Алашорда өкілдері: Жанша Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев»,– деген саяси мәлімдемемен бүкіл ұлт-азаттық қозғалысы мен «Алашорда» үкіметінің тарихын қамтитын баянхатын аяқтайды.
Бүкілодақтық Атқару Комитеті 3 маусымда арнайы Қаулы қабылдап, оларды Қазақ әскери ревкомына қызметке алуды ұсынды. Алайда бұл «қағаз қаулы» болып қалды. Өйткені бұл кезде олардың тағдыры Орта Азиядағы қызыл армияның бас командармы, мұхаррамшыл басмашылардың «бата оқыры» Фрунзенің:
«Олардың қазақ даласында болуы кеңестік құрылысқа қауіпті... Сондықтан да қазақ еңбекші бұқарасынан оқшауландырылсын. ...Буржуй Досмұхамедовтерді төңкеріп тастасын да, өкімет билігін еңбекшілер қолына алсын»,– деген ұсынысының негізінде шешіліп қойған еді.
Қызылдардың қырыпсал командирі Фрунзенің мұндай өктем бұйрықтары казактар мен қазақтардың арасын ашық арандатты. Ол: ешқандай алашорда үкіметін мойындамайтынын, әскери жасақтардан шұғыл түрде қаруларын тапсыруды талап етті. Бұл шешімге бойсұнған жағдайда, қылышын жалаңдатып отырған казак жүздіктері қазақ ауылын дереу жазалауға аттанатын еді. Сондай-ақ, Ж.Досмұхамедовтің жоспары бойынша: ақ ту көтерген зиялылар алаш әскерлерінің шеруінің алдында, сырығы жоғары көтерілген жарты қызыл ай бейнеленген алаш туын түсіріп ұстаған алаш әскері соңында жүреді, олар қарсы алып тұрған қызыл әскерлердің алдына саппен тоқтайды, содан кейін екі жақтың өкілдері бетпе-бет жүреді, алашордашылар өкілі кеңес өкіметін мойындайтыны туралы мәлімдеме жасалады, сол қару-жарағымен қызыл әскердің қатарына қосылып, қыр елін қорғауға аттануға тиіс болатын. Ал мынадай қорлық пен басынуды күтпеген еді. Ашық қорлық, бірақ, басқа амалы да қалмап еді. Сондықтан да ашулы қыр көрсету және қыр елін қауіпсіздендіру мақсатында Қызылқоғадағы генерал Акутиннің корпусына шабуыл жасап, оларды тұтқынға алып барып кеңес өкіметі жағына:
«Орал майданы әлі жойылған жоқ, ондаған қазақ болыстары әлі де казактардың әскері орналасқан аймақта тұрады. Біздің кеңес өкіметі жағына шығып соғысқанымызға өштескен казактар біздің бейбіт тұрғындарымызды қыра бастады. Казак әскерлерінің қол астында қалған оңтүстіктегі болыстардан басқа, біз алып отырған нақты мәлімет бойынша, жекелеген казак жасақтары тұрғындарға айтып жеткісіз зорлық көрсетіп, біздің ту сыртымыздан төніп келеді екен... Мұндай жағдайда тұрғындарды тағдырдың тәлкегіне қалдырып, әскери қосынмен Ойылға аттанып кету, біздің ойымызша, тұрғындардың алдындағы қылмыс болып табылады. Қашан біздің өлкеміз казактардан тазарғанша біз олармен соғыса береміз. Соғыс аяқталғаннан кейін қай жерге бар десеңдер де біз мақұлмыз. Біз сіздерден Орал майданын тезірек жоюларыңызды өтінеміз... Сондай-ақ біз қолға түсіріп, Орынбордағы Кирревкомның қарауына жіберілген қару-жарақ қызыл әскерді жасақтауға жұмсалуын өтінеміз. Төраға – Ж.Досмұхамедов, мүшелер – Т.Медетов, Т.Тұрмұхамедов»,– деп жеделхат жолдады.
Соған қарамастан, Фрунзенің ұсынысын негізге ала отырып Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық кеңес 1920 жылғы 5 наурызда:
«... Баяндаманы тыңдай келіп, құжаттармен танысып шығып, батыс алашорданың көптеген жауапты қызметкерлері Орал облысында Орал казактарымен және басқа да буржуазиялық құрылымның қорғаушыларымен тізе қосып соғысқанын ескере отырып, оларға жасалған кешірімге қарамастан, олардың бұдан кейін қазақ даласында тұруы қазақтарды кеңес өкіметіне тартуға кесірін тигізуі мүмкін екендігі атап өтіліп. 2. Екінші жақтан алғанда, олардың біразы қылмыскер ретінде олардан жапа шеккендер азаматтық сотқа беруі мүмкіндігі ескеріліп, Ревком: 1. Қазақ өлкесінде кеңес өкіметі барынша орныққанша «Батыс Алашорда» ұлттық үкіметінің төмендегі жауапты жетекшілері: 1) Жаһанша Досмұхамедов; 2) Халел Досмұхамедов; 3) Иса Қашқынбаев; 4) Кәрім Жәленов; 5) Беркінғали Атшыбаев еңбекші қазақ бұқарасынан аластатылсын: келген жауапты қызметкерлер Москваға немесе орталық губерниялық қалаларға жіберілсін... Кеңес өкіметін жақтайтын қазақ тұрғындары мен қоныс аударушылардың Батыс «Алашорданың» белсені қызметкерлеріне өштікпен қарайтыны ескеріліп, алашордашылардың ұсынысына қарамастан олар ревком мүшелігіне де және басқа да жауапты қызметтерге алынбасын»,– деген Қаулы қабылдады.
Сөйтіп, олар Қазақстанда тұру құқынан айырылды, оның орынына Ресейдің ішкі облыстарында бақылау астында өмір сүру мүмкіндігі берілді. Бұл биресми жер аудару деген сөз еді. Лениннің жоғарыда келтірілген:
«Алашорда» үкіметіне еш қолдау болмасын, бірақ уақытша олардың басшыларын (оқығандарын) Кеңес өкіметінің қызметіне кеңірек пайдалану керек, жас Кеңес өкіметіне олардың білімдері қажет. Ал қалғанын кейіннен көрерміз... Бірақ оларға мүлде сенуге болмайды»,– деген нұсқауын ескере отырып, С.Меңдешевтің Х.Досмұхамедовке қарата:
Достарыңызбен бөлісу: |