«Алашорданың басты екі адамы өздерінің де, бұрынғы пікірлестерінің де төңкеріске қарсы болғандығын әшкерелеп, өз кінәларын жууға уәде беріп отыр»,– деген тақырыппен «Социалды Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің 1932 жылғы 10 маусым күнгі санында жарияланды.
5.
«Ашық хатта» тергеу ісіне қатысты деректер қамтылғандықтан да мәтінді толық келтіреміз. Басқарманың атынан төмендегідей түсініктеме берілген:
«БАСҚАРМАДАН: төменде төңкеріске жау «Алашорданың» бұрынғы көрнекті басшыларынан болған Ермек ұлы мен Әуез ұлының хаттары басылып отыр, бұл хаттардың тарихи маңызы үлкен. Бұл хаттар «Алашорданың» бұрынғы ірі адамдары Мұхтар мен Әлімханның кеңес үкіметі жаққа қарай бетін түзегендігін көрсетеді. Бұлар хаттарында салт-сана жөніндегі құралдарын бір жола, тегіс тастағандығын, өткендегі төңкеріске жау істерінің бәрін де сөгетіндігін айтып отыр; бұлардың сөздері ауылдағы байлардың жоғын жоқтап, сойылын соғатын төңкеріске жау, ұлтшыл Алашорда оқығандарының салт-санасы да, ісі де мүлдем күйреп, іріп отырғандығын көрсетеді. Кеңестер одағындағы социалды құрылыстың адам айтқысыз зор табыстары бар, бес жылдық жоспар төрт жылда ойдағыдай орындалғалы отыр; екінші бес жылдықта тапсыз социалды қоғам орнату бес жылдығында алға қойылып отырған міндеттер жер жүзіндік тарихи маңызы бар зор міндеттер; помещик-буржуазия үкіметін енді қайта орнату талаптарының қай-қайсысы болса да бос үмітсіз талап екендігіне жаңағы айтылған табыстар толық айғақ бола алады.
Партия мен кеңес үкіметінің Қазақстандағы табыстары да адам айтқысыз зор. Лениншіл ұлт саясатының дұрыстап жүргізілуі арқасында Одақ пролетариатының көмегі мен Қазақстан артта қалған мешеу өлкеден ауыл шарушылығы басымырақ индустриялы, социализм орнатушы өлкеге айналды. Осы табыстар буржуазияшыл ұлтшыл оқығандардың ішіндегі аса адал ниет, бейілі түзулеріне бұрынғы идея-саяси бағыттарының теріс екендіктерін, олары мұратқа жеткізбейтінін сездіріп отыр; ескі ұлтшыл, төңкеріске жау жаңа интервенция жолдарынан қайта бастауларына себепші болып отыр. Ермек ұлы мен Әуез ұлы хаттарында салт-сана жөніндегі қаруларын тастағандығын айтып отыр; пролетариат төңкерісі мен қазақ еңбекшілері алдында істеген ауыр қылмыстарын жууға дайын екендіктерін айтып отыр; бұл үшін «төңкеріс ісіне адал қызмет етемін» (Әуез ұлы) деп отыр.
Шоқаевшылардың, интервенцияшылдардың, ұлтшылдардың Қазақстан «кері кетіп барады», «Қазақстан сықылды бұрын патша отары болған елдердің алдыңғы қатарлы социалды республика болуы мүмкін емес», – деген шатпақтарының бәрі де төңкеріске қарсы екенін, мейлінше өтірік, ешбір негізі жоқ, шірік, сасық өсек екенін Ермек ұлы мен Әуез ұлының жаңағы сөздері тағы да дәлелдеп отыр.
Ермек ұлы мен Әуез ұлының мәлімдемелерінде ұшырайтын қайбір ашық айтылған жерлерін қазір талдап, тексеруді былай қоя тұрғанда, басқарманың айтатыны: бұлардың, мәлімдемелері, олардың адал ниетті, бейілі түзулігін Қазақстандағы социалды құрылысқа белсене қатысуларымен көрсетулері керектігін айтады».
«Ашық хатта» Ә.Ермеков өзінің тергеушілерге берген жауаптарындағы пікірлерін жүйелей пайымдаған. Сондай-ақ қысқартылып, қосылған абзацтар мен сөздер де кездеседі. Біз қалың көпшіліктің назарына ілінген газеттің мәтініне жүгіндік.
Достарыңызбен бөлісу: |