Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


Бауырларың: Жүсіпбек, Молдағали”



бет164/242
Дата22.12.2021
өлшемі8,42 Mb.
#494
түріБағдарламасы
1   ...   160   161   162   163   164   165   166   167   ...   242
Бауырларың: Жүсіпбек, Молдағали”.

Мiне, шынайы тiлек, шынайы сын деген осы. Қаншама «жасасындатып», «қарғап-сiлеген» сыннан көрi Жүсiпбек пен Молдағалидың дәл осы сөздерi Мағжанға әлдеқайда мол әрi терең әсер еткенi сөзсiз. «Жиhан күйiгi» туралы iшкi рухани ақындық түйсiктi Мағжанның өлеңдерiнен алғаш аңғарған да және оны дәлелдеп берген де – Жүсiпбек Аймауытов. Қазiргi сауаты сан-салалы, әлем поэзиясына көзi қарақты сыншылар мен зерттеушiлер де мұны назардан тыс қалдырып келедi. Демек, ақынның жан құпиясы әлi толық ашылмады деген сөз.

Төменде назарға ұсынылып отырған Жүсіпбектің әдебиет туралы екінші хаты. Араб харпінде жазылған қазақша мәтінінің көшірмесі. Жазуы таңба сияқты анық, сұлу. Өкінішке орай хаттың кімге арналғаны туралы бастапқы жолдар таспадан хатқа түсіргенде өшіріліп кетіпті. Негізінен бұл хат Абдолла Байтасовқа, не Қошке Кемеңгеровке жолданған. Алғашқы сөйлемді:

«Әдебиет – ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі – көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды. Байлар да қайғырады. Әсіресе қазақ өмірінде бұл өте ажыратылмаған іс. Қазақтың тағдыры ортақ. Мен өзім де кедей боп өстім. Сонда көргенім, кедей жігіттері...»,деп бастап, пікірін одан әрі былай жалғастырады.

Сонда көргенім, кедей жігіттері жаман аяғымен, байдың жақсы төсенішін былғайды. Тілегенін сұрайды. Қызының, қатынының қойынына барсам ба деп дәме қылатындар да бар. Осылай жүрген еркектерде байдан бөтен дүниеге көзқарас болуға мүмкін бе? Сірә, біздің жас марксшілер үлкен кітаптарды оқып алады да: «Мынау қазаққа келеді екен», деп жалшының, не мұжықтың көзімен қазақты өлшейді. Марксті біздің жігіттер қазаққа жанастыра алмай, шатақ осыдан туып жүр ғой деп ойлаймын. Қазақ өзгеше (своеобразный) тұрмысты, тарихты, салт-саналы жұрт болуға керек. Қисыншыл (теоретик) болумен тәжірибешіл болудың арасы алыс. Біздің Ғаббас алдыңғысы болар деймін. Әуелі қазақты оқу керек. Қазақты білемін дегенмен көбіміз біле бермейміз, оны мен Бройданың кітабынан көріп отырмын. Біз анық біле алмай, көмескіленген нәрселерді ол анық айтып отыр. Қазақ – ұйымсыз, қазақ берекесіз, қазақ – ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мінезі де сондай жұрт. Бұл мәселе түбірленбей тұрғанда біз де даудың шегі болмайды.



Тағы бір қосылмайтын жерім: «Ақын – таптыкі ғана болады. Бірақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады», деп Плеханов айтады. Оны Ғаббас жазып отыр. Олай болса, қазақ ақындары тапқа неге қамалып қалды. Неге байшыл, неге діншіл болуға міндетті? Отаршылық зардапты бай, кедей, ұлт болып тартқан жоқ па еді. Жерінен бай да, кедей де қуылған жоқ па еді? Малы жоғалса хохолдан бай да, кедей де таяқ жеп, өлгені өлген жоқ па еді. Ұлт мұңы бұрын бір емес пе еді? Бір болғандықтан да, Асан қайғысы, Бұқар жырауы, Шортанбайы, Абайы, Ахметі, Міржақыбы, Мағжаны, тағы басқалары отаршылдыққа, орысқа, патша өкіметіне қарсы болып келген жоқ па еді? Осы өткен ақындардың бәрін байшыл, кедейшіл қылып алып, одан кейін Мағжанға, тағы тағыларға келсе, сонда жүлгелі (последовательный) болып сынаған болмай ма, әйтпесе, Мағжан байшыл, Міржақып байшыл, Бейімбет кедейшіл деген сөз бола ма?

Төңкерістен бұрын, деген қара кедей Сәбит Дөнентайұлы да, Бейімбет те бәрі де ұлтшыл болып жазып жүрсе, енді кедейді бетке ұстады деп, олар тап ақыны бола қалмақ па? Бояма ақын бола ала ма? Әдебиеттің сұйылуы боялудан шығады деп білемін. Шындап ақын жаза алмаса, ақын емес, етікші. Рас, пікір жүре өзгереді. Орыс жазушыларының да кейбірі төңкерістен кейін жарамсақтанған, олардың ішінде жарамсақтықтан аманы да бар. Қазақ ақындарының пікірі соншама күрттен өзгергендей жағдай болған жоқ: өйткені төңкеріске біз көлденеңнен қосылдық. Ащылы, тұщылы тауқыметін басымыздан көшіргеміз жоқ. Сондықтан тек думанға, дүрмекке қызып, төңкерістің маңызын, дәмін тата алмай (...) қалдық. Сол дүрмекпен әлі келе жатырмыз. Күшенгенмен сөзіміз үйлеспей жатыр.

Мен өз басымдағыны айтайын. Өзім нағыз кедейдің баласымын. Бай туысқандарымнан зорлық, қысым көріп өстім. Балаң орыс болып кетеді, солдатқа алып қояды деп, немере ағам орысша оқытқызбаған. Өз баласын орысша оқытып жүріп, мені оқытпаған. Сөйтіп мен, байға, жуанға өш болып өстім. Бірақ, жүре, оқи, көз ашыла келе, байдың да, кедейдің де орыстан көрген қорлығын көрдім. Шорман ауылының Қаракөл деген ата қонысын, Баян төңірегіндегі қазақтың шұрайлы жерлерін келімсектер алды, оны мен естідім де, көрдім де. Орыс стражниктерінен, полицейлерінен қазақтың талай таяқ жегенін көрдім. Ана жылғы Қарқаралыға хохолдан қорқып, қашып келіп жүрген Жетпісбайлар есімде. Хохол жоғалған малы үшін оның (надан адам ғой) атын тартып алса, ол сотқа берген ғой. Сотқа беретін неме екенсің деп, хохолдар оның аулына жиналып келіп өлтірмек болған. Содан (ҮІІ том 148-бет) қорқып, қыстай үйіне жолай алмай жүрді ғой. Ақмола үйезінде Төкіш деген бір кедей әнші бар еді. Жақ жоқ әнші еді. Соның ауылын малы жоғалған хохолдар шауып, Төкішті тепкілеп өлтірген.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   160   161   162   163   164   165   166   167   ...   242




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет