Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


«Тарихқа көз салу – жүрекке ине шаншумен бiрдей»



бет69/271
Дата22.12.2021
өлшемі10,61 Mb.
#440
түріБағдарламасы
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   271
«Тарихқа көз салу – жүрекке ине шаншумен бiрдей»,– деуi де сондықтан.

Отыз жетiншi жылдың ең қатерлi кезеңi, қауiптi зауал шағы қыркүйек, қазан айына тура келдi. Авгуске дейiнгi әшкерелеулер алғашқы «барлау», қарашадан соңғы науқан – «алғашқы соққының» екпiнi сияқты едi. Қыркүйектiң басында барлық газеттерде iрi-iрi партия қайраткерлерiнiң арасындағы «халық жауларының» тiзiмi берiлiп, алды ату жазасына бұйырылды. Дүлей құйын күшiне ендi. Ол науқан Жазушылар одағында да өз дәрежесiнде өттi. Сәкен де, Iлияс та осы толқынның құрбаны болды. Қандай күйiнiштi күз едi десеңiзшi.

Аспанның бұлтынан көңiлдiң бұлты басым болған күйiнiштi күздi басынан кешкендердiң бiрi...

Мұхамеджан Қаратаев: «Ешкiм де ондай апат кезеңi туады деп ойлаған жоқ. Бәрiмiз де ертеңiмiзден үмiттенiп мамыражай қалыпта, той-тойлап, қызық көрiп, қызмет харакетiмен жүргемiз. Мен 1936 жылы күзде Ленинградтың аспирантурасынан қайтып оралып, Жазушылар Одағының жауапты секретарьлығына бекiтiлдiм. Екi жылдай Сәкенмен, Бейiмбетпен, Iлияспен, Сәбитпен, Ғабитпен, Мұхтармен аралас-құралас жұмыс iстедiм. Мұхтардың ұсынысымен отыз алтыншы жылы ноябрьде бiр топ жазушы Семейге бардық. Құрамында Тайыр, Жақан, Ғали, Павел Кузнецов бар. Қуанышты оралып, көрген-бiлгенiмiздi секретариатқа мәлiмдедiк. Мұхаң: «Қызметiңдi Абайға тағзым етуден бастағаның дұрыс! »,– деп ризашылық бiлдiрдi. Сәду Машақов, Төкен Әбдiрахманов сияқты жас таланттарды тауып қайттық. Отыз жетiншi жылды Пушкиннiң қайтыс болғанына жүз жыл толуын атап өту қамымен бастағамыз. Оған Жамбылдың ақындық өнерiнiң 75 жылдығын тойлау қызығы ұласты. Сөйтiп алабұртып жүргенде, көктемгi найзағаймен қоса заман найзағайы да ойнап қоя бергенi. Әдебиет ортасында да ешкiмге түсiнiксiз, алай-дүлей жағдай туды. Үрей, жаманшылықты көздеген пиғыл өршiдi. Ақыры не болатынына ешкiмнiң көзi жетпедi. Мұндай зобалаңның себептерiн де ешкiм бiлмедi. Мұхтарды да қорқыныш билеп, қабағы жиырылып жүрдi. Ол кiсi де жұрт қатарлы пiкiр айтты. Алайда творчестволық iзденiстерге, адамның бойындағы жағымсыз мiнездерiне, бюрократтық кесiрлiктерiне тоқталған. Ал «халық жауы», «ұлтшыл» деген сөздерден қашып, аузына ала бермейтiн. Ол кезде мынадай әдіс бар едi: кiм де кiм ұстала қалса, соның ертеңiнде газетке қаралау мақала басылатын. Сондайлардың iшiнде Мұхтардың да сөзi жүрдi, тек қаралаған кiсiнiң жеке басындағы мiнез-құлқына болмаса, саяси айып тағуға жоламайтын. Мiне, мына кiтапты көршi. 1934 жылы шыққан. Қазақстан жазушыларының өмiрбаянының анықтамасы. Солардың қатарынан қазiр екi-үшеумiз ғана бүгiнгi күнге жетiппiз. Сұмдық қой. Бұлардың барлығынан бiр жазда айырылдық. Кiмдi-кiм кiнәлағандай едi. Түсiнiктi ғой. Сөзге де, бұйрыққа да, қорқытуға да көндiк...»

Иә, кешкен ғұмырдың қызығын еске алу – рахат та, аласапыранын ойға оралту қандай азап. Түсiнесiң. Түсiне тұрып амалсыздан амалсыз сол күндердiң куәгерiне жүгiнiп, қинала сауал қойып, қылпылдай отырып жауап күтесiң. Екi жаққа да ауыр. Кiм жастық шағының жарқылдап, жарқын көңiлмен өткенiн қаламайды. Алайда төрелiктi уақыт айтады, заман билейдi. Оған мойынсұнбай көр – мойның үзiледi.

Егер де үлкендi-кiшiлi, белгiлi-белгiсiз жазушылардың ешқайсысы талқылауларға қатыспады, пiкiр айтпады десек, жалғандыққа жатады. Бәрi де айыптауға қатысқан. Мәселе – сол сөздi қастандықпен айтты ма, жоқ, көлеңкесiн қорғап, уақыт көшiне iлестi ме, әлде, қарсы шықты ма – сонда. Үш түрлi көзқарастың үшеуi де кездескен. Әрине, соңғы, үшiншi топқа жататындар бiрен-саран ғана. Мұхтар ортаңғы лектен табылған. Себебi: науқанға қарсы тұруға қақысы жоқ-тын. Ондай ерлiкке бiр рет барып, басын тiккен. Ендiгiсi, тек өзiн-өзi өлiмге итермелеу екенiн түсiнетiн. Құрбы-құрдастары да тым тез сиреп бара жатты. Қыркүйектiң онына дейiн аға буын өкiлдердiң барлығы да темiр тордың iшiне түсiп үлгiрдi. Оны, 7 қыркүйек күнгi жазушылардың жалпы жиналысынан аңғару қиын емес. Назар салыңыз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   271




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет