Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Патша үкіметіне, Орта Азия хандықтарына талай рет қатты соққы берген бұл көтерілістің барысында қазақ халқы өзінің орасан зор мүмкіншіліктері бар екенін айқын түсінді»



бет146/271
Дата22.12.2021
өлшемі10,61 Mb.
#440
түріБағдарламасы
1   ...   142   143   144   145   146   147   148   149   ...   271
Патша үкіметіне, Орта Азия хандықтарына талай рет қатты соққы берген бұл көтерілістің барысында қазақ халқы өзінің орасан зор мүмкіншіліктері бар екенін айқын түсінді»,– деп жазылған.

Мұндай батыл мақаласы үшін автор Орталық комитеттің тарапынан қатаң ескерту алды. Бұған ілесе зиялылар қауымының етегін өрт шалды.



Ә.Тәкенов (жалғасы): «1948 жылы 31 қаңтарда «Лениншіл жас» газетінде М.Ақынжанов пен Т.Шойынбаевтың «Саяси қате, ғылыми құнсыз кітап» деген сыни мақаласы жарияланды. Осыған байланысты Ж.Шаяхметов М.Сусловқа өтініш жасап, осы сұраныс бойынша КСРО ҒА Тарих институты 28-ақпанда Бекмахановтың монографиясын талқылады. Дискуссияның негізі – Ақынжанов пен Т.Шойынбаевтың рецензиясы болды. Оларға талқылауда бірінші болып сөз алған Х.Ғ.Айдарова қосылды. Олар Бекмахановқа буржуазияшыл-ұлтшыл деген айып тағумен шектелді. Бірақ С.В.Юшковтан басқа пікірталасқа қатысушылар автордың тұжырымдамасын қолдап шықты. Н.Дружинин: «Қазақстанның мәдени дәрежесі Ресейден төмен болды екен деп, оның қозғалысын прогресшіл сипаттан айыру заңсыз»,– деп көрсетті.

«Егер Х.Ғ.Айдароваға ілессек, индустардың ағылшындарға қарсы қозғалысы реакцияшыл болғаны да»,– деп кекетті, А.Кучкин: Х.Ғ.Айдарованың әрекеті дәлелсіз, бұл Бекмахановтың желкесін қию талабы екенін ашық айтты. С.В.Юшковтың Бекмахановпен өз арасындағы кикілжіңнің салдарынан арасы ашылумен бірге ол жаңа саяси коньюктураны тез сезгенін байқатты. Ол Бекмахановты докторлық диссертациясына берген оң бағасынан тайқып, енді «жаңа көзқарас керек» деп есептеді. 1948 жылы маусым айында Қазақстан Ғылым академиясында өткен пікірталас та Бекмахановты буржуазияшыл ұлтшыл деп айыптауға бармады. ҚК(б)П Орталық комитетінің Г.Боранбаев басқарған комиссиясы: Бекмахановтың саяси қателігі, оның партиялық мәселесін қарау туралы ұсыныстары да әзірше қолдау таппады. Бекмаханов тарихшы Рязановтың архивтегі қолжазбасын пайдаланыпты – деген арыздың дәлелсіздігін Дружининнің сарабы айқындады. Бекмаханов финанс тәртібін бұзды деген айыптау да анықталмады»– деген қорытынды жасады.

1948 жылы 16-желтоқсанда КСРО Жазушылар одағындағы өзінің баяндамасында одақ хатшысы Б.Горбатов ойламаған жерден саяси мәселеге ауысып: Кенесары қозғалысы «орыстарды қазақ даласынан қууға бағытталды, ал Бекмаханов сол Кенесарыны барынша дәріптейді – деген өкпе-наз айтады. Осыдан сескенген Кеңесбаев, Покровский, Бәйішев «Қазақ ССР тарихының» дайындалып жатқан екінші басылымында Кенесары қозғалысын қалай бағалау туралы Ж.Шаяхметовтен «принципті нұсқау» сұрап, хат жазды. I.Омаровтың араласуымен Ж.Шаяхметов Кенесары қозғалысы:«XIX ғасырдағы қазақ халқының ең көлемді ұлт-азаттық қозғалысы болды»,– деп бағалады, бұл көзқарас 1949 жылғы «Қазақ ССР тарихының» I.Омаров пен А.Панкратова редакциялаған екінші басылымдағы Бекмаханов жазған тарауға негіз болды. I.Омаровтың байсалды позициясы Қ.Шәріповтың «Вопросы истории» журналында (1949, №4) «По марксистки освещать историю Казахстана» (ол Қазақстанда партия газеттері мен «Большевик Казахстана» журналында қайта басылды) жарияланған мақаласынан да байқалады. Рецензент Кенесары қозғалысына байланысты Бекмахановтың монографиясындағы кейбір кемшіліктерді айта тұра, қозғалыстың халықтық сипатын мойындады. Бұл сынды автордың өзі де қабылдады. Ал М.П.Кимнің рецензиясы Панкратоваға ұнамады. Бұл туралы ол 1949 жылы 11-қазанда I.Омаровқа жолдаған хатында: «Тарихшылар арасында болған тарихи шындыққа кереғар, қалайда қазақ халқының тарихын төмендетуге тырысушылық орын алуда. Неге грузин патшалары мен өзбек хандары ұқсас тарихи жағдайда прогресшіл қайраткер болып есептелуі керек те, ал қазақтар Абылайды немесе Кенесары Қасымұлын қаралауы тиіс екенін мүлде түсіне алмаймын»,– деп (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, І.Омаров қоры) жазыпты.

1950-ші жылы 21-ақпандағы ҚК(б)П Орталық комитетінің «Қазақстандағы тарих ғылымының жайы және міндеттері туралы» қаулысында да мәселе орнықты сын-пікірлер айтумен шектелген. Мысалы, кеңес дәуіріне көңіл аз бөлінеді, Бекмаханов кейбір қателіктер жіберді – деген сияқты ескертулер болмаса, тарихшыларға саяси айып тағылмады. Бірақ идеологиялық күрес басылмаған еді. Дабыл орталықтан қағылды».

Ал сол орталыққа қоңыраудың жібін жалғап, шыжымдап жеткізуші жөніндегі Жұмабай Шаяхметовпен болған оңаша бір әңгіме туралы Ілияс Омаров қойын кітапшасына:



«Маған бүгін бір досым өзін қазақ зиялысымын деп есептейтін бір мүттайымның өзіне құпия түрде:«Мен домалақ арыз жазбаған күні таң атқанша дөңбекшіп ұйықтай алмай шығамын,– деп айтқанын жеткізді. Кәсіпқой арызқойдың ңадеті қандай қорқынышты еді десеңші! Адамның арамзалығы қандай шекесіз! Өкінішке орай біз олармен күресуге дәрменсізбіз. Қандай өкінішті жайт»,– деп жазыпты.

Мынадай алыпқашты науқанда әлгі сумақайдың әр арызы өте қатерлі әрекетке ұрындыруы мүмкін екенін, сондықтан да оны кердең қағып жүргізбес үшін Шаяхметовке барып: «Сол күні бүкіл Ғылым Академиясы тыныш ұйықтайтын болар еді»,– деп өмірінде бірінші рет адамға шара қолдануды өтінеді:



«Сонда Ілиясқа қажыған, шарасыз қабақпен қараған Ж.Шаяхметов: «Кеш қалдық, Ілияс, кеш қалдық. Бұл адам қазір Мәскеудегі әлдекімдердің көңілін тауып алған. Тіпті сеніміне де кіріп алды. Егерде біз оған тиіссек, ол біздің басымызды алып түседі. Ахметжан Қойшығұлов осыдан үш жыл бұрын оны жазалауды өтініп еді. Мен оған құлақ аспап едім. Сол кездің өзінде онымен күресу қиын болатын. Ал енді тіпті түк те істей алмайсың», – депті (Ильяс Омаров: өмір және филолсофия).

Ілияс Омаровтың «Күнделігінде» аты көрсетілмеген бұл Пәленше кім? Әрине, сырттан сыралғы тыңшы келген жоқ. Ал іштегі іріткішілді іздеп біз де әуреге түспедік. Мұнымыз бекершілік екенін түсінеміз. Бірақ аты-жөні анық көрсетіліп тұрмаған соң, тәуекелдің өзі де қиянат сияқты көрінді. Ақыры Шаяхметовтің жорамалы шындыққа айналып, «дабыл ұоңырауы» қағылды да, астан-кестен басталып кетті.

Ә.Тәкенов (жалғасы): «50-ші жылы 26-желтоқсанда «Правда» газетінің «Қазақстан тарихы мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан зерттелсін» деген мақаласы қазақ тарихшыларын, оған қоса басқа қоғамдық ғылымдар саласында қуғын-сүргіннің бастамасы болды. Мақала авторлары ғалымдар арасында негізінен Бекмахановтың монографиясын талдау кезінде көзге түскен ортақол тарихшылар болатын (Т.Шойынбаев, Х.Ғ.Айдарова, А.Якунин). Соған қарағанда бұларды қолдаушы белгісіз бір күш болса керек. Осылайша партия органы өз беделін пайдаланып, саяси науқанды ашты: «Мақала авторларының: «Бекмахановтың «қателіктерін» Мәскеу мен Алматы ғалымдары ашпады. Енді ол қателіктер «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымына кірді»,– деген қатал тұжырымдары бұл «қатардағы» тарихшылардың үлкен беделді пайдаланғанын дәлелдейді».

Шындығында да, ұлтшылдықты әшкерелеу науқаны 1950 жылғы 26 желтоқсанда «Правда» газетінде шыққан аты шулы мақала ерекше қарқын берді. Өйткені бұл – жеке басылым мен жекелеген адамдардың жеке адамға немесе оның ғылыми көзқарасына қарсы пікір емес, керісінше, дүниенің тұтқасын ұстап тұрған қызыл империяның өзі насихаттаған «халықтар достығын» – қарауындағы халықтың зиялы өкілдерін «халық жауы» ретінде көзін жою арқылы күшпен, үреймен, тіпті, «коммунистік колонизаторлықпен», коммунистік шовинизммен орнату саясаты еді. Ал мұны жүзеге асыру үшін Украинаны, Қазақстанды, Татарстанды таңдап алды. Қазақстан БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі және оның жауынгері «Правда» газеті төрт-бес жыл қатарынан табанды түрде жұмыс істегені архив құжаттары арқылы дәлелденіп отыр. Соның ішінде ұлттық мамандардың ұясы ұлттық ғылыми ойдың мәйегі енді ұйып келе жатқан Ғылым Академиясы мен жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың ұлттық тарихи көзқарасының қалыптасып, ғылыми тұрғыдан бекіп қалмауы үшін іріткі салуды мақсат етті. БК(б)П Орталық комитеті тарапынан жүргізілген жазалау жұмыстарына дайындықтың қалай жүргенін түсіндіру үшін қысқаша шолу жасай кетеміз.



1950 мамыр-маусым айларында «Қазақ ССР Ғылым Академиясының саяси көзқарасы жат мамандармен нығыздала толтырылғаны» туралы «Правданың» Алматыдағы тілшісі Черниченко мен Т.Шойынбаев ұйымдастырған арызды тексеру үшін БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі нұсқаушылары П.Апостолов, Б.Н.Митрейкина, партия, кәсіподақ және комсомол ұйымдары бөлімінің нұсқаушысы А.Петровский Қазақстанға келді. Олар өздерінің «әшкерелеуші қорытындысын» 1950 жылы 29 маусым күні БК(б)П Орталық комитетінің хатшысы Г.М.Мальенковқа жолдады. Онда академияға қарасты барлық мекемелер тексерілді. Черниченко мен Т.Шойынбаевтің ықпалының күшті және тексеруге тікелей ықпал жасағанын комиссияның Академияны қаралауды Е.Бекмахановты Кенесары қозғалысына қатысты пікірін айыптаудан, жер аударылудан қайтып келген «халық жауларының» қызметін анықтаудан бастағанынан-ақ аңғаруға болады. Біз тексеру комиссиясының қоғамтану, оның ішінде тарих пен әдебиетке қатысты тұжырымдарына қысқаша ғана тоқталамыз. Онда:

«Жазылған арызда: Қазақстанның ғылымы мен мәдениет саласында ұлтшылдық көріністерінің орын алып отырғаны, Қазақ ССР Ғылым Академиясында кадрларды таңдауда және орналастыруда большевиктік принциптің бұзылып отырғаны, сынға қысым көрсететіні көрсетілген. Көрсетілген фактілер тексеру барысында негізінен расталды. Қазақстан К(б)П Орталық комитеті өзінің қаулыларында: Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы кейбір ғылыми қызметкерлері өздерінің еңбектерінде зиянды және идеялық жағынан қате мәселелерді дәріптеп көрсетілетіні, хандар мен байларды марапаттауға жол беретіні, революцияға дейінгі қазақ ауылдарындағы таптық күресті көмескілеп көрсететіні, буржуазияшыл-ұлтшыл идеяларды өткізіп жіберетіні және орысқа қарсы көзқарасты қоздыруға ұмтылғаны – бірнеше рет аталып өткен болатын. Алайда көптеген ғылыми қызметкерлер аталған қателіктер мен бұрмалауларды қайталаумен келеді және оған Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің тарапынан тиісті дәрежеде баға берілмей отыр.

Мысалы, «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітаптың авторы Бекмаханов Кенесары Қасымовтың көтерілісінің маңызы мен сипаты жөніндегі жалған көзқарасты әлі де қасарыса қорғаумен келеді. Ол өзінің осы еңбегінде қазақ халқының тарихына қатысты сенімді дерек көзі ретінде Әлихан Бөкейхановтың – контрреволюциялық «Алаш» партиясының көсемінің еңбегін насихаттап отырғанын, осы кітаптың алғысөзінде «айдаудағы троцкишіл», Бекмахановтың кітабінің редакторы Варшавскийге «ерекше ықылас білдіргенін» жасырып отыр. Коммунист Бекмахановтың троцкишілмен сыбайлас болуы жалғыз бұл емес...

... Әдебиет пен өнер саласында да өрескел қателер қайталанып отыр. Қазақ әдебиетінің орта мектептің ҮІІІ класқа арналған оқулығында Жұмалиев (1948 ж.) «қырық адамның ақылы бар» хандар мен сұлтандарды мадақтайды. Оқулықта ХІХ ғасырдағы реакцияшыл ақындар Мұрат пен Шортанбайдың идеялары обьективті бағытта баяндалады, олардың Шығыстың мұсылмандық мәдениеті мен өткендегі хандықты жырлайтын өлеңдері насихатталады. Мұқановпен бірігіп құрастырған Жұмалиевтің ІХ класқа арналған оқулығында татардың контрреволюциялық жазушысы, пантүркістік идеяның көсемі Гаспиринский мен 1930-жылы кеңеске қарсы әрекеті үшін сотталып кеткен (Ыбырай, Үкілі Ыбырай – Т.Ж.) Сандыбаевтің аты жүр».

Ә.Тәкенов (жалғасы): «Сыншылар пікірталастар кезіндегі ойларын қайталаудан әрі аспаса да «Правда» төменгі сөздерді ірі әріптермен беріпті. «Барлық тарихи деректер Кенесары қозғалысы революцияшыл да, прогресшіл де болмағанын баяндайды. Бұл қазақ халқын кері, патриархалдық-феодалдық тіректің бекуіне, ортағасырлық хандық өкіметтің қайта орнауына, Қазақстанның Ресейден және ұлы орыс халқынан қолүзуіне әкелген реакцияшыл қозғалыс болды»,– деген («Правда», 1950, 26-желтоқсан) шегелеп айтылған сөздер тікелей нұсқау іспетті әсер етті, солай болды да, «Правда» бұдан әрі тарихты «бұрмалаушы», марксизм-ленинизмнің ғылыми позициясынан ауытқушы, тарихи оқиғаларда буржуазияшыл-ұлтшылдық тұрғыдан бағалаушы Бекмаханов деп қорытындылаған».

Комиссияның қорытындысы (жалғасы): «Қазақ ССР Ғылым Академиясы 1950 жылы Ақышеваның «Қазақстандағы ірі байлардың мал мен мүлкін тәркілеу» атты монографиясын шығарды. Кітапта байлардың өшпенділікке толы, кеңеске қарсы пікірлері топтастырылып берілген, байлардың бандиттік көтерілісіне қатысқан кедейлердің көптеген жағымсыз пікірлері мен мысалдары келтірілген. Оның саяси зиянды екеніне байланысты Қазақстан К(б)П Орталық комитеті оны таралымнан алып тастады.

Сол сияқты 1950 жылы жарық көрген Погорельскийдің «Көшпелілердің отырықшылануы және Қазақстандағы мал шаруашылығының дамуы» атты таралымнан алынып тасталған кітабында автор: «көшпелілердің рулық құрылымы біз білетін Маркс-Энгельс айтқандай емес, керісінше, Радловтың жазғанындай»,– деп дәлелдеген. Қазақтардың көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа көшу мәселесіне байланысты партия мен кеңес өкіметінің орынын жоққа шығарған, керісінше, халық жауы Байтұрсыновтың пікірінен (ашаршылық туралы – Т.Ж.) сілтеме келтірген.

Орталық өлкетану мұражайындағы көрмелер орысқа қарсы рухта тәрбие беретін, феодалдық-рулық құрылымды дәріптейтіндей етіп қойылған. Патшалық өкімет емес, керісінше, орыс халқы қазақ халқының қанаушысы етіп көрсетілген...

... Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі Жұбановтың идеялық жағынан зиянды кітабында ұлтшылдықтың бағыты ашықтан-ашық баяндалған. Ол кітапта («Замана бұлбұлдары» – Т.Ж.) фольклорлық мұра дегенді бүркеншік етіп, революцияға дейінгі «әншіл», «күйшіл» қазақ тарихын орыстарға қарсы ұстанымдағы «әнмен» баяндайды... Сол кітабі үшін Жұбановқа диссертация қорғамастан өнертану ғылымының докторы атағы берілді.

... Республика театрларының сахналарындағы көптеген пьесаларда, операларда, балеттерде де зиянды идеялар мен образдар орын алған. Көптеген драматургиялық шығармалардың авторлығына партиядан шығарылған ұлтшыл Мүсірепов ие болған. Оның және басқалардың пьесаларында («Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Қамбар мен Назым») Қазақстан К(б)П Орталық комитеті 1950 жылы айыптаған феодалдық-патриархалдық сарындағы, аңыздағыдай жомарт хандар мен байлардың тұрмысы дәріптелген поэзиялық шығармалар пайдаланылған...



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   142   143   144   145   146   147   148   149   ...   271




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет