Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


«Сізді алпыс жасқа толған күніңізбен шын жүректен құттықтайды... Денсаулық, ұзақ жыл өмір және шығармашылық табыс тілейміз»



бет253/271
Дата22.12.2021
өлшемі10,61 Mb.
#440
түріБағдарламасы
1   ...   249   250   251   252   253   254   255   256   ...   271
«Сізді алпыс жасқа толған күніңізбен шын жүректен құттықтайды... Денсаулық, ұзақ жыл өмір және шығармашылық табыс тілейміз»,– деп жеделхат жолдады.

Өздері «шын жүректен тілеп» отырған, әлі де «сұр кардинал» Сусловтың уысында отырған басылым содан төрт-бес жыл бұрын Әуезовтің денсаулығы мен шығармашылық қайратын қажытып, жүйкесін шүйкелеген өзінің кінәсін өзі жуғысы келгендей де көрінуі мүмкін. Әрине, заманның қабағы да, идеология мен саясатқа ықтаған басылымның ұстанымы да, ондағы редакциялық алқа мен оның көзқарасы да өзгерді. Бірақ та бұл басылым қашанда «мылтығы оқтаулы» оқшантай күйінде қалды.

Ал Сақтаған Бәйішев бір кезде өзінің «Профессор Әуезов ескіліктің шырмауында» атты жаппай әшкерелеуші мақаласындағы Мұхтарды іске алғысыз еткен пікіріне мүлдем қарама-қарсы бағытта сөйлеп:

«... Ғылымның, әсіресе, оның аса маңызды тұлғаларының бірі – қоғамдық ғалымдардың Қазақстандағы ірге тасының қалануына, кейін құлаш сермеп өрлеуіне алдымен ат салысқан, өзіне лайық үлес қосқан азамат – дарынды ғалым М.О.Әуезов болды....Қазақстандағы мәдениеттің, оның ішінде ғылымның жаңа ғана аяқ басып, тұсауын кесер-кеспес кезінде М.Әуезовтің әдебиеттен тұңғыш рет оқулық жазуы аса сүйсінерлік іс еді, қазақ мәдениетінің тарихындағы зор табыс еді... М.О.Әуезов – барынша прогресшіл, өмірден үйренгіш, жаңаны сезгіш, болашақты болжағыш ғалым... Қазіргі кезде М.О.Әуезовтің тіклей басшылығымен қазақ әдебиетінің төрт томдық тарихы жазылуда. Мұның бірінші томы бұдан бірнеше жыл бұрын жарыққа шыққан болатын, ол қазір толықтырылып екінші рет басылуға әзірленіп жатыр. Қазақ ауыз әдебиетінің (фольклорының) де толып жатқан тамаша үлгілері М.Әуезовтің қатысуымен жарыққа шығуда. М.Әуезов соңғы жылдары қазақ мәдениетінің тарихына байланысты күрделі тарауларды жазу және редакциялау арқылы «Қазақ ССР тарихын» жасау жұмысына белсене қатысты»,– деді.

Сөйтіп, ол өзінің бұрынғы «ұлтшыл-буржуазияшыл бұрмалаушылыққа ұрынған», «Алашорданың» идеясын сыналап кіргізген», «ескіліктің шырмауынан шыға алмай жүр» – деген айыптауларын мүлдем ұмытып, енді оған – «барынша прогресшіл, өмірден үйренгіш, жаңаны сезгіш, болашақты болжағыш ғалым» ретінде баға берді. «Өз қатесін өзіне түзеттірген» (М.Әуезов) бұл да бір уақыттың үкімі шығар. Ең ауыр үкім, әрине.

Сол күннен бастап ол өзінің даңқ тұғырына көтерілді. Бұл туралы кеңестік кезеңдегі Мұхтар Әуезовтің соңғы мерейтойында жасаған баяндамасында Олжас Сүлейменов:

«Әуезов өзінің 60 жасын 57-жылы тойлады, Ленин орденімен марапатталды, тұңғыш рет өзіне қаратылған ресми және ырыс боп құйылған мадақты естіді. Бұл Әуезовтің салтанатты әрі жүрексінген сәті еді. Бұл кезде ол «қазақ әдебиеті» деген ұғымды отанымызға, әлемге толық танытқан, нақты шындыққа айналдырған ең басты кітабін жазып бітірген болатын. Роман әлем тілдерінде қуатты қарқынмен таралып, автордың есіміне бірінен бірі өткен шабытты теңеулер қосыла берді...»,– деп дәл баға берді.

Ол қыркүйек айының басында Шыңғыстауға барып, елімен, жерімен соңғы рет қоштасып қайтты.

М.Әуезов (Күнделіктен): «Туған жерің толық тілді, ең мол сырлы, ұлы әңгімеші екен. Есте жоқ жандар, ұмытылған талай-талай ұсақ оқиғалар... бәрі де өз өмірімнің желісін қайтадан бір тартып, ерекше айқын баян етті... Ауылдың таулары да сонау-сонау атам-анам бар шағындағы ең кішкентай момын да, ерке де болған қоңыр баланың барын айтты. Дүние-ай, туған жердің мұндай ұмытпас, өшпес ұлы мұңдас екенін сол күндер де біліп, бағаласам етті! Онда жақсырақ сүйіп, қарызын молырақ ұғынар ма ем. Кеш демеймін, көңіліме куә бол деймін мұңлы туған анам, тұрған жерім – Бөрлі, Қарасу, Бүйрекқараған, Жүрекадыр, Жамбасқұдық, Аяққараған, Жар.Қайран атам, жақсы қыстау, жайлы қонысқа барлық атты қайтып қана сүйіп тауып бергенсің?!. Әлде біздей нәсіліңнің бірін-бірі көп жыл көрмей, сағынып келіп көргенде: Жүрекадыр – жүрегін тебірентсін, Бүйрекқараған – сезімсіз бүйрекке өзі барып қатты білдірсін деген бе едің? Сағынып кеп, тағы да баяғы сабаққа бара жатқан күндердегі әрбір түп шилерге, әрбір асық ойнаған тауларға: енді қайта айналып сендерді көрем бе, жоқ па – деген қимас көңілмен кетіп барам.

Ағам (әкем), жеңешем (шешем), Кәрі апам (үлкен шешем), қадірлі ағам Қаске (Қасымбек), жаны жылы жақсы жеңгем Қалия (Ғалия), апам Күлсім, інім Сәбидал – бәріңнің де қабіріңді көріп өттім. Бір де біріңнен титтей де реніш шеккен шағым жоқ екен. Ойласам – мен өзімді соншалық жақсы көрген, соншалық сүйген мендей жаман баладан көп-көп үміт еткен жақсы жандар ортасында туып-өскен екем. Соңғы күндері Қаске түсіме енді. Әппақ киімі бар, бірақ ренішті қалде көрінді. Жан ағам, жаңылмаспын: «Жақсы бол, ұл бол, ел сүйетін азамат бол. Құр бос, күн көргіш пысықай бірдеме болам десең, ата-анаңның үмітін жер еткенің»,– деген сөзіңнен. Ендігі қалған тірлікте қарызым да сол, іздер, барар мұратым да сол ғана».

Қайыра туған жерге табанын тигізуді тағдыр нәсіп етпеді.

3.

Ұлттық әдебиеттің осындай әлемдік деңгейіне көтерілгеніне қарамастан, тыныш күнде найзағай ойнатып жүретін Қазақстанның Орталық комитетіне идеология жөніндегі хатшы боп келген жандарал Н.Жанділдиннің жүйкесіне «Қазақ әдебиеті» газетіндегі қазақ тағдыры, қазақ тілі, қазақ мектептері, ұлттық өнер, халықтың ән-күйі, салт-дәстүрі туралы басылымдар тікендей қадалды. Оның үстіне тың өлкесіндегі қазақ мектептерінің жаппай жабылуы да зиялы қауымды алаңдатқан болатын.



Осыған байланысты 1957 жылы 26-қарашада «Қазақ әдебиеті» газеті үлкен талқыға түсті. Ұлттық мәдениеттің мүддесін қорғап, «жаңа ұлтшылдықпен күреске» жол бермес үшін, іргелі жазушылар, соның ішінде М.Әуезов те талқыға қатысты. Іслам Жарылғапов пен Әлжаппар Әбішев баяндама жасады. Қазақ тіліне өнер, балмұздақ, аялдама, орам, гүлгүл, саяжай, жанұя, деректі, көрермен сияқты көптеген атаулардың баламасын кіріктірген Ісләм шешен өзінің қашандағы әдетімен ұзақ және кеңінен жайылған баянын қаулы шығаратындай дәрежеге жеткізбеді. Ал Ә.Әбішев біздің тақырыбымызға қатысты:

«С.Нұрышев Шортанбайдың «Бала зары» туралы өзінің мақаласында Шортанбай шығармаларының кейбір әлеуметтік сырын, реалистік сипатына, көзқарасына байланысты туған қайшылығын да жете талдап, оған нақты, обьективті баға берудің орынына С.Нұрышев ақын творчествосын бірыңғай жоққа шығаруға салынған. Ол Шортанбайды Абаймен салыстырады. Абайға қоятын талапты Шортанбайға да сол күйінде тұп-тура қоя салады. Өзгесін былай қойғанда, тіпті осының өзі-ақ зерттеушінің обьективті позиция ұстанбағандығын көрсетсе керек. Алты айдың ішінде арнап сөз еткені, негізінде, екі-ақ ақын болса, оның бірі Шортанбай әлі дүмбілез. Ол туралы бір-біріне мүлдем қайшы екі пікір айтылды. Бірінде ақтау басым болса, екіншісінде Шортанбай мүлдем қап-қара. Екеуінің қайсысы дұрыс екенін, яғни, Шортанбайдың кім екенін газет не өзі айтқан жоқ, не өзгеге айтқызған жоқ, сол дүмбілез күйінде қалдырып қойды»,– деген пікірді көтерді.

Қ.Қуандықов: Театр сыны қамтылмайды. Жеке спектакльдер мен рольдер талқыланбайды.

Ә.Тәжібаев: Газетте жазылған мақалаларда мәдениет, тереңдік жоқ. Ежелгі айтылып жүрген арзан сөздермен толтырып, құрғақ сөзуарлыққа салыну жағы күшті. Газетке тән жинақылық, ширақтық жоқ. Тіл ұстарту жөнінде тым салынып кетушілік бар. Мысалы, көрермен деген не сөз? Газетте кейде өзін сынаған адамдарға тиісіп, беттен тырнау әдеті бар. Мысалы, Ахтанов туралы осылай болды. Бұл партиялық принципке жатпайды. Әдебиетшілердің жиналысында Ахтанов газетті сынағандықтан да оның сөзін кекетіп пайдаланыпты. Жуырда С.Мұқановтың Сәкен жайындағы мақаласы басылды. Онда Сәкеннің кейбір мінездері, бүгін газетке басуға болмайтын сөздер кеткен. Ардақты адамдар туралы керексіз, айтылмайтын бір өсектерді бықсытқан. Редакцияда сергектік, зеректік жоқ. Мысалы, Әлжаппардың елу жылдығына арнап бет беріп отырып, сол номердің бас мақаласында Тәжібаевті балағаттайды. Оны келесі санда да жасауға болатын еді ғой. Газетке партиялық жетіспейді. Соны ескеру керек. Өнер, көрермен деген баламалардың орынына біз өзіміздің искусство мен зрительді қолдана береміз», – деп аяқтайды.

Ә.Тәжібаев газеттің ұлтшылдық сипатын осы «тіл ұстартудан» көреді.

Р.Бердібаев: «Біздің газеттің жұмысына байланысты Орталық комитеттің қаулысында менің де атым аталған еді. Сондықтан да өз қатемді түзету туралы өзімнің не істеп жатқанымды айта кеткім келеді. Мен редакция құрамында қалып бірсыпыра мақалалар жаздым. Оның бәрін жұртшылық жақсы қабылдады. Сөйтіп мен редакцияда жұмыста қалып қатемді түзеуге мүмкіндік алдым».

М.Әуезов әдебиет теориясы мен аударма теориясы, шығармалардың орыс тіліне аударылу мәселесіне тоқтала келіп:



«Бердібаев жолдастың сөзі мені сүйсіндірді. Ол Қаулы шыққаннан бері 18 мақала жазыпты. Әсіресе, оның орыс әдебиеті туралы бес мақаласы маған ұнады. Соны осы жағынан мамандандыру керек. Редакция осындай авторлармен жұмыс істеуі керек. Мұра жөнінде өз алдына талқылаған жөн. Айтыс ашу дегенді жиі қолданайық. Бірақ ол бет тырнауға апармайтын болсын»,– деді жас «ұлтшылды» қорғап.

«Бет тырнасудан» бұл жолы да Мұхтар құтылмады. Сол кезде араларына сызат түскен Ә.Тәжібаев оны «тырнап алды». Өзіне тура келмей, ол туралы өлеңді сынады.

Х.Ерғалиев: «Әбділдә Тәжібаев өзі оқымастан, біреудің айтуымен менің Мұхаң туралы жазған өлеңімнен саяси қате табады. Жазушыларды атыстырды – дейді. Ал шынында ондай ештеңе жоқ».

Бұл хаттаманы келтіруіміздің себебі, қазақ әдебиетінің ішінде әлі де ұлтшылдықты әшкерелеудің, өзара жікшілдіктің, ретін тауып Мұхтарды мұқатудың тиылмағанын аңғарту.

Шығындап шыңға шығып бара жатқан кешегі иықтастарын биікке ұзатып салып тұрып, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов оны тағы да бір рет және ең соңғы рет етегінен тартып қалуға тырысты. Оған себеп болған «Дос – бедел дос» атты пьесасы. Заманауи тақырыпқа жолы болмайтынын біле тұрып қалам тартты. Пьесада өзінің мұқым өткен өмірін елес арқылы сахнадан өткізді. Сондай-ақ мұнда өзінен сотталғаны туралы «қара күйені» алып тастағанда өкімет басшыларына айтқан «Алашорда» туралы жазамын деген романының да сұлбасы бар еді. Осы пьесаны қалайда құлатуға ықыласы ауған екі дос өзара хат алысты. Шағын қазақы майданда Ғ.Мүсірепов С.Мұқановтың жағына шықты.

Бұл оқиғаның саяси қуғынға қатысы шамалы, бірақ ұзақ жылдарға созылған қырғи қабақ ырғасудың соңғы сүркілі болғандықтан да тек С.Мұқановтың Ленинградта жүріп Ғ.Мүсіреповке жазған хатын түсініктемесіз ұсынумен шектелеміз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   249   250   251   252   253   254   255   256   ...   271




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет