«Мен сен сөйлеп отырғанда көтеріліп-басылған жанартаудың үстінде отырғандай болдым. Сөйлегендегі жалының бетімді шарпыды»,– деп баға берді.
Бұл пікірді Сібір ревкомының өкілі В.Соколов та өзінің алпысыншы жылдары жарияланған естелігінде:
«Қайратты қара шашы артына қайырылған, келбеті қазақтардан оқшаулау жас қазақ жігіті жалындай шарпып, аса қызу сөйлеп, ораторлық қисынды қабілетімен комиссияның ықпалын өзіне қаратып алды»,– деп (Мәдениет және тұрмыс, 1964, № 11) жазды.
Шындығында да, мүлдем басқа талап қойып, солтүстік облыстарды Ресейдің құрамында қалдыруға өкім дайындап келген В.Соколов қарар үшін дайындаған сөзін жұмсартып:
«Баяндамашының пікіріне негізінен қосыламын. Алайда Солтүстік облыстардың Сібірден бөлінуі, онда шоғырланған орыс тұрғындарының Қазақстанға мәжбүрлі түрде қосылуының салдарынан, ұлтаралық алауыздықты туғызуы, өзара қақтығысқа алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, Орынбор әкімшілік орталық ретінде казактар мен қазақтардың арасындағы қырғиқабақ қатынасты өршітуі мүмкін, сөйтіп, қазақтар көтерілістің отына шарпылатын қауіпті жағдайға тәуекел етіп отыр. Ресей тарихы қазақтарға Қазақстанның аса ауқымды территориясын басқара алатын мемлекеттік аппарат құратындай мардымды білім мен ұйымдастыру тәжірибесін игеруге мүмкіндік берген жоқ. Ал мұндай басқару аппаратынсыз Қазақ автономисы таяу арада өз-өзінен ыдырап тынады. Жерді бірте-бірте өз үлесіне қаратып, басқару аппаратын құрғанша бірталай уақыт керек, сондықтан да бұл міндетті қазір Қазақ ревкомымен тығыз байланыста басқарып отырған Сібірревкомы мен Түрккомиссиясының құрамында қалдыру қажет»,– деп (сонда, 361-бет) ұсыныс айтты.
Қазір, бұл пікір ашық қарсылық есебінде бағалануы мүмкін және Сібір ревкомы бұл ұсынысты 1922 жылға дейін ұстанып, солтүстік облыстарды қарамағынан шығармады. Алайда сол кездегі, сол күнгі психологиялық ырғасу тұрғысынан алғанда, бұл «жұмсақ пікір» еді. Әйтпесе, мәселе, Қазақ автономиясына солтүстік облыстарды беру – Ресейді бөлшектеу, қазақ еңбекшілерін социалистік қоғамнан шеттету, пролетариаттық интернационалдық парыздан бас тарту, қызыл армияның төгілген қанын қорлап, кеңес өкіметінің орнығуынан бас тарту – ретінде мәлімдеме жасалса, бұл мәселенің дәл сол кезде шешілуі және шешіле қалған жағдайда да солтүстік облыстардың Қазақстан құрамында қалуы неғайбыл еді. Ал, жаңағыдай «автономияны мойындай отырып келтірілген «бірақтар», сөз арасындағы саяси «брак» – сылтау ғана еді. Түркістанның білгірі, «Түрккомиссияның» өкілі Г.Сафаров та:
«Түркістандағы қазақ облыстарында кеңес өкіметі әлі орныға қойған жоқ, бұл бағытта өз бетінше жұмыс істей алатын күш те жоқ, сондықтан да әуелі негізгі құрылымды нығайтып барып, содан кейін ғана бірте-бірте іске кіріскеніміз жөн», – деп солқылдақтық танытты.
Түркістан республикасын «әсірекеңестендіріп, бір күнде социализм орнатпақ болып, мемлекетті анархиялық жағдайға әкелгені үшін» Кремльге шақыртылып алынып, «Түрккомиссиясының» жетекшілігі міндетін атқарған Г.Сафаров «қазақ автономиясының» құрылуына мүдделі емес болатын, керісінше, Т.Рысқұлов, Н.Хожаев сияқты жергілікті қайраткерлерді Сталиннің ырқымен биліктен ысырған «аралық қайраткер» еді. Автономияның құрылуына тікелей мүдделі Қазақ ревкомының төрағасы С.Пестковскийдің өзі:
Достарыңызбен бөлісу: |