«1946 жылы онымен қазақ әдебиеті туралы әңгімелесе қалғанымда, таң қалдым, Фадеев Қазақстанның әдеби өмірімен өте жетік таныс екен:
– Қазақстандағы әдебиет мәселесін баяндап беріп отыратын менің өте жақсы информаторым және кеңесшім бар,– деді Фадеев, содан кейін Әуезовтің атын атады, – Әрбір туысқан республикада бір-бір Әуезов болса ғой, шіркін...,– деді.
Ол сөзінің аяғын айтпады, бірақ та Әуезовті оның қалай жоғары бағалайтыны онсыз да түсінікті еді»,– деген естелігі біраз жайдың әдібін ашып береді.
Жоғарыдағы А.Фадеев жанрын шатастырып отырған «Балуан Шолақ» туралы мағлұмат та «ұзын құлақ» арқылы жетсе керек. Ал «Балуан Шолақтың» қара сөзбен жазылғаны сіз бен бізге анық.
«Менің сыни еңбектерім туралы бірер сөз. Сенің есіңде ме, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы ғылыми байсалдылықтан көрі партизан жорықтарын еске түсіретін менің айқайшыл –сауатсыз мақалаларым. Мұны мен қандай әлеуметтік-саяси жағдайда, қандай білім дәрежесімен жазғанымды да білесің. Мен ол кезде техникалық тұрғыдан да (жазу мәнерін меңгеру шеберлігі ме – Т.Ж.), саяси тұрғыдан да сауатым аз еді. Мен Маркс, Энгельс, Лениннің тек жақсы адамдар екенін, өйткені олар мен сияқты қаналған батырақтарға бостандық бергенін ғана білетінмін. Бірақ олардың іліміне үңілуге, теориялық тұрғыдан түсінуге мен дайын емес едім. Алайда уақыт талабы мені күреске шығуға мәжбүр етті. Саяси ғана емес, идеологиялық күрес те жүріп жатқан, өйткені қазақ еңбекші жұртшылығының арасындағы оқығандардың аздығын пайдаланып, әр түрлі бетқап киіп, өздерінің шіріген ойларын насихаттады. Оларға қарсы соққы беру керек болды, мен кеңес өкіметіне сүйене отырып, теориялық қаруымның жетімсіздігіне қарамастан, шабуылға шықтым. Осы бір шешуші айқаста мен біраз қателіктер де жібердім, мысалы, тек дұшпандарды ғана емес, сонымен қатар: Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты халықтың нағыз достарына да қамшы үйірдім. Бұл арада оның обьективті де, субьективті де себептері болды. Обьективті себебі: мен марксизм-ленинизмнің ескі мәдени мұраларды игеру туралы ілімін білмейтінмін. Ал субьективті себебі: қазан төңкерісінен кейін ғана бұқарамен бірге қанаудан құтылған маған «бай» деген сөз құбыжық болып көрінді, сондықтан да бай тегінен шыққандарға албасты ретінде қарадым, байлардың ішінен де Абай сияқты жақсы адамдардың шығатынын білмедім. Мен бұл қателігімді кейін түзедім.
Бұрын да және қазір де мен өзімнің негізгі мамандығым сыншы және әдебиеттанушы деп есептеген емеспін. Сын майданына мен жағдайға байланысты ғана араластым. Өсіп келе жатқан адам есебінде бұл салада да аздаған жетістіктерім бар. Сенің өзің де маған бірнеше рет менің бұл еңбектерімнің (менің Абай, айтыс, Қазақстан жазушыларының екінші сьезіндегі баяндамаларым т.б. туралы) ғылыми тұрғыдан пайымды әрі әділ пікір екенін айтып едің ғой.
Мен өз шығармашылығым туралы сөзімді осымен аяқтаймын. Бұл жолдар саған бір түрлі тосын көрінуі: «Мұқанов өзін-өзі неге осынша мақтай береді?»,– деуің мүмкін. Құрметті Мұхтар, бұл мақтау емес, бұл менің өмірім, менің ащы шындығым, өзімді «өсіп келе жатқандардың» қатарына қосқаныма орай ақталғаным».
Міне, Сәбит Мұқановтың қателігі осы жолдарда жатыр. Ол өзінің әлсіз жерін біле, түсіне отырып, соны ескергісі келмейді, керісінше, «ақталғысы келеді», «мақтанғысы келеді». Көркемөнердің қатаң талабы сол, сауатсыздықты ешқашанда ақтауға да, кешіруге де болмайды. Өйткені ол саясат емес, мыңның емес, миллионның біріне берілген табиғи дарынды кещелікпен жұмсау – кешірімге жатпайды. Жалаң идеямен жақсы көркем шығарманың тумайтынын сезе тұрып, соған көңіл бөлмегеніне тап тартысы кінәлі ме?
Жазушылық қасиет – жекенің еншісі. Ендеше оған көпті көлденең тарту әбестік. Әрине, сыннан қорытынды шығармады деген сөз емес бұл. Егерде, дәл осындай сыңар езулеп пікір қозғайтын болса, Әуезовтің де сөз табатыны түсінікті. Сәбең одан әрі өзінің «өсіп келе жатқан жазушы екендігін» табанды түрде дәлелдей келіп, ойын былай өрбітеді:
«Енді мен сенімен, соңғы 2-3 жылда екеуміздің арамыздағы қарым-қатынастың неліктен нашарлап кеткеніне тоқталғым келеді? Оның негізгі себептері мыналар сияқты: сен соңғы жылдары (мүмкін бұрыннан-ақ шығар) – осы жарық дүниеде ешкімге есе теңдік бермейтін, бәріне қызғанышпен қарайтын, әсіресе, Мұхтар Әуезовтің жолын кес-кестейтін, өзінен басқаны ойламайтын Сәбит Мұқанов дейтін бір зұлым бар деп ойлайтын сияқтысың. Сен биыл «Социалистік Қазақстанның» ұйымдастырған жиналысында дәл осылай дедің (Жақшаның ішінде айта кетейін, алашордашылар да оларға қарсы күрескенімде мені осылай атаған, бірақ та өмірдің өзі көрсеткеніндей, совет өкіметінің буржуазиялық мемлекеттің орынын баспағаны сияқты, мен де олардың орынында отырғаным жоқ).
Сенен: «Мұқанов бізді қызғанады»,– дегендегі «біз» дегенің кімдер екенін түсіндіруді өтінемін? Сен қазақ әдебиетінің барлық өкілдерін ой елегінен өткізші, солардың ішінде мен көмектеспеген бір адам бар ма екен? Тіпті, соңғы 3-4 жылдың ішінде қырғиқабақ боп жүрген Ғабиттің өзі де оның творчестволық және мәдени өсуіне менің септігім тимеді деп айта алмайды. Ол жазушылардың бәрі де ол туралы менің мәжбүр етуімсіз жазды. Осы да қызғаныш па? Осы саған қызғанышпен карайтын менің нем бар? Сенің қазақ мәдениетіндегі, әдебиетіндегі алатын орының өте зор. Бірақ та, сен әдебиетте қандай орын алсаң да, мені ол орынға апарып сиғыза алмайсың. Менің өз шаруашылығымды емін-еркін орналастыратындай әдебиеттегі өз жерім өзіме жеткілікті, ендеше менің жеріме түсіп кетеді деп секемденуіңе еш негіз жоқ».
Сәбит Мұқановтың бұл уәжі де түсінікті әрі қисынымен айтылып тұр. Өйткені, Мұхтар – Моцарт, Сәбит – Сальери емес болатын. Ал екеуін осылай көрсеткісі келгендердің саны көп еді. Қазір де бар.
С.Мұқанов (хаттың жалғасы): Сенің кейбір жекелеген шығармаларыңа айтқан сыни пікірлерім: саған деген қызғаныштан емес, менің көзқарасымнан туып отыр. Ашығын айтқанда, сенің соңғы жылдарда жазған шығармаларыңа менің көңілім толмайды. Сенің ол дүниелерің әлжуаз, жасық. Мен сенің совет дәуіріне дейінгі және совет дәуірінен кейінгі шығармаларыңды салыстырдым. «Қыр суреттерін» – «Шатқалаңмен», «Қараш-Қарашты» – «Хасеннің құбылыстарымен», «Қаракөзді» – «Тастүлекпен» салыстырдым. Алғашқы аталғандары нағыз көркем дүние, ал екіншісі – құр схема, бейімделу ғана («Абай» пьесасы мен «Абай» романы туралы кейінірек тоқталамын). Менің есептеуім бойынша, совет өкіметін мойындағаннан кейін Советтік Қазақстанның өмірінен алынып жазылған оншақты пьесаң бар екен. Айтшы, сонда осының ішінде көркемдігі жағынан «Қаракөзбен», не «Еңлік-Кебекпен» теңдесетін біреуі бар ма? («Еңлік-Кебек» туралы пікірім жоғары. Мен оны бұл арада сенің совет дәуіріне дейінгі әдеби қайраткерлігіңнің тұсында жазылған шығарма деп бағалаймын).
Турасын айтқанда, совет тақырыбы туралы ізденістеріңнің кезінде сен өзіңе де, қазақ әдебиетіне де абырой әпермейтін бір пьесадан кейін бір пьесаны жаздың. Мұның себебі не? Талантың бар (жақшаның ішінде тағы да ескерте кетейін: сенің біліміңді біздің заманымыздағы, еуропалықтарды қоса есептегенде де, ең озық жазушылардың білімімен тең деп есептеймін. Бұл – жай қыстырма сөз емес, нақты дерекке негізделген менің түсінігім).
Ендеше, дәл осы жағдайда совет тақырыбына көркемдік қуаты күшті шығарма жазуыңа не бөгет болды? Мен оның субьективті де, объективті де себептерін білемін. Обективті себебі мынада: сен өзіңнің саяси қателігіңді мойындағаннан кейін, 10 жыл бойы өзің саналы түрде қарсы күрескен қоғамдық өмірдің ағымына жылдам бейімделу қиынға соқты. Адам дегеніңіз кез-келген қалыпқа оңай түсіре қоятын өлі зат емес қой. Адам тек дүниені қайта құрып жатқандарға өзі қарсы жүріп, оларға көмектессе ғана жүзеге асады. Менің ойымша сен соларға қол ұшыңды немкеттілеу ұсынатын сияқтысың: «Сен совет өкіметін шын көңіліңмен мойындаған жоқсың»,– деп ойламаймын. Оған менің дәлелім де жоқ. Бірақ сенің ең үлкен осалдығың сол, өткен күнәләрыңнан қашқың келеді; ол туралы ешкімнің жақ ашпауын тілейсің, оны айтқан адам – саған жау. Әрине, кез-келгенді сылтауратып өткен кінәларын бетіне баса беру – адамға ауыр тиетінін білемін. Алайда, құрметті Мұхтар, саған бұлай ешкім жасаған жоқ қой!
Әдебиет тарихы жазылғанда немесе жазушының творчестволық жолы талданғанда, өзіңнің күнәңнан өзің қашып құтыла алмайсың. Қалай қашып құтыласың! Сен 1932 жылдан жаза бастаған жоқсың, одан ерте қолыңа қалам алып ең ғой. Совет өкіметінің бағытына сен ашықтан ашық күрестің емес пе? Соның барлығының із-түзсіз жуылып-шайылып кетуін қалайсың ба? Ол әдебиетке де, сенің өзіңе де ешқандай пайда әкелмейді ғой! Менің ойымша сен өзіңнің күнәңнан бекер қашып жүрсің. «Қолыңмен істесең – мойныңмен көтер».
Егер сен өзіңнің жаңа көзқарасыңа шын сенетін болсаң, онда күнәңә пысқырып та қарама, ол туралы жазса – жаза берсін, шыда! Өзіңнің жаңа жұмысыңды істе! Бұрынғы қателеріңді айтқаны үшін ешкіммен де жауласпа, әсіресе, біздің Москвадағы мәселелерімізді шешіп, көмектесіп отырған Дроздовпен өштесудің еш қажеті жоқ. Оның мақаласынан мен ешқандай жамандықты көріп отырғаным жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |