M. Tandamaly. - Almaty: Kaynar, 1998. - 511 b.

7 Kastelskaya Z.D. Iz istorii Turkestanskogo kraya. - Moskva: Kniga, 1980. – 240 s.

8 OROMM. Y-1044-k., 1-t., 37-is.

9 S"ezdy i konferencii konstitucionno-demokraticheskoy partii. – T. 3. –Kn. 1. 1915-1917. – M.: «Rossiyskaya politicheskaya enciklopediya», 2000. – 831 s. 

10 Iskhakov S.M. Rossiyskie musulmane i revolyuciya (vesna 1917 – leto 1918). – M.: Institut Rosiyskoy istorii RAN, 2003. – 470 s.

11 Protokoly sezda delegatov ispolnitelnykh komitetov Turkestanskogo kraya. – Tashkent: «Turkestanskie vedomosti», 1917. – 32 s.

12 Abdullaev R.M., Agzamxodzhaev S.S., Alimov Y.A. Turkestan v nachale 20 veka: k istorii istokov nacionalnoy nezavisimosti. – Tashkent: «Shark», 2000. – 672 s.

13 Zhaynakov Y. Kazak sezinin ereuildigi // Kazakh. – 1917. – 22 aprel.

14 Pobeda Oktyabrskoi revolyucii v Uzbekistane. Sb. dokumentov. –T.1. – Tashkent «Fan», 1963. – 658 s.

15 RFMM. 9599-k., 1-t., 217-is.

16 KROMM. 9-k., 1-t., 26-is.

17 Aulieata uezi // Birlik tuy. – 1917. – 20 avgust.

18 OROMM. Y-1-k., 31-t., 1176-is.

19 KROMM. 9-k., 1-t., 30-is.

20 Jugenbaeva G.S. Mukamedzhan Tynyshbaevtyn omiri men kyzmeti (1879-1938). – Almaty: KazKKA, 2000. – 228 b.

21 KROMM. 9-t., 1-t., 55-is.

22 Arabaev I. Bishara kyrgyz baurlarynyzdy umytpanyzdar // Kazakh. - 1917. - 17 shilde. - № 236.


ҚОЖАМЖАРОВА Д.П.
(Ректор Таразского государственного педагогического университета, академик НАН РК, доктор исторических наук, профессор)
ОБРАЗОВАНИЯ И ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ ТУРКЕСТАНСКОГО КОМИТЕТА (1917 г.)
Резюме
После Февральской революции Туркестанский комитет, созданный в соответствии с постановлением Временного правительства, имеет задачу управления центральным правительством для решения проблем, возникающих в регионе. Члены Туркестанского комитета отвечают за осуществление равенства, демократии, уважения принципов, провозглашенных Временным правительством и других резолюций. Члены Туркестанского комитета М.Тынышбаев и О.А. Шкапский посетили Жетысускую область и начали решать проблемы, возникшие после восстания 1916 года.

Ключевые слова: Туркестанский комитет, Временное правительство, Февральская революция, казахские аулы, съезды, делегаты.

KOZHAMZHAROVA D.P.
(Rector of Taraz State Pedagogical University, Academician of NAS of RK, Doctor of Historical Sciences, Professor)
FORMATION AND ACTIVITY OF THE TURKESTAN COMMITTEE IN 1917
Summary
After the February Revolution, the Turkestan Committee, established in accordance with the Provisional Government's decree, has the task of managing the central government to solve problems arising in the region. Members of the Turkestan Committee are responsible for the implementation of ekuality, democracy, respect for the principles proclaimed by the Provisional Government and other resolutions. Members of the Turkestan Committee M. Tynyshbaev and O. A. Shkapsky visited the Zhetysu region and began to solve the problems that arose after the 1916 uprising.

Key words: Turkestan Committee, Provisional Government, February Revolution, Kazakh auls, congresses, delegates.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет