«Әкемді 1929 жылдың күзінде айдап әкетті. Әкем де, шешем де: «Енді көрісуіміз неғайбыл»,– деп жылапты. Әкем мені қолына алып, иіскейін деген екен, оған күзетшілер жібермепті. Бектұр мен Жайық қандарын ішіне тартып, көздерінен от шашып, жұдырықтарын түйіп тұрып қалыпты. Мұның бәрін мамам айтып отыратын. Шешем әр жерге арыз айтып, қуынған екен, ештеме шықпады. 1931 жылдың аяғында Надежда Константиновна Крупскаядан хат келіпті. Онда ол кісі: «Сіз енді босқа әуре бола бермеңіз, жұбайыңыз жер бетінде жоқ. Мен оны әбден тексеріп білдім», - деп хабарлапты», – деп (З.Ақышев.Қайран Жүкең..., «Шалқар» 1990, қазан) еске алады.
Ұлттың рухани өмiрiн тiзерлетiп кеткен бұл зауалдың бетiн қайыру мүмкiн емес-тiн. Оған Қужақтың – Голощекиннiң өзi де араша түсе салмайтын. Дегенмен де, адамның үмiтi үзiлген бе? Он төрт томнан асатын тергеу хаттамаларының iшiнен жоғарыдағы Муза (Мәруә) Жүсіпбекқызының сөзін растайтын, жұбайына араша түсiп, оны ақтап алуға тырысқан жалғыз-ақ әйелдiң хаты шықты. Ол Жүсiпбек Аймауытовтың қосағы – Евгения Аймауытова едi. Шоқынған қазақ үйiнiң сауатты қызы өзiнiң арыз-арманын Голощекинге жолдап, одан қайырымдылық пен адамгершiлiк танытуды өтiнiптi. Арманда кеткен асыл жарының сол тiлегiмен оқырманды таныстыра кетудi парыз санадық. Хаттың мазмұны мынандай:
Достарыңызбен бөлісу: |