Енді әңгімені өз жағыма аударайын. Жаз – ай жарым елде болдым, 2 ай шамасы Қызылжарда болдым. Көңіл-күй жақсы. Әзірше ойлаған нысанаға дәл тиіп келеді. Ана жағын айтам. Бізге қырын қарайтын (өсек айтпаса іші кебетін бір адамдардан келген хабар болса керек) біреу, ол туралы саған теріс информация берген сықылды. “Онымен мен қосылыппын, ол менен өзгеріп қалса да, сырттағы бір күш еріксіз...”,– деген сықылды. Бұл сөздердің источнигі атақты қу атышулылардан шыққан көрінеді. Әминаның сіңілісін Байділдин алды. Ол тұқыммен біз ежелден дұрыс болмайтұғынбыз. Дұрысында бұрынғы күйімізден ешбір өзгеріс болған жоқ. Қайта одан көрі өмір қызығырақ болған сықылды. Бірақ саған ол күйді суретті түрде сездіруге қалам шабан ғой. Өзің ауызға салып жіберсең, “иә, солай”– дер едім. Қалайда, көңіл тынды. Ресми тұруды оның оқуын бітіруіне байлап қойдық. Ол жағынан қысқаша хал-жайымыз осы.
Мағжанға жолықтым. 15 күндей бірге болдық. Ол саған қатты разы. Жалғыз сын жазғандықтан емес, сенің соңғы жазғандарыңа қанағаттанды. Осы күнге шейін айызым қанған сәулетші қалам “Нұр күйі” болды, қызыққандықтан әлденеше оқыдым”,– дейді. Ақынның мұнысы сен туралы ойлайтын менің ойларымды нық бекітті. Қуандым. Онымен түрлі мәселелер туралы көп кеңестім. Соны пікірлері бар, дүниеге көзқарасы нығайған сықылды. Мұхтар оған: “Түбінде жалғыздар тобы жасайды, біз жалғыздар тобының құрамасымыз”,– деп жазады екен. Бұл пікірді Мағжан да қуаттайды. Екпіні күшті қалам, сиқырлы сөз, негізі берік пікір түбінде алып та, шалып та жығады – деп ақын шалқып-ақ жүрген көрінеді. Оның настроениесін көтеріп отырған Мәскеу. Мәскеуде әдебиет туралы пікір жарысы бар, майдан бар сықылды. Европа әдебиетшілерінің де соны пікірі жарыққа шығып қалатын шақтары болады,– дейді. Марксшылдыққа қарсы пікірді қолдайтын әдебиетшілер де пікірлер ұсынатын сияқты. Тегінде бірезулік қылмай, ғылыми жетіп, сығалап жүріп таңдап ала алса, пікір тудыратын майдан ашылағандай. Қапелімшіл желөкпелер көп ағымның арасында кез-келгенінің біреуіне қақтығып, саломдай салмақпен біреуіне еріп жүре беретіндей сияқты. Біздің Қызылорданың ВАП-ы да сондай бір ағымға еріп бара жатқандай деседі. Түрлі әдебиет ағымдарымен таныстыру үшін олардың программаларының жинағы басылып шығыпты, Мағжан маған жібермек болды. Сен де сұрап алып таныс.