«Патша үкіметі бұратаналарды тұрпайылықпен және өркөкіректікпен қанап отыр», – деген сөзі қатты әсер еткен.
1905-1906 жылдары арасында қазақ студенттерімен бірігіп осы бағытта үгіт-насихат жүргізген, «Фикр», «Уральский листок» газеттеріне мақала жазған. Сол үшін абақтыға отырып шыққан. Бақытжан Қаратаевтің мемлекеттік Думаға депутат болуына ықпал еткен. 1910 жылдан бастап ақпан төңкерісіне дейін ауылда дәрігерлік еткен. Оқу-ағарту саласына ынта қойған. А.Байтұрсынов пен М.Дулатов шығарып тұрған Орынбордағы «Қазақ» газетіне белсене араласқан. Ұлттық-демократиялық ұстанымды жақтаған. Кейін Ә.Бөкейханов жетекшілік еткен ұлттық партияның, яғни, «Қазақ» газетінің бағдарламасын қолдап саяси пікір алысуларға қатысқан.
Жауабының соңын:
«17-жылға дейін қазақ ішінде соц.демократиялық та, соц.революциялық та партия болған жоқ деп сеніммен мәлімдеймін, ал большевиктер туралы айтпаса да болады. Егерде, большевик болдым дейтін қазақ табыла қалса, демек оның – әуелде монархист, одан кейін антифедералист, федералист, содан кейін 1920-1924 жылдары коммунист болған, соңынан барып: «Мен Лениннен де бұрын коммунист болдым», – дейтін Бақытжан Қаратаевтан еш айырмашылығы болмағаны»,– деп аяқтайды.
«Мұхамеджан Тынышбаев және басқалардың кеңес өкіметіне қарсы астыртын контрреволюциялық ұйымы» туралы іс Д.Әділевтен бастап А.Байтасовпен аяқталатын алдыңғы тергеудің заңды жалғасы ретінде қарастырылған. Мәскеудегі Бутырка түрмесіне айдауылмен жөнелтілген А.Байтұрсынов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, М.Есполов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, А.Бірімжановпен бірге Д.Әділевті, Ә.Байділдинді жібермей, тергеушілердің оларды Алматыда алып қалуында үлкен мән бар. Д.Әділевтің «астыртын ұйымның кестесінің» және Ә.Байділдиннің әшкерелеуші көрсетінділерінің негізінде «Алашордашылардың» екінші тобын тұтқынға ала бастады. Мәскеуге жөнелтілген тергеу ісінің уақытша кері қайтарылуын өтініп жазған ОГПУ бастығының қызмет бабындағы хаты соған дәлел. Ал Х.Досмұхамедовке қарсы Д.Әділевтің:
«Халел Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Иса Қашқынбаев, Уәлихан Омаров отырыс өткізіп, ұйымды кеңейтудің жолдарын қарастырды, оның әдіс-тәсілдерін ойластырды. Бағдарламаны Халел Досмұхамедов жасады. Мақсаты: большевиктер құлаған соң Қазақстан буржуазиялық-демократиялық ұлттық тәуелсіз республика болмақ. Құрылтайда Ата Заң қабылданады. Әскери құрылым бір орталықтан – Түркиядан басқарылады. Бағдарламаның аты – «Алаш еріктілері» партиясының платформасы деп аталады – десті ғой деймін. Бағдарламаның түснұсқасы ұйым хатшысы, қазір Орал қаласында жүрген Кәрім Жәленовте сақталды. Жас оқытушылар мен студенттерді ұйымға тартты. Орынбормен байланыс үзілген жоқ. Бірақ онда тек қана Байтұрсынов қалды. Өйткені Дулатов пен Әлихан Бөкейханов Семейде тұтқындалып, кейіннен Орынборға айдауылмен әкелінген болатын. Сәрсенов пен Елдес Омаров та жоқ болатын. Олардың Семейге барған-бармағанын білмеймін. Өзбектерден ұйымға Миржалилов өкіл ретінде қатысып, Жәленовпен бірге жүрді. Бұл оқиғаның барлығы 1921-жылдың аяғында, 1922-жылдың басында өтті»,– деген көрсетіндісі айғақ ретінде пайдаланған.
Тергеу барысында қилы-қилы қитұрқы арандату тәсілдері қолданылған. Алдыңғы тергеулердің тұсында тақыстанған «төтенше комиссияның мамандары» екінші топта жауапқа тартылғандарға ерекше дайындықпен келген және жауаптарын тиянақты түрде хаттап, бірден Д.Әділев көрсеткен «астыртын ұйымның жұмысы» туралы сұрақтан бастаған. М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовке тағылған айып та, қойылған сұрақ та, олардың реті де бірдей. Соған орай қайтарылған жауап та мазмұндас. Олардың алғашқы көрсетінділерінде абдырап қалғаны байқалады. Ол көрсетінділерде астыртын ұйымның болғанын мақұлдауға бейімділік бар. Ал кейінгі жауаптарында: ешқандай да ұйым болған емес, тек көзқарасы ұқсас адамдардың екеуара пікір алысуы ғана болды,– деген уәжді ұстанады.
Мұндағы қарастырылған жайлардың мазмұны мен қисындары, себеп-салдары алдыңғы тарауларда, әсіресе, Д.Әділевке қатысты тұстарда барынша қамтылғандықтан да және қайталауға ұрынбас үшін біз мәтіннің арасына өзгелердің жауаптарынан қысқаша дәйек бере отырып, жалпы жауаптың өзін бөліп-жармай толық беруге ұмтылдық. Сондай-ақ бір сарынды, қайталана тәптіштелген хаттамалардың ішінен негізділерін таңдап тәржімаладық. Біздің пайымдауымызша, сондай кең ауқымды мәтіннің бірі – Х.Досмұхамедовтің қарашаның 6 жұлдызы күнгі жауабы. Мұнда алдыңғы және кейінгі сұрақтарға берілген жауаптардың басы қосылып, тұтастық сыпат алған. Сонымен:
Достарыңызбен бөлісу: |