«Ташкент қаласы Пушкин көшесі №10/12 үйде тұратын Есім Байғасқин нақты мына айғақтарды көрсетті:
«Алашордашылардың» іс-әрекеттері туралы білетіндерімнің барлығын өткен жолғы көрсетіндімде жазып берген болатынмын. Мен олардың жұмысына араласқан емеспін, «Алашордашыларды» маған сеніммен қарап, сырын жасырмай шынын айтатын Байтасовтың әңгімелері арқылы ғана білемін. Қазақстанда, оның ішінде Петропавлда тұрғандықтан да алашордашылардың ішінде жүрдім, бірақ олардың тобына қосылғамын жоқ. Өйткені олар аса сақ жүрді, маған сенімсіздікпен қарады. Себебі, Байділдин мен Тоқтабаев оларды іс жүзінде сатып кеткен болатын. Жоғарыда айтып өткенімдей, маған тек Байтасов қана сеніммен қарайтын.
1922 жылы Орынбордағы кеңес құрылтайына қатысуға келгенімдегі бір оқиға есіме түсіп отыр. Мен сонда оқитын Байтасовпен кезігіп қалдым, ол Сәдуақасовтың ба, Кенжиннің бе, Байділдиннің бе, әйтеуір біреуінің пәтеріне шақырды. Біз барғанда Кенжин, Нахимжанов, Байтұрсынов, Сәдуақасов, Байділдин және тағы басқалар сонда отыр екен. Отырғандардың біреуі Рысқұловтың Байтұрсыновқа арналған хатын дауыстап оқыды. Хатта: Рысқұловтың Москвадан Ташкентке бара жатқаны, Орталық комитет бұған Түркістанда қызмет істеуді сеніп тапсырғаны хабарланыпты. Отырғандар хатты талқылай келіп: Қожанов пен Рысқұловты татуластыру керек. Олардың арасындағы араздық ұлттық мүддені шешуде кесірін тигізеді – десті. Бас қосуда Байтұрсыновқа: Екеуінің арасындағы кикілжіңді тоқтатуды өтініп Қожанов пен Рысқұловқа хат жазу туралы ұсыныс жасалды. Хат Ташкентке Байтасов арқылы жолданды. Оның қандай мазмұнда жазылғанын білмеймін. Байтасов Ташкенттен Орынборға қайтып келгенде маған: Қожанов пен Рысқұлов татуласты, өзара кикілжіңдерін қойды – деді. Содан кейін мен Петропавловскіге кетіп қалдым.
Өткен жолғы тергеу барысында ұмыт қалған тағы бір жайды айта кеткім келеді. Бірінші көрсетіндімде: 1922 жылы мамыр айында Әнуар паша мен Заки Валидовтің келуіне байланысты алашордашылардың арасында қозғалыс басталғанын, түрікшіл үгіт-насихаттың күшейе түскенін, оған Мұхтар Әуезов пен Тоғжановтың белсене араласқанын жазып берген болатынмын (бірінші көрсетіндіні қараңыз). Петропавлдағы алашордашылардың арасында жүргізген түрікшілдікті насихаттаған отырысқа сол кездегі губаткомның төрағасы Смағұл Қазбеков, губпарткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Мұхамеджан Бейсенов, Әуезов, Тоғжанов, Жұмабаев, Қияқов т.б. қатысты, кеңесте олар ешқандай да қорытынды шешім қабылдаған жоқ, өзара пікір алысумен шектелді. Нәтижесінде ешқандай әрекет жасамауға, Әнуар паша мен Заки Валидовтің іс-қимылын күте тұруға келісті. Міне, олармен араласып, таныс-біліс боп жүрген Байтасовтың айтуы бойынша менің бар білетінім осылар.