«Қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымы жөніндегі іске байланысты Әбдірахман Байділдин мынаны көрсетті:
1922 жылдың басында, мен қазақ өлкелік «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып жүрген кезімде, маған алашордашыл ұлтшыл Байтұрсыновтың нағыз контрреволюциялық бағыттағы бірнеше мақаласын жариялауға тура келді. Біз ол кезде ұлтшылдардың ықпалында жүр едік. Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың ықпалымен мен көптеген ұлтшылдармен байланыста болдым. Әлі есімде, 1922 жылы Орынбор қаласында ұлтшылдардың кеңесі өтті. Ол кеңеске: Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Сәдуақасов, Елдес Омаров және мен, Байділдин қатыстым. Кеңесте отаршылдарға қарсы күресу үшін ұлтшылдардың ұйымшылдығы мен бірлігі керек екені айтылды. Осы кеңесте Байтұрсынов бізге жақсы адам ретінде «Алашорданың» бұрынғы жазалаушысы Рахметолла Қаржаубаевті қызметке алуды ұсынғаны да есімде. Менің алған әсерім бойынша, ұлтшылдар әлде бір контрреволюциялық, құпия мәселесі бар сияқты көрінді»,– деп әшкерелей жөнеледі.
Осы көрсетінді бойынша ондаған адам жауапқа тартылып, оларға айып ретінде тағылды. Біз ол үзіктерді қажет тұстарда келтіргендіктен де, бұл арада қысқарта пайдаландық. Анық байқалатыны: Смағұл Сәдуқасовты қылмысты етiп шығаруға тырысқан тергеушiлер «Қаламды» солай қарай қақпайлай беріптi.
Ә.Байділдин (жалғасы): «1925 жылы Ү партия конференциясының қарсаңында Москва қаласындағы Смағұл Сәдуақасовтан хат алдым, ол хатты партия конференциясы кезінде портфелімнен біреу ұрлап әкетті. Оған қоса Голощекиннің атына дайындалған баспасөз жөніндегі баяндамамды да ұрлап кетті. Хаттың мазмұны мынадай: жер мәселесі жөнінде ол кезде біраз түсініспестіктер орын алған болатын, соған орай жұмыс жасауымды өтініпті, қалғанын келген соң түсіндіремін – депті. Маған хатты Әлімхан Ермеков әкеп берді. Мен ол кезде партияның платформасы жағында болатынмын, сондықтан да олар менен сескенетін. Мен Ермековке қарсы сөйледім. Кейін ол Тоқтабаевқа: «Байділдинді Семейге әдеби қызметке жіберу керек», - депті. Сәдуақасов Москвадан келгеннен кейін екеуара пікірлестік. Ол маған: «Жер мәселесі жөнінде неше түрлі бейбастақтық орын алып отыр, бел шешіп күресу керек, Қожанов отаршылдармен табандап күресті, алайда қазақы тәсілмен күресті, ал мұнда Шыңғысханның тәсілі керек», – деді. Сонымен қатар ол маған: менің көңіл-күйім 1921 жылғыдан төмен, не істерімді білмей жүрмін. Бұл жөнінде Қожановтың айтқаны дұрыс, алайда мен табандап күресе алмадым,– деді. Біз ол күні ұзақ дауластық, пікір таласы таңға дейін созылды. Мен оған: партияның отаршылдықты саналы түрде қолдауы мүмкін еместігін айттым, екеуміз ұрсысып қалдық та, мен оның пәтерінен кетіп қалдым. Содан кейін оның мінезі жөнінде «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жаздым. Сәдуақасов: «Алашордашылармен» бірігіп, ұйымдасу қажет, отаршылыққа қарсы күресті жалғастыру үшін топшылдықты қойып, Қожановпен бірігу керек,– деді. Сонымен қатар: Смирновтың, Калининнің отаршыл бағыты үстемдік алып кетуі мүмкін, сондықтан да барлық қазақ коммунистері мен ұлтшылдары топшылдықты тастап, басын біріктіріп, жұмыла жұмыс істеу керек,– деді. Ол жер мәселесі жөнінде бағдарлама жасауды ұсынды».
Бұл да аңғалдық па, алаңғасарлық па? Әйтеуiр парасатты, өмiрдiң шындығын бағалай бiлетiн адамның сөзi емес. Өзiн ату жазасына бұйырып отырған тергеушiден қандай достық күтпек? Жанын сақтап қаламын деп жанын суырып берiп отырғанын шыныменен де аңғармағаны ма? Өкiнiшке орай, ол мұнымен де тоқталмаған, екпiнiн үдетiп, «тағы да айтарым», «өткен жолғы жауабыма қосарым» деп қойып, отыз-қырық беттен тұратын «жауаптарын» жаза берiптi.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Аз уақыт өткеннен кейін қонақжай дастарханы деген желеумен Сәдуақасовтың өтініші бойынша Алдоңғаровтың үйінде өткен бас қосу есімде қалыпты. Ол бас қосуға: мен, Тоғжанов, Алдоңғаров, Нахимжанов және Сәдуақасов қатысты. Сол арада Сәдуақасов Тоғжановтың, Алдоңғаровтың, Нахимжановтың қолдауына сүйеніп тағы да ұйым құру туралы мәселені көтерді, маған тиісе сөйледі. Біз тағы да керісіп қалдық. Тек мен және Тоғжанов қана оларға қарсы шықтық. Петропавл уезінің бір студенті, атын ұмытып қалдым, өзіне Орал уезінен келген бір студенттің Жолдыбаевтің пәтерінде жиналған алашордашылардың кеңесіндегі сөздерді, ішінде Байтұрсынов, Дулатов, Ермеков, Қадырбаев, Жолдыбаев және басқалары бар, естігенін жеткізіпті. Онда саясат мәселесі талқыланыпты, соның ішінде мен туралы да айтылыпты. Олар мені: нағыз сатқын болып шықты, бұдан арғы іске кесірін тигізуі мүмкін, сондықтан да мені орталықтан – Өлкелік комитеттен алыстатуға қол жеткізу керек – десіпті. Мен әлгі студентке естігеніңнің бәрін ГПУ-ге жеткіз,– дедім, ол уәдесін берді.
Ү партия конференциясына арналған жер мәселесі жөніндегі тезистерді Жандосовтың жеке өзі дайындады... Ү партия конференциясы қарсаңында ұлтшылдар Жандосовтың үйінде бірнеше кеңес өткізді. Онда Сәдуақасов пен Қожановтың топтары жер мәселесіне байланысты бас қосты, оған Нұрмақов пен Жандосов белсене араласты. Жер жөніндегі және Ү партия конференциясына қатысты екінші мәжіліс Сәдуақасовтың үйінде өтті, оған: Сұлтанбеков, Смағұл Сәдуақасов, Мұстамбаев, Кадаленко қатысты. Мұхтар Мұрзин де қатысты-ау деймін. Ол кезде Ташкенттен Қабылов пен Жүргенов келген болатын. Мәжіліс туралы мен Алдоңғаровтан естідім. Мен атын атағандардан басқа, бұл мәжіліске Семейден келген Мұхамеджан Бейсенов қатысты. Бұл кеңесте жер мәселесі, тезистердің баптары, Өлкелік комитеттің құрамы талқыланды. Бұдан басқа да кеңесулер өтті, оған кімдердің қатысқанын анық білмеймін. Сұлтанбековтің үйінде өткен кеңеске Қожанов, Мыңбаев, Сәдуақасов, Нұрмақов, Жандосов қатысты, анығын білмеймін, бірақ Құлымбетов те іштерінде болған сияқты. Онда қазақ белсенділерінің барлығы да болды. «Алашордашылардан» кімнің қатысқанын білмеймін, бірақ, солардың іштерінде болғаны анық. Кеңесте Жандосов жер мәселесі жөнінде баяндама жасады, содан кейін Қожанов, Сәдуақасов және Мыңбаев сөйледі. Ү партия конференциясының қарсаңында Қожанов Қызылордаға келді».
Оның 1929 жылы шiлденiң 25 күнгi берген, тасқа басылғанда 45 беттік кәдімгі кіші-гірім кітапшаның көлеміне пара-пар көрсетіндісі – ең басты айыптаушы айғақтың бірі болды. Сондықтан да оның бәрін қамту мүмкін емес.
Ойымыз шашырап кетпес үшін әкімшілік пен партиялық жіктелуге қатысты кейбір тұстарын ықшамдап пайдалануға тырыстық. Күндердің күнінде бұл көрсетінді толық жариялана қалса, ондағы оқиғалар арқылы көптеген пікірлерді қайтадан сараптап, кейбір жақсы атты боп жүрген қайраткерлердің халқына, не жеке адамға жасаған қиянатына көз жеткізер едік.
Байдильдиннің жауабы: «25/ҮІІ-І/ҮІІ №-1929 жыл. Мен өзімнің бір жолғы көрсетіндім арқылы сәдуақасовшылардың бүкіл тарихын толық айтып шыға алмаймын. Оған қазір қажетті жағдай жасалмай тұр, ең бастысы, керекті құжаттар қолымызда жоқ. Мен бұл арада осы ағымның бұрынғы жақтаушысы есебінде оның жалпы даму сатысының нобайын түсіремін және өзімнің есімде қалған кейбір деректерді айтып беремін. Сонымен қатар, кезінде дос-жарандарымнан естіген деректерді де пайдаланамын, әрине, ол деректердің дәлдігіне кепілдік бере алмаймын. Сәдуақасовшылдық ағымы партияға қарсы бағыт ретінде ҚАСР-нің құрылған күнінен бастап ұйымдасусыз-ақ қалыптаса бастады».
Ә.Байділдиннің жауабының «тыңғылықты» екені және «тақырыпты игеру» үшін барынша күш салғаны осы сөздерден-ақ байқалады:
Достарыңызбен бөлісу: |