Осыншама өкпе, назды жиырма жыл бойы жүрегінде сақтап, барлық табаға көнген Әуезовтің де шыдамы таусылған еді.
М.Әуезов (жалғасы): «Бұл талқылауда сөйлеуге мен де дайындаламын. Сонда өзімнің де қателіктеріме тоқталамын. «Өзінің қателіктерін мойындамайды»,– деп Мәлік жалған айтты. Ғылым академиясындағы, Тіл және әдебиет институтындағы, Жазушылар Одағындағы талқылауларда қателіктерімді ашық мойындаған болатынмын. ...1922 жылғы «Шолпан» журналындағы батырлар жыры жөніндегі мақаламның шыққандығы мүлдем есімде қалмапты. Егер Қобыланды туралы болса, онда оның Иван Грозныйға қарсы жорығы болуы тиіс. Мақала бір басқа, ал таралмаған, авторлық данасы да алынбаған кітаптың жөні бір басқа».
Кеңес Одағының Батыры болғанымен де М.Ғабдуллин әдебиет пен ғылым майданының батыры емес болатын. Сондықтан да С.Мұқановқа тиесілі еркіндік оған тиесілі емес еді. М.Әуезовтің өткендегі «кінәсін» отызыншы жылдардың пионерінің бетіне басуы шамданарлық іс сияқты көрінді.
М.Әуезов (жалғасы): «Ал сіз 1932 жылғы оқиғаға сілтеме жасағанда соның қаншалықты орынды екенін ескеруге тиістісіз. Мені өрескел қателер жіберді – дегенді жиі алға тартады. Ал менің «өрескел қателерімді» есептеп көрейік. Сіз Әуезовтің фольклортанушы ғана емес, жазушы екенін де ескеріңіз. Әуезовтің екінші, негізгі еңбегін ескермеуіңіз, әділетсіздік. Әуезов жазушы ретінде эпосты игеруде ешқандай жетістікке жеткен жоқ деп ойлайсыз, сол да басыңызға келмеді ме? Мысалы мен «Айман – Шолпанды» жаздым. Онда феодалдарды күлкі еттім. Бұл комедия театрда жүз реттен астам сахнада қойылды. Ендеше Әуезовтің алашордашылдығы басым ба, халықшылдығы басым ба екен?»
Қанша оқымысты, жас мөлшері ілгері болса да М.Әуезовтің М.Ғабдуллинге бұлай зеки сөйлеуі әдепке жата ма, жоқ па? Ұстаздық тұрғысынан алсақ «Әдептен асқан» шәкіртке қатаң сөйлеуі орынды. Ал шындығына келсек бұндай еркіндік берген – Сталиннің өлімі. Әйтпесе, қанша ұстаздығы ұстаса да, М.Ғабдуллин бұл сәтте партияның тапсырмасын орындап тұрған ресми баяндамашы болатын.
М.Әуезов (жалғасы): «Бірінші томға енген Кенесары Қасымовқа берілген жағымды бағалардың барлығы да осыған дейін жарық көрген әдебиет бағдарламасынан алынды. Біз ол қателікті бұрынырақ әшкерелеуіміз керек еді, бірақ 1950 жылғы «Правда» газетіндегі мақаладан кейін де сіздің өзіңіз кіргіздіңіз ғой. Ал сіз Жұмалиевпен бірге істедіңіз – деп Әуезовті кінәлайсыз. Ал сіздің өзіңіз 1948, 1949, 1950 жылғы оқулықтарды Жұмалиевпен бірігіп жарияладыңыздар ғой, олардың да соңында Жұмалиев пен Ғабдуллиннің қолы тұр.
Менің өрескел қателіктерім болды, бірақ сол қателеріммен қоса кеңес қоғамына пайдасын тигізген еңбектерім де бар. Бірімен екіншісінің бетін бояуға, біреуімен екіншісінің бетін бүркемелеуге болмайды. Бұл әділетсіздік, бұл тарихи, моральдық жағынан заңсыз, сізге ондай міндетті ешкімде жүктеген жоқ. Мен қанша қате жіберсем, соншасын ғана мойындаймын, жазушылар да: Әуезов өзінің қателіктерімен қоса мынадай-мынадай жағымды істер атқарды деп айтатынына сенемін. Мен мақала жазсам, сіз оқулықтар мен бағдарламаларды жаздыңыз. Сіз жасаған программаны басшылыққа алуға барлық қазақ зиялылары міндетті болды. Ал менің мақалам – алғашқы талпыныс, шағын зерттеу ғана болатын. Мен бұл арқылы өзімнің кінәмді кеміткім келмейді, бірақ та әр кім өзі қателігін өзі әділ сынасын».
Шындығында да, «әділетсіз, тарихи және моральдық тұрғыдан заңсыз мұндай міндетті» кімнің жүктегені М.Әуезовке мәлім еді. Бұл сұрақты қойғызып отырған – «дәрігерлер ісінің» ақталуға бет алғаны бағыты еді.
М.Әуезов (жалғасы): «Бұл реттен алғанда мен «Қобыланды» пьесасына өзгерістер енгіздім. Енді ол шапқыншы емес, өз отанын жаудан қорғаушы. Бұл пьеса орысшаға аударылды. Бұл пьеса халықтық эпостың негізінде халықтың мүддесін көрсеткені үшін де Франко атындағы театрда қойылуы үшін және ақталатындай сылтауы да бар еді. Украин тіліне де тәржімаланып жатыр. Сұлтандарға қарсы күресті бейнелейтін «Бекет» жырында орыс тұтқынын әйелі арқылы босатса, менің пьесамда Бекет орыстың саяси тұтқынын өзі босатады. Демек менің көркемдік ұстанымым – халықтық ұстаным, қазіргі талапқа сай. 1916 – 1932 жылдар арасындағы Әуезовтің «Еңлік – Кебегі» керітартпашыл еді, ал кейінгі нұсқада ол халықтың мұңын жоқтайды. Осыны да Әуезовтің ұлтшылдығы дейміз бе? Керісінше, кейбір жазушылардың шығармаларына қарағанда мұнда ол тарихи жағынан дұрыс, маркстік, халықтық ұстанымда жазылған. Бұған қалай үндемей қаласыздар? Әсіресе Жазушылар Одағынан пікір күтем, өйткені менің уақытым тек қана тіл және әдебиет институтында ғана өтпейді, жазушы ретінде – Жазушылар Одағының ішінде өтеді. Әлде жазушы ағайындар бұған да көздерін жұмып қарай ма?»
Орталық комитет оның бұл өкпесінің орынын араға екі ай салып барып еселей толтырды. Жазушылардың пікірі сол кезде шынымен де демеу болды.
М.Әуезов (жалғасы): «Басқа мәселелерді орағытып өтіп, ертеректегі зерттеулеріме тоқтала кетейін. Менің өзімнің қателігімді 1939 жылы жібердім. Мәлік өзінің баяндамасында Сейфуллинді, Тоғжановты, Тәжібаевті атады. Ал 39-жылға дейін оқулық болып па еді? 39-жылға дейін біз оқулықтан оқыдық па? 38-жылға дейін халыққа жат ұстаным болды, ал одан кейін сана ағымы басталды. 39-жылы Қобыланды туралы бәрі жазды, оның ішінде Әуезов те бар. 39-жылдан кейін ештеңе жазған жоқ, тек антологиядағы қысқаша түсінік қана бар. Ал сіз Әуезов осындай қателіктерді жіберді дейсіз. Мұндай болмашы деректі қалай саудалауға болады? Сіз ғылым кандидатысыз. Бұл тұрғыдан алғанда сіз идеялық төзімділік танытуыңыз керек, ендеше Әуезовті неге түзетпедіңіз? Жолдастар! Оқу ағарту министрлігі 1948 жылы 19-мамыр күні Мәлік Ғабдуллин құрастырған оқу программасын бекітті, қазақ әдебиеті тарихының бірінші томындағы Қобыланды батыр, Ер Сайын және басқалар туралы деректер, тіпті тұрмыс-салт жырлары да сол программаның негізінде жасалды. Сөйте тұрып Әуезовті сынайды...»
Иә, сынады. Ал бұған оның тұрақты сыншысы Сәбит Мұқанов қалай қарады?
«Мұқанов: Талқылау бізге екі түрлі міндет қойды. Біріншісі, біздің зерттеушілеріміздің, әдебиеттанушыларымыздың, жазушыларымыздың әр кезде жіберген қателіктерінен арылу. Екінші, сол қателіктерді жоюдың жолын іздестіру. Біз осыған жауап беруіміз керек. Ал Ғабдуллин жолдастың баяндамасын тыңдағанда: «Мешкей деген жақсы атақ емес» деген мәтел есіме түседі. Ұлтшылдық қателіктердің бар екені рас, алайда, орайы келсін, келмесін ұлтшыл әркімге ұлтшыл атағын таға беруге болмайды. Таяуда «Литературная газетадағы» мақаласында Фадеев Украина мен Қазақстанда ұлтшылдық бар деді. Мұндай айып тағуға желеу бергеніміз ұят. Фадеев жала жауып отырған жоқ, саяси астары бар ондай қателерді әр кезде жібердік, соны дер кезінде ешкімнің бетіне қарамастан большевиктік турашылдықпен әшкерелеп отыруға тиіспіз. Мәлік бұл турасында, соның ішінде мен жөнінде де дұрыс айтты. Батырлардың барлық іс-әрекетін ақтап шыққан Демьян Бедныйдың «Батырлар» пьесасын «Правда» газеті кезінде қатты сынады. Мен де сол жолмен кетіп, барлық батырларды халық өкілі етіп жіберіппін. Екінші, Сталин жолдас өзінің атақты сөзінде орыс мемлекетіне, орыс мәдениетіне еңбегі сіңген асыл адамдардың аттарын атап бергеніне еліктеп, менің де қазақ батырларын тізбелей жөнелгенім дұрыс болмаған»,– деп келеді де әңгімені үйреншікті әдеті бойынша Әуезовке бұрады.
Ол өмірінде бірінші рет ұлтшыл дегенді байқап қолдану керектігін орынды ескертті. Оның бірінші себебі: «Правда» газетінде жарияланған мақаладан кейін соның қатарында өзі де ілініп кетуі мүмкін еді. Ал өзіне тағылған айыпты Бедный мен Сталинге оп-оңай сүйей салды. Ол екеуіне қарсы сөз өтпейтін және бұл кезде (2-көкек) Сталин де өмірден өтіп еді.
Мұқанов (жалғасы): «Осында отырғандарға мынаны ескерте кеткім келеді: 1951 жылы Абайдың әдеби мектебі туралы талқылау өтті, мәселе турасынан әділ қойылса да, кейбір жолдастар мұны партиялық сыннан көрі жекелеген топтардың өзара күресіне айналдырып жіберді. Бір-бірімізді осылай мүйіздей берсек, масқара боламыз. Мәліктің баяндамасында да біреуінің қатесін баса, екіншісінің қатесін жеңілдете көрсеткен осындай топшылдықтың сарыны байқалып қалғаны маған ұнамайды. Тәжібаевтің кімді қостайтынын білмеймін, ал менің өзім ешқандай топта жоқпын (Тәжібаев: Мен де сол топшылдық болмасын деймін). Өзіміздің де, өзгенің де қатесін аша отырып, ортақ тіл табысайық. Жолдас Әуезов, бар қателікті мектепке арналған оқу бағдарламасына аударып, бірінші томда жіберілген қателікті кішірейтуге болмайды. Өзгенің қатесін көрсету арқылы өз қатеңді бүркемелеп қалма (Әуезов: Алайда оны да көрсету керек). Ешкімнің де қатесін жасырмауға тиіспіз.
Екі мәселені ажыратуға тиіспіз. Кенесарыны талқылағанда мен: түйедей болсын, түймедей болсын, қылмыстың аты – қылмыс дегенім бар. Бірақ түймедейдің аты – түймедей. Мысалы, Кенесарыға қатысты Оңдасыновтың да аты аталып қалды. Ал оны осы тақырыпты арнайы зерттеген халық жауы Бекмахановпен теңестіруге бола ма? Мәселен, менің кітабымда Кенесары жөнінде пікір бар, бұл менің қателігім, әрине. Алайда мен Кенесары, не эпос, не Едіге туралы арнайы зерттеу жазғамын жоқ қой. Кездейсоқ қате мен ұршықша иіріліп келген қателікті ажыратуға тиіспіз».
Иә, «Правда» газетіндегі мақала және «дәрігерлердің әшкереленген ісі» С.Мұқановтың да жүрегін сескендірген. Ол бұрынғыдай ашық шабуылға шықпай, өзінің жеке басын қауіпсіздендіруге бет алғаны байқалады.
Мұқанов (жалғасы): «Енді бірнеше ұсыныс білдіремін. Ғабит дұрыс айтады, эпос туралы пікір білдіргенде оның нұсқаларын салыстыра талдаған жөн еді. Жұрттың бәрі оның қанша нұсқасы бар екенін біле бермейді. Сондықтан да Мәлік эпостың жиырма нұсқасы болса, соның қайсысы төңкерісшіл, қайсысы халықшыл, қайсысы халыққа жат, соны жіктеп талдауы керек еді. Эпостар ХІІІ ғасырда пайда болып, келе-келе әр тап өзіне ыңғайлап жаңғыртты, қай таптың өкілі қай кезде қандай өзгерістер енгізді, ашып көрсеткені дұрыс еді. Феодалдық эпос деген не, оның қай жері феодалдық, қай жері халықтық, бұл мәселе Ғабдуллин жолдас, сіздің баяндамаңызда қамтылмаған. Әуезов: классиктерді орынды пайдалана білу керек – деп дұрыс айтады. Мысалы, Маркс: «Илиада» мифтік заманда өмірге келгендіктен де, ол аңызға құрылған – дейді. Сондықтан да эпостардың барлығын «халыққа жат» деуге болмайды. Жиынтық нұсқаларды жасауға болады. Мысалы біз «Біржан мен Сараның» айтысын солай құрастырдық. Реакциялық көріністерді алып тастадық, пайдалысын қалдырдық (Мүсірепов: Кез-келген дастанды солай істеуге болады). Әуезов жолдас орынды көрсеткеніндей, Сталин жолдастың тіл туралы классикалық еңбегінен кейін, эпостың тілі туралы үндемей кетуі дұрыс емес. Сондай-ақ, Әуезовтің эпикалық шығармаларды қазіргі жазушылар қалай пайдалануы керек – деген мәселені де қозғағаны дұрыс еді
Достарыңызбен бөлісу: |