«Кеңес өкіметінің қай саладағы саясатымен келіспейсің?», – деген анкеталық сұраққа:
«Қазақстан республикасына өзімен көрші мемлекетпен сауда келісім шарттарын жасау құқы берілмеген. Украина республикасына өзіне көрші мемлекетпен сауда келісім шартын жасау құқы берілген, ол мұны толық пайдаланып отыр, ал қазақ республикасы федерация мүшесі ретінде ондай құқыққа ие емес»,– деп жауап берді.
Осыдан кейін-ақ өзінің де өмір сүру құқына ие болмайтынын біліп, «Алашорданың» шет елдегі бөлімшесін ұйымдастыру үшін 1918 жылы сәуір айында А.Байтұрсынов пен М.Дулатовты бастап апарған Шығыс Түркістанға қоныс аударады. Онда мәдени-ағарту жұмыстарымен айналысып, газет ұйымдастырады. 1939 жылы кеңес өкіметінің тапсырмасымен тұтқындалып, құпия жағдайда шекаралық аймақта тұншықтырылып өлтірілді. «Алашорда» қайраткерлерін халықаралық қылмыскер ретінде көрсету мақсатымен тергеушілердің Х.Досмұхамедовтен Райымжан Марсеков туралы суыртпақтап сыр тартуының себебі де сонда. М.Тынышбаев бұл сұрақты орағытып өтіп:
«Заки Валидовтің қозғалысына біз принциппен қарадық та, ешқандай байланыс орнатпадық. Қызмет бабымен Алматыда да, Қарақұмда (?) жүргенде де Досмұхамедов Халелмен бұл мәселені талқыламағанымды, ұйым атынан ешкімге ешқандай тапсырма бермегенімді, тапсырма алмағанымды анық білемін...»,– деп жауап береді.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «7). Күрес тәсілі мынадай: біз, яғни, ұйым мүшелері кеңес өкіметінің барлық құрылымына қызметке кіріп, осы бағдарламаны жүзеге асыруға ықпал ету болатын. Соның ішінде сіздердің ірі орындарда отырған қызметкерлеріңіздің ара салмағына талдау жасап, есепке алу да (қанша адам, қайда, қандай дәрежеде жұмыс істейді дегендей) міндет етіп қойылды. Саяси бағдарламаның басты бір тармағы – ұлыдержавалық шовинизм мен патшалық қанаудың сарқыншағына қарсы күрес жолына арналды. Партияда жоқтар мен коммунистердің, соның ішінде ұлы державалық-шовинистік өктем саясатты ұстанатын барлық еуропалық коммунистердің іс-қимылдарына талдау жасап отыру ұсынылды. Ұлы державалық шовинизмге қарсы күресіп жүрген еуропалық коммунистермен етене байланыс жасап, олардың атқарған шараларына көмектесіп отыру, ұлттық коммунистермен де тығыз байланыс орнатып, солар арқылы сіздердің саяси, экономикалық бағдарламаларыңызға ықпал ету тактикасы алға қойылды. Интервенция мен шет ел державаларының әскери көмегіне сүйену мәселесі талқыланған жоқ».
Олар өздерінің бұл талабын алғаш рет «Алашорда» үкіметінің атынан Ленин мен Сталинге жолыққанда:
«Біз тек: тағы да «өңін айналдырған» ұлы державалық үстемдік пен құлдықтың орнауына, сондай-ақ қазақтардың тағы да ұлы державалық ұлттың саяси қызметшісі мен қолшоқпарына айналуына барлық жан-тәнімізбен қарсымыз», – деп ашық мәлімдеген болатын.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «8). Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастыру мәселесіне келетін болсақ, егерде Әнуар паша мен Заки Валидовтің әскері Ташкентке шабуыл жасаса, әрине, оларға көмектесуге тиісті болдық. Біздің жағдайымызда мұны (көтерілісті –Т.Ж.) жүзеге асыруды армандауға да болмайтын. Өйткені біздің бәріміз де сырттан келгендіктен де, жергілікті тұрғындармен байланысымыз жоқ еді және тұрғындар да ұлттық тегі жағынан құрама болатын. Сондықтан да жарытып ештеңе атқара алмадық.
9). Алдында айтқанымдай, Германияға оқуға кеткен студенттерге: олардың қолында біздің ұйымның мүшелік билеттері болуға тиісті еді әрі олар үкіметтің ұсынысымен оқуға жіберілгендерін айта жүруі керек, – деп ескерттім. Оларға мен ешқандай тапсырма бергемін жоқ... Мүмкін Орынбордағы ұйым тапсырма берген шығар. Мұстафа Шоқаймен ешқандай байланысымыз болған емес. Ол біздің жақтасымыз болып есептеледі, алайда, шын мәнінде ол біздің жақтасымыз болып табылмайды, өйткені ол ішкі күрестен шеттеп кетті».
З.Валидов: «Бұл құрылтайда: «Түркістан ұлттық бірлігі» орталығын сырттан басқару үшін менің Түркістанда қалмай, Иран, Ауғанстан және Үндістан арқылы Еуропаға кетуімді, Мұстафа Шоқайұлының да шетке кетуін мақұлдады. Маған осыған байланысты Құрылтай төрағасы қол қойған құжат та берілді. Арамызда шет тілін жетік білетін адам болмағаны үшін бұл құжат орысша және түрікше бір кездеменің бетіне жазылды. Жұбайымды да бірге әкетуіме пұрсат берілді»,– дейді (447-бет).
Осы астыртын жиналысқа қатысқан «Алашорда» үкіметінің мүшелері, оның ішінде Х.Досмұхамедов те эмиграцияға кетуге өздеріне-өздері тыйым салып:
Достарыңызбен бөлісу: |