«Шықпаса жаның денеңнен,
Не салса тағдыр көрем мен.
Бір өзім үшін өлмеймін,
Бір ғана соған сенем мен.
Кеудеде әзір жүрек бар,
Тілек бар, соған сенем мен.
Артымда қыруар елім бар,
Өлсе де денем – мен өлмен!», –
деген өсиет сөзі ғана қалды.
Иә, өзі өлсе де Жүсіпбектің сөзі өлген жоқ. Сөзімен қоса мұқым қазақтың жандүниесін егілтетін «Екі жирен» әні қалды.
Оның, Жүсіпбектің аса шебер музыкант болғанын, алты-жеті әні бар екенін Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының естелігі де, Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытовтың бізге берген мағлұматы да, Семейдегі көз көргендердің куәлігі де растайды. Оған 1914 жылы Абайды еске алу кешінде Жүсіпбектің «Біржан мен Сараның» айтысындағы Біржан бейнесінде сақнада өнер көрсетуі соған дәлел. Сондай-ақ Жүсіпбек Елебеков марқұм да «Екі жиренді» айтқанда, оның екінші нұсқасын үйренген ауыл әншісі Толыбайдың тағдырын сөз еткенде Жүсіпбектің ән шығару қабілетін еске ала отыратын. Соның ішінде дәлелі анығы «Екі жиреннің»:
Көшкенде жылқы айдаймын, ахау, даламенен,
Сағынып, сарғаямын-ау, санаменен, –
деп басталатын нұсқасы.
Бұл әнді Жүсіпбек Аймауытов Торғайға мал айдап бара жатып, Терісаққан өзенінің бойында табынды жусатып жатқанда жолыққан бір келіншекке арнап шығарғаны туралы естелікті бізге Баукең – Бауыржан Момышұлы ғана емес, жетпісінші жылдардың аяғында Қалибек Қуанышбаев туралы кітап жазу барысында әңгімелескен Серке Қожамқұлов марқұм да айтып еді. Бұл деректі жұмбақ жымиысымен Ғабит Мүсірепов дегдар да мақұлдаған болатын. Бұдан өзге де оншақты әні, соның ішінде осы тергеу ісінде аты кездесетін әйел заты – Шәкітайға (Шын аты – Шәмши-Хамар), арналған «Шәмши-Хамар» (арабша Күн мен Ай, яғни, Күнсұлу деген сөз) әні де халық әнінің қатарында жүр. «Шамши-Хамар» әнінің шығу тарихына байланысты кезінде газетке фельетон да жарияланған. Біз оны әдейі назарға алмадық. Ол басылым туралы Муза – Мәруә Жүсіпбекқызы да мағлұмдар екен, оған шешесі Евгения айтып беріпті.
Әрине, бұл серіліктің хикаясы дербес әңгіме. Дегенмен де енді қайтып жарық дүниені көрмейтін сапарға аттанған өнер иесінің тіршіліктегі серілік қасиеттерін еске сала кеткіміз келді.
3.
Тергеу ісінің ҮІІ томның 372-бетінен бастап Ж.Аймауытовтың өзі жазған немесе өзіне келген хаттар, сондай-ақ осы томда Жүсіпбек Аймауытовтың әдебиет туралы жазбалары және екі суреті тіркеліпті. Сурет тура және қырынан түсірілген. Шашы қысқа. Көзі қысылыңқырап тұр. Мұртты. Кеудесіндегі ақ шүберекке «№ 2870» деген сан жазылған. Іспен алғаш рет танысқанымызда бұл сурет бар еді. Екі жылдан кейін қайта қолымызға алғанымызда, сурет жоқ болып шықты. Оған не амал бар. Қолма-қол түсіріп алатындай мүмкіндік қазіргіге қарағанда шектеулі болатын. Тығыз да кесімді уақыт, қысталаң кеңсе әдеби жазбалардың барлығын көшіріп алуға еркіндік бермеді.
Соның бірі – тінту кезінде алынған Жүсіпбек Аймауытов пен Молдағали Жолдыбаевтың Мағжанға жазған хаты. Зады бұл хат «Алқа» әдеби үйірмесін құру мақсатында ниеттеніп жүрген ақынның пікір білдіру туралы өтінішіне жауап болуы да мүмкін. Өйткені мұндағы пікірлерден «Табалдырық» атты бағдарламадағы ой ұшықтары аңғарылады. Анығы, «Мағжанның ақындығы» атты мақаласына дайындық тұсында жазылған. Әдебиет туралы пікір қозғау олардың ойында бұрыннан болса керек. Бұл хаттағы жазу үлгісі Жүсіпбектікі емес, зады, Жүсіпбек айтып тұрған да Молдағали жазған болуы керек. Әлде, не бұрын, не кейін біреу көшірді ме екен? Және қадым қарпінің жазу үлгісін пайдаланған. Соған қарағанда, Молдағалидың мәнері. Ал Молдағали – белгілі ағартушы, әдебиетші Молдағали Жолдыбаев па, жоқ па, оны ашып айта алмаймыз. Одан өзге лайықты адамды тағы да болжай алмадық.
Достарыңызбен бөлісу: |