Мағжан саған жазуданқажитын емес дейді, өзің де енді шет тұрғаннан кейін жазудан тартынбассың. Мағжан, Әлекең (Әлихан Бөкейханов – Т.Ж.) “Восиздаттың” науч. сотрудниктері. Мүмкін бұлар арқылы жазуға кітап та аларсың. Мектеп балалары оқитын әдебиет кітаптарын қазақшаға аудару керек дейді, оларды осы күннен сұрауың керек сықылды.
Мұхтар: «Әдебиет соңынан жарық алып түстім. Оқимын»,– деп Ленинградқа кетіпті. Оның “Таңдағы” соңғы жазған әңгімелерін оқыған шығарсың. Мен анық байқай алмадым, әйтсе де, жақсы-ау! Мұхтар Мағжанмен жиі жазысып тұрған екен, пікірлерін оқыдым. Олардың енді бір ойы: сол ұйымдардың бір қазаққа қолайлы деген біреуіне қатынасып, қазақ әдебиетіне лайықты жол деген жолдарын ұсынбақ. Баяндамалар жасап, пікірлерін тыңдатпақ. Мағжан жаза бастапты. Мәскеуде бірнеше қырғыз, қазақ тілдерінде шыққан әдеби кітаптарға сын жазған екен, олар да басылыпты. Мағжан биыл бұл жағына күрделі кірісемін деп отыр.
Ташкенде тұрмыс жағынан биыл қыс ауырлық көрмеспіз. Қошке институтқа әдебиет сабағын беремін деп барып еді. “Жәшейке қабыл алмады”,– деп жүгермектер қабыл алмады. Қошке военный школға кірді. Мен орыншамын. Менің мұндағы қуанышым: педфак түзеліпті, программа жақсы. Әдебиет тарихы. Тәрбие жағы күшті. Әзірге оқу басталған жоқ.
Жалғызсырайтын емеспіз. Жолдастар бар. Әйтседе, сенің орының бөлек. Биылғы хатың мені көп желпіндірді. Жазып тұр. Не жазайын демессің. Өміріміздің қою-сұйығы, ащы-тұщысы бір-бірімізге мәлім шығар деп ойлаймын. Туғаныңды көргем жоқ, өлгеніңе жыламаймын–дейтін жеріміз жоқ. Достық пен махаббатқа сауда жоқ деген иман қайсымызда болса да бар. Достың таза сөзінен қымбат нәрсені мен өзім әзірге білмеймін. Жалғыз-ақ, шын достық санаулы екенін білемін. Бірақ достықты тар кезең, талма жер көрсететін көрінеді ғой.