6. Мекемелерде аймақтардың барлық шаруашылық және мәдени мәселелерін ескі дәстүрмен шешуге үйреніп қалған көне мамандардың салмағы басым.
7. Ұлт коммунистері әбден жетілген, бірақ орталықтан жіберілген басшылар олардың адымын аштырмайды. «Бізді әлі пісіп-жетілген жоқ деп есептейді», – дейді олар.
8. Европалықтар мен қазақ коммунистерінің арасында меңіреу қабырға тұрғандай. Мүлде бөлектеніп өмір сүреді. Тіпті бірлесіп шахмат ойнағылары да жоқ.
9. Еуропалық коммунистер орталықтың жалпы бағытын ұстанып отыр. Олар принципті түрде сөз жарыстыруға да, пікір таластыруға да бармайды, мұның себебі – соңғылардың «шеттетілетігінде».
10. Ұлт өкілдерінің арасы қайнап-ақ тұр. Олар бірнеше топтарға бөлінген. Мұндай топшылдықты орталықтан жіберілген басшылар қолдап, тіпті, әдейі қоздырып отырады. Мақсаты не деймісіз? «Біріншіден, өз қожалығын нығайта түсу үшін; екіншіден, ішкі қайшылықтарды қоздыру арқылы орталық жүргізіп отырған саясаттың мәселелерін олардың назарынан тыс қалдыру үшін».
11. Қазақ коммунистерінің арасында үш топ бар: біріншісі – Голощекиннің маңындағылар, яғни, жоғарының нұсқауын орындау үшін неге де болса, қашан да даяр тұратындар, екіншісі – «солшылдар», олар да Голощекинді қолдайды, бірақ аз-кем тәуелсіздігі бар топ, үшіншісі – «оңшылдар», менімен сөйлескендер солардың өкілдері, айтпақшы «солшылдардың» өкілдері де «оңшылдарға» қосылып кететін көрінеді.
12. Келіспеушіліктің, жікшілдіктің сыры неде? «Бізді: байға қамқор болып, кедейді шөмішпен қағып отырсыңдар – деп кінәлайды, ақылға сиярлықтай кез-келген шараны айқын да дәл етіп түсіндіріп берсе, байларға қарсы өзіміз де қимылдар едік қой», – дейді бұлар.
13. Голощекин сөйлеген сөздерінің бірінде: «Қазақстанды кіші октябрьмен бір сүзіп шығу керек»,– депті. Бұл не сөз? Ол мұны түсіндірмеді де, нақты шараларын да айтпады. Қазақстандағы ішкі саясатта принципті түрде де, іс жүзінде де айта қаларлықтай алауыздықты аңғара алмадық. Мұның бәрі де РСФСР-ге қатысты мәселені көлегейлеп, ұмыттыру үшін қолдан жасалып отыр ма?
14. Менімен әңгімелескендердің екіншісі былай дейді: «Мәселенің құйтұрқы тұсы – Голощекин тобының ауыл мен деревняға деген көзқарасының бірдей еместігінде. Голощекиннің ойынша, орыс кулагын әжептәуір әлсіретіп және қорлап қойдық та, байды әлі қозғаған жоқпыз. Сондықтан, ауылдарды «октябрьмен бір шарпып өтпесе болмайды». Қысқасы, Голощекин орыс деревнясына азаматтық тыныштық орнатып, қазақ аулына азамат соғысын жариялағысы келеді.
15. Күннен-күнге кеудеден кері итеретін әдетке бой ұрып бара жатқан бюрократизм бізді тұншықтырып отыр, еуропалық және қазақ коммунистерінің арасында үнсіз араздық бар. Қорқыныш, екіжүзділік, бір-бірінің ізін аңду белең алып барады.
Жалпы жағдай туралы осы пікірлерде түсініксіз тұстар көп. Әсіресе, орыс деревнясы мен қазақ аулына байланысты нұсқаудың маңызы ерекше. Мәселенің мәні неде? «Оңшылдарға»: кулактарға ыңғай беріп отыр – деген кінә тағылатын секілді. Шындығында солай ма? Кейбір әкімдер: кулактарға болысып отырған ешкім де жоқ – дегенді желеу етіп, дамымай қалған облыстарда кулактарға болысып, өздерінің солшылдық беделін арттыруға, билік жүргізуді жеңілдетуге тырысып отырмаса неғылсын?
Владимир Ильич: шалғай шеттердегі орыс коммунистері көмекші, жөн сілтеуші болуға тиіс – дейтін. Ал, мұндағы «көмекшілердің» бірсыпырасы «қамқорлығына алғандардың» дыбысын шығаруға мұршасын келтірмей отыр. Жалпы алғанда, бұл ортадағылардың ой-пікірлері бір-бірінен мойны озып тұрмағандықтан, топ-топқа бөлінген коммунистердің де көзқарастарында нақтылық, тұрақтылық жоқ, ауытқу көп. Сондықтан оларды «оңшылдар» қатарына да, «солшылдар» қатарына да қоса салу оңай. Дегенмен Орталықтың бюрократизммен күресінің нәтижесінде жергілікті жерде ұлтшыл-байшыл идеологияның элементтері қалыптасуы да ғажап емес.
Неғұрлым мешеулеу дамыған халықтардың ұлт өкілдерінің ішінен жас, қабілеті барларын шетелге жіберіп, таптық күреспен жақынырақ таныстырып алса жақсы болар еді. Бізде олар бірден мемлекеттік-әкімшілік болмысқа тәрбиеленіп, қасаңсып кетіп жүр. Л. Троцкий».
Жоқты – идеяға, барды – тәргіге айналдыру большевиктердің ең қуақы саясаты болатын. Қазақ зиялыларына «троцкишіл» деген айдар таққызып, қасірет әкелген Троцкийдің осы сапарына қатысты мына бір оқиғаны да назарға іле кеткенді жөн санады.
Өжет те батыл, өткір тілді «орыс пен татардың қолбасшылығындағы қазақ полкінің» (өз сөзі) командирі Байкен Тыштыбаев бірде газет тігінделерін тиеп жүріп: «Кеңес мәдениеті жеңіл келеді, сондықтан да көтіңмен басып отырмасаң, аспанға ұшып кетеді»; сондай-ақ: «Қазақ полкін басқаратын қазақ туған жоқ», «1929 жылға дейінгі мал санын қалпына келтіру үшін үш немесе одан да көп бесжылдық керек», – деген сөздері үшін жауапқа тартылыпты. Оның үстінен кейін «намысты полковник» атанған Ә.Баймолдин көрсетінді жазған екен. Байкен Тыштыбаев 1937 жылы тергеушілерге:
«1928 жылдың аяғында, не 1929 жылдың басында (бұрынғы командирі – Т.Ж.) Бейсенбаев: «Троцкий қызыл армияның қолбасшысы әрі көсем, еңбегі сіңген адам, сәлем беріп шығайық», – деп ұсыныс жасады. Троцкий бізге: «Сендер жас бала емессіңдер, сондықтан да мені контрреволюционер деп жариялағанын білесіңдер. Енді сендерді жауапқа тартуы мүмкін»,– деп ескертті»,– деп жауап беріпті.
Оның айтқаны расқа айналып, іле Байкен Тыштыбаев бажасы Т.Рысқұловпен және Н.Нұрмақовпен, Ұ.Құлымбетовпен, С.Қожановпен, О.Жандосовпен бірге «троцкишіл, герман – жапон барлау қызметінің агенті» ретінде қосақталып, бәрі де атылып кетті. Айдаудан тірі оралған А.Байтұрсыновқа да, М.Тынышбаевқа да, Х. және Ж.Досмұхамедовтерге де, М.Жұмабаевқа да кейіннен тура сондай айып тағылды.
Сөйтіп, Троцкийге берілген сәлемнің құны бір емес, ондаған адамның және оның ішінде ең тұздықты қазақ қайраткерлерінің өмірімен өлшенді. Ол да болса заман үкімі.
Ал бұл үкімнің алғышарттары «Алашорда» көсемдерінің тергеу ісі тұсында қалыптанып, баптары анықталып, айыптау қорытындылары дайындалды. Көңiлде күдiк қалмас үшiн ОГПУ-дiң Қазақстандағы төтенше өкiлi Мироновтың тікелей М.Тынышбаевтің ісіне қарата бекiткен «Айыптау қорытындысын» барынша толық келтiрудi жөн көрдiк.
Достарыңызбен бөлісу: |